Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

19°C

, Сәрсенбі, 16 сәуiр, 15:10

Әже – отбасының алтын қазығы

15.04.2025

133

0

Қартын қазынаға балаған қазақ жұрты қашанда алдыңғы буынды өзіне бағдаршам санаған. Әсіресе отбасында әже тәрбиесінің өзіндік мәні барын түйсініп, бала тәрбиесінде әженің орнын жоғары қойды. Тіпті бір бала жетістікке жетіп немесе елдің алдында көргенділігімен көптің ықыласында бөленіп жатса, «қанша дегенмен шал-кемпірдің баласы ғой» деп ерекше ықылас білдірген.

Иә, үлкенге құрмет көрсеткен халық кез келген жағдайда алдымен олардың бірауыз сөзіне тоқтап, ақылын аяқасты етпеген. Бірақ одан ешкім жаман болған жоқ. Дала жұмысында аталарымыз адал еңбекті дәріптесе, отбасында әжелеріміз ізгілікті, жақсылықты, әдепті кейінгі буынға өсиет етті. Енді осы үрдіс үзіліп қалмауы керек, отбасындағы әже тәрбиесі, әженің рөлі қашанда өз маңызын жоғалтпауы тиіс.
Өткен аптада «Руханият» орталығында «Аялы әже» атты аудандық форум өтті. Бұл форум тек кездесудің емес, шынайы ұрпақтар үндестігін жалғайтын, жүректен шыққан жылы лебіздердің, салт-дәстүрге деген құрметтің, аналарға деген алғыстың алаңына айналды. Басты мақсат – ұлты­мыздың тұғырлы болмысын дәріптеу, ана­­лар арқылы отбасы құндылықтарын, салт-дәстүрлерімізді ұлықтау, әжелердің қо­­ғам­дағы рөлін айшықтап, ұрпақтар са­бақ­­тастығының үзілмес алтын арқауын насихаттау.


