Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

24°C

, Жұма, 06 маусым, 05:21

Мәдениет – өмірдің мәйегі

31.05.2025

45

0

Соңғы жылдары ауданның мәдениет саласында айтарлықтай серпін қалыптасты. Бұл сөзімізді жергілікті өнерпаздардың жоғары деңгейдегі сайыстарда топ жаруы қуаттайды. Оның үстіне ауданда мәдениет ошақтарының жай-күйіне мән беріліп, сала мамандарының жүйелі жұмыс істеуіне бар жағдай жасалған. Салада басқа да қандай өзгерістер барын және алдағы жоспарын білу үшін аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бибіасия Дүйсенбиевамен сұхбаттастық…

– Бибіасия Аманжолқызы, жалпы соң­ғы жылдары аудан ор­та­лығынан бө­лек ауылдық елді ме­кендердегі мә­де­ниет ошақ­та­рының сапасын жақ­сар­туға мем­ле­кет тарапынан үлкен қол­дау болуда. Бізде әлі де осы ғимарат жағынан мәсе­лесі бар елді мекендер бар ма?


– Ауданда былтыр 35 мәдениет ұйымы тұр­ғын­дарға мәдени қызмет көрсетті. Соңғы жыл­дары мәдениет саласы инфрақұры­лы­мы­­ның даму серпіні тұрақты оң сипатқа ие. Аймақ басшысының қолдауымен кент ор­талығында 1,6 млд теңгені құрайтын «Ру­ханият» орталығының құрылысы аяқта­лып, пайдалануға берілді. Қазір онда өнер өкіл­дерінен бөлек, жастар ресурстық ор­та­лығы, ардагерлер кеңесі және басқа да үкіметтік емес ұйымдар мен орталық кітапхана ор­наласқан. Бұл бір жағынан кітап оқитын жер­гілікті жұртқа да жақсы болды деп ой­лаймын. Өйткені бұрын орталық кітапхана ау­данның шетінде орналасқан еді. Қазір бұл нысанның орталыққа көшуінен бөлек жергілікті жұрттың кітап оқуына барлық жағдай жасалып отыр.
– Мемлекет тарапынан салаға қолдау қай деңгейде көрсетілуде?
– Былтыр саланы қаржыландыруға бюд­жеттен 1 543 620,5 млн теңге бөлінді. Бөлім аппаратына 38120 мың, кітапхаға 207285 мың, аудандық мәдениет үйлеріне 397623,1 мың, ауылдық клубтарға 900592,4 мың теңге бөлінді. 2023 жылмен салыс­тырғанда қаржы көлемі 51 пайыз артқан.
Оның ішінде облыстық бюджеттен Таң ауылдық мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстарына 350 275,4 мың теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілсе, саланың ма­териалдық-техникалық базасын нығай­туға жер­гілікті бюджеттен 54171,8 мың теңгеге дыбыс күшейіткіш аппараттар, ұйым­дастыру тех­никалары, концерттік кос­тюмдер, сахна пер­­делері, сахна шамдары алынды. Мәдени іс-шараларды өткізуге де қаражат қаралды.
– Мәдени саясат – қоғамның не­гізгі құнды бағыттары мен тұл­ғаның жа­сам­­паз бастамасын қалыптасты­ратын мемлекеттің басты идео­логия­лық тұ­ғыр­намасы. Бұған Мем­ле­кет басшысы да өз Жолдауында ар­найы тоқ­­талды. Қазіргі таңда мә­­де­ни сая­сатты жүзеге асыруға қа­тыс­ты Жол­дауда туын­дайтын мін­деттер ау­­данда өз дең­гейінде жүзеге асып жатыр ма?
– Мәдени саясатын жетілдіру – басты стратегиялық мақсаттардың бірі. Осы ретте мәдени саясатты дамыту тұжырым­­да­масында көрсетілген нысаналы инди­ка­торға қол жет­кізу мақсатында мә­­дениет ұйымдары қыз­меті «Адал адам» мә­дени-тәрбие орта­лы­ғы тұжырым­дама­сын іске асырды. Был­­тыр тұ­жырымдама­да көрсетілген 7 ба­ғыт бо­йынша, яғни «Кино-тайм», «Әлем BOOK», «ART уа­­қыт», «Жанұя шуағы», «Ерік­тілер тобы», «Сыр сұхбат», «Креа­тив­ті хаб» ұлттық мә­де­ниетті ілге­рі­ле­туге жә­не дәс­түрді жаң­ғыртуға, балалар мен жа­сөспірім­­дер­ді мәдени тәрбиемен қам­туға бағыт­тал­ған түрлі форматтағы 1865 іс-шара, оның ішінде театр қойылымдары, шығар­машылық конкурстар, фестивальдер, кон­ференциялар, сұхбаттар, акциялар ұйым­­­дастырылды. Оған 155 375 көрермен тар­тылды. Есепті кезеңде өткен іс-ша­ра­­лардың 7-еуі – облыстық деңгей­дегі шара. Мәдени іс-шаралар 2023 жыл­мен са­лыстырғанда 1051-ге артты. Нәти­жесінде мәдениет саласын­дағы көрсе­тілетін қыз­меттердің сапа­сына ха­лықтың қана­ғаттану деңгейі көтерілді.
– Жалпы былтыр саланы қалай қорытындыладыңыздар?
– Өткен жылдың басты ерекшелігі, Жа­лағаш ауданының 85 жылдық мерейтойы болып белгіленген. Жыл көлемінде 70-ке жуық іс-шара өтті. Мерейтой «Жақұты Сыр­дың – Жалағаш» атты театрландырылған қойы­лыммен және елімізге белгілі эстрада жұлдыз­дарының гала концертімен түйін­делді.
Облыстық деңгейде ҚР мәдениет қай­рат­кері Роза Боран­баеваның 65 жылдық ме­рейтойына арналған «Өнерім – өмірім» ат­ты бенефисі, ақын Зайра Мамырованың 75 жылдық мерейтойына ар­налған «Ама­нат» атты шығармашылық кеші, Қазына Өз­денбаеваның 70 жылдық ме­рей­тойына ар­налған кездесу кеші, «Мәдениет – руха­ният бастауы» атты шығармашылық өкілдерімен сыр-сұхбат, Беркінбай Бек­нияз­­ұлының 115 жылдық мерейтойы ая­сында «Әулиенің жұмбақ сырлары» атты облыстық танымдық конференция, «Текті сөздің төресі – терме» атты жыршы-термеші Байділда Сәрсеновтің 85 жылдық мерейтойына орай облыстық жыр­шы-термешілер фестивалі жо­ғары дең­гейде өтті. Мұнан бөлек ақын-жырау Әбілда Жүргенбаевтың 110 жылдығына ар­налған «Жыр өнерінің жампозы» атты облыс­тық жыршы-термешілер байқауы, Социалистік Ең­бек Ері Несіпбай Әпірезовтің 115 жылдық ме­рейтойы аясында «Еңбек ер атандырады» атты облыстық жазба ақын­дар мүшәйрасы ұйымдастырылды. Соны­мен қатар Жалағаш ауданының өнер­паз­дары «Qyzylorda» телеар­насында «Нау­рыз-думан» арнайы мерекелік шыға­ры­лымының түсіріліміне қатысты.
Театр өнеріне көрер­меннің қолжетім­ділігін кеңейту мақсатында Қ.Қазантаев атын­дағы мәдениет үйі жанын­дағы «Халық» театры Саид Ахмадтың «Ке­лін­дер көтерілісі» ко­ме­диясын сахналады. Креативті индустрия­ны дамыту бағытында «Тұмарша» креа­­тив орталығы ашылып, ұлт­тық құнды­лық­тарымызды насихаттауда, қол­өнердің дамуына басымдық берілуде. Жыл бойы қолөнер шеберлерінің «ULTTUK STILE» ұлттық көрме-жәрмеңкелері, «Көне дәстүр күмбезі» атты ұлттық салт-дәс­түрлер фестивалі, ұлттық тағамдардың гас­тро­фестивалі ұйымдастырылды. Жәрмең­кеде ұлттық нақышта тігілген тақиялар, қолсөмкелер, әшекей бұйымдарға деген тұр­ғын­дар сұранысы артты. Тігінші Ты­ныш­тықбай Сымбаттың «Үкілім» ұлттық киімдері Қызыл­ор­да қаласында өткен «Этно FASHION» сән үлгісі фестиваліне қатысты.
– Жалпы бізде балалардың бос уа­қы­тын тиімді пайдалануда, оларды осы бастан өнерге баулуда үйірмелер ерек­ше маңызға ие. Сіздерде балалардың талан­тын шыңдауда қанша үйірме жұмыс жасайды және оның нәтижесі қалай?
– Балалар мен жасөспірімдердің мәдени тәрбиесін арттыруға, шығармашылық әлеуе­­тін дамытуға бағытталған үйірме­лер­мен қам­туда былтыр жаңадан 12 үйірме ашылды. Осылайша үйірмелер саны 107-ге артты. Оған 1190 бала қатысты. Оның ішін­­де 6-17 жас аралығындағы балалар мен жас­өспірімдер қатысатын үйірме – 79, қаты­су­­шылар саны – 850. Оқушыларды аудан бо­йын­ша үйірмемен қамту көрсеткіші 12,1 пайыз­ды құрайды.
Жас таланттарды табу, балалар мен жасөс­пірімдерге шығармашылық және көр­кем-эстетикалық білім беруді қолдау ба­ғытында аудан мәдениетін облыстық, рес­публикалық, халықаралық мәдени кеңіс­­тікке насихаттау мақсатында бірқатар жетістікке қол жеткіздік. Тарқатып айтсақ, осыған дейін балалар облыстық 54 бай­қауға қатысып, 51 жүлделі орын иеленді. Оның ішінде 6 бала бас жүлде, 12 оқушы І орын алды, сондай-ақ 13 оқушы ІІ орын алса, тағы 20 бала үздік үштікті түйіндеді. Мұнан бөлек олар республикалық 12 байқаудан 38 жүлде алды. Оның ішінде 16 бала топ жарып, 11-і бірінші орын алды. Ал 9 оқушы ІІ орын алса, екі оқушы үштікті түйіндеді. Мұндай жетістіктеріміз халықаралық жарыстарда да бар. Мәселен, оқушыларымыз халықаралық 5 байқауға қа­ты­сып, 4 жүлделі орын алды, оның ішінде 2-еуі бас жүлде алса, 2-еуі бірінші орынға лайық деп танылды.
– Мәдени өнімдердің сапасы мен бә­секеге қабілеттілігін арттыру мақ­са­тында қандай жобалар қолға алы­нуда? Жаңа өнер ұжымдарын құруда жаңалықтар бар ма?
– Бұл мақсатта «Класика» камералық ан­самблі, Аққыр ауылында «Балбала» ұрмалы-соқпалы ансамблі, Аққұм ауылында балалар хор ұжымы құрылды. Біз бұл мақсатта тек өнер ұжымдарын құрумен шектелмейміз. олардың жекелеген өнерпаздардың да шығар­машылығын дамытуға басымдық береміз. Шү­кір, қазір осы мақсаттағы жұмысымыз жемі­сін беріп жатыр деп толық айта аламын.
– Кітапхананың «Руханият» орта­лы­ғы­на ауысқанын айттыңыз. Орта­лыққа көш­кенінен бөлек оқырмандарға қандай жағ­дай жасалуда?
– Кітапханалардағы қызмет көрсету жұ­мыс­тарының жай-күйі және жаңа ақпарат­тық технологияларды енгізу барысы өз дә­режесінде жүргізілуде. Аудандық орта­лық­тандырылған кітапханалар жүйесінің жал­пы кітап қоры – 376 540. Қорды құнды кі­тап­тармен толықтыру – мәдени сая­саттың маңызды өзегі. Былтыр 2038 жаңа кітаппен толықты. Кі­тапхананың оқыр­ман­дар саны – 18 900. Оның ішінде 7-17 жас аралығындағы оқыр­мандар саны – 4 750.
Аудан кітапханаларында кітап басы­лым­­дарын цифрлық форматқа көшіру жұ­мыстары жалғасуда. Аудандық кітап­хана қорындағы 915 жергілікті ақын-жазу­шы­лардың кітабы мен 2400 жергілікті мерзімді басылымның электрондық көшір­мелерін санды форматқа көшіріп, бүгінде 1 280 оқырманның пайдала­нуы­­на мүмкіндік берілді.
Қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында аудандық кітапхана түнгі мез­гілде де жұмыс жасауда. Сондай-ақ цифрлық кітап­ханаларға тегін қол жет­кізуін қамтамасыз ету бағытында «Руха­ният» орталығында элек­тронды залдың мүм­кіндігі жоғары. Оқыр­мандар Қазақс­тан­дағы кітапханалардың жиын­­­тық элек­трондық каталогына, «kazneb.kz» мобиль­ді қосымшасына қол жет­кізе ала­ды. Со­нымен қатар М.Шә­ме­нов ауылының кі­тап­ханашысы отбасы де­меушілігінің есе­бі­нен ауылдық кітапхана базасында ковор­кинг ор­талығын ашты.
– Саланың жұмысының негізгі бөлігі – тарихи-мәдени ескерткіштерді қор­ғау. Бұл бағытта қандай жұмыстар бар?
– Ауданда есепке алынған 72 тарихи және мәдени ескерткіш бар. Оның біреуі республикалық маңызы бар, 30-ы жергілікті маңызы бар, 41-і тарихи-мәдени мұра объектісі ретінде алдын ала есепке алынған. Облыстық бюджеттен былтыр 38 нысанға, биыл 3 нысанға мәртебе беру мақсатында тарихи-мәдени сараптама жұмыстары әзірленді. 36 ескерткіштің 12-сіне 5 млн 622 мың теңге бөлініп, ескерткіштің жер телімдерін рәсімдеу бағытындағы, яғни техникалық паспорты мен жер актісін әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.
Аудан бойынша 17 ескерткішке QR-код тақтайшасы орнатылды. Біздегі тарихи және мәдени ескерткіштердің табиғи ландшафты аймақтарының бұзылуына, заңсыз қазба жұмыстары және өзге де заң бұзушылық әре­кет­терге жол бермеу мақсатында бақылау шараларын күшейту, қолданыстағы заң та­лап­тарының өз деңгейінде орындалуы ту­ра­лы түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, әдіс­темелік көмек көрсетілді. Сондай-ақ «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында 14 ескерткішке көркейту-көгалдандыру, таза­лық жұмыстары ұйымдастырылды.
– Сала қызметінің тағы бір ма­ңыз­ды бағытының бірі – мем­лекет­тік тіл саясаты. Жалпы мемле­кеттік тіл сая­са­тын жүйелі жүргізуде нәтижелі жұ­мыс бар ма?
– Тілдік ахуалды бейнелейтін басты көр­сет­кіш – құжат айналымы. Осы ретте мем­лекеттік органдардағы тілдік ахуалға жүргізілген мониторинг нәтижесінде мем­ле­кет­тік тілдегі шығыс құжатының үлесі 100 па­йыз­ды құрады. Көрнекі ақпараттың пайда­лануын бақылаудың өңірлерді қамту дәрежесі басты назарда. Тоқсан сайын мәдениет және спорт бөлімі мен облыстық тілдерді оқыту орталығының мемлекеттік тіл мамандарының қатысуымен көрнекі ақпараттарға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеді.
ҚР «Тіл туралы» Заңының 21-бап та­лап­­тарының сақталуын қамтамасыз ету мақ­сатында былтыр 40 кәсіпкерлік су­бъек­тісіне мониторинг жұмыстары жүр­гі­зілді. Нәтижесін­де жарнамлары, ас мә­зірлері орыс тілінде рәсім­делген 2 кә­сіп­керлік субъектісіне әдіс­темелік көмек көр­сетілді. Шағын және орта биз­нес өкіл­деріне көрнекі ақпараттар мен жар­намалардың сауаттылығын қадағалау жә­не реттеу мақсатында whatsapp, телеграмм әлеуметтік желілері арқылы әдістемелік көмек көрсету ұсынылған.
– Биыл еліміз үшін мерейлі даталар жетерлік. Оларды жоғары деңгейде өт­кізуге өзіңіз басшылық ететін сала ма­мандары дайын ба? Сондай-ақ өткен 5 айды қалай қорытындыладыңыздар?
– Мәдениет саласындағы іс-шара­лар­дың басымдығы биылғы жылдың ай­тулы оқиға­ла­ры Қазақстан халқы Ассам­блеясының құрыл­ғанына 30 жыл, Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерейтойын және Жұмысшы мамандықтар жылына бағыт­талып отыр. Кеше Жеңістің 80 жылдық мерекесін жоғары деңгейде атап өттік. Алдағы уақытта басқа да шаралар же­терлік. Барлығын жоғары деңгейде атап өтуге дайынбыз.
Қазіргі таңда ауданда 18 мәдениет ұйымы тұрғындарға мәдени қызмет көр­се­туде. Биыл да балалар мен жасөс­пірімдерді үйір­мелермен қамту бағытында 108 үйірме жұмыс жасайды, оған 1190 өнерпаз тартылған. Оның ішінде 6-17 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер қатысатын үйірме – 79, қатысушылар саны – 850. Үйірмеге қатысу­шылар биыл 5 айда 33 байқауға қатысқан. Атап айтқанда, 5 республикалық, 19 облыстық, 9 аудандық байқаудан жүлделі орын иеленді. Мәдениет үйлері мен клуб кәсіпорындарында биыл 5 айда 587 мәдени-көпшілік шара ұйым­дастырылып, 57 375 көрермен қамтылды. Оның ішінде ауылдық жерде 503 мәдени шара өтті.
Жалпы өткен жылды және биыл 5 айды да үлкен жетістікпен қорытындыладық. Мұ­ның бәрін әріптестерімнің еселі еңбегімен байланыстырамын. Алдағы уақытта да са­лада серпін қалыптастыруға еңбек етеміз. Мәдениет – өмірдің мәйегі. Біз осы теңеудің мағынасын шын сезінгенде ғана нәтижеге жұмыс жасаймыз. Қазір жалағаштық бар­лық өнерпаз сала жұмысының үлкен жауап­кер­шілігін жақсы сезінеді. Бұл сөзімізді олар­дың жүйелі жұмысы, талантын, шығар­машылығын үнемі дамытуы қуаттайды.
– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: