Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

21°C

, Сенбі, 19 сәуiр, 17:36

Қазақстан медиа саласындағы тәжірибесін бөлісуге дайын – министр

16.04.2025

299

0

Астанада өтіп жатқан ІІ Орталық Азия медиа форумында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қазақстанның медиа саласындағы заңнамалық бастамалары мен цифрлық қауіпсіздік бағытындағы жетістіктері туралы айтып өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің айтуынша, Қазақстан серіктес елдермен медиа саланы жетілдіру бағытындағы тәжірибесі мен оң нәтижелерін бөлісуге дайын. Соңғы жылдары елімізде медиа заңнамасын жаңа технологиялық үрдістерге бейімдеу мақсатында ауқымды жұмыс жүргізілген.

2023 жылы Мемлекет басшысы қол қойған «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» Заң – соның жарқын дәлелі. 

Аталған заңда:

  • «онлайн-платформа» және «жедел хабар алмасу сервисі» ұғымдары нақтыланды;
  • шетелдік платформаларға уәкілетті органмен байланыс орнату үшін заңды өкіл тағайындау міндеттелді;
  • заңсыз контентті (фейк ақпарат, экстремизм, кибербуллинг және т.б.) жою шаралары белгіленді;
  • онлайн-жарнаманы сәйкестендіру, таңбалау, демеушілік контентті белгілеу сияқты маңызды талаптар енгізілді.

Сондай-ақ «Масс-медиа туралы» жаңа заң күшіне еніп, мемлекет пен жекеменшік БАҚ-қа грант беру, мемлекеттік тілдегі контент үлесін арттыру, сондай-ақ ұлттық және отбасылық құндылықтарды насихаттауға бақылау орнату тетіктері қарастырылған.

Министр атап өткендей, Мәдениет және ақпарат министрлігі шетелдік платформалармен тұрақты байланыс орнатып, нәтижесінде бүгінде Қазақстанда Facebook, Instagram, TikTok, ВКонтакте, Одноклассники, Mail.ru сияқты сервистердің ресми өкілдері анықталған.

Қазақстан заңсыз және зиянды контентпен күрес бағытында да маңызды жетістіктерге жетті. Атап айтқанда, балалар мен жасөспірімдерді интернеттегі қауіп-қатерден қорғау үшін нақты құқықтық негіз қалыптасты. 2018 жылы қабылданған «Балаларды денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау туралы» Заң баланың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарып келеді, – деді министр.

Бүгінде балалар үшін тыйым салынған контент тізімі бекітілген, жас ерекшелігіне қарай ақпараттық өнімдерге шектеу қою тетіктері іске қосылған. Бұл шаралар цифрлық ортадағы балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған жүйелі саясаттың нәтижесі ретінде бағаланып келеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: