Қазақтың ұлттық ойыны тоғызқұмалақтан ересектер арасында Түркия мемлекеті, Анкара қаласында VII Әлем чемпионаты өтті. Аталған ойында жеңісті жолдан жығылмайтын жерлесіміз Ақерке Кенжебекова жүлделі ІІ орынды иеленді. Жалағаштықтар ел абыройын Түркия төрінде үстем етіп, әнұранымызды шырқатып, көк туымызды желбіреткен жерлесімізді жеңісімен құттықтау үшін арнайы сән-салтанатымен күтіп алды.
Айта кетейік, «тоғызқұмалақ» үйірмесі 2022 жылдан бастап аудандық «Наркескен» спорт клубы жанынан ашылып, өз жұмысын бастаған. 4 мың жылдан астам тарихы бар бұл спорт түрінен аудан спортшылары халықаралық, республикалық додалардан жүлдесіз оралған емес. Сөзімізге дәлел ретінде айта кетейік, жақында өткен «Алтын күз – 2024» спорттық спартакиадасында аудан спортшылары тоғызқұмалақтан қыздар арасында өткен ойында командалық есеп бойынша жүлделі І орынды иеленді. Әрине спортшы қыздарымыздың жеңіс тұғырынан көрінетін жөні бар. Себебі оларға жетекшілік етіп, жаттықтырған Ақерке Батырбекова.
– Қазіргі таңда үйірме құрамында 20 шәкірт тәрбиеленуде. Олардың арасында 1 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 1 спорт шебері және спорт шеберлігіне үміткерлер бар. Оқушыларға үйірменің есігі аптаның 5 күнінде де ашық. Өзіңіз білетіндей қазір барлық оқушы телефонға телміріп алған. Көп уақытын смартфонмен өткізеді. Сондықтан да оқушылардың бос уақытын тиімді өткізу үшін үйірменің тынысын кеңейтіп, қатысушылар санын арттырсам деймін. Басшылық тарапынан барлық жағдай жасалып, қажетті тақта, құралдар сатып алынды. Енді әрі қарай тек нәтижеге жұмыс жасап, аудан абыройын асқақтатын жастарды тәрбиелеп шығарамын, – дейді жаттықтырушы Ақерке.
Жеңісті жолын 8 жасынан бастаған Ақеркенің тоғызқұмалақты жанына серік еткеніне 15 жылдай уақыт болды. Бүгінде оның спорттық шежіресі жыл сайын түрлі деңгейдегі медальдармен толығып, күндіз-түні дайындалған тынымсыз еңбегі ақталып келеді. Мәселен, ол 2016 жылы Ресей Федерациясының Алтай Республикасында жастар арасында тоғызқұмалақтан өткен Азия чемпионатының ІІ орын иегері. 2017 жылы Астана қаласында өткен ересектер арасында ІV Әлем чемпионатының қола жүлдегері. 2018 жылы Моңғолия Республикасында ересектер арасында өткен ІV Азия чемпионатының алтын жүлде иегері атанған.
Биылғы жыл Ақерке үшін жеңісті жыл болды десек артық болмас. Себебі жыл басынан бері түрлі деңгейдегі жарыста топ жарып жүрген жерлесіміз бүгінде Азия және Әлем чемпионы. Яғни, Моңғолия Республикасының Баян-Өлгей қаласында 9 елден 200-ден аса спортшы қатысқан VІ Азия чемпионатының алтын жүле иегері. Бұдан бөлек, Румыния мемлекетінің Констанца қаласында ересектер арасында өткен Әлем кубогында тоғызқұмалақ ойынының рапид түрінен ІІ орын иеленген. Сонымен қатар Қырғызстанның Бішкек қаласында қыздар мен әйелдер арасында өткен Халықаралық турнирден де І орын алған болатын. Ал 9 мен 16-шы қараша аралығында Түркия мемлекеті, Анкара қаласында VII рет өткізілген Әлем чемпионатына 14 мемлекеттен 100-ге жуық спортшы қатысқаннан ойында ІІ орынға тұрақтаған.
– Жарыстың бірінші күні ойынның классика түрінен өтті. Бұл ойын 3 күнге созылды. Одан кейін спортшылар рапид және блиц түрінен сынға түсті. Мен бұл ойында блиц түрі бойынша ойнадым. Яғни блиц қазақша шапшаң ойын деп аталады. Ойынның бұл түріне 36 спортшы қатысты. Оның 20-ға жуығы Қазақстанның ең мықты спортшылары. Ойын 8 айналымнан тұрды. Бір жарым ай бұрын Қызылорда қаласындағы «Орта» интелектуалды орталығына барып дайындалдым, – дейді тоғызқұмалақшы Ақерке Батырбекқызы.
Айта кетейік тоғызқұмалақтан ең алғаш рет ерлер мен әйелдер арасындағы әлем чемпионаты 2010 жылы Астана қаласында өткен. Оған Әзірбайжан, Германия, Испания, Қырғызстан, Қытай, Өзбекстан, Моңғолия, Түркия, Ресей, Чехия сынды елдерден 50-ге жуық спортшы қатысқан.
Өздеріңізге мәлім, бұған дейін талай додаларда топ жарған спортшымыз туралы газетіміздің алдыңғы сандарында бірнеше мәрте қалам тербеген болатынбыз. Бізге берген бір сұхбатында спортшымыз киелі 7 санын қадір тұтқандықтан ойынды үнемі 7-ші отаудан бастап, жеңіске жететінін жеткізген болатын. Бұл жолы да киелі санның көмектескенін айтқан Ақерке қарсыластарының ешқайсысы осал емес, барлығы ел абыройын үлкен додаларда қорғап жүрген спортшылар екенін жасырмады. Қарсыластарынан оқ бойы озық жерлесіміз соңғы кезеңде өзіміздің спортшылардың бірінен есе жіберіп, екінші орынға тұрақтаған.
Оның айтуынша, кез келген спортшы үшін ең үлкен күш – өзіне сенім білдірген жандардың қолдауы. Ол сұхбат барысында тілектес болған жерлестері мен бапкерлеріне, әріптестеріне өз ризашылығын білдірді.
– Әр жарыста туған жеріміздің атын, әнұранын шырқатып, көк туымызды жеңіс тұғырынан көрсету – менің басты мақсатым. Осы ретте, жарысқа қатысуыма демеушілік білдіріп, жетістікке жетуіме жағдай жасаған «Наркескен» спорт клубының басшысы Батырбек Мұқашевқа, мені осы спорт саласына баулып, қыр-сырын үйреткен бапкерім Асхат Төлеміске үлкен алғысымды білдіремін, – дейді жас спортшы.
Тоғызқұмалақ – ақыл-ойдың ұшқырлығын талап ететін ең күрделі ұлттық ойын. Бапкер Асхат Төлемістің айтуынша Ақеркені алдағы айда Азия кубогі күтіп тұр. Айтуынша бұл ойын блиц және рапид түрі бойынша өтеді. Спортшымыз мүмкіндік болса ойынның екі түрі бойынша бақ сынамақ. Күні кеше ғана жарыстан оралса да, дайындыққа кірісіп кеткен Ақеркеге қарап, оның уақытын тектен-текке өткізбейтінін, жеңіске деген ұмтылысын аңғардық. Ұлттық спортымызды жандандырып жүрген жас спортшымыз бұл додада да топ жарып, жүлдемен оралғанын сүйіншілеуге тілектестік білдірдік.
Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!