Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

9°C

, Сейсенбі, 26 қараша, 14:27

«Ауыл аманаты»: 22 жоба қолдау тапқан

26.11.2024

56

0

Шағын және орта кәсіпкерлік экономиканың күретамыры секілді. Кәсіпкерлік саласының өркендеуі халықтың әлеуметтік әлеуетінің артуына ықпал етеді. Өңірдегі аталған саланың кеңінен қанат жайып, өркендеуіне мемлекеттік түрлі бағдарламалардың септігі тиюде. Әрине, жұмыссыздық мәселесін бір ғана саламен түбегейлі шешу мүмкін емес. Бірақ аудан тұрғындарының осындай жобаларды ұтымды пайдалану арқылы екі қолға бір күрек тауып, табысын еселеуге болатынына көзі жеткендей.

Нақтырақ айтсақ, биыл облыста 4 млрд 596 млн теңгеге 575 жоба «Ауыл аманаты» жобасы арқылы қаржылай қолдау тауып, нәтижесінде 610 жаңа жұмыс орны ашылған. Бүгінгі күні тағы 1 млрд теңгеге 150 жоба қаржыландырылған.
Ауылдардың мамандануын ес­ке­ре келе, несие қаржысы 4 бағытқа, яғни ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, егіншілік, мал шаруашылығы және түрлі жобаларға бағытталып, былтыр 3 млрд теңгеге 406 жоба іске қосылған. Осындай игі істердің нә­тижесінде 713 жұмыс орны ашылды.
Аудан тұрғындары да «Ауыл ама­­наты» жобасының игілігін жан-жақты пайдаланып, ауыл-аймақтар­да түрлі кәсіп ашуда. Былтыр ау­­данда «Байқоңыр ӘКК» АҚ арқы­лы өндіріс, асылтұқымды мал ша­руа­шылығы, қызмет көрсету, өсім­­дік ша­­руашылығы бағыттарында 179,7 млн теңгені құрайтын 22 жоба қар­жы­ландырылып, жаңадан 33 жұ­мыс орны ашылды. Оның ішінде ауыл ша­­­руашылығы өндірістік коопе­рати­ві арқылы 3 жоба 47,5 млн теңге, же­ке кәсіпкерлер арқылы 19 жоба 132,2 млн теңге қаржылай қол­дау тапқан.
Ал биыл «Ауыл аманаты» жо­ба­сы аясында 318,3 млн теңгені құ­райтын 49 жобаны қаржыландыру жос­парланған. Сондай-ақ «Ауыл ама­­наты» жобасының тиімділігін арт­­тыру және несие алушылардың құ­жат­тарын жинақтау мерзімін үнем­деу мақсатында «Ауыл аманаты» цифр­лық платформасы да құрылды.
Бүгінде аудан бойынша «Бай­қоңыр ӘКК» ҰҚ» АҚ арқылы «Ауыл ама­­наты» жобасы аясында қар­жы­лық қолдауға ие болу үшін әртүрлі бағыттар бойынша құжаты толық 139,7 млн теңгені құрайтын 27 жоба цифрлық платформаға енгізілген. Же­­ке-жеке тоқталсақ, өңдеу бағы­тына 7 жоба 33,3 млн теңге, асыл­тұ­­қымды мал бағытына 8 жоба 41,1 млн теңге, басқа да бағыттар бо­йын­ша 12 жоба 65,3 млн теңге қар­жы­лай қолдау таппақ. Бұдан бө­лек қо­сымша 120,1 млн теңгені құ­­­райтын 20 жобаның құжаттары жинақталуда.
Иә, жалағаштықтар ауыл шаруа­шылығы өнімдерін өндірушілерді жан-жақты қолдау, ел тұрғындарын аг­­рарлық бизнеске тарту, азық-түлік қауіпсіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байла­нысты мәселелерді шешу мақ­са­тында жүзеге асып жатқан «Ауыл ама­наты» мемлекеттік бағ­дар­ла­ма­сына ерекше ынта білді­руде. Бұл сөзімізге аталған бағдар­ла­ма­мен кәсіп бастап, өз ісін өрістетіп отыр­ған тұрғындар дәлел. Десе де бұл нәтижеге тоқмейілсімей, өңір­де кә­сіп­керлікті одан әрі жан­дандыру керек. Сол себепті жауапты маман­дар, ауыл әкім­де­рі тарапынан кәсіп ашатын азамат­тардың қатарын арттыру мақ­са­тында сүйемелдеу жұ­мыстары одан әрі жал­ғасын табады.

Ж.МАХМҰТҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: