Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Бұл бастаманың негізі жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы маңызын арттырып, мамандардың кәсіби деңгейін көтеру және жастарды сапалы мамандыққа даярлау арқылы ел экономикасына оң әсер ету болып табылады. Осы ретте Мөрәлі Шәменов ауылында адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен кәсіп иелерін жастарға таныстырып, үлгі ету мақсатында «Жанұя шуағы» жобасы аясында еңбек адамы Қыдырәлі Ақмырзаевпен және жары «Алтын алқа» иегері Айткүл Бегалиевамен кездесу кеші өтті.
Кейіпкеріміз Қыдырәлі Мылтықбайұлы жас кезінен еңбекке араласып, 1972-1975 жылдары ауыл шаруашылығында қызмет атқарған. 1975 жылы анамыз Айткүл Бегалиевамен шаңырақ көтеріп, бүгінде отасқандарына 50 жыл толған қос бәйтерек 8 бала тәрбиелеп, 1 қыз, 7 ұлынан 23 немере сүйіп отыр. Бұл отбасының әр мүшесі өнегелі, ізгілікті болуға тәрбиеленіп, ата дәстүрін жалғастыруда.
Қазіргі таңда қоғамда сұранысқа ие мамандықтардың бірі – электрик. Қандай мекеме, кәсіпорынды алсақ та жарықсыз жұмыс істей алмайтыны даусыз. Мақаламызға арқау болған кейіпкеріміз 1980-1985 жылдары политехникумда білім алып, электрик мамандығын игерген.
Оның ауылдастарына жасаған ерен еңбегі көп. Соның бірі – ауылға алғаш су жүйесі құрылып, пайдалануға берілген жылы халықтың игілігі үшін жасаған ерлігі. Қиын-қыстау кезеңде халық таза су ішсін деп ешқандай ақы алмай, тек халыққа қызмет ету мақсатында суды уақытылы ағызып, су құбыры бұзылған жағдайда тегін жөндеуден өткізіп, адал еңбек еткен. 1998-2018 жылдары Қыдырәлі ағамыз КРЭК мекемесінде электрик болып жұмыс істеп, зейнеткерлікке шыққан.
«Бір шаңырақ – бір отбасы» атты кездесу кешіне келген досы Аманкелді Мінәйдаров ағамыз кейіпкеріміз туралы естеліктерді кеңінен тарқатып, досының мамандығына адалдығын тілге тиек етті.
– Қыдырәлі бірде шеберханада жұмыс істеді, кенеттен электр жарығы өшіп қалды. Ол бірден электр станцияға барып, жоғары вольтты жөндеуге кірісті. Кенет оның киімі өртенді. Әйтсе де ол ештеңеге қарамастан өртеніп жатқан киімін өшіріп, қайтадан электр станциясын іске қосып, жарықты қалпына келтірді, – дейді досы Аманкелді Мінәйдаров.
Қыдырәлі Мылтықбайұлының электрик саласына қосқан ерен еңбегі лайықты бағаланып, 50 жылдық мерейтойына орай арнайы медальмен марапатталған.
– Электрик мамандығы күрделі және зор жауапкершілікті талап етеді. Бұл мамандықты таңдаған адам тек техникалық дағдыларды меңгеріп қана қоймай, қауіпсіздік ережелерін де қатаң сақтағаны жөн. Бұл сала күн сайын ізденуді талап етеді. Өйткені электр энергиясы саласындағы өзгерістер күн санап қарқын алуда, – дейді кейіпкеріміз.
Ал анамыз Айткүл Бегалива ауылдағы алтын ұяда 25 жыл еден жуушы және совхозда қарапайым жұмысшы болып еңбек еткен. 8 баланы өмірге әкеліп, тәлім-тәрбие берген ол – «Күміс алқа», «Алтын алқа» иегері.
Қыдырәлі Мылтықбайұлының еңбегі мен ерлігі – бүгінгі буынға үлгі. Ол саналы ғұмырын еңбекке арнап, туған жеріне қалтқысыз қызмет етті. Бүгінде ол кәсіби біліктілігі мен тәжірибесін жастармен бөлісуде.
Ақтоты БҮРКІТБАЙ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!