Доллар тағы көтерілді. Ақша айырбастау пунктері долларды 477 теңгеден алып, 480 теңгеден сатып жатыр. Сондай-ақ еуроның бағамы да көтеріліп, 1 еуроның құны 521 теңгеге жеткен. Сарапшылар да осы тұста теңгені әлсіреткен бірнеше факторды атап өтті. Сонымен теңгенің әлсіреуіне не себеп, банк қандай байламға келмек? Бүгінгі мақаламызда осы сұрақтарға жауап іздейміз.
Бұл айдағы доллардың күрт қымбаттауы – өткен жылдың қыркүйек айынан бері ең жоғары көрсеткіш. Ол кездегі баға 482 теңгеге жеткен еді. Ал оныншы маусымнан бастап Ұлттық волюта 7,3 пайызға әлсіреді. Доллар бағамының өскенін естісек, дереу «Азық-түлік қымбаттайды ма?» деп уайымдаймыз. Себебі қазірдің өзінде азық-түлік бағасының шарықтап тұрғаны белгілі.
Қаржы сарапшыларының пікірінше, теңгенің құнсыздануына бірнеше фактор әсер еткен. Оның бірі – Ұлттық Қордан түсетін трансферттердің азаюы. Мәселен, маусым мен мамырды салыстырсақ, аударымнан үш есеге төмендеген. Сондай-ақ Ұлттық банк тұжырымы бойынша, теңгенің құнсыздануына «ішкі факторлар» да әсер еткен. Оның ішінде жазда демалысқа кететіндер көбейіп, шетелдік валютаға сұраныстың артуы, импорттың өсуі және компаниялардың көптеп дивиденд төлеу факторлары да бар. Сонымен қатар халық тарапынан да, компаниялар тарапынан да доллорға сұраныстың артуы теңгенің әлсіреуіне алып келді.
Биыл шілдеде Ұлттық банк Ұлттық қордан 450 млн АҚШ долларынан 550 млн АҚШ долларына дейін валюта сатылады деп болжап отыр. Шілдеде зейнетақы активтерінің валюталық үлесін ұстап тұру үшін 250 млн АҚШ долларынан 350 млн АҚШ долларына дейін валюта сатып алмақ. Сарапшылар теңгенің әлсіреуіне Қазақстан қор биржасы акцияларының бір бөлігіне иелік ететін Мәскеу биржасына салынған санкцияның әсері болуы мүмкін деп болжаған.
– Қарапайым халық тауарларды төлер кезде қаражат жинаймыз, несиелер, депозиттер аламыз. Теңге әлдеқайда маңызын күшейтеді. Біз шетелге шыққан кезде, оқуға кеткен бала не туысқанымызға ақша салғанда долларға қарауымыз керек. Басқа жағдайларда сіз өзіңіздің ұлттық валютаңызға қарауыңыз керек. Бағам бойынша біз жылды 455 теңгеден бастадық, содан кейін Ұлттық қордан қосымша трансферттердің әсерінен теңгеміз айтарлықтай нығайды, ол 440 теңгеге жетті. Содан кейін ол біраз уақытта 480 теңгеге жетті. Салық жинау аз болды, сәйкесінше Ұлттық қордан аударымдар көлемі де айтарлықтай өсті. Трансферттерді сату деген нені білдіреді? Бұл – валюталық активтерден алу деген сөз, өйткені Ұлттық қор доллармен сақталады. Оны биржаға әкеліп сатып, теңгеге айырбастап, Қаржы министрлігіне береді. Валюта нарығындағы қатысуымыз екі есе қысқарды. Тиісінше теңгенің қалыпты деңгейіне қайта ораламыз, – деді Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов.
Сарапшылардың пікірінше, теңге жайына алаңдайтындай мәселе жоқ. Қаржыгерлер қауымдастығының сауалнамасына қатысқан қаржы нарығының сарапшылары теңгенің одан әрі құнсыздануына еш себеп жоқ екенін алға тартады. Олар тауар нарығының қолайлы конъюнктурасы, ағымдағы операциялар шотының профициті, сауда балансының жақсаруы, елдегі жоғары пайыздық мөлшерлеме және әлемдік капитал нарығындағы жағдайдың аясында теңгенің одан әрі әлсіреуіне негіз жоқ деп есептейді.
Ұлттық валютаның әлсіреуімен экономикадағы инфлияцияға қарсы қысым күшеюі ықтимал. Сауалнамаға қатысқандардың 71 пайызы базалық мөлшерлеме жылдық 14-14,25 пайызға дейін төмендейді десе, қалғаны өзгеріссіз қалады деген пікірде.
Ақнұр АЛТЫНБЕК
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!