Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

9°C

, Сейсенбі, 26 қараша, 14:53

Полицей Жасұлан

26.11.2024

39

0

Күн сайын жол қозғалысының қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті сақтауға шақыратын сала қызметкерлерінің еңбегі ерен. Бүгінде аудандық полиция бөлімшесінің жол-патрульдік саласында 3 полицей қызмет етеді. Олардың қатарында Жасұлан Айтбайұлы да бар.

Иә, сала қызметкерлерінің жұмысы қауырт. Олар көшедегі тыныштықты күзетіп, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ететіндіктен, күнде сантүрлі оқиғаға тап болатыны рас. Кейде өмірлеріне қауіп төнсе де қайсарлық танытып, жедел әрекет ететін олар жауапкершілікті бәрінен жоғары қояды. Кейіпкеріміз аудандық полиция бөлімінің патрульдік полиция тобының қызмет аға инспекторы, полиция капитаны Жасұлан Айтбайұлы – осы салада 10 жылға жуық тәжірибесі бар білікті маман.
Ол аудан тұрғындарының қауіпсіздігі үшін, құқықтық тәртіпті сақтау, көшелер мен басқа да қоғамдық орындарда қылмыстың алдын алу мақсатында «Автобус», «Қауіпсіз жол», «Құқық тәртіп», «Абайлаңыз балалар» және «Жол қауіпсіздігі апталығы» тақырыбында жедел-профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылып, рейдтік шаралар оң нәтиже бергенін айтады. Әсіресе осындай профилактикалық шаралардың түрлі қылмыстың алдын алуда пайдасы мол екен.
– Жол көлік оқиғаларына көбіне жүргізушілердің қарапайым ережелерді сақтамауы сеп болып отыр. Жыл басынан бері жол-патрульді полиция саласы бойынша 2 106 құқық бұзушылық анықталды. Тарқатып айтсам, оның ішінде 49-ы аудан көлемінде құжатсыз көлік басқарып, 19-ы темір тұлпарды масаң күйде жүргізген. Сондай-ақ 59-ы жол көлік оқиғаларын жасағаны үшін және 39-ы ҚР міндетті сақтандыру туралы заңнамасын бұзғаны үшін және өзге де баптарды бұзғаны үшін 44 автокөлік арнайы кент әкімдігіне қарасты автотұраққа қойылды, – дейді Жасұлан Айтбайұлы.
Кейіпкеріміздің айтуынша, көлік тізгіндегендерді тәртіпке шақырғанмен нәтижесі көңіл көншітпейді. Себебі ескертуге құлақ түрмей, көлікті есіріп айдайтындардың кесірінен бүтін бір отбасы қазақ болған оқиғалар барын айтты. Яғни бірнеше жыл бұрын бір жас отбасы аудан орталығына қонаққа келіп, қайтар жолда қарама-қарсы бағытта келе жатқан жеңіл көлікпен соқтығысқан. Жантүршігерлік оқиға салдарынан бүтін бір отбасы мен екінші көлікті тізгіндеген жүргізуші көз жұмған. Бір сәтте қаза тапқан 5 адамның 2-еуі – ер адам, 1-еуі – әйел адам, ал 2-еуі – кәмелет жасына толмаған жасөпірім бала.
Жыл басынан бері аудан көлемінде 13 жол-көлік оқиғасы орын алған. Салдарынан 3 адам қаза тауып, 3 адам жарақаттанған. Жол-көлік оқиғасы өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 23,5 пайызға, яғни 17-ден 13-ке, жарақат алғандар 26-дан 9-ға төмендесе, қаза тапқандар саны бір деңгейде.
Жасұлан Айтбайұлының айтуынша, жолдан да, малдан да келетін қауіп көп. Төрт түліктің бақташысыз жайылып, жол бойына шығып кетуі көлік қозғалысына кедергі келтіретіні рас. Әсіресе түнде жол бойында жүрген малдың кесірінен жол-көлік оқиғасы жиі орын алып, салдарынан жүргізушілер мен жолаушылар жарақат алып, соңы қайғылы жағдаймен аяқталып жатыр. Кейіпкеріміздің айтуынша, кент орталығындағы көшелердің қақ ортасында төрт түлік малдың қараусыз тайраңдап жүруі көбейіп кеткен.
– Жыл басынан бері қараусыз жайылып жүрген төрт түліктің салдарынан 31 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Жол апатының басым көпшілігі жылдамдықты шамадан тыс асырып айдайтындар мен мас күйінде рөлге отырғандардың кесірінен орын алады. Аудан көлемінде көлік тізгіндейтін азаматтар мен азаматшаларға және қорасына төрт түлік байлап отқан аудан тұрғындарына жиі түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеміз. Тұрғындардың қауіп­сіздігі мен саулығы үшін бұл бағыттағы жұмыс­тар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады, – дейді кейіпкеріміз.
Айта кетейік, биыл 9 айда елімізде 19 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 1,7 мыңнан астам адам қаза тапқан. Сондай-ақ 25 мыңға жуық адам түрлі дене жарақатын алған.
Иә, жолдағы қателік адамды кешірмейді. Талайдың өмірін жалмаған кей жолдың сапасы сын көтермейтінін біле тұра, желдей жүйткіген көліктердің саны тыйылар емес. Бауыржан Момышұлы айтқандай, «тәртіпке бас иген құл болмайтынын» қаперге ұстасақ, жол-көлік оқиғасы азаятыны белгілі. Сондықтан адам өміріне жауапкершілікпен қарап ойланайық.
Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жалпы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін уақытпен санаспай еңбек етіп келеді. Олар өз ісіне жауапты, бірақ сол жауапкершілік көлік тізгіндегендердің өзінде де болуы керектігін толық түсінбей, мәселемен бетпе-бет келе беретініміз анық. Сондықтан Жасұлан сынды тәжірибелі мамандардың ақылына құлақ асып, заңға бағынсақ, жолдағы мәселенің алдын алуға мүмкіндік туары сөзсіз. Бүгінгі сұхбатта маман кеңесінен түйгеніміз де осы болды, яғни жауапкершілік алдымен әр адамның өзінде болмаса, «жол апатының алдын алуға тек сала қызметкерлері жауапты» деген таяз түсініктен арылмасымыз анық.

Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: