Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-7°C

, Бейсенбі, 12 желтоқсан, 09:48

Бақытжанның белесі

10.12.2024

108

0

Өткен апта білім саласы үшін жеңісті күнге толы болды. Сөзімізге дәлел ретінде айта кетейік, аудан орталығында орналасқан Әл-Фараби атындағы №201 мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы Бақытжан Берекет білім бәйгесінде топ жарды. Ол «Qyzylorda» облыстық телеарнасы мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ұйымдастыруымен оқушылар арасында өткен «Зияткер» телевизиялық жобасына қатысып І орын иеленіп, білім грантын жеңіп алды.

Ұшқыр ойлы ұрпақ тәрбиелеу мақ­сатында ұйымдастырылған жоба был­тырға дейін топтық сайыс фор­ма­тында, «Интеллектуалды ұлт» тақырыбында ұйымдастырылып келген. Ал былтыр­дан бері білім сайысы жеке­ле­ген қа­ты­сушыларға арналып, жоба аты – «Зияткер» деп өзгерген.
– Бұл жобаға биыл қатарынан екінші рет қатысып тұрмын. Былтыр алғыс хат иелендім. Жалпы жобада қойылатын сұрақтар мектеп бағдарламасымен қо­са интеллектуалды, зияткерлік ақпа­рат­­тарды қамтиды. Былтыр ақтық ке­зең­ге дейін өтіп, финалда есе жі­берген болатынмын. Ал биыл сол олқылықтың орнын толтыру үшін қайта қатыстым, – дейді Бақытжан Берекет.
Айта кетейік, биылғы білім бәйгесінде қатысушылар 7 кезең бойынша сынға түскен. Әр кезеңде сұраққа дұрыс жауап берген сайыскерлер 1 ұпайдан ие­леніп отырған. Сондай-ақ жобаның ал­ғашқы кезеңі «Жалпы сұрақтар» деп аталған. Бұл кезең қатысушылардың жан-жақтылығын анықтайтын алғашқы сайыс. Себебі бұл кезеңде әртүрлі ба­ғыттағы сұрақтар қойылған. Ал елдің тал­қысында жүрген танымал кино, музыка, кітап және шығармалардан сұ­рақтар қойылған кезең – «Mainstream» деп аталған.
Мұнан кейінгі үшінші кезең – «2 сурет – 1 кітап» деп аталыпты. Бұл кезеңде қатысушылардың логикасы сыналған. Экранда көрсетілген суреттер арқылы жасырылған кітаптың атауын дұрыс тапқан қатысушы 1 ұпайды еншілеген. Төртінші кезең – «Ұлы адамдар» деп аталған. Бұл кезеңде тарихта есімдері алтын әріппен жазылған тұлғалардың жасаған еңбектері, шығармалары мен жетістіктерінен мысал келтіре отырып, есімдері жасырылған. Жауабын дөп басқан қатысушылар жеңіске бір табан жақындаған. Сайыстың бесінші кезеңі – «Ақпараттың технологиялар» деп аталған. Бұл кезеңде сайыскерлерге за­манауи, ІТ технологиялар жайында сұрақтар қойылған.
Ал алтыншы кезеңде орыс және ағыл­шын тілінде сұрақтар берілген. Яғни бұл кезеңде қатысушыларды полиготтық білім деңгейі сына түскен. Соңғы кезең «Қа­зақстан тарихы» деп аталған. Бұл сайыста ХХ ғасыр мен ХХІ ғасырағы еліміздің тарихынан сұрақтар қойылған.
Кейіпкеріміз Бақытжан жобаның ақ­тық сынында аталған 7 кезең бойынша 11 ұпаймен І орынды иеленген. Сондай-ақ Қорқыт ата атындағы Қызылорда уни­верситетінің білім грантында жеңіп алыпты. Әрине бұл бітіруші түлектер үшін үлкен мүмкіндік, әйтсе де білім шыңын бағындырған Бақытжан сұқбат бары­сында бізге бұл білім грантын пай­даланбайтынын жеткізді. Керісінше ҰБТ-ға дайындықты күшейтіп, Астана қа­ласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еу­разия ұлттық университетінің, тарих пәні мұғалімі мамандығына оқуға түсуді көздеп отыр.
– Сайыс өте қызықты өтті. Қазіргі таңда зияткер жастардың басын қосып, ин­теллектуалды ұлт қалыптастыру үшін осындай жобалардың атқаратын рөлі өте зор. Бұл сайысты ұйымдастырған «Кітап құрттарының» жетекшісі Талғат Мең­дібайға алғысым шексіз, – дейді кейіпкеріміз.
Иә, білімділер сайысы оқушылардың өзара білімін саралап, жеңіске деген құлшыныстарын арттырып қана қоймай, көшбасшылық қабілетін арттыруға үлкен септігін тигізеді.
Бақытжанды ұс­таздары мен дос­тары Астана қаласында өтетін ауыл мек­тептерінің оқушыларына арналған қоғамдық-гу­ма­ни­тарлық бағыттағы пән­дердің рес­пуб­­ликалық кезеңіне шығарып салды. Ол бұл олимпиадада тарих пәні бойын­ша сынға түспек. Бүгінге дейінде дәл осы пәннен жалпы білім беретін пәндер бойынша өткізілетін ғылыми жоба­лар­­дан жүлделі орындар иеленген.
Сон­­дай-ақ «Ұлы өнертапқыштыққа ал­ғаш­қы қадам» инновациялық идеялар­дың республикалық байқауының «Өн­діріс саласындағы техникалар» ба­ғыты бойынша І орын иеленген. «Респуб­ли­ка­лық балалар оқулары» байқауы мен «Менің Отаныма – менің бастамам» республикалық шығармашылық бай­қа­уын­да да топ жарған білімді жас Бақыт­жан алдағы уақытта да жеңісті жолын жалғай бермек.


Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: