Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

6°C

, Жұма, 22 қараша, 13:42

Өкпені қорғаудың жолы –
екпе алу

10.08.2022

500

0

Жұқпалы індет қайта бас көтерді. Тұрғыны көп үлкен қалалардағы қоғамдық орындардың жұмысына шектеулер қойылды. Аса қауіп тудырып тұрмағанымен, барынша сақтанғанымыз абзал. Осы жұқпалы індет өршіген алғашқы жылдарында бейқам жүрген жандарды баудай түсіргенін естен шығаруға болмайды. Сол жантүршігерлік жағдай бүгін бізге сабақ болуы тиіс. Мәселен, 2020 жылдан бері еліміз бойынша 1 368 205 адам коронавирус инфекциясын жұқтырса, оның 1 063 121-і симптоммен, 300 584-і симптомсыз түрімен ауырыпты. Ал 1 327 732 науқас жұқпалы дерттен айығыпты.

2022 жылы аталған індетпен об­лыс бойынша 6 004 адам ауырған. Аймақ­қа келсе, ауданымызды ай­на­лып өт­пейді. Жалағаш ауданы бойынша биыл жыл басынан бері 181 адам ви­рус жұқ­тырыпты. КВИ-мен есепке алынған нау­қастардың 28-і 14 жасқа дейінгі бала­лар. Айта кету керек, КВИ жұқтыр­ғандар арасында 1 жасқа дейінгі сәби де бар. Бұл көңіл жұбатарлық көрсет­кіш емес. Ендеше, әрбір адам өз денсау­лы­ғы үшін сақтық шараларын қатаң ұстануы керек.
Аудандық санитарлық-эпидемио­ло­гиялық басқармасының бізге берген мә­ліметіне сүйенсек, жұқпалы дерт жұқтырған 181 науқастың 49-ы симп­том­мен, 132-і симптомсыз түрімен ауыр­­­ған және 45 науқас ауруханадан ем алса, 132 науқас үй жағдайында оқ­­шау­ланған. Алдын ала көрсетілген ме­ди­ци­налық көмектің нәтижесінде қа­­зіргі уақытта 178 науқас жазылған. Ау­дандық аурухананың КВИ бөлім­шесінде және облыстық КВИ мо­дульды ауруханасында жатқан нау­­­­­қастар жоқ екен. Бұл енді көңіл көн­­­ші­­тетін көрсеткіш. Алайда, еркінсуге әлі ерте. Осы жылдың басынан бас­тап тұрғындардан 3 185 ПТР тест алынып, оның 174-і «оң» мәнді анық­талған.
Жыл басынан бері КОВИД-19 ин­фек­циясын емдеу мақсатында аудан­дық ауруханада 40 төсек-орын ашы­лып, бүгінгі күнге дейін 36 адам ем қабылдапты. Дәрігерлердің айтуынша, ем алып шыққан адамдардың денсау­лықтары қалыпты. Егер ауданда эпи­демиологиялық ахуал күрделенген жағ­дайда қосымша 80 төсек-орын (ау­дандық ауруханадан – 50, жұқпалы ауру­лар бөлімшесінен – 30) ашылады деп жоспарланып отыр екен. Әрине, қам­данған қапы қалмайды, қандай жағ­дайға да әзір болғанымыз жөн. Өйт­кені бұл дерт асқынып, өршіп кетсе бой бермейтініне көзіміз жетті.
Кез-келген жұқпалы ауру салғырт­тықты көтермейді. Соның ішінде атал­ған індет өте қауіпті. Сондықтан тұрғын­дар мейілінше дәрігерлердің кеңесі мен ескерт­пелеріне құлақ түріп, уақытша бекітілген тәртіп, ере­желерді қатаң сақ­тауы тиіс. Сон­да ғана аурудың ал­дын алады. Бұл орайда аудандық са­ни­тарлық-эпи­де­миологиялық бас­қар­ма­сының бас­шысы Оразғали Аханов бізге аурудың алдын алу барысында ау­данымызда атқарылып жатқан жұмыс­­тар жөнінде қысқаша мәлімет берді.
– Аты айтып тұрғандай бұл жұқ­палы ауру. Ал жұқпалы індеттің өте тез таралатынын және аса қауіпті екенін халық жақсы біледі. Өйткені, қазірде тұрғындар КВИ жайында теле­дидардан немесе әлеуметтік же­лілер­ден, ғаламтордан жан-жақты ақ­параттар мен толық мағлұмат алып отыр. Сөйте тұра сақтық шараларына мән бермейді. Ол дұрыс емес. Әр адамның өмірі де, денсаулығы да өзіне керек. Яғни адамдар ауырып дәрігердің көмегіне жүгінбес бұрын, алдымен өз денсаулығына аса жауап­кершілікпен қарағаны абзал. Әрине, дерт жұқтырып, ауруханаға түскен­дерге дәрігерлер ба­рынша жан-жақты көмек көрсетіп жа­тыр. Ау­дандық ауруханада корона­ви­рус инфекциясын емдеуге қажетті ар­найы медициналық құрал-жабдықтар жеткілікті. Атап айтсақ, 14 дана жасан­ды өкпені желдету аппараты, 2 дана рентген аппараты, 2 дана флюорограф аппараты, 44 дана оттегі концентраторы, 70 дана оттегі баллоны, 149 дана пульсоксиметр, 54 дана адам денесіне жанаспайтын термометр, 78 106 дана медицина мамандарына арналған жеке қорға­ныш құралдары, 2 195 дана бір реттік қорғаныш костюмдер және 120 дана көп реттік қорғаныш костюмдер, 63 468 дана бір реттік қолғаптар, 100 775 дана бір реттік маскалар, 635 литр сұйық және 265 800 таблетка дезинфекциялау заттары және дәрілік заттардың қоры мен антибиотик қоры жасақталған. Коронавирус ин­фек­циясын жұқтырған және пнев­мониямен ауыр­ған науқастарды үйде бақылауды ұйым­­дастыру бо­йын­ша бастапқы ме­дициналық-са­ни­та­риялық көмек көр­сету та­ра­пы­нан жұмысшы 7 мобильді топ құрылған. Оның 4-уі кентте, 3-еуі елді мекендерде. Топтың құрамында 7 аймақтық жалпы тәжірибелі дә­рігер, 7 аймақтық тәжірибелі мейір­гер күнделікті бақылау жүргізіп, эпи­демиологиялық ахуалды жіті қадағалап отыр. Жыл басынан бері 109 мобильді шақыр­ту орындалған. Сонымен бірге үй жағ­­дайындағы науқастармен ситуациялық орталық қызметкерлері күн сайын бай­­ла­ны­сып, олардың денсау­лық жағ­дайларын бақылайды. Дәл қазіргі уа­қытта 2 ересек науқас үйінде оқ­шау­ланған. Дәрігерлердің бақы­лауын­да. Ал ауруханада тіркелген жағ­дай анық­талған жоқ. Әйтсе де, бұл аурудың алдын алудың ең тиімді жолы – халықты жаппай вакцинациялау. Әрине мәжбүрлі түрде емес, ерікті түрде. Вакцинаның аурудан қорғайтын қасиетін бұған дейін де жергілікті бас­пасөз беттеріне, әлеуметтік желі­лерге жарияладық және халық ара­сын­да жүріп медициналық тілмен де, қарапайым халықтың тілімен де түсін­дір­ме жұмыстарын жүргіздік. Аудан тұр­ғындарының көбі ерікті түрде екпе алды. Мүмкін, соның нәтижесі болар, биылғы төртінші толқын жүріп жат­қанда әзірге ауданымызда КВИ-ге қатысты өлім-жітім тіркелген жоқ. Тіркелмей-ақ қойсын деп тілейміз. Мә­селен, 2020 жылы осы диагнозбен 2 адам, 2021 жылы 10 адам көз жұмған болатын. Сондықтан аталған ауруға қарсы екпе алудың пайдасы көп, – дейді О.Аханов.
Расында, вакцинаның аурудың ал­­дын алуға, тіпті болдырмауға көп көмегі бар. Аудан бойынша 2021 жылдың 9-наурызынан бастап «Гам-КОВИД-Вак» коронавирусты инфек­цияға қарсы вак­цинациялау жұмыс­тары бастал­ған. Біздің ауданымызда ұжымдық им­мунитетті қалыптастыру мақсатында екпе егу 100 пайызға орындалған бо­латын. Атап айтсақ, 19 448 адам ерікті түрде екпе салғызды. 2021 жылдың 13-желтоқсанынан бас­тап КВИ-ға қарсы ревакцинациялау жүргі­зіліп келеді. Бүгінгі күнге дейін 13 266 адам қайта екпе алған. Қазірде аудан тұрғындарын кезекті егу кезеңі аудандық емхананың егу бөлмесінде, жылжымалы медициналық кешен мен орталық алаңда және барлық елді мекендерде жүргізіліп жатыр екен. Биылғы жылдың шілде айында қайта вакциналау мақсатында барлығы 1101 доза КАЗВАК вакцинасы келіп, 100 пайыз салынса, тамыз айында 1500 доза Синовак вакцинасы келіп, оның 178 дозасы егілген.

Қуат АХЕТОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: