Тілшілік тіршілікпен Ақбостайдағы «Сәрке батыр» шаруа қожалығына атбасын бұрдық. Дала жұмысын наурызда-ақ бастап кеткен дала дарабоздарының шаруасы ширақ. Алып техникалар көрінбегенімен күрішшілер алқап басында. Әрине, қазір диқан атаулыны егістік алқабынан табасың. Не керек, каналды ашып, атызға қарай суды бағыттап жатқан сушыны әңгімеге тарттық.
«Қазір мен канал суын реттеп жатырмын. Бір жағына аз, екінші жағына көп мөлшерде су жіберуге болмайды. Барлығын бақылауда ұстап отыру керек. Күріш бітік шығуы үшін суын дұрыс қоя білу маңызды. Өйткені күріштің шығымы берілген суына байланысты. Ауа райының ерте ысуына байланысты суару маусымы ерте басталды. Биыл 59 гектар жерге күріш ектім. Әрине, соңғы жылдары су тапшылығы шаруаларға қиындық туғызғанын білемін. Жалпы су шығынын азайтуда егістік жерді лазерлік тегістеудің маңызы зор. Сондықтан дән сеппей тұрып, лазерлік жер тегістеу әдісін пайдалану арқылы су үнемдеуді қолға алуға тура келді» деп бастады әңгімесін сушы Талғат Мұса.
Сондай-ақ күрішші күріш дәнін топыраққа дискілеп енгізу арқылы егіп көріпті. Тәкеңнің айтуынша, бұл әдіс жерді тегістеуге, суды үнемдеуге, мол әрі сапалы өнім алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар тыңайтқыш пен тұқымды үнемдеп егуге де үлкен септігін тигізеді.
Егін саласында 7 жылдан бері еңбек етіп жүрген Тәкең бүгінде бұл жұмыстың қыр-сырын меңгерген. Егінжайға орақ түскенше күтіп-баптау, суын қою секілді тірліктердің әртүрлі әдіс-тәсілдерін жітік біледі. Ол биыл тек «Лидер» сұрпын баптауда. Былтыр егін шығымы жақсы болыпты, әр гектарынан 55 центнерден өнім алған. Биыл да сол межеден төмендемей, тіпті рекорд орнатуға ниетті. Өйткені шаруашылық тарапынан жоғары өнім алған шаруаларға қаржылай сыйақы, тіпті автокөлік те беріледі екен.
– Өзіме жұмысым қатты ұнайды. Ерінбесең ғана еңбегіңнің жемісі тәтті болады. Жалқаулық жаман әдет екенін білеміз ғой. Иә, жеңіл жұмыс еш жерде жоқ. Күріш өсіру ең алдымен жердің бабына, аяқсуға, ауа райына да байланысты. Оның дәмді, өнімді болуы үшін топырақтың құнарлығына, аяқсудың молдығына аса мән берген жөн. «Піс, аузыма түс» деп отырған мен жоқ. Барлығы еңбектің арқасында келеді. Жаз бойы күн-түн демей күтім жасаймын. Соның арқасында жоғары өнімге қол жеткіземін, – дейді Талғат Шәмшатұлы.
Иә, шаруа адамдарының көңіл-күйі керемет, тірліктері тындырымды. Ұйымдастыру жұмыстары, еңбеккерлердің ауызбіршілігі де ойдағыдай.
Көктемнен бастап еңбек көркін қыздырып келе жатқан дала дарабоздарының күріштен тау тұрғызатынына күмәніміз жоқ. Былтыр жалағаштық диқандардың күріштен рекорд қойып, аймақта «Үздік аудан» атанғаны сөзіме дәлел. «Басын көтеріп елден сұрағанша, басын иіп жерден сұрайтын» еңбек адамдары аман болсын!
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!