Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

7°C

, Сенбі, 23 қараша, 13:20

«Мұрагер» десе, мұрагер екен

17.09.2024

310

0

Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы консерваторияның профессоры, белгілі күйші-композитор Абдулхамит Райымбергеновтың бастамасымен 2003 жылы жалпы білім беретін қазақ орта мектептерінің оқушыларына арнап «Мұрагер» бағдарламасы жасалған. Ал 2007 жылдан бастап бұл бағдарлама аудандық Әл-Фараби атындағы №201 мектеп-лицейінің оқу процесіне енгізілген. 17 жылдан бері ұлттық өнермен сусындап жүрген жас өрендер сыныбының қатары жыл сайын артуда. Қаймағы бұзылмаған киелі өнердің жалғаушысы, қазақтың қара домбырасын жанына серік еткен бүлдіршіндірмен кеше танысып қайтқан болатынбыз.

– Бағдарлама оқу процесіне енген сәт­тен бастап жүйелі жұмыс жасап ке­леміз. Ең алғаш 2007 жылы алғашқы «Мұрагер» сыныбын әріптесім Алтын Жа­нашева ашса, 2008 жылы мен аш­тым. Содан бері жыл сайын бір сы­нып­тан қосылып, қазіргі таңда осы бағ­­дарлама бойынша мектебімізде 4 «Мұ­рагер» сыныбында 55 оқушы дом­быра үйренуде, – дейді Серіккүл Құлыс­баева.
Серіккүл Жаппасбайқызы музыка сабағының тәжірибелі мұғалі. 33 жыл­дан бері өрендерді өнерге баулып келе жатыр. Ұстаздар бүлдіршіндерді дом­быра қағыстарын көзбен көріп, сөз иірімдерін құлақпен ілуге, нотасыз аспапта еркін ойнауды меңгеруге, сүйемелдеп ән айту, күй тарту үйретіп, өнерге баулиды. Бала саны жиырмадан асатын сыныпта бұл білімнің барлығын бір мезетте үйрету оңай емес әрине, әйтсе де ұстаздар сағат санының аз­дығы мен оқушылардың көптігіне қа­ра­май олардың қара домбыраға де­ген құрметіп қадір тұтып, үйретуден жалыққан емес.
– «Мұрагер» сыныбы деп 1 мен 4 сынып аралығында таңдалып алынған оқушыларды атаймыз. Ал 5 сыныптан жоғары оқушылар «Домбыра» сыныбы деп аталады. Қазір әріптесім Алтын екеуміз 4 «Мұрагер» сыныбына сабақ беру арқылы, оқушыларды ұллттық құндылыққа бейімдеп, қазақтың өнерін әрі қарай жаңғыртып отырмыз, – дейді С.Құлысбаева.
Иә, бұл бағдарламаның да басты мақсаты да осы, балаларға домбыра үйрету арқылы олардың өнерге деген ынтасын арттыру. Ұстаздардың ай­туынша, сабақ ең қарапайым жаттығу түрінен басталып, жеңіл әндер мен күйлер үйрету арқылы шығармашылық қоржындары жылда күрделене түседі.
– 1 сыныпта оқушыларға саусақ жаттығуларын, домбыраны қалай дұрыс қағуды үйретеміз. Ал 2 сыныптан бастап жеңіл күйлерді үйрете бастаймыз. Мә­селен, былтырғы оқу жылында 2 сы­нып оқушылары 1 ән, 2 күй үйреніп шық­ты. Ал қазір 3 сынып оқушыларына қа­зір «Балбырауын» күйін үйретіп жа­тырмыз. Жыл соңына дейін 2-4 сынып ара­лы­ғын­дағы оқушылар 3-4 күй үй­реніп шығады, – дейді Алтын Жана­шева.
Сондай-ақ оқушылар сабақ ба­ры­сында домбыраны меңгеріп қана қой­май, майталман күйші-компози­тор­ла­ры­мыздың өмірбаянымен, олардың шы­ғар­машылығымен толық танысады.
– «Мұрагер» сыныбында оқитын бүлдіршіндердің басқа балаларға қара­ғанда ерекшеліктері көп. Олар домбыра аспабында ойнауды ерте үй­ренеді. Есте сақтау қабілеттері жоғары, зерек, басқа сынып оқушыларына қарағанда білім жағынан ілгері болады. Оған облыстық, республикалық байқауларда топ жа­рып, оза шығуы дәлел. Иә, қазақтың қара домбырасын жа­нына серік еткен оқу­шыларымыз «Мұ­рагер» сыныбын бітіргеннен кейін де, ұлттық аспапты жанынан бері елі тастамай, ізімізді жалғап келеді. Олар бүгінде жоғары оқу орындарының түлегі. Сондай-ақ бір оқушым қазір өзім­мен әріптес. Кезінде осы «Мұрагер» сыныбы арқылы дом­быраны үйреніп, мектепті «Алтын бел­гіге» бітірген жас, бүгінгі күні білікті математик. Әлі күнге домбыра тартып, ұлттық құн­дылығымызды ұлықтап жүр, – дейді домбырашы ұстаз.
«Мұрагер» сыныбы ең алғаш ашыл­ған жылы Абдулхамит Райым­бер­генов «Агахан» қоры арқылы мектеп оқушыларына 20 дом­быра тегін сыйға тартқан. Мұнан бө­лек, мектептің 30 жылдығына орай демеу­шілердің көмегімен оқушыларға арнап 5 домбыра алынған. Әйтсе де, ұлттық аспапта ойнайтын оқушылардың киімдері мен домбырасын ата-аналары өздері алып береді. Себебі бала дом­бырамен мектептен тыс, үйде де қолын жаттықтырып дайындалады.
– Негізі әр сыныпта бір тентек бала болады, сабақ барысында ойнап, бас­қалардың мазасын алып отыратын. Сондай тенте оқушымның бірі бірде сабақ барысында «апай, мен ақыры тарта алмаймын ғой» деп домбыраны қолына алмай, бос отыратын. Бір күні әлгі тентек оқушым домбыраны тарта алмаса да, күйдің ырғағын жаттап алып, домбыраны барабан аспабы қылып күйді ойнап отыр. Оның бұл қабілетімен мектепте өткен мерекелік шарада қо­лына даңғыра беріп күйді ерекше орын­дап шыққан болатынбыз, – дейді Серіккүл Жаппасбайқызы.
Иә, «Мұрагер» сыныбындағы бала­лардың барлығы домбыраның қыр-сырын ұғып, қос ішектен төгілген күйлерді аса ұқыптылықпен орындайды. Олар табиғат берген дарынды ынта-жігермен ұштастырып жүрген бір ғана мектептің емес, тұтас ауданның мақтаныштары.

Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: