Алмат Ысқақов ауыл шаруашылығы саласына тәуелсіздіктің алғашқы жылдары келді. Сол уақыттан бері ауданның, аймақтың, тіпті елдің ауыл шаруашылығы саласына серпін беруде қажырлы еңбек етіп келеді. Бүгінде ол «Сәрке батыр» ЖШС-ның даңғайыр диқанына айналған.
Кейіпкеріміз бастапқыда батыр атындағы шаруашылықта 2 жыл қарапайым жұмысшы болды. Кейін диқанның көмекшісі бола жүріп, күрішті баптаудың қыр-сырына қаныққан. Өзі де серіктестікте күріш егуге сұранады. Жұмысында жауапкершілікті бірінші орынға қоятын Әлекеңнің бұл ұсынысы жерде қалмады. Бастапқыда бригадир оған 50 гектар жерден мол өнім алуды міндеттейді. Сол жылы күзгі науқанда сенім үдесінен шыққан ағамыз қамбаға қатарластарынан артық астық құйды.
Диқанның аузын бақсақ, бүгінде Сыр салысын күтіп-баптаудың барлық әдісін жетік меңгерген. Бірақ «ісінен сөзі алда жүретіндердің» сұрпынан емес. Нәтижеге еңбек етіп, жыл сайын астықтан тау тұрғызады. Басшылық құрам оның былтыр да жоғары өнім алғанын жоққа шығармады.
– «Ауылда береке бар» дейміз, бірақ сол береке өздігінен келмейді. Оны қалыптастыратын Алмат сияқты осы ауылдың азаматтары. Жалпы өзім Алмат Ысқақовтың жұмысын жоғары бағалаймын. Ұзақ жылдан бері ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткесін сала мамандарының, оның ішінде диқандардың жұмысы оңай болмайтынын жақсы білемін. Бірақ әріптестерім сол қиындықтың барлығын еңсеріп, жыл сайын қамбаны астыққа толтыруда. Күзгі науқанда мерейімізді асыратын да осы Алмат секілді диқандар, – дейді шаруашылық төрағасы Қанат Демесінов.
Ширек ғасырдан бері Алмат Ысқақов күріштің бірнеше сұрпын өсірді. Әлі күнге дейін Сыр салысының қай сұрпына қандай күтім қажет, бұл жағы еңбек адамына таңсық емес. Ал мұндай маманның күзгі науқанда төмен нәтиже көрсетуге де хақысы жоқ. Бұл жауапкершілікті Әлекең жақсы біледі.
Қазіргі таңда батыр атындағы шаруашылықта бір бригадта 7 диқан бар. Соның бірі – Алмат Ысқақов. Ол қазір салаға жастардың келгеніне қуанады. Тіпті олармен жиған тәжірибесін бөлісіп, қай өнімге қандай күтім қажеттігін үйретіп келеді.
– Соңғы онжылдықтың басында шаруашылықтағы диқандардың ең жасы өзім едім, қазір ең үлкенімін. Шүкір, жастар көптеп келіп жатыр. Оларға осыған дейін салада түйгенімді үйретіп жүрмін. Күріш деген жерге дәнді тастап, күзге дейін суда ұстап, науқан соңында тек жинап алатын өнім емес. Осынша уақытта оған қандай күтім жасалатынын білмейтіндер көп. Мәселен, дән себілемін дегенше жердің өзі бірнеше өңдеуден өтеді. Егін егілгеннен кейінгі күнделікті күтімін қазір бастасам, кешке дейін айтатын дүние көп. Ол да бала сияқты, ерекше күтімді қажет етеді. Оны да қырқынан шығарасыз, одан кейін түсіне байланысты суды да кейде жиі ауыстырып отыру қажет. Күріштің суы ауысқан сайын жаны кіреді. Ал уақытында ауыстырмасаң, бойы аласа болып қалады. Бұлай шыққан егіннен мол астық аламын деу бос сөз. Осындай салада түйгендерімді жас диқандарға үйретіп келемін. Ертең біздің жолымызды жалғайтын жастар ғой. Сондықтан біз алдыңғы буыннан алғанымызды оларға үйретуге міндеттіміз. Себебі ұрпақ сабақтастығы өздігінен жүзеге аспайды, – дейді ағамыз.
Әлекең былтыр 50 гектар алқапқа күріш екті. Оның әр гектарынан 60 центнерге жуық өнім алды. Биыл да осы меже сақталып отыр. Қазірдің өзінде Әлекеңнің егіс алқабы көгеріп келеді. Сағаның соңында болғасын суды бәрінен кейін алыпты. Көктемде диқандармен бірге демалмады, дамыл таппай егіс басында жүрді. Өзінің жерін жыртуға келгенде механизатордың қасынан табылды. Мұның бәрі мол астық алудың қамы еді. Қазірдің өзінде сол еңбектің есесі қайтып жатқандай. Себебі су астынан қылаң берген өнімнің шығымы жаман емес.
Алмат Ысқақов кент іргесіндегі Ақсу ауылында тұрады. Отбасында жары Ұлтай Иманқұлова екеуі 4 бала тәрбиелеп өсірді. Апамыз да осында аспаз болып жұмыс істейді. Ал ұлы Абзал Құдайбергенов батыр атындағы шаруашылықта механизатор болып еңбек етуде.
Биыл Әлекең 50 гектар жерге күріштің «Лидер» сұрпын еккен. Алдағы онкүндіктің соңында суды ауыстыруға бел буып отыр. Күріштің әлгі сұрпы 120 күнде толық пісіп жетіледі екен. Шаруашылық ұжымы тұқымды да өздері дайындайды. Олар тұқымды 3 жыл сайын жаңартып отырады.
Былтыр аяқсудан айтарлықтай тапшылық байқалмады. Соның нәтижесі болар, Сыр диқандары күріштен мол астық жиды. Оның ішінде Жалағаш «Үздік аудан» номинациясына ие болды. Биыл да аяқсу қат болмаса, ауа райы диқандарға қарасып тұр. Алмат Ысқақов сияқты тәжірибелі мамандар аман болса, өткен жылғы жетістікті қайталауға мүмкіндік мол.
К.БАЛҒАБАЙ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!