Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

1°C

, Сенбі, 23 қараша, 03:43

Қаламы қарымды қайраткер

02.02.2021

1004

0

Қызыдорда облысына қарасты Жалағаш ауданы – Сыр сүлейлерінің үлкен бір шоғыры шыққан аймақ. Жа­лағаш жері – есімі Қазақстанға ғана емес, бүкіл Орта Азияға танымал болған мемлекет және қоғам қай­раткерлері Темірбек Жүргенов, Ілияс Қабылов, көрнекті журналист-жазу­шы­лар Кеңесбай Үсебаев, Зейнулла Жар­қынбаев, Төлепберген Тобаға­бы­лов, т.б. көптеген қаламгерлер шық­қан құтты мекен. Жалпы Сыр ақын­да­рының ұстазы атанған Балқы Базардан бастап бүгінгі ХХІ ғасырға жалғасқан ақындық-жыршылық дәстүр бір сәтте толастап, үзілген емес. Әр кезеңде омы­раулы ақындар алтын көпір ретінде жал­ғас­тырушы болған.

Жалағаш жері – ауызша жырлап айтатын ақындар өмірі ғана емес, жазба ақындардың мол шоғыры шыққан да мекен, оның бастауында Сыр бойындағы (1940 жылдан бастап 1964 жыл аралығында) таланттылардың көзін ашқан үлкен дарын иесі Әбдікәрім Оңалбаев (1901-1964), оның жолын қуған Қомшабай Сүйеніш, Махмұтбай Әміреев, Темірші Сарыбаев, Зордан Салықбаев, Жақсылық Сарбалаев, Мәлік Аяповтар бар. Солардың бірі артына өшпес әдеби мұрасын қал­дырып, жарық дүниеден ерте кеткен Зордан аға Салықбайұлы 1944 жылдың мамыр айының 15 жұл­дызында Жалағаш ауданының қа­зіргі Мақ­палкөл ауылдық округіне қарас­ты «Жаңаталап» елді мекенінде қара­пайым отбасында дүниеге келген.

Зордан ағаның әкесі Салықбай өз ісіне мығым, әңгіме тиегін ағытса, бір ауылды аузына қаратардай есті әңгімелерді зердесіне тоқыған кісі болған. Естігенін жадына сақтап, оны шеберлеп айта білудің өзі көп адамның қолынан келе бермейтін өнер. Шыққан тегі Кіші жүз, Байұлы Қаракесек әйгілі Балқы Базар шыққан Балқы руынан. Одан бері қарай ата жолын талдасақ, Балқыдан Болат, одан Тоққожа, одан Шал-Қоңыр-Қарадос-Мадияр-Сары-Әбдіден Салықбай, одан Зордан болып Шөмекейдің Бозғұл аталығынан бері он үш атаға келеді екен.Әкесі Салықбай колхозда әртүрлі жұмыстар атқарады. Зордан – осы отбасының зарығып, зордан келген жалғыз ұлы. Баланы жастан деген ұлағатты есіне мықты ұстаған Зорданның ата-анасы оны, «жалғыз ұлды» өзгеше бөлектемей қарапайымдылыққа тәрбиелейді. Қата­рынан кем болмауына қамқорлық жасады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, Зордан да ата-ана тәрбиесін ұстаздар тәрбиесімен ұштастырып, өз заманына лайық азамат болып өсуге бағыт ұстанды.

Зордан Салықбайұлы 1963 жылы Қызылорда қаласындағы қазіргі Қор­қыт Ата мемлекеттік универ­си­тетін (ол кезде Н.В.Гоголь атындағы педаго­гикалық институтқа) қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне оқуға түседі. Осы студенттік кез оның талантына жаңа бір леп әкеледі. Зордан аға алғашқы өлеңдерін 1960 жылдары жаза бастаған. Ал жыр жолына біржола ден қойғаны 1963 жылдан еді. Бұл кез Зордан ағаның Қызылорда пединститутының студенті болған тамаша шағы болатын. Міне осы кезеңнен бастап өрілген сезім серпілістері бойына жыр болып құйыла берді. «Жігітті орта өсіреді» демекші Зордан ағаны ақын еткен де сол өз ортасы болатын. Бойындағы ақындық ұшқын жел беріп талантын кеузеген, біріншіден қасиетті Сыр өңірі болса, екіншіден Қызылордадан қаулап шыққан таланттар екені анық. Оны Зордан ағаның өз сөзімен берер болсақ: «Баяғыда бір қазақ: «Өлеңнің бес-алты ауыз арқасында, қыздардың болдым таныс бәріменен» – деген екен. Сол айтпақшы, бес-алты ауыз өлеңнің арқасында мен де әдебиеттегі адамдармен таныс болдым-ау. Олар: филология ғылымдарының кандидат­тары – Ә.Қоңыратбаев, А.Түрбеков, Г.Смағұлова; Р.Сәрсен­баев, Ә.Бай­жолов және ақын-жазушылар З.Шүкі­ров, Д.Тасекеев, Н.Сералиев т.б.

Адамды орта өсіреді ғой. Егер мен оқымай ауылда қалып қойғанда жазбас па едім, кім біледі? Ондайлар аз ба?» депті 1965 жылдың қазан айында. Ақынның өзі жазып қалдырғанындай сонау институт қабырғасында жүр­генінде жазған жырлары өте сәтті шығып отырады. Студент шағында топқа түсіп, талай бәйгенің алдын бермейді. Содан да болар, облыстағы, тіпті республика орталығында тұратын белгілі қаламгерлер Зордан шығармаларына ден қойып, өз пікірлерін айта бастағаны.

«Нұрын шашқан өлең оқырман бойын балқытады» дегендей, Зордан Салықбаевтың маржан жыр­лары оқырман қауымға өзінің сыршыл­дығы­мен жақсы таныс. Ағынан жары­лып, халқының ақ батасын алған, жыр дүлдүлі, жыр әлеміне өзіндік айтар ойымен қадам басты. Зордан жырлары қазақ әдебиеті дарабоздарының да көңілінен шығып жатты. Ақиық ақын Асқар Тоқмағанбетов «…Жас талант Салықбаев өмір жайлы көп ойланады. Адам баласының қиындықты көре өсіп, ер жеткенін дұрыс ұғады» десе, поэзияның абызы Әбділда Тәжібаев «…Мен жас ақын Зордан Салықбаевпен танысқаныма қуаныштымын. Оның күйлі де, ойлы сезімтал жырларын оқыңыздар» деп, оқырмандардың сүйінші сұрап, сәтті қадам тілеуінің өзі бір ғанибет емес пе?

1974 жылдан бастап 14 жылдай аудандық газеттің редакторы бола жүріп, бір жағынан өлең жазып, кейін келе прозаға да қаламын молынан сілтейді. 1981 жылы көлемді көркем очерктер жазуға бет бұрды. Сөйтіп, 38 жасында прозаға келді.«Бұған не себеп болғанын дөп басып айта алмаймын. Әйтеуір, өте жазғым келгені, жаза алатын сияқты сезімде, сенімде болғаным ғана есімде» деп атап көрсеткен өз естелігінде.

Зордан аға өз ойларын, өмірден көргендерін, көңілі толған, толмаған нәрселерін күнделікті жазып отырған. Жалт етіп, қамшы сабындай ғана ғұмыр кешкен Зордан ағаның өлеңдері оқырманын өзіне еріксіз тартып, өмір құбылыстарын терең суретпен, айшықты оймен береді. Сол өлеңдерінен Зордан ағаның бар болмысы, тыныс тіршілігі әрқашан менмұндалап тұрады десек, артық айтпағандығымыз. Оның өзіндік пәлсапалық ой жүйесі де әдемі лирикасы да өзімен қатар жүрген біздердің дән ризалық пейіліміз еді және ықылас-ниетіміздің ажары да еді. Әрине әр ақынның өз ойын берудегі ерекшелігі әр қилы десек, біздің Зордан ағаның да ешкімге ұқсамайтын өзіндік жолы бар. Біз сөз басында оның өмірі қиындыққа толы болды дедік. Яғни балаң кезінде аурушаң болса, ал нағыз өнер сайысындағы топқа түсер шағында ата-анасының науқастығынан көсіле шаба алмағаны тағы бар. Оны біз мына 1965 жылы жазылған өлеңнен-ақ толық байқаймыз.

«О, қиындық, өзіңменен кішкентай­дан бірге келем,

Сен болмасаң күресуді, тіресуді білмес ем!» дейді.

Сөйтіп ол күресе отырып жеңді, жеңе отырып, бойындағы құдай берген талантын да танытып кетті.

Ақынның адал жары, рухани се­рігіне айналған Дина Нұржанқызы Зор­дан ағаның артