Шалғайдағы Жаңадария ауылында бүгінде шаруа шираған. Ауылдағы ағайынның негізгі тіршілік көзі егін және мал шаруашылығымен тікелей байланысты. Қазір елдің өрісі кеңейіп, жұмысы жанданған. Көрші ауылдардай күріш алқабы болмаса да, мұндағы еңбекқор халық бақша өнімдерін баптауда көпке үлгі болып келеді. Биылдың өзінде ауылдағы шаруа адамдары 180 гектарға бақша өнімдерін екті.
Шалғай ауылдың шаруасы ширақ
Сейсенбі күнгі аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың халықпен кездесуі Жаңадария ауылынан басталды. Алдымен ауданда атқарылған жұмыстарды, алдағы мақсат-міндеттерді тілге тиек еткен Ардақ Әбдіғаппарұлы ауылдағы ағайынның талап-тілегіне құлақ түрді.
Иә, Жаңадарияға бұған дейінгі сапарымызда жергілікті жұрт ауылға кіреберіс жолдың жайын айтып, сапасына мән беруді өтінген. Бұған жергілікті билік жүрдім-бардым қарамады. Керісінше, елдің мәселесін уақытында ескеріп, Аламесек пен Жаңадарияны жалғайтын жолға асфальт төсеп берді. Кешегі кездесуде ауылдағы ағайын ішкі көшелердің сапасының сын көтермейтінін назарға салып, шешімін табуына жұмыс жасалса деген талап-тілегін жеткізді. Ауылдағы ішкі көшелердің бүгінгі жайы Ардақ Ибраимовтың назарында екен.
– Жаңадария жұрты – еңбекқорлығымен көпке үлгі. Осыған дейін елдің бақша салуына аяқсу тапшылығының кедергі келтіріп отырғанын осындағы шаруа адамдары назарыма салған. Былтыр бұл мәселе шешімін тапты, ауыл еңбеккерлері нәтижелі еңбек етіп, бақша өнімдерін баптап, алды өнімін нарыққа шығарды. Рас, ауылда тұралаған мәселелер де жоқ емес, оның бірі – сіздер көтеріп отырған ішкі көшелер мәселесі. Бұл менің де назарымда бар, алдағы уақытта кезең-кезеңімен мәселелеріңізді шешуге жұмыс жасаймыз. Бұған қатысты арнайы жобалар да жоқ емес. Маған барлық ауылдың халқы бірдей, барлығыңыздың мәселелеріңізді бір уақытта шешкім-ақ келеді. Бірақ ол мүмкін емес. Сондықтан бірінші кезекте ел ішінде тұралаған түйткілді мәселелерге кезек береміз. Қалғаны кезең-кезеңімен шешімін табатын болады. Ауылдағы ағайынның мәселесі ескерусіз қалмайды, – деді Ардақ Әбдіғаппарұлы.
Шалғайдағы елді мекенде кәсіпкерлік саласына ден қойғандар жоқ емес. Содан болар, ауыл әкімі Рауан Ақпанбетов ауылда жұмыссыздық деңгейі төмен екен айтады. Мәселен, осыған дейін Жаңадарияда 23 кәсіпкерлік субъектісі тіркелсе, бүгінде оның 22-сі нақты жұмыс жасап тұр. Ал биыл 1 адам өз жобасын жүзеге асыру үшін қайтарымсыз қаражатқа ие боған.
Биыл ауылдық округтегі №203 орта мектепке жалпы құны 2,3 млн теңгеге жәй жөндеу жұмыстары мен құны 1,2 млн теңгеге қоқыс полигонының құрылысы жүргізілген. Өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында елді мекенді көркейту-көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, ауылға кіреберіс көшелерге бейнебақылау камералары орнатылған. Келер жылы 4 көшеге, яғни Қ.Сәтбаев, Жаңадария, Достық, Мектеп көшелерін күрделі жөндеуге 377,7 млн теңге облыстық бюджет есебінен қаржы бөлуге ұсынылды.
Ауыл дамуы тұрақты
Аламесек ауылдық округінде соңғы 2 жылда ауқымды жобалар жүзеге асты. Әсіресе жергілікті билік елді мекендегі тұралаған өзекті мәселелерді шешуде нәтижелі жұмыс атқарды. Кешегі кездесуде де ауылдағы ағайын аудан әкіміне алғысын білдірді.
Есет батырлықтар да көбіне ауылдағы ішкі көшелер сапасының сын көтермейтінін жиі айтатын. Биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде елді мекендегі әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жақсарту бойынша нақты жобалар жүзеге асты. Оның ішінде елдің талап-тілегіне арқау болған ішкі көшелер сапасын жақсарту жұмыстары да бар. Мәселен, ауылдағы 5 көше, яғни Т.Бисенбаев, Жаңажарма, Өмірбай шешен, Сарман батыр, Бөлебай би көшелері күрделі жөндеуден өтті. Жобаның жалпы құны 517 млн 955 мың теңгені құрайды.
Елді мекендегі шаруашылықтар есебінен 2 млн 500 мың теңгеге көшелерге жарық шамдар орнатылған. Тұрғын үй электр секторларын жаңғырту жұмыстары бойынша да жоба аяқталған. Қазіргі таңда ауылдағы ескі емхана ғимаратына бейімдеу жұмыстары жүргізілуде. Онда жастар спорт орталығын ашу жоспарлануда.
Ауылдық өрт сөндіру бекетіне өрт сөндіру көлігі беріліп, 2 адам жұмыспен қамтылған. Келер жылы ауызсу жүйесін жаңарту бойынша нақты жоба жүзеге асады деп күтілуде. Халықтың да әлеуметтік жағдайы жақсаруда. Мәселен, елді мекенде атаулы әлеуметтік көмек алушылар 2 есеге азайған. Кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша 6 адам қайтарымсыз грант алып, олардың жобалары 8 млн 860 мың 800 теңге қаржылай қолдау тапты. Бүгінде мемлекеттік бағдарламаның арқасында ауылда кондитерлік цех ашылып, құс шаруашылығы шираған.
Келелі кездесуде ауыл ақсақалы Бұғыбай Сыздықов елді мекенде жүзеге асып жатқан жарқын жобалар мемлекет қолдауының жемісі екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ ол ауданда атқарылып жатқан нәтижелі жұмыстарға жоғары баға берді.
– Бұған дейін де ауылда болдыңыз, сол кезде бірқатар ел ішіндегі мәселелерді назарыңызға салдық. Бүгін елдің мәселесіне өлең айтып қарамағаныңызға көзіміз жетіп отыр. Ауылда қаншама жоба жүзеге асты. Әсіресе сіздің назарыңызға салған мәселелердің шешімін тапқанына қуанамыз. Емханамыз қандай жағдайда еді, бүгінде сол сапасы сын көтермейтін ғимарат мәселесі шешіліп, ауылда жаңа заман талабына сай ауылдық емхана бой көтерді. Онда жергілікті халыққа сапалы мидициналық қызмет көрсетілуде. Жол мәселесі өз алдына бөлек әңгіме. Бір жылда 5 көшеге асфальт төсеу ауыл тарихында болған емес. Міне, сіз соны жүзеге асырдыңыз. Басқа да ауылдарда қандай жобалар жүзеге асып жатқанын естіп-біліп отырмыз. Осыдан-ақ сіздің «мен үшін барлық ауылдың халқы бірдей» деген сөзіңізге шүбәсіз сенуге болады. Алдағы уақытта да ауданның екінші тынысын ашуда нәтижелі жобаларды қолға алған екенсіздер, барлығына сәттілік тілеймін. Ауданда, оның ішінде Аламесекте халықтың талап-тідегін ескергеніңіз үшін сізге алғыс білдіремін, – деді абыз ақсақал.
Ауқымды жобалар
жүзеге асқан
Мемлекет басшысының «ҚР ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы» Жарлығына сәйкес аймақ басшысының қолдауымен II рет өткізілген облыстық «Үлгілі елді мекен» конкурсында «Үлгілі ауыл» номинациясы бойынша Еңбек ауылдық округі І орын иеленген болатын. Үлгілі елді мекенде халықпен кездесуде аудан әкімі Ардақ Ибраимов биыл ІІ жартыжылдықта атқарылған жұмыстарды тарқатып, алдағы мақсат-міндеттерге тоқталды.
Биыл 4,3 млн теңгеге ауылдық округті абаттандыру, көркейту-көгалдандыру мен жасыл желекті қоршау және 5 млн теңгеге мәдениет үйіне жәй жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ 3,1 млн теңгеге бейнебақылау камералары орнатылған.
«Еңбек Жер» ЖШС-ның демеушілігімен жалпы құны 68 млн теңгеге бірқатар жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, жоба құны 26 млн теңгеге «Рәміздер» аллеясы, 6 млн теңгеге балалар ойын алаңы, 7 млн теңеге ауылға кіреберіс көшені жарықтандыру, 26 млн теңгеге Желтоқсан көшесіне тас төсеу жұмыстары, 3 млн теңгеге елде мекеннің электр желілері құрылысына жоба-сметалық құжаттары жасалды.
Елді мекендегі Дәуітбаев, Абай, М.Байділдаев көшелерін орташа жөндеу жұмыстарына 63,8 млн теңге қаржы қаралды. Мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп, жеңімпаз «Орда Автодор» ЖШС болып анықталды. 2025 жылға аудандық бюджет есебінен қаржы бөлу жоспарлануда. Сонымен қатар елді мекеннің электр желілерінің құрылысына жобалар әзірленді. Алдағы уақытта қаржыландыруға ұсынылады.
Келер жылы өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша 2,2 млн теңгеге балалар спорт алаңы мен «Еңбек Жер» ЖШС-ның демеушілігімен жалпы құны 50 млн теңгені құрайтын демалыс паркін салу жоспарлануда. Ауылдағы ағайын ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары баға беріп, аудан әкімінің алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
10 көше күрделі
жөндеуден өткен
Аққұмға бұған дейінгі сапарымызда ауылдағы ағайынның талап-тілегіне жол сапасы арқау болған. Ішкі көшелер сапасының сын көтермейтінін біз де жақсы білеміз, жергілікті билік бұған қатысты арнайы жобалар дайындалғанын айтумен шектелетін. Кешегі сапарымызда ел көткерген бірқатар мәселеге нүкте қойылғанын аңғардық. Ауылда соңғы уақытта жергілікті жұрттың талап-тілегіне ерекше мән берілген. Әлбетте, басқа да салалар бойынша жұмыстар жоқ емес, бірақ бізді ой-шұқыры көп орталық көшелердің сапасына мән берілгені қуантты.
Негізінен елді мекен жұрты егін егу, мал өсіру, жалпы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен және оны өңдеумен айналысады. Әлеуметтік жағдайына келсек, 1800-ге жуық адам мекен еткен ауылда жұмыссыздық денгейі 3 пайызды құрайды. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба бойынша 5 ауыл тұрғыны жастар практикасына, 2 ауыл тұрғыны «Күміс жас» жобасына, 3 ауыл тұрғыны «Әлеуметтік жұмыс» орындарына орналастырылып, 12 ауыл тұрғыны тұрақты жұмыс тапқан.
Мемлекет басшысының бұған дейінгі 10 мың адамға 100 жаңа жұмыс орнын құру жөніндегі арнайы тапсырмасы бар. Ауыл әкімі Атынбек Асанбеков осы бағытта нақты жұмыстар жүзеге асып жатқанын айтады. Мәселен, осыған дейін Аққұмда 10 жаңа жұмыс орны ашылған. Биыл жұмыссыз ретінде 46 тұрғын тіркелсе, оның 12-сі тұрақты жұмысқа орналасқан, 34 адам ақылы қоғамдық жұмысқа тартылды.
Ауылда жүзге жуық шағын және орта кәсіпкерлік нысаны бар. Бүгінде оның 95-і нақты жұмыс жасап тұр. Жергілікті жұрт кәсіп ашуда мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдаланып отыр. Мәселен, Ауылдық округ бойынша «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздерін 7 ауыл тұрғыны оқып, барлығы қайтарымсыз грантпен кәсіп ашқан. Ал «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 1 адам суармалы жерлердегі өсімдіктерді бүрку үшін квадрокоптер алуға қаржылай қолдауға ие болған. Жоба құны – 11,4 млн теңге. Сонымен қатар 2 ауыл тұрғыны арнайы техника, 1 ауылы тұрғыны асыл тұқымды мал алу үшін құжат дайындауда.
Иә, Аққұмдағы ағайынның ауыл шаруашылығы саласында табысты еңбек етіп отқанын аңғару қиын емес. Әсіресе олар күнделікті тұрмыс-тіршілігін мал шаруашылығымен байланыстырады. Қазірдің өзінде жеке отбасыларда 1668 мүйізді ірі қара, 1853 жылқы, 825 қой, 728 ешкі, 74 түйе, 1006 үй құстары есепке бар. Ал мал шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарда 609 мүйізді ірі қара, 670 жылқы, 125 қой, 94 түйе есепке алынған. Ауылда биыл 2112 гектар күріш, 745 гектар жаңа жоңышқа,75 гектар мақсары егіліп, 706 гектар ескі жоңышқа күтімге алынған. Кешегі күзгі науқанның қорытындысымен ауыл еңбеккерлері егін шаруашылығын толайым табыспен қорытындылады. Жалпы ауылда 5212 гектар жайылымдық, 246 гектар шабындық және 4550 гектар егістік жер бар.
Елді мекендегі 420 орындық №38 орта мектеп 1974 жылы пайдалануға берілген. 2012 жылы білім ордасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда онда балалардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған.
Бүгінде ауылдағы алтын ұяда 400 оқушы білім алады. Ондағы 58 мұғалімнің 96,5 пайызы – жоғары білімді маман. Биыл білім ошағын 25 оқушы бітірген. Оның ҰБТ-ға 22-сі қатысып, бүгінде 19 түлек мемлекеттік грантпен жоғары оқу орындарында білім алуда. Биыл бұл нысан жылу маусымында 9 тонна дизель отынымен тамтылған. Әлі 65 тонна дизель келеді деп күтілуде.
Ауылдық округте №7 «Шұғыла» балабақшасы жұмыс жасайды. 1975 жылы пайдалануға берілген нысан 120 балаға арналған. Қазіргі таңда 105 бала қамтылған. Онда 40-қа жуық адам жұмыспен қамтылған. Балабақша ғимаратына да 2016 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Екі жыл бұрын ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Балабақша жылу маусымында 5,7 тонна дизельмен қамтылған. Енді 42 тонна дизель келеді.
Ауыл тұрғындарына 10 төсектік күндізгі стационарлық дәрігерлік емхана қызмет көрсетеді. Медициналық нысан 1975 жылы пайдалануға берілген. Биыл жаңа жедел жәрдем көлігімен қамтамасыз етілді. Емханаға 3 жыл бұрын күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда бұл нысан да жылу маусымына сақадай сай. Осыған дейін 75 тонна қатты отын жеткізілсе, алдағы уақытта тағы да 55 тонна көмір келеді деп күтілуде.
Аққұмда 150 орындық ауылдық клуб ауыл тұрғындарына қызмет көрсетеді. мәдениет үйі 2012 жылы пайдалануға берілген. Онда 15 адам жұмыс жасайды. Мәдениет ошағына 2022 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұл нысан да жылы жылу маусымына дайын екен. Бүгінге дейін 20 тонна қатты отын жеткізілсе, қалғаны алдағы уақытта келеді деп күтілуде.
Елді мекенде 1 спорт орталығы тұрғындарға қызмет көрсетеді. 2017 жыл салынған ғимарат 3 жыл бұрын қайта жабдықталып, ауыл спортының алға басыуына қолғабыс етуде. Қазіргі таңда онда ауыр атлетика, тоғызқұмалық, күрес үйірмелері жұмыс жасайды.
Ауылда Ауызсу жүйесі мен электр желілеріне 2021-2022 жылдары қайта жаңғырту жұмыстары жүгізілген. Жергілікті жұрт тәулік бойы сапалы ауызсуға қол жеткізіп отыр. Сондай-ақ барлық тұрғын үй су өлшегіш құралын қондырған. Ал елді мекенді осыған дейін аяқ сумен қамтамасыз ету мақсатында 1 сутартқыш насос іске қосылған.
Иә, Аққұмда соңғы жылдары жол құрылысы қарқын алып, елдің талап-тілегі орындалды. Ауылдың ішкі көшелерінің жалпы ұзындығы 14 шақырымды құрайды. Биыл ауылдық округте 10 көшеге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргілді. Жобаның жалпы құны – 457,1 млн теңге.
Елді мекенде демеушілер есебінен де ауылды абаттандыру, көркейту-көгалдандыру жұмыстары қарқын алған. Биыл «Жасталап» шаруа қожалығының төрағасы Кенжехан Жадиловтың демеушілігімен Бейбітшілік көшесінің бойындағы 750 метр жер қоршалып, гүл және жеміс ағаштарын егу жұмыстары жүргізді. Кәсіпкер бұл мақсатқа 2,8 млн теңгң бөлген. Сонымен қатар мектептің 20 жылдық түлектері «Тайман қари» мешітіне 2 млн теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізген.
Мұнан бөлек Меңліқара Нұрқожаев көшесі мен орталық алаңға «Бірлік-А» шаруа қожалығы 1,3 млн теңгеге жарықтандыру жұмыстарын жүргізді. 1968 жылғы ауыл азаматтары Кеңес әскерінің Ауған жерінен шыққанына 35 жыл толуына орай Ауғанстан жерінде интернационалдық борышын адал өтеп келген ардагерлерге арнап аллея ашты.
Ауылды аббаттандыру мақсатында мемелкеттік бағдарламалармен де ілкімді жобалар жүзеге асқан. Мәселен, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша 2,2 млн теңгеге Қалыбай Бекенов көшесіне түнгі жарық шамдары ауыстырылды. Сондай-ақ Бейбітшілік және Б.Ақдаулетов көшелеріндегі бейнебақылау камералары жөнделіп, ауылішілік көшелердің жол белгілері жаңартылған. Жалпы ауылда айтарлықтай өзгеріс бар, мұның бәрі нәтижелі жұмыстың жемісі деп түйдік. Бірақ бұған тоқмейілсуге тағы болмайды.
Ауылда атқарылып жатқан жұмыстармен жергілікті жұрт етене таныс. Сондықтан кешегі кездесуде аққұмдықтар аудан әкіміне алғыс білдіріп, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Жергілікті халық бірқатар мәселені Ардақ Әбдіғаппарұлының назарына салды. Аудан әкімі оның барлығы ескерусіз қалмайтынын жеткізіп, кезең-кезеңімен шешуге уәде берді.
– Осыған дейін үш ауылда болдық, бүгінгі есепті кездесуімізді Аққұмда қорытындылап отырмыз. Жаңа бірқатар мәселе көтердіңіздер, сіздердің талап-тілектеріңіз жерде қалмайды. Мейлінше оның шешімін табуға тырысамыз. Бірақ «барлығын бір уақытта шешіп беремін» деп өтірік уәде бере алмаймын. Алдағы уақытта кезең-кезеңімен шешіміне жұмыс жасаймыз, – деді аудан әкімі.
Қаракеткенде құрылыс
қарқын алады
Аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың сәрсенбідегі сапары Қаракеткен, М.Шәменов ауылдары және аудан орталығында жалғасты.
Кездесу барысында елді мекен тұрғындары тарапынан ауыз су, аяқ су, табиғи газ кіргізу, көше жарығы, электр бағаналарын ауыстыру, жол жөндеу және қоқыс полигонын пайдалану секілді мәселелер төңірегінде сұрақтар қойылды. Ауыл азаматтары тарапынан қойылған барша сұрақтарға аудан әкімі Ардақ Ибраимов жауап беріп, айтылған ұсыныстар бойынша мекеме және бөлім басшыларына тапсырмалар жүктеп, барша мәселенің назарға алынатынын, кезең-кезеңімен жоспар бойынша шешімін табатынын нақты айтты.
Аудан басшысының айтуынша, келер жылы Қаракеткен ауылында бірқатар жарқын жобалар жүзеге асады. Атап айтқанда, 150 орындық клуб құрылысы үшін былтыр 7,5 млн теңгеге ЖСҚ жасалған. Келер жылы құрылысы басталады.
Қазіргі таңда Қаракеткен ауылдық округінде жобалық құны 362,4 млн теңгені құрайтын жаңа дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар Қ.Кәрібаев көшесінің 300 метр бөлігіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалуда.
Бүгінде өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында жалпы құны 2,2 млн теңгені құрайтын 2 жоба жүзеге асты. Ауылдың ішкі көшелерінде орналасқан түнгі жарықшамдары заманауи светодиодты шамдармен ауыстырылып, ауылға 4 дана бейнебақылау камералары орнатылды.
Биыл демеушілік есебінен ауыл жастары Далдабай елді мекеніне кіре-беріс автомобиль жолының бойына арка орнатты. Мұнан бөлек жеке кәсіпкер Бердібек Қиланов ауылдан балалар ойын алаңын салуда. Жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда.
Сонымен қатар Қаракеткен, Далдабай елді мекендерінің 11 көшесін (Есіркепов, Иіркөл, Өмірзақов, К.Маркс, Дружба, Д.Жалтынов-1, Д.Жалтынов-2, Д.Жалтынов-3, Кәрібаев, Тәуелсіздік, Есіркепов-1) күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін былтыр 3,6 млн теңгеге ЖСҚ жасалған. Ауылға кіреберіс 2,6 шақырым автомобиль жолын жарықтандыру жұмыстары да басталады.
Тағы бір жағымды жаңалық, алдағы уақытта көрші орналасқан М.Шәменов ауылының халқы секілді қаракеткендіктер де көгілдір отынның игілігін көрмек. Ол үшін жергілікті билік жоба құжаттарын дайындап қойған.
Ауылға табиғи газ келді
М.Шәменов ауылына келсек, елді мекен халқы тіпті шағын қалада бар игіліктерді пайдаланып отыр. Көгілдір отыннан бөлек, ауыл жолдары жөндеуден өткен, жаңа мектеп, заманауи ауылдық клуб барлығының халық игілігін көруде.
Биыл М.Шәменов елді мекеніне газдандыру жұмыстарына жоба құны 684,2 млн теңгеге газ жүргізу жұмыстары және 305,1 млн теңгеге аудандық маңызы бар ауылға кіреберіс автомобиль жолын күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Сондай-ақ өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша кіреберіс және Бұқарбай батыр көшесіне 888 мың теңгеге бейнебақылау камералары орнатылды. Мұнан бөлек Қ.Алмасов көшесіндегі жасыл екпелерге арналған қоршау орнату жұмыстары жүргізілді.Сонымен қатар демеуші арқылы «Мега Агро» ЖШС қаражаты есебінен 2 млн теңгеге ауылдың электр бағаналарын ауыстыруға жоба-сметалық құжаттары рәсімделуде.
Сонымен қатар Ә.Тәшімбетов, Жамбыл, Б.Ердүзелова көшелерінің құрылысы жобасының құжаттары облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына ұсынылып, бюджеттік өтінім жолданған.
Кентте келелі іс көп
Аудан басшысы Ардақ Ибраимов кент бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталып, келер жылға жоспарланған ауқымды жобалармен таныстырды. Тұрғындар тарапынан атқарылған жұмыстарға пікірлер мен тиісті ұсыныстар айтылды.
Қазіргі таңда аудан орталығында барлығы 71 көшенің 41-не көше жарығы жүргізілген. Ал көше жарығы орнатылмаған көшелерге жарықтандыру жұмыстарын жүргізу үшін жоба-сметалық құжаттамалар әзірлеу және жобаларды қаржыландыру бойынша жұмыстар атқарылуда. Былтыр бюджеттен электр қуатын үнемдейтін светодиодты шамдар 2,4 млн теңгеге сатып алынған. Қазіргі таңда Б.Сопбеков, А.Бисенов, ДЭУ көшелеріне және З.Салықбаев тұйығына түнгі жарықтандыру жұмыстары жүргізілді.
М.Шаменов, Т.Жүргенов, Қ.Нүрпейісов, И.Панфилов, Т.Қыстаубаев, А.Ізтілеуова, Төле би, І.Нүркенов, Н.Әпрезов көшелерінің жарығы демеушілер есебінен қайта жаңғыртылады.
Сондай-ақ Б.Сопбеков, Жеңістің 50 жылдығы және М.Тәйтіков көшелерінің бойында орналасқан спорт алаңдарын жөндеу жұмыстарын жүргізуге аудандық бюджеттен 10,5 млн теңге қаржы бөлініп, спорт алаңдарға қажетті заттары алынған. Қазіргі уақытта аталған спорт алаңдардағы кемшіліктерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Осы жылдың 30 қарашасына дейін толық жөндеу жұмыстары аяқталатын болады.
Биыл Қазыбек би көшесіндегі балалар ойын алаңына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мұнан бөлек демеушілер арқылы жалпы құны 315 млн 219 мың теңге болатын орталық алаңды жөндеу жұмыстарына ЖСҚ әзірленіп, облыстық бюджетке қаржыландыруға ұсынылған. Дәуімбай елі мекеніндегі Жеңістің 50 жылдығы көшесінің бойындағы жаяу жүргіншілер жолын салуға демеушілер есебінен құны 66 млн теңгеге ЖСҚ әзірленуде.
Аудан орталығын көркейту-көгалдандыру және санитариялық тазалық жұмыстарына тоқталсақ, тіпті сырттан келген қонақтарымыз кент тазалығын, теп-тегіс жолын, құрылысы жүріп жатқан нысандарды көріп тамсанады. Бұрынғыдай көшеде шашылып жатқан қоқыс та жоқ, таң атысымен тазалық жанашырлары арнайы көлікпен жинап алып кетеді. Нақтырақ тоқталсақ, биылдан бастап кентте көркейту-көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізу үшін кент әкімі аппаратының жанынан «Жалағаш қызмет» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. Қазіргі уақытта аталған мекеме арқылы аяқ су жүретін арықтар қазылып, құбырлар тазартылып, қажетті жерлерге жаңадан құбырлар орнатылған.
Сондай-ақ «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы барысында мекеме ұжымдары, кәсіпкерлер және тұрғындар аяқ су жүретін арықтарды, құбырларды тазартып, ағаштарды ақтады. Қураған ағаш талдары мен бұтақтары кесілуде. Елді мекеннің ішкі тазалық жұмыстарына жаңадан құрылған «Жалағаш қызмет» коммуналдық мемлекеттік мекемесі арқылы қоғамдық негіздегі жұмысшылар тұрақты түрде көшеде, орталық алаңда, саябақтарда тазалық жұмыстарын жүргізуде. Жинақталған қоқыстар автокөліктерге тиеліп, арнайы қоқыс төгетін орынға тасымалдануда. Биыл 8470,5 тонна қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылған. Сондай-ақ көпқабатты тұрғын үйлердің ауласы қоқыстан тазартылуда.
Жалпы кентте қазіргі уақытта 71 көшеде 1205 жол белгілері орнатылған. Жол белгілерін күтіп ұстау, тозғанын жаңалау, бағаналарын сырлау жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Ал жол жүрісін реттеу үшін 4 көше қиылысына бағдаршамдар орнатылған.Сонымен қатар биыл аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес 18 жерге бейнебақылау камералары, 7 жылдамдық өлшегіш құрылғылары орнатылуда.
Бүгінде аудандық аурухана мен емхананың кәріз жүйесінің құрылысына жобалау-сметалық құжаттар әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткен. Жалпы жоба құны 1 млрд 290 млн теңгені құрайды. Қазіргі таңда жобаны іске асыруға республикалық, облыстық бюджеттен қаржыландыруға ұсынылды. Бюджеттен қажетті қаржы бөлініп, жоба іске асырылған жағдайда орталықтандырылған кәріз жүйесіне жақын орналасқан мекемелерді, тұрғын үйлерді қосуға мүмкіндік болады. Сонымен қатар ассенизатор көліктерімен жеке тұрғын үйлерден шығарылған кәріз суларын төгетін орындар аталған жобада қарастырылған.
Алдағы уақытта орталық алаңға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Бүгінде қайта жаңғырту жобасының жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптамадан өткен. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына бюджеттік өтінім жолданған.
Шыны керек, ауданда атқарылып жатқан жұмыстарды халық көріп, игілігін пайдаланып отыр. Сондықтан жалағаштықтар ауданның жарқын болашағына сеніммен қарайды, жергілікті биліктің жұмысына көңілі толады.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!