Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-5°C

, Жұма, 27 желтоқсан, 19:47

«Балаусадағы» бір күн

06.12.2022

545

0

Еліміздің келешегі жас ұрпақтың тәрбиесіне тікелей байланысты. Сондықтан Мемлекет басшысы мектепке дейінгі тәрбие беру ісін жандандыруға аса мән беріп отыр. Расында, ата-ана таңнан кешке дейін жұмыста жүретін бүгінгі қарбалас қоғамда балабақшаның ұрпақ тәрбиесіне ықпалы зор. Жыл сайын мемлекеттік және жеке балабақшалардың қатары көбейіп келеді. Алайда, соған сәйкес талабы да күшейіп отыр. Өйткені балабақша – бүлдіршіндердің екінші үйі. Тәлім-тәрбиені де сол жерден алады, алғашқы білім нәрін де сол ортадан сіңіреді. Әрине бұл орайда балабақша тәрбиешілерінің арнайы біліміне, біліктілігіне, тәжірибесіне, баламен жұмыс істеу қабілетіне, шығармашылығына тіпті мінез-құлқына қойылатын талап күшейеді. Бірақ ең алдымен балабақша ғимараты бүлдіршіндердің ойлауына, ойнауына, демалуына, білім алуына қысқасы, жан-жақты толығып, жетілуіне қолайлы һәм жайлы болғаны жөн. Бір сөзбен айтқанда, ғимарат құрылысы жаңа үлгіде, жобаға сай салынып, материалдық базасы да толық болуы тиіс.

Мәдениет ауылындағы №8 «Ба­лауса» бөбекжай-бақшасы осы талап­тардың бар­лығына сай жұ­мыс істеп келе жатыр. Ау­дандық білім бөліміне қарасты бұл тәрбие ошағындағы «Ба­лапан», «Құлын­шақ», «Ботақан», «Қарлығаш», «Қыз­ғал­­дақ» секілді 5 топта 90 бүлдіршін бар. Оларға 18 педагог-тәрбиеші және пси­­холог, әдіскер, логопед, музыка же­тек­шісі, дене нұсқаушысы қызмет көр­се­теді. Барлығы да баланың тілін білетін, кө­ңіл-күйін қас-қабағынан ұғатын білікті, тә­жірибелі мамандар.
Өткен аптада №8 «Балауса» бөбек­жай-бақшасында «Мектеп жасына дейін­гі балалардың білім, білік дағды­ларын АКТ арқылы дамыту» тақы­ры­бында аудандық се­минар-практикум өтті. Се­ми­­нарды ау­дан­дық білім бөліміндегі әдіс­­­темелік ка­бинеттің әдіскері Бекзат Ерназарова ашып, мән-маңызына тоқ­талды.


– Қоғамда күн тәртібінен түспейтін бір мәселе болса, ол – ұрпақ тәрбиесі. Әсі­ресе мектеп жасына дейінгі бала­лар­дың тәрбиесі бізді қай кезде де тол­ған­дыруы тиіс. «Тәрбие – тал бесік­тен» де­п бекер айтылған жоқ. Ба­ланың отбасынан кейінгі тәлім ала­тын ор­тасы – балабақша. Сондықтан біз ба­ла­бақшадағы тәрбие беру ісін за­ман талабына сай сатылап дамытуға тиіс­­піз. Ол үшін бізге арнайы білімнен бө­лек ұдайы ізденіс, тәжірибе керек. Бұл се­ми­нардың да мақсаты сол, – деді Бекзат Жантөреқызы.
Семинар барысында «Балауса» бө­бек­жай-балабақшасының дене нұсқау­шысы Ермек Жақсылықұлы ­«Таң­ғы жат­­­тығу», музыка жетекшісі Ақер­ке Қа­­­лат­бек «Робот» биі, «Аспаптар ор­­кестрі» жә­не тәрбиешілер Алтынай Сү­гі­­рова «Не дәм­ді?», Анар Орманова «Үш торай», Ай­зада Си­сен­­баева «Таза­лық­тың дос­тары», Ұлпан Рах­ме­това «Күзгі бақ­ша» деп атала­тын көр­нек­ті жұ­мыс­тарын көр­сетті. Ал тәрбиеші Қал­тай Бо­­­данова ата-ана­мен «Бала тәрбиесі – мін­детіміз» атты тренинг жүргізді.
– Ата-ананың басты мінде­ті – балаға тәрбие беру. Жүйе­лік, функ­циялық өзге­шелік, айырмашы­лық­та­ры болмаса, ба­­­лаға тәрбие беру ісін­де қай ата-ана да, қай балабақша да бір ғана мақ­сатты көздейді, ол – баланың бойына өз кезеңімен адами құндылықтарды сіңі­ру. Біз де осы мақсат жолында еңбек етіп келеміз. Ертең қоғамның бір-бір бөл­шегіне айналатын баланың тәр­биесі бүгін өз отбасынан, содан соң балабақшадан басталады. Сондықтан біздің әрқай­сымыз тек балалар тәр­бие­­ленетін орталықта қызмет істейміз деп емес, ұлттың ертеңгі көрешегі мен мемле­кеттің келешегін қалыптастырып жатырмыз деп ұғынуымыз керек. Ра­сында бүгінгі заман талабы бізге осын­дай жауапкершілік жүктеп отыр және ты­нымсыз еңбегіміздің нәти­же­сінде сол жауапкершіліктің үдесінен шығып келе­міз. Ал бүгінгі өтіп жатқан се­минар­дың біз үшін, әріптестеріміз үшін маңызы зор. Өйткені әрбір өткен се­минар­лар­да білім-білігімізді толық­тырып, біз өзара тәжірибе алма­са­мыз, – дейді №8 «Балауса» бөбек­жай-бақшасы меңге­рушісі Лаура Қауқанова.
Семинар соңында бағдарлама не­гі­зін­де педагогтарға аудандық білім бө­лімінің сертификаты табысталып, бө­бек­жай әдіс­­кері Айнұр Жұмабаева аудан­дық бі­лім бөлімінің арнайы «Алғыс хаты­мен» мара­патталды.

Қуат АХЕТОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: