Соңғы уақытта ата-аналар балаларын әскерге жібергісі жоқ. Неліктен? Шыны керек, бүгінде әскерде белгісіз күйде жан тапсырған жас сарбаздар туралы жаңалықты жиі еститін болдық. Осындай әскердегі жауабы жоқ былықтар, жемқорлық, сарбаздар арасындағы әлімжеттік, тәртіпсіздік секілді іс-әрекеттер қоғамда резонанс тудыруда. Орталық Азия барысы атанған Қазақ әскерінің мұндай халге душар болуына не себеп? Тарқатайық…
270 әскери қызметкер
қайтыс болған
Жақында «Amanat» партиясы фракциясының мүшесі, депутат Нартай Аралбай қазақ әскеріндегі қазіргі ахуал туралы сөз қозғап, ҚР Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовқа депутаттық сауал жолдады. Нартай Аралбай бейбіт күнде қазақ сарбаздары түрлі дене жарақатын алып, тіпті кейбіреуі қайтыс болып жатқанын тілге тиек етті.
– Бұл – бір емес, бірнеше рет қайталанып жатқан жағдай. Осының салдарынан айыппұл салмақ түгілі айып тақсаң да ешкім бауыр еті баласын жастар жан тапсырған орта – әскер қатарына жібергісі келмейді, – деп сөзін растады депутат.
Мәжілісмен келтірген сандық деректерге зер салсақ, соңғы үш жылда елде 270 әскери қызметкер қайтыс болған, ал соңғы төрт жылда әскерде 86 суицид тіркелген. Тағы 20 әскери адам суицидке оқталған.
– 2023 жылы тамызда әскери бөлімшелердің бірінде командир әскерге жаңадан келген сарбазды орындықпен ұрып, соққыға жыққан. Ал биыл маусым айында Жамбыл облысының бір әскери бөлімшесінде әскерде жүргеніне бір-ақ ай болған сарбаз ес-түссіз жансақтау бөліміне түскен. Таяуда болған жағдай бүкіл отандасымыздың ашу-ызасын туғызғаны хақ. Ұлттық ұлан жауынгері Ербаян Мұхтар басынан алған жарақаттан бес ай бойы ес-түссіз жатыр. Жауаптылар жауапкершіліктен жалтарып, «Ербаян дәретханаға құлап, жарақаттанды» дейді. Бұған кім сенеді? Жарақаттың салдарынан сарбаздың басының жартысын алып тастауға тура келген. Енді оған тұрақты күтім қажет, – деді депутат.
7 қыркүйек күні Ақтаудағы горнизонда Марат Барқұлов есімді сарбаз көз жұмған. Оны офицер атып тастаған. Бірақ бұл қасақана жасалған әрекет пе, әлде жазатайым оқиға ма? Сұрақтың жауабын тергеу орындары әлі анықтаған жоқ.
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауда: – «Әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады. Сондықтан сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты», – деген еді. Өкінішке орай әскердегі жағдай бұған мүлдем кереғар болып тұр.
Былтыр Қорғаныс министрлігі әскери бөлімдерде 50 мыңнан астам бейнекамера орнатылғанын хабарлады. Ондағы жазбалар қайда? Жас сарбаздар өлімінің себебін неге анықтай алмаймыз? Міне, күрделі сұрақ.
Айта кетейік, «Amanat» партиясы әскердегі әлімжеттік мәселесін 2022 жылы көтерген еді. Алайда жағдай түзелмек түгілі ушығып кетті десе де болады. Сарбаздардың әскерде жарақат алып, қайтыс болу фактілері тек артып отыр. Мұнан бөлек бүгінде әскери қызметкерлердің әлеуметтік жағдайы төмен. Иә, бұл бөлек әңгіме.
«Жалғыз ұлым
табытпен қайтты»
Жақында Ақтауда қаза тапқан сарбаздың әкесі әділдік іздеп, Қорғаныс министрлігіне жүгінген. Ол тергеу комитетіне барып, ары қарай ұлының денесін экспертизадан өткізуге ниетті.
– Ақтау қаласының әскери округіне бара жатырмын. Ұлымды тапаншамен бетінен атып тастаған. Бұл оқыс оқиға дейді. Офицер қарумен ойнап отырып, ол аяқастынан атылып кеткен дейді. Мен Қорғаныс министрінен бұл істің жазатайым оқиға ретінде қарастырылмауын сұраймын. Бұл жазатайым оқиға емес, тапаншадан ату үшін патронын салып, сақтандырғыштан алып тастап, шүріппені басу керек. Бұл ойнайтын ойыншық емес. Қазір оны қамауға алды дейді. Істі тоқтатқысы келуі мүмкін. Мен бәрін мұқият зерттегім келеді, – дейді сарбаздың әкесі.
Түптеп келгенде мұндай жағдайлар жабулы қазан күйінде қала беретін болса, қоғамның әскерге деген сенімі толықтай жоғалуы мүмкін. Сондықтан жауапты органдардан аталған мәселе бойынша әділ шешім шығарады деген үміттеміз.
Қазақ әскері
Орталық Азияда көш бастады
Әлем елдерінің әскери әлеуетін бағамдайтын Global Firepower рейтингі биыл 145 елдің ішінде қай мемлекеттердің армиясы нығайғанын анықтаған. Қазақстан бұл көрсеткіште 5 сатыға көтерілген.
Global Firepower рейтинг реттілігін белгілеуде елдің әскер саны, әскери техникасы, экономикалық тұрақтылығы, ресурстарға қолжетімділігі мен стратегиялық географиялық орналасуы сияқты 60-тан аса көрсеткішке көңіл бөлген.
Биылғы Global Firepower көшін АҚШ армиясы бастаған. АҚШ әскерінің құрамасында 92 эскадралық минатасушы, 11 авиатасымалдағыш бар. Ал жалпы бюджеті 886 миллиард долларды құраған.
Екінші орынға Ресей Федерациясы тұрақтаса, әскер қуаты тұрғысынан үштікті Қытай Халық Республикасы түйіндеген. Төртінші орынға арнайы бағдарлама аясында әскери техникаларын жаңғыртқан Үндістан жайғасқан. Үздік бестікке дамыған әскери-теңіз флоты мен заманауи авиациясы қауқарлы Оңтүстік Корея іліккен.
Қазақстан жалпы көрсеткіш бойынша 58 орынға табан тіреген. Бұл былтырғы рейтингтен 5 сатыға жоғары. Рейтингте жоғары көтерілуімізге қарулы күштеріміз қатарында дүркіндетіп ататын реактивті жүйелер мен өздігінен жүретін артиллерияны көбейтіп, әскери техникамызды белсенді түрде жаңғыртып жатқанымыз себеп болған. Осындай жетістіктерімен мемлекетіміз Орталық Азияда армиясы ең мықты ел ретінде танылды. Орталық Азияда бізден кейінгі екінші орында Өзбекстанның қарулы күштері тұр, жалпы сатыдан оңтүстіктегі көршіміз 65 орыннан көрінген.
Түрікменстан халықаралық әскери альянстардан оқшауланған мемлекет болғандықтан аталған рейтингте 145 елдің ішінен 86 орын иеленген. Орталық Азияның экономикалық даму тұрғысынан соңғы 4 және 5 орындарда тұрған Қырғызстан мен Тәжікстан GFP рейтингінде сәйкесінше 94 және 107 орында тұр.
Жуырда әскери қызметшілерді Конституция күнімен құттықтаған Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов қазақ армиясының бүгінгі күш-қуаты жайында баяндама жасаған.
– Ел Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жоғары халықаралық стандарттарға сай келетін заманауи және кәсіби армия құруға бар күш-жігерді бағыттап жатыр. Бүгінде Қарулы күштер заманауи техникамен, оның ішінде отандық қорғаныс өнеркәсіп кешені өнімдерімен де жарақтандырылып келеді. Басқару жүйесіне жаңа технологиялар мен басқарудың жаңа жүйелері белсенді түрде енгізіліп жатыр. Әскерді даярлаудың қарқыны мен сапасы артып келеді. Қазақстан жауынгерлері халықаралық оқу-жаттығулар мен жарыстарда жоғары кәсіби деңгейін көрсетіп жүр, – дейді министр.
Күзгі шақыру науқаны басталды
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы 1 ақпандағы Жарлығына сәйкес күзгі шақыру қыркүйекте басталып, желтоқсан айының соңына дейін жалғасады. Мерзімді әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыруға немесе босатуға негіздері жоқ 18 жастан 27 жасқа дейінгі азаматтар шақырылады.
Күзгі шақыру барысында Қарулы күштердің, Ұлттық ұланның, ҰҚК Шекара қызметінің, ТЖМ және Мемлекеттік күзет қызметінің бөлімшелері жасақталады. Қорғаныс министрлігі әскерге шақыруды есепке алу жұмысын цифрландыру жұмыстарын дәйекті түрде жүргізіп келеді. Әскерге борышын өтеуге шақырылған әскери қызметшілер туралы мәлімет алмасу, сондай-ақ оларды запасқа шығару автоматтандырылған.
Биыл сарбаздарға арналған артықшылықтар заң жүзінде бекітілген. Оларға қызмет ету кезінде және әскерден босатылғаннан кейін екі ай уақытқа несиелік демалыс беріледі. Бүгінгі таңда 6 мыңнан астам әскери қызметшінің 1 млрд 828 млн теңге көлеміндегі төлемдері кейінге қалдырылған. Сонымен қатар несиенің болуын не болмауын, ол бойынша төлемді кейінге қалдыруды белгілеу Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі айқындаған тәртіппен Қорғаныс министрлігінің, кредиттік бюролар мен кредиторлардың ақпараттық жүйелерінің өзара іс-әрекеті арқылы жүзеге асырылады.
Қалалық және аудандық шақыру комиссиялары жергілікті атқарушы органдар басшыларының төрағалығымен жұмыс істейтінін айту маңызды. Шақыру науқаны барынша ашық форматта өткізіледі.
Әскерге шақырылушылар, олардың ата-аналары, журналистер, қоғам өкілдері қажетті ақпаратқа жүгініп, барлық сұрақтарға жауап ала алады. Әр қорғаныс істері жөніндегі департаментінде «жедел желі» мен әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттар іске қосылған.
Сыр елінен 800-ден астам азамат әскерге барады
Биыл облыс бойынша 800-ден астам азамат Отан алдындағы борышын өтеуге жіберілмек. Қызылорда облысы Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Жасұлан Шаңқұловтың айтуынша, облыс азаматтарын мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны жоспарға сәйкес жүзеге асырылып жатыр. Ең әуелі өңірдегі 18 бен 27 жас аралығындағы ер азаматтарға шақырту қағазы жолданады. Одан соң азаматтар шақыру қағазында көрсетілген мекен-жайға келіп, медициналық сараптападан, тестік және полиграфиялық тексерістен өтеді.
Биылғы жоспар бойынша ҰҚК Шекара қызметіне 170, Ұлттық ұланға 280, мемлекеттік күзет қызметіне 10, Қарулы күштер қатарына 420 азамат жіберіледі.
Көктемде 59 жалағаштық
әскерге аттанған
ҚР Қорғаныс министрлігінің «Қызылорда облысы Жалағаш ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімі» республикалық мемлекеттік мекемесінің бастығы Ерсайын Бегімқұловтың айтуынша, мерзімді әскерге шақыру күзгі науқаны аясында ауданда әскерге іріктеу жүруде. Жалпы әскерге ауданнан 60-қа жуық азамат аттанбақ. Нақтырақ тоқталсақ, биылғы жоспар бойынша ҰҚК Шекара қызметіне 10, Мемлекеттік күзет қызметіне 1, Қарулы күштерге 29, ІІМ қатарына 19 азамат жіберіледі.
Көктемгі әскерге шақыру науқанында аудан тапсырманы 100 пайызға орындап, 59 жас әскерге аттанған. Бүгінде олар еліміздің әр аймақтарында Отан алдындағы борышын абыроймен өтеуде.
– Біздің тараптан шақыру контингентін зерделеу, шақырылушылармен, олардың ата-аналарымен, олар оқып жүрген және жұмыс атқарып жүрген оқу орындары, кәсіпорын өкілдерімен жеке әңгімелер жүргізілді. Яғни жастарды әскери бөлімдер бойынша іріктеу және бөлу кезінде аталған шараның маңызы зор. Шақырылуға дейінгі болашақ мерзімді әскерилердің алған мамандықтары, денсаулық жағдайы, дене және моральдық-психологиялық дайындығы ескеріледі. Әрине, әр ата-ана ұлының әскерге аман барып, сау оралғанын тілейді. Біз де олардың аман-есен Отан алдындағы борышын өтегенін қалаймыз. Әскерде азаматтық борышын өтеп жүрген жалағаштық жастардың барлығы да үйлеріне аман-есен оралуларына жауаптымын. Сондықтан барлығының жағдайынан жеке хабардар болып отырамын, – дейді ҚР Қорғаныс министрлігінің «Қызылорда облысы Жалағаш ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімі» республикалық мемлекеттік мекемесінің бастығы Ерсайын Бегімқұлов.
Денсаулықта ақау көп
Жасыратыны жоқ, қазіргі әскер жасындағы азаматтардың денсаулығында ақау жиі кездеседі. Қазіргі талап бойынша жастар бірнеше медициналық тексерістен өтуге міндетті. Олардың арасында терапиялық, хирургиялық, неврологиялық сырқаттардың белгісі және омыртқа майысуы, үшінші дәрежелі майтабан дерті, әсіресе көз жанарының әлсіздігі тексеріледі.
Шекара қорғауға барғысы келетін жастардың бойы 165 сантиметрден төмен болмауы тиіс. Ал сарбаздың бойы мен келбетіне байланысты қатаң талап ҚР Мемлекеттік күзет қызметінде борышын өтеуден үміткерлерге қойылады. Мемлекеттің басты нысандары мен жоғары лауазымды басшыларды қорғап, күзететін бұл қызметке барғысы келетін жастардың бойының ұзындығы 180-190 сантиметр аралығында, бет-әлпеті таза, тыртықсыз, физикалық жағынан жақсы жетілген, бойын тік ұстауы шарт. Сонымен қатар білімі де маңызды, ең кемі он бір жылдық мектепті аяқтаған болуы қажет. Бір жылдық міндетті қызметтері аяқталғаннан соң Үкімет оларды сол мемлекеттік күзет қызметіне алып қалады. Келісім-шартпен әрі қарай офицер болып қызметін жалғастырады.
Қорғаныс министрлігінің Қарулы күштеріне баратындар әуе қорғаныс күштері, құрлық әскері, аэромобильдік күштер секілді бөлімшелерде қызмет етеді. Олардың да өз ерекшеліктері бар. Физикалық жағынан дайындығы күшті балаларға басымдық беріледі. Ал Ұлттық Ұланның ішкі істер әскери бөлімшелері үшін алынатын балалардың ата-анасы және басқа да туыстарының сотталмағанына аса мән беріледі. Өйткені бұл бөлімшелер ішкі тәртіптің сақталуын қарайды, түзеу колонияларын қарауылдайды. Әлбетте бұлардың барлығында да жастардың білімді де сауатты болуына айрықша мән беріледі.
Жастардың жоғарыдағыдай талаптарға сай болуының басты құралы спортпен шұғылдану болып табылады. Сонымен бірге табиғат аясында демалу, салауатты өмір салтын ұстану дағдысы да оң әсер етеді. Дегенмен соңғы жылдары әлеуметтік желінің кең таралуы, соған байланысты заманауи құрылғылардың пайда болуы жастардың көз жанарының әлсіреуіне соқтырса, таңнан кешке дейін ұйықтай беру неврологиялық аурулардың өрістеуіне жол ашып отыр. Сондай-ақ табиғи, құнарлы тағамды тұтынбау және дене шынықтырумен жүйелі шұғылданбау да қан қысымы, семіздік, майтабан ауруларының өршуіне әкеледі екен.
Жалағаштық сарбаз
ЖОО-ға түсті
Бүгінгі таңда әскерде қызмет еткен 1 500-ден астам азамат жоғары оқу орындарына тегін, ал ақылы түрде 700-ден астамы оқуға түскен. Отан алдындағы борышын өтеген азаматтарға студенттік жатақханадан орын беру жеңілдіктері де қарастырылған. Осы жылдың көктемінде запасқа шығарылған 400-ден астам әскери қызметші келісім-шарт бойынша әскери қызметке орналасқан.
Президенттің тапсырмасы бойынша Қарулы күштер мемлекеттік үлгідегі куәліктерді бере отырып, әскери қызметшілерді аралас жұмысшы мамандықтарына оқытқан. Бұл мәселе Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында да айтылып, 2025 жыл – «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Былтыр 1200-ге жуық маман оқытылған. Биыл 1300-ден аса адамды оқыту жоспарланып отыр.
Ауданға қарасты Мақпалкөл ауылының азаматы Бейбарыс Мейрамбекұлы Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп, биыл Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы ҚҰУ-ге тегін оқуға түсті. Бұрын мектеп бітіруші түлектеріміз, әскерге барса, дипломсыз қалудан қорқатын. Міне, бүгінде бұл мәселе де шешімін тапқандай.
– Отан қорғау – әрбір ер азаматтың қасиетті борышы. Сондықтан әрбір ер-азамат оған физикалық және психологиялық жағынан дайын болуы керек. Бүгінде шүкір, ауылымызда әскерге аттануға әзір жастар жетерлік. Біз сол үшін қызу еңбек етудеміз, – дейді Мақпалкөл ауылы әкімдігінің жетекші маманы Мардан Тоғызбаев.
Түйін. Патриотизм адам бойында өздігінен қалыптаса қоймайды. Бұл қасиетті қалыптастыру үшін біріншіден, тарихыңды, тіліңді, атадан балаға жалғасып келе жатқан салт-дәстүріңді, әдет-ғұрпыңды, батырларымыздың ерлігін, жанкештілігін білген жөн. Осы орайда өңірде бірқатар патриоттық-танымдық іс-шара өтуде. Мысалы, мектепте оқушылардың «Жас ұлан» ұйымы жұмыс істейді. Сондай-ақ Ұлы Отан, Ауған соғысының ардагерлері мен Чернобыль апатының қатысушыларының ерлігі туралы жастардың қатысуымен кездесулер өтеді. Мұнан бөлек дөңгелек үстелдер, шеберлік сағаттар, әскери қолданбалы өнер сабақтары бар. Меніңше, біздің ең басты құндылығымыз – елдің тыныштығы, халқымыздың бейбіт өмір сүруі. Ал ел әскерінің беріктігі – соның кепілі.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!