«Қазақ – жетімін жылатпаған халық» деп кеудемізді шар кергендей кердең қағамыз. Шыны керек, бүгінде елімізде ата-ананың асырауынсыз қалған жетім бүлдіршіндеріміз көбейген. Көңілге кірбің түсіретіні, бұрын орыс ұлты баласын жетімдер үйіне тастайды деп мысқылдайтын болсақ, ал қазір сол ата-анасыз балалардың көпшілігі – өзіміздің қазақтар. Әрине, қоғамда «біздің мұндай жағдайға жетуімізге не себеп?» деген заңды сұрақ туындайтыны рас. Тарқатайық…
Бала асырап
алушылардың кезегі көп
Статистикаға сүйенсек, қазір елімізде жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар 5 мыңға жуықтайды. Ал ауданда 35 жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған бүлдіршін бар. Айта кететін жайт, тағдырдың тәлкегіне түскен бұл балаларға аудандық білім бөлімі жанындағы қамқоршылық және қорғаншылық органы тарапынан жәрдемақы төленеді. Сондай-ақ оқушылардың жазғы демалысында аудандық білім бөлімінен сауықтыру лагерлеріне жолдама беріледі. Әрине, бұл көмектер ата-ананың орнын толтырады деу қисынсыз, десе де осындай қолдаулар балаларымызға үлкен демеу болары анық.
Бүгінде бала асырап алушылардың кезегі көп. Иә, жетім балаларды өз бауырына басқысы келетіндердің саны артқаны қуантады. Десе де асырап алған балалардың барлығы ата-ана мейірімін көріп, толыққанды отбасылық өмірді сезініп жатыр деуге ерте. Өйткені балаларды кері қайтарып беретін отбасылар да бар көрінеді. Айтуға қиын, десе де асырап алған балаларын құл секілді ауыр жұмысқа жегіп, балалық шағын ойран етіп жатқан азаматтар да кездеседі. Әрине, бес саусақ бірдей емес, мемлекет қамқорлығынан кеткен балалардың да сол отбасыға өз туған баласындай сіңісіп, білім, тәрбие алып жатқаны да жоқ емес.
Заң жетімнің құқығын
қорғауға дайын
Негізінде, заң жетімнің құқығын қорғауға толығымен дайын. Өйткені бала асырып алу оңай дүние емес. Осы күні балаларды асырап алатын ата-аналарды түрлі тексерістен өткізетін орталықтар жұмыс істеп тұр. Қосымша төрт жылдан бері әлеуетті асырап алушыларды міндетті психологиялық-педагогикалық даярлау қоса енгізілді. Заңның бір шикі тұсы, бала асырап алуға саналы түрде барып, артынша ойынан айнып қалатындарға ешқандай жауапкершілік қарастырылмаған. Бала асырап алушылардың қара тізіміне енгізілмесе, мемлекет берген біржолғы жәрдемақыдан бөлек, ай сайын төленетін қаражатты қайтаруға да міндеттелмейді. Әрине, патронаттыққа алған отбасылардың барлығын кінәлаудан аулақпыз. Олардың арасында да үлгілі әке, мейірімді ана болып отырғандар көп.
Жуырда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары жетімдердің жайын тағы қозғады. Бұған дейін де олар қорғаншылық және қамқоршылық, бала құқықтарын қорғау қызметтерінің жай-күйі туралы мәселені бірнеше рет көтерген. Халық қалаулыларының айтуынша, елдегі бала құқығы Конституциядан бастап бірқатар заңмен реттеледі. Бұл мәселе Мемлекет басшысы мен жалпы қоғамның назарында болғанына қарамастан, отбасы қамқорлығына алынған балалардың мәселесі толық шешілмей тұр.
17 660 бала
отбасында тәрбиеленуде
Депутаттардың мәліметінше, республикадағы 22081 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланың 18291-і отбасыларда тәрбиеленеді. Оның ішінде қорғаншылық және қамқоршылықта – 16 197, патронаттық тәрбиеде – 1 743, патронаттық тәрбиеге алынғандардың саны – 351. Алайда Үкімет өкілдерінің журналистерге берген баспасөз брифингінде бұл сан әлдеқайда азайған. Мәселен, соңғы статистикада елде 21 387 жетім баланың 17 660-ы ғана отбасыларда тәрбиеленіп жатқаны айтылған. Бұған қоса жыл сайын отбасына мыңнан астам жетім бала қабылданатыны, ал тәлімгерлік институты енгізілгелі елде 300-ден астам адам жетім балаларға тәлімгер болған.
1 қызметкер 17 мың балаға жауапты
Жетімдердің жай-күйін қадағалауға тиіс қорғаншылық және қамқоршылық органдары қызметкерлерінің республика бойынша штаттық саны небәрі 421 маманды құрайды. Соның ішінде 263-і – мемлекеттік қызметші, 158-і – әдіскер. Демек, елімізде 1 қызметкер 17 мың баланың тағдырына жауапты. Ал Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және Алматы, Түркістан облыстарында бір қызметкерге 30 мыңнан 100 мыңға дейін бала келеді. Қорғаншылық мамандары негізгі қызметінен бөлек, ұзақ сот үдерістеріне қатысады. Сондықтан халық қалаулысы Ажар Сағындықова мемлекеттің қорғаншылық және қамқоршылық органдарының проблемаларына қатынасын қайта қарау керек екенін айтады. Бұл қызметкерлердің қызметі мен лауазымдық міндеттері туралы ережелерді түбегейлі қайта қараудан басталып, осы ұйымдардың штатын ұлғайту уақыт күттірмеуі тиіс екенін жеткізген.
– Ата-аналардың асырап алған балаларына деген қарым-қатынасының дұрыс емес екенін көп естиміз. Балалардың қауіпсіздігі үшін жауапкершілікті күшейту қажет. Біз әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігі туралы заңды өзгерттік. Алайда балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың жағдайын бақылауды екі есе күшейту керек,– дейді Ажар Сағындықова.
Бала асырап алушыларға талап қатаң
Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова «Неке және отбасы туралы» кодекске сәйкес бала асырап алушылар бала 18 жасқа толғанға дейін жылына кемінде бір рет қорғаншылық немесе қамқоршылық органдарына өмір сүруі, оқуы, тәрбиеленуі мен денсаулығына қатысты есеп беруге тиіс екенін айтады. Осы заңда ата-ана құқығынан айырылмаған немесе шектелмеген, тұрақты тұратын, сотталмаған, нарколог, психологтың есебінде жоқ, табысы мен баспанасы бар адамдар ғана бала асырап алуға болатыны да тайға таңба басқандай көрсетілген. Сондай-ақ бала асырап алушылар міндетті түрде психологиялық дайындықтан өтуі керек. Бала асырап алушыларға қойылатын талаптар кодекстің 91-бабында регламенттелген.
Сонымен қатар балалар үйіне жүргізілетін тексеріс тәртібін қайта қарайтын тұсы көп. Мәселен, орталыққа тексеріс келетіні ресми түрде айтылады екен. Бұл уақыт ішінде орталық өкілдері сақадай-сай дайындалып алары анық. Дәл сол секілді асырап алушылардың отбасында да жарты жылда бір рет жүргізілетін тексеріс жетімдердің мәселесін шешіп отырған жоқ. Жылына бір рет келетін тексеріс 10 күн бұрын хабарланады екен. Осы 10 күн ішінде отбасында «түсіндіру» жұмысы жүретіні заңдылық. Жасыратыны жоқ, асырап алған баласына дұрыс қамқоршылық жасамайтын ата-ана уақытша мейірімді әке-шешеге айналары сөзсіз.
Түйін: Әрбір бүлдіршіннің өз ата-анасының жүрек жылуы мен аялы алақанын сезініп өскеніне не жетсін?! Қазақ халқы қашанда жетімін жылатпағанын, жатқа бермегенін, олардың тағдырына бейжай қарамағанын ескерсек, қаракөз сәбилеріміздің толыққанды отбасында тәрбиеленуі еліміздің бүгіні мен болашағы үшін маңызды.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!