Иә, қазақ қоғамында әженің орны ерекше. Себебі біз оларды тәрбие мектебі, шежіре бастауы, өнегенің үлгісі деп білеміз. Бұл форум сол құндылықтарды қайта жаңғыртудың жарқын үлгісіндей болды.
Форумға аудан әкімінің орынбасары Арнұр Нұрмағанбетов, аудандық мәслихат төрағасы Өмірзақ Елеусінов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев, аудандық әжелер алқасының тө­райымы С.Оспанова, аудандық әйел­дер кеңесінің төрайымы Э.Әбсатова және ауылдық арлагерлер кеңесінің тө­ра­ға­лары мен мәслихат депутаттары қа­тысты. Жиында аналар қауымының ел да­муындағы, ұрпақ тәрбиесіндегі елеулі еңбегі дәріптелді, олардың өнегелі істері жастарға өсиет етілді. Садық Әлиев модераторлық жасаған форумда аудан әкімінің орынбасары Арнұр Әлібекұлы, аудандық әжелер кеңесінің төрайымы С.Оспанова, әйелдер кеңесінің төрайымы Э.Абсатова, ардагер ана Қ.Ерғалиева, әжелер алқасының төрайымы Г.Бекмұр­заева ел дамуындағы ұрпақ тәрбиесіндегі әжелердің рөліне тоқталды.
– Ата-баба аманатын адал сақтап, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты насихаттай білген асыл әженің қоғам үшін орны ерекше. Асыл аналарымыз бен әжелеріміздің тәлім-тәрбиесін алып, тұлғалы деңгейге жетіп, тарихта есімі қалған ұлылар қатары көп. Зередей зерделі де ұлағатты әжеден аңыз-әңгімелер мен жыр-дастандарды тыңдап өскен Абай ұлы ақынға айналса, Айғанымдай әженің өнегесін көріп, тәрбиесін алған Шоқанның шоқтығы биік болды. Ал заңғар жазушы, маржан сөз құдыретінің егесі Шерхан Мұртазаның әжесі Айша – немересінің бойына үлкен қасиетті құндақтан сіңіре білген абыз әже. Міне, әже тәрбиесімен тау тұлға болып өскен ұлт мақтаныштары жайында айтылар әңгіме, келтірер мысал жетерлік. Сіздердің баталы сөздеріңіз бен құнды ақыл-кеңестеріңіз болашағымыз үшін аса қымбат. Ұлтжанды ұл мен қылықты қыз өсіруге қосқан үлестеріңізді әрқашан жоғары бағалаймыз. Сабақтастық жібін үзбей, қоғам игілігі жолындағы зор еңбектеріңіз үшін ерекше ризашылығымды білдіремін. Жаулықтарыңызды кір шалмай, ұрпақ алғысына бөлене беріңіздер, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Иә, әже – әр үйдің берекесі, алтын қазығы, әр шаңырақтың тірегі. Әженің ер­тегісі, атаның ақылы ұлттық құдылы­ғы­мызды дәріптеудің негізі екеніне ешкім дау айта алмас. Ақжаулықты әжелер ба­ланы жастайынан бауырына басып, оның бойына ұлттық құндылықтарды сіңіре білді. Ал ұлттық құндылықтарды, салт-дәс­түрді бойына сіңірген баланың тура жол­дан жаңылмасы анық. Бір сөзбен айт­қанда, қазақ қоғамында бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыруда әжелер де өзіндік қолтаңбасын қалдырғанын жақсы білеміз.
Бүгінде ұрпақ тәрбиесінде көптеген түйткілді мәселе бар, оны мойын­дауы­мыз керек. Осы ретте білім беруде, тәрбие­леуде әртүрлі жаңашыл жобалар қолға алынғанымен, ұрпақты ұлт тамырынан ажыратпауда әже тәрбиесі тағы да ма­ңызды рөл атқарады. Тіпті біздің қоғам, қазіргі ұрпақ бұған әрдайым мұқтаж десек, артық айтқанымыз болмас. Себебі әжелер ұрпақты, жаңа буынды ұлттық құндылыққа сай тәрбиелеуде аянып қалмайды. Ұр­пақтар сабақтастығын жалғастыруда, ата-баба аманатына адал болуда, бала тәр­биесі және отбасы құндылықтарды, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарды наси­хаттауда әжелердің орны ерекше.
– Форумды өткізудегі басты мақсат – аға буынның өмірлік тәжірибесін пайдалана отырып, халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын елге кеңінен насихаттау, жас ұрпақты иманды да ибалы, парасатты, білімді азамат етіп тәрбиелеуге аға буынның ақыл-кеңесін, өнегесін арқау ету. Өткенімізге көз жүгіртсек, қазақ жері қай заманда болсын байлыққа көз тіккен жат елдің шапқыншылықтарынан көз ашпаған. «Үйде туып, түзде өлуге» тас-түйін бекіп, ат үстінде жігер-күшін шыңдап өскен қазақтың әрбір баласы ата-баба қанымен аманат болып жеткен елді, жерді сақтауды өзінің айнымас парызы санаған. Ал қазақтың әрбір бұрымды, бұраң бел қаракөзі сол ел қорғаны болған азаматтар шаңырығының жылуын сақтап, ұрпағын көбейтіп отырған. Еш жерде жазылмаған бұл Ұлы дала заңы ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, бұлжымай орын­далып отырды. Әрине, бүкіл бір рулы елге бас болған абыз ақсақалдардың аталы сөзімен, кимекшегі иығына төгілген әже ер­тегісімен, ана әлдиімен, әке ақы­лы­мен бала санасына сіңіп, ұятты қыз, миятты ұл өсіруге ықпал етті. Әсіресе бала тәр­биесінде «айналайынымен» аялаған әже­нің орны қашанда жоғары болғаны айны­мас шындық, – деді С.Оспанова
Айта кетейік, өткен айда аудандық ардагерлер кеңесінің алқа отырысында Әжелер алқасы құрылған болатын. Ол ұрпақтар сабақтастығын жан-жақты қам­тамасыз етуді, жаңа ғасырдың талабына сай тәуелсіздіктің қадір-қасиетін түйсігімен түсінетін, мәңгілік ел болу жолында бәрін жасауға әзір тұратын отаншыл, елжанды ұрпақ қалыптастыру жолында аға буын­ның өмір тәжірибесін насихаттауды жүзеге асырады. Сондай-ақ ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлер мен әдет- ғұрып­тардың жандануына атсалысу, отбасы құндылықтарын насихаттау жө­нінде түрлі шаралар ұйымдастырады. Қоғамдағы ұлтаралық және дінаралық келісімді, тұрақ­тылықты, бірлік пен ынтымақты нығайту жөніндегі жұмыстарға да басымдық береді.
С.Оспанова өткен ғасырдың басын­дағы ер мен әйелді теңестіріп, қазақ тұр­мысының заңдылығын бұзған кеңестік идео­­логия, одан кейінгі ден қойған на­рық­тық формация салдарынан ана әлдиі де, әже ертегісі де ұмыт қалғанын айтады. Осы ретте ол Бауыржан Момышұлының ұлағатты сөзін тілге тиек етіп, бала тәр­биесіндегі бесік жырының, қазақ ерте­гілерінің, салт-дәстүрдің маңызды рөл атқаратынын ашық айтты.
– Бауыржан Момышұлы «Мен үш нәрседен қорқамын. Бірінші, бесік жырын айтатын келіндердің азайып бара жат­қа­­нынан қорқамын. Екінші, немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әже­лер­дің көбейіп бара жатқанынан қорқа­мын. Үшінші, дәстүрді сыйламайтын ба­ла­­лардың өсіп келе жатқанынан қор­қамын. Өйткені бесік жырын естіп, ер­тегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі қөр бола ма деп қорқамын» деген екен. Бұдан шы­ғатын ой бүгінгі жас ұрпағымыздың ұлтымыздың асыл тәрбиесінен алыстап, құнды­лық­та­рымыздан мақұрым қалып бара жатқан жоқпыз ба деген ой ма­залайды. Біз ұлттық тәрбиені әлсіретіп алдық. Неге жасөс­пі­рімдер арасында ерте жүктілік көп, неге тастанды бала көп. Ұлт тәрбиесі – анадан. Ұлымыз неге намыстан, қызымыз неге ұяттан кетті? Аналарымыз қай жерден қателесті, нені жоғалтып алды? Осындай сан ауалдың астында қалған қоғамда аналарымыз, әжелеріміз өздерінің ақыл-парасатын көрсетіп, жастарға бағыт-бағдар беруі керек. Біз қазір алмағайып заманда өмір сүріп жатырмыз. Сол себепті біз етек жеңімізді жинайық. Ауқымды, маңызды шараларды тек шоу түрінде ұрандатып емес, шын мәнінде нақты, жүйелі іске, нәтижеге құрылған пайдалы дүниеге айналдырып өткізуге біздің әжелеріміз өз үлесін қосса деген тілегіміз бар. Сондықтан бала тәрбиесінде жіберіп алған осы олқылықтарымыздың орнын толтыру асыл әжелерімізге аманат етіп тапсырылады, – деді ол.
Иә, Сәлима апайдың форумда көтер­ген мәселесі орынды. Шынында, ұлттық құндылықтардан ажырап барамыз. Көп нәрсеге әжелердің шамасы келмей, ұрпа­ғымыз телефонға құл болды. Телефон, смартфон дегендер бізді мейірімділіктен, қанағатшылдықтан айырып, алауыздықты өршітуге себеп болуда. Біз дамыған заманда озық технологиялар адамзатқа түбегейлі зиян деуден аулақпыз. Десе де кез келген дүниеден шамадан тыс қол­данудың, ретсіз тұтынудың соңы жақсы­лыққа алып келмейтінін де түсінуіміз керек.
Форумда ойларын ортаға салған ақжаулықты әжелердің сөзінен ұққанымыз осы. Олар дүние ғаламдасу кеңестігіне қарай ойысып, жан дүниеміз батыстан жет­кен «сыртқы күштермен» жадыланып бара жатқан мына қоғамда тура жолдан жаңыл­масақ екен дейді Бұл сөзіміз ұран күйінде қалып қоймау керек, міне оны іспен көрсету үшін бүгінгі кеңесте олар бас қосты. Өйт­кені, асыл аналар мен әжелеріміздің тәлім-тәрбиесін көріп, тұлғалы деңгейге жетіп, тарихта есімі қалған ұлылар қатары көп.
Жиында Есет батыр ауылынан келген Гүлнар Бекмырзаева жақсы бір ойымен бө­лісті. Ойлап қарасақ, айтып отыр­ған сө­зінің жаны бар, ол кіреберістегі көп­ші­ліктің назарына қойылған көрмеден бастады әңгімесін.
– Осыдан 30-40 жыл бұрын екі үйдің бірінде тоқылатын кілемдердің жаңа көрмеге айналғанын көріп қынжылдым. Рас, бұл да – тарих, бұл да – жәдігер, бірақ неге оны тоқу бүгінгі буынның қолынан келмейді. Міне, осы ретте жастарға кілем тоқуды, киіз басуды да дәріптеген жөн. Жастар қазір ақылыңды тез қағып алады. тек тәрбие дұрыс болуы керек. Бұл жерде тағы да бірінші жауапкершілік бізде. Оларды еңбексүйгіштікке, елжандылыққа, адалдыққа баулуымыз керек. Біз сол арқылы балаға тек ұлттық тәрбие беріп қана қоймай олардан бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастырамыз, – деді Есет батыр ауылдық әжелер алқасының төрайымы Г.Бекмырзаева.
Форумда ұрпақ тәрбиесіне, ұлттық құн­ды­лықтарды насихаттуға белсене атса­лысқан аналар мен әжелер Д.Құтым­шаева «Қызылорда облыстың Құрметті ардагері» төсбелгісімен, Ж.Маншарипова «Жалағаш ауданның Құрмет ардагері» төсбелгісімен, Б.Өксікбаева облыстық ардагерлер кеңе­сінің алғыс хатымен, С.Темірбекова ау­дан­дық ардагерлер кеңесінің «Құрмет» грамотасымен марапатталды. Бұл – тек марапат қана емес, ұлт болашағына қыз­мет еткен аналарға деген шексіз риза­шылықтың белгісі.
Кеңесте ұлттық қолөнерді насихаттау мақсатында көрмелер ұйымдастырылды. Әжелердің қатысуымен тағылымды әңгі­мелер мен естеліктер айтылды. Жи­налған жұрт жүрекке жылы, мағынасы терең осындай кездесулердің қоғамда маңызы зор екенін атап өтті.
Жиында алақаны аялы әжелеріміздің бойындағы өмірге деген шексіз белсенділік, ерік-жігер, мириімідлік пен ұрпақ тәр­биесіндегі саналы мектебі көпке үлгі әрі өміршең болсын деген мақсатта қазақи оюланған «Аялы әже» мүсін таңбасы жасалды. Бұл аудандағы барлық ауылға қолма-қол эстафета ретінде табысталып, форумды өткізуді дәстүрге айналыруға негізделген. Бұл таңбаның өзіндік мәні бар, яғни әженің алақанында қазақ халқының барлық қасиетін ұрпағымыз осы тұмардай тағып, бойларында сақтауы керек. Ашық аспан астында тұмардағы шашақтары ұрпақтар сабақтастығын көрсетеді, яғни қазақ елінің қасиетін ұрпақтары жалғас­тырады дегенді білдіреді.
– Біз осы «Аялы әже» деп аталған мүсін-таңбаны аудандағы барлық ауылға эстафета етіп жолдаймыз. Аудандық ар­дагерлер кеңесінің шешімі бойынша «Аялы әже» мүсіні Есет батыр ауылының әжелер алқасына салтанатты түрде та­быстадық. Аудандық арадегерлер кеңесі жанындағы «Әжелер алқасымен» бастау алған игі бастама ауылдарда жалғасын тауып, ұлтымыздың өресін биіктетуге қыз­мет ете беретініне сенеміз, – деді Садық Әлиев.
«Тәрбие тал бесіктен» демекші, ең алдымен жаңа отау көтерген жастардың отбасылық өмірге бейімдеуден бастап, сол отбасында дүниеге келген сәбиді ізгілік пен ізеттілікке, еңбек пен бауырмалдылыққа баулу, қоғам өміріне белсене атсалысатын елжанды азамат етіп қалыптастыру, Қа­зақстанның жаңа ұрпағын тәрбиелеу, от­басы құндылықтарын насихаттау, ене мен келін татулығы, сол арқылы әулет ын­тымағына қол жеткізуде біздің әжеле­рі­міздің еңбегі ерен. Ауданда да ортақ үйіміздің іргесін шайқалтпай, төріміздің көркі болып, «ішімізде дау болмасын, сыр­ты­мызда жау болмасын» деген аталы сөзді үнемі айтып жүрген аузы дуалы, сөзі уәлі, елдің береке-бірлігіне, ынтымағына сүбелі үлес қосып жүрген әжелеріміз аз емес. Бала тәрбиесінде халқымыздың бар асыл қасиетін бойға жиған дана әже­ле­ріміздің орны қашанда биік. Бар баланы құшағына алып, мейірім шуағын төгуден шаршамайтын әже ертегісін тыңдап, ата өсиетін құлағына құйып өскен бала жаман болмайды.
Біз күн сайын ескі мен жаңаның, тоқырау мен дамудың арасынан таңдау жасаймыз. Осы ретте ұлт мүддесі үшін бірігу бәрінен маңызды. Ал сол ынтымақты, бірлікті насихаттауда әже тәрбиесі қашанда өз маңызын жоғалтпайды.

Мерей СЕКСЕНБАЙ,
Қорқыт ата атындағы ҚУ-дың
4-курс студенті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: