Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

4°C

, Сенбі, 23 қараша, 23:51

Медиа саласындағы цифрлық үндестік

26.09.2024

473

0

Астанадағы «Қазмедиа орта­лығы» телерадиокешенінде отандық медиа индустрияны дамыту және іскерлік қатынас­тарды күшейтуге бағытталған, сондай-ақ еліміздегі мемлекеттік, тәуелсіз, кәсіби әрі жаңарған БАҚ-тың басын қосатын ауқымды іс-шара Astana Media Week-2024 апталығы басталды. Биыл сегізінші мәрте өткізіліп отырған дәстүрлі іс-шараны әдеттегідей Мәдениет және ақпарат ми­нистр­лігі ұйымдастырды.

БАҚ-тың күнделікті өмірге ықпалы зор

Медиа апталықтың ашылу салтанатында алғашқы болып сөз сөйлеген Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов қатысушыларға Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хатын оқып берді.

«Биылғы іс-шараның «Медианың әсері және цифрлық үндестік» тақырыбына арналуы қоғамдағы өзгерістер мен жаңа технологиялық дәуірде ақпараттың маңыздылығын тағы да айқындай түседі. Медианың күнделікті өмірде ықпалы зор. Ол тек ақпаратты таратушы ғана емес, қоғамдық пікірді қалыптастырушы, мәдениетті дамытуда үлес қосушы күшке айналғаны бәрімізге айқын. Цифрлық технология жылдам дамып, осы үрдістерді жаңа деңгейге көтеріп, медианың рөлі мен ықпалын одан әрі күшейтеді. Бұл үрдістер әрбір маманның біліктілігін арттырып, жаңашылдықтарға бейімделуге мүмкіндік береді. Astana Media Week медиа саласының көшбасшыларын, кәсіпқой мамандар мен сарапшыларды бір алаңға жинап, өзекті мәселелерді талқылап, тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін бірегей алаңға айналды», делінген министрдің хатында.

ва

Вице-министр Қ.Ысқақов Astana Media Week елімізде ғана емес, жалпы Орталық Азияның медиа кеңістігінде теңдессіз үлгіде қолға алынған маңызы зор іс-шара екенін әрі бұқаралық ақпарат саласында еңбек етіп жүрген журналистер мен өзге де мамандардың бір-бірімен байланыс орнатып, тәжірибе алмасып, пікір алуандығын туғызып жүрген айтулы іс-шара екенін атап өтті. Сондай-ақ осы жобаның отандық медиа индустрияның қарқын алуына да септігін тигізіп жатқанына тоқталды.

Әлемдік ақпарат алаңындағы мүмкіндік

Медиа апталықтың алғашқы панель­дік сессиясы «Қазақстан – әлемдік ақпарат алаңында» тақырына арналды. Саясаттанушы, «Xander Group» бас директоры Ескендір Ақылбаев модера­торлық еткен бұл алғашқы панельдік сессияның басты тақырыптық бағыты ретінде еліміздің жаһандық ақпараттық экожүйедегі стратегиялық ұстанымы, оның халықаралық медиа альянстар арқылы ықпалын әрі өңірлік медиа бас­та­маларды қалыптастырудағы рөлін қарастыру мәселелері қамтылды. Сес­сия спикерлері негізінен цифрлық транс­фор­мацияның сын-қатерлері, оның ішін­де киберқауіпсіздік мәселелері, олар­дың жаһандық трендтер контексін­дегі ұлттық медиа кеңістіктің тұрақтылығы­на әсерін талқылады. Сондай-ақ ұлттық бірегейлік пен халықаралық беделді нығайту элементі ретінде әлемдік аренада қазақстандық мәдени және ақпараттық контентті ілгерілету мүмкіндіктерін де пікірталас тақырыбына арқау етті.

Алғашқы сессияның спикері ретінде пікір білдірген Мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары Қанат Ысқақов Қазақстан тек қана ақпарат саласында ғана емес, қоғамның барлық саласында цифр­лық әлемге еніп кеткенін және біз осы саладағы өзіміздің бірегейлігімізді қалып­тастырып жатқанымызды айтып өтті.

– Сондықтан әлеуметтік желілерді, онлайн-платформаларды қолданатын, оларға иелік ететін кез келген азамат ақпарат көзі болып саналады. Осыған орай заманауи өзгерістерді ескере отырып, біз әлемдік үдерісте өзіндік орнымызды табуымыз керек. Бұл үшін біз осыдан екі жыл бұрын ақпараттық доктрина әзірледік, – деді вице-министр.

Қ.Ысқақов бірінші кезеңде аталған доктринаның ең басты қағидаты ретінде ақпараттық егемендігімізді сақтау, БАҚ саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру, отандық медиа саласының әлеуетін нығайту, шетелдік немесе сыртқы тәуекелдерге төтеп беру екенін атады.

– Екінші кезеңде біз онлайн платформа туралы заң жобасын қабылдадық. Сол арқылы онлайн-платформа, яғни әлеуметтік желі тұтынушыларын бір бөлек, БАҚ саласы өкілдерін бір бөлек жүйеледік. Өйткені оларды тең дәрежеде қарастыру дұрыс емес деп санаймыз, – деді ол.

Сондай-ақ вице-министр заңнамалық өзгерістердің айқын мысалы ретінде биыл қабылданған Масс-медиа туралы заңнамаға тоқталды.

– Масс-медиа туралы заңды қабылдар кезде біз әлемдік тәуекелдерді ескере отырып, заң жобасында бірнеше бағытты айқындап алдық. Ең басты бағыт етіп отандық БАҚ саласының әлеуетін, қорғанысын арттыруды ескердік. Егер кез келген отандасымыз ақпарат көзі ретінде шетелдік бұқаралық ақпарат құралының өнімін тұтынса, онда бұл жерде ақпараттық қауіпсіздік болмайды. Сондықтан бұл реттегі біздің ең бірінші мақсатымыз – отандық контентті арттыру және оның сапасын көтеру, – деді Қ.Ысқақов.

Цифрландырудың пайдасы мен кемшілігі

Келесі спикер, Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов еліміздегі цифрландыру жобаларының тигізіп жатқан пайдасы мен кей сәттерде алдымыздан кесе-көлденең кездесіп қалып жатқан кемшіліктеріне де назар аударды.

– Біз әлемдік цифрландыру рейтингінде қазір 24-орында тұрмыз. Бұл – өте жоғары көрсеткіш. Мәселен, Kaspi.kz қосымшасы 10 миллионнан көп мәрте жүктелген екен. Яғни аталған банктің онлайн қызметі халықтың өмірін айтарлықтай жеңілдетті. Қазір қолма-қол ақша ұстайтын адам санаулы-ақ қалған шығар. Ал 2020 жылы осы банктің онлайн жүйесінде аздаған ауытқу болған кезде жұртшылық даурығып, үлкен проблема туындаған еді. Өйткені цифрландыру бүгінде үлкен басымдыққа ие болып отыр, – деді Е.Тұқымов.

Сондай-ақ ол Президент жанындағы ҚСЗИ жүргізген әлеуметтік сауалнама қорытындысына сүйене отырып, жұрттың көбіне медицина саласындағы қызмет сапасына көңілі толмайтынын жеткізді. Тіпті өңірлерді айтпағанның өзінде Астана қаласында дәрігерге жазылудың өзі қиямет-қайымға айналған. Яғни спикер цифрландыру саласында әлі де реттейтін тұстар аз емес екенін атап өтті.

Панелдік сессия барысында Тәжік­станның «Джахоннамо» мемлекет­тік ақпа­раттық телеарнасының директоры Садридин Шамсуддинзода Тәжікстандағы телеарналардың жұмысы туралы баяндады.

Әрбір ақпаратта елдік көзқарас болған жөн

«Jibek Joly/Silk Way» телеарнасы­ның басқарушы директоры Еркежан Күнтуған телеарнаның басты ұс­танымына тоқталды. Яғни бүгінгі гиб­ридтік қақтығыстар заманында телеарна өзінің бұрынғы имиджімен өмір сүре алмайтынын, бұрынғы тарих пен мәдениеттен бөлек, қандай ақпарат таратса да әлемге өзінің көзқарасын білдіру керек екенін айтты.

– Біз әлемге өзіміз туралы айтуы­мыз керек. Мәселен, танымал ақ­па­рат құралдары, үлкен телеарналар Қазақстан туралы біздің айтқандарымызды сырт­қа қайталап беріп жатыр. Неге біз әлем­ге біреу арқылы емес, өзімізді өзіміз көрсетпеске? Сондықтан бірнеше тілде ақпарат тарататын «Jibek Joly» телеарнасы алдына осындай үлкен мақсат қойып отыр. Қазір біздің ақпараттық бағдарламаларымыздың айына кемінде төрт-бес материалын шетелдік басылымдар дереккөз ретінде алып отыр. Бұл – бір жағынан Астана түрлі бағыттағы халықаралық іргелі іс-шаралар өтетін саяси ортаға айналғанының айғағы. Алға қойып отырған мақсатымыздың бірі – Орталық Азияның даусына айналу бағытында жұмыстарды қолға алдық. Орталық Азия елдерінің экологиялық, гендерлік теңдік, әйел мен бала құқығы секілді ортақ мәселелерін көтермекпіз. Өйткені әлемге тек Қазақстанның жеке өзінен гөрі, жалпы Орталық Азияның өмірі, тыныс-тіршілігі көбірек қызығырақ. Сол себепті өңірдің дауысына айналу біз үшін алдымызға үлкен мақсат қойып отыр. Сондықтан қандай ақпарат дайындасақ та өзіміздің көзқарасымызды, болмысымызды, ұстанымдарымызды еркін енгізе беруіміз керек, – деді телеарна директоры.

Бәсекеге қабілетті маман дайындау қажет

Maqsut Narikbayev University басқарма төрағасының орынбасары, журналист Ерболат Мұхамеджанов бүгін біздің медиа кеңістік ақпарат тарату алаңы ғана емес, тұтас елдің бейнесін қалыптастыратын, елден шыққан әрбір ақпарат мемлекетіміздің бет-бейнесіне тікелей әсер ететін жағдайға жет­ке­нін атап өтті. Сондай-ақ ол тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан асса да, әлемдік деңгейде ақпарат тарата алатын, халықаралық тәжірибені жетік меңгерген журналистерді даярлай алмай отырғанымызды айтты.

– Біз өзіміз туралы таныстырғанда Қазақстан деген картадағы тоғызын­шы орынды алатын ел екенін 30 жыл бойы айтып келдік. Яғни біздің жеріміздің кең екенін, мұнайымыздың көптігін айта беру жеткіліксіз. Бізге жаһандық ақпараттық күн тәртібін қалыптастыратын уақыт келді. Бұл үшін әлемдік деңгейдегі журналистер қажет. Бұл – барлық университетке айтылған ортақ сын. Әрине, кей журналистердің жекелеген жетістіктері бар. Бірақ елімізден халықаралық деңгейге шыға алатын ықпалды тілшілерді даярлайтын жүйелі тәсіл әлі қалыптасқан жоқ, – деді Е.Мұхамеджанов.

Осы панельдік сессияда Қазақстандағы «Euronews» телеарнасының өкілі Әсел Қожақова өз презентациясын ұсынып, онда елімізде биыл ғана өз өкілдігін ашқан еуропалық іргелі телеарнаның жобаларымен таныстырды.

Astana Media Week-2024 ап­талы­ғының бірінші күніндегі «Медианың ренова­циясы (жаңару): заң, қауіпсіздік және трансформация» атты панель­дік сессия­сында спикерлер құқықтық ортадағы соңғы өзгеріс­терді, олардың медиаға стратегиялық әсерін және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты сын-қатерлерді талдап, жасанды интеллект пен жаңа медианың интеграциясынан туындаған медиа-экожүйенің терең өзгерістерін, медиа этиканың бүгінгі жай-күйін қарастырды. Бұған қоса жаһандық контексте медианың болашағын анықтайтын негізгі трендтерге болжам жасады.

Ал одан кейінгі спорт менеджері, журналист Жігер Әзбергенов модера­торлық еткен спорт журналистикасы саласын қаузаған «Эмоциялармен бөлісу: спорттық бұқаралық ақпарат құралдарының жанкүйерлердің арасында қызығушылықты қалыптастыруда және сақтауда әсері» тақырыбындағы панельдік сессияда спорт журналис­тикасының қазіргі жай-күйі, бәсеке қабілетті маман даярлау, сондай-ақ журналистік этика, ақпараттың ақ-қарасын ажырату, әлеуметтік желінің әсері мен әлегі сынды өзекті мәселелер пікір аламанында талқыға салынды.

Медиаэтика және журналист мәртебесі

Әлемдік тенденциялар мен отандық медиа нарық талқыланған алаңда журна­лис­терге арнайы интерактив ұйымдас­тырылды. Кәсіби психолог Анжела Гарипова билік пен қоғам арасындағы көпір іспетті тоқтаусыз қызмет атқара­тын мамандардың жұмыс қарқынын, шығармашылық әлеуетін арттыруға сеп болар әдіс-тәсілдермен бөлісті.

Жиын әрі қарай «Толассыз ақпарат аймақтық БАҚ жұмысын қалай өзгертуде? Медиаэтика және журналист мәртебесі» тақырыбымен жалғасты. Алғаш болып сөз алған «Qazaqstan» телеар­насының директоры Болат Мүр­сәлім жаһандық этика, медиа-комму­ника­­ция саласындағы зерттеулерге тоқталды.

– Әлемде өзін-өзі құрметтейтін журналистер, арнайы медиа орталықтар, ұжымдар «Журналист этикасының жа­һандық хартиясы» сынды кәсіби эти­калық кодекстер мен нормалар топтастырылған құжаттарға иек артады. Көпке танымал ВВС, «Euronews» сынды алпауыт редак­ция­лардың да өзіндік стандарттары мен қабылданған құжаттары бар. Негізінен, бұл талап пен тәртіп әр мемлекеттің білікті маманы ұстанатын ережелерге ұқсас. Мәселен, сөз бостандығы, жауапкершілік, обьективтілік, бейтараптылық, ақпарат­тың дәлдігі. Аталған құндылықтар медиа стандарт негізіне жатады. «Internews» ұйымының еліміздің ақпараттық нары­ғына жүргізген зерттеулеріне назар салсақ, отан­дастарымыз жаңалықтың 85%-ын интернеттен оқитынын айтқан. Дегенмен жұртшылықтың 60-70%-ы теледидардағы дерекке сенім білдіретінін жеткізген. Демек, дәстүрлі медианың белгілі бір дәрежеде артықшылықтары бар. Біріншіден, қандай да бір құбылыс, оқиға, ақпарат толығырақ көрсетіледі. Екіншіден, арнайы сүзбеден, тексерістен өтіп, жарияланады, – дейді Б.Мүрсәлім.

Ақпараттық технология сағаттап емес, секундтап дамып жатқан мезетте бұқара­лық ақпарат құралдарына жаңа міндет пен мақсат жүктеле беретіні анық. Панельдік сессияда осы кезеңдегі өңірлік БАҚ тәжірибесіне де зейін қойылды.

– Толассыз ақпарат айдынында аймақ­тық бұқаралық ақпарат құралдары да тосыннан тап келген сынақтарда жедел шешім қабылдап, тенденцияларға тез бейімделіп келеді. Өйткені бұл олардың жұмыс сапасына, мазмұнына әрі көрермен тартуына тікелей әсер етеді. Осы орайда өңірлердегі журналистер, медиа ұйымдар, интернет порталдар сенімсіз және манипуляциялық деректерді таралуын болдырмау үшін этикалық стандарттарды сақтауға ерекше назар аударуы қажет. Жалпы, өңірлік БАҚ журналистиканың кәсіби деңгейін сақтауға және ақпараттың ашықтығы мен дәлдігі арқылы халықтың сенімін арттыруға басымдық беріп отыр, – дейді ТДК-42 (Орал) телеарнасының директоры Рустам Машарипов.

Бүгінде медиа платформа фейк ақпаратпен күресіп әлек. «Caspian news» телеарнасының директоры Қазбек Кертаев аймақтық БАҚ-тың конвергенция әдісін ұтымды пайдаланып, жергілікті халыққа сенімді ақпарат таратудағы өзіндік тәжірибесімен бөлісті.

– Республикалық және өңірлік БАҚ-тың өзіндік ерекшеліктері бар. Мәселен, қазір аймақтағы телеарналардың көрермендері бөлек. Яғни тұрғындар өзінің жергілікті аумағына қатысты жаңа­лықтарды көбірек көргісі, тыңдағысы, оқығысы келеді. Салыстырмалы түрде қарасақ, жергілікті телеарналарда ресурс аз. Штаттағы маман саны да шектеулі. Техникалық тұрғыда әлеуеті де керемет емес. Сондықтан санау­лы қызметкерлерге көбірек жүк артылады. Мәселен, тасқын кезінде тұрғындарға жедел ақпарат тарату үшін алдын ала болжам жасалған ауыл, аудандарға арнайы түсірілім тобын жібердік. Оны ең бірінші әлеуметтік желіге жүктеп отырдық. Осылайша, белгілі бір деңгейде дереккөз болдық, – дейді Қ.Кертаев.

Бұған қоса «Медиа трендтер: клас­си­­ка­лық платформадан цифрлық медиа-экожүйеге дейін» атты сессия, «Superconnected: ЖИ, цифрлық медиа және техно-әлеуметтік өмірдің болашағы» тақы­рыбында визионерлік лекция өтті. Ал апта­лыққа қатысушылар қазақ тілін­дегі аббревиатураларды сауаттылығына арналған «Мақсат» бұқаралық диктантын жазды. Оған әр өңірден келген газет-журналдың, радио, телеарналардың, ақпараттық сайттардың тілшілері мен баспасөз хатшылары қатысты.

Осылайша, кеше басталған еліміздің басты медиа апталығында отандық әрі шетелдік жетекші медиа менеджерлері, мемлекеттік құрылымдардың өкілдері, ақпараттық платформалардың басшылары және тәуелсіз сарапшылар үш күн бойы тәжірибе алмасып, түрлі бағыттағы талқылаулар өткізбек.

Жасұлан СЕЙІЛХАН,

Зейін ЕРҒАЛИ,

«Egemen Qazaqstan» 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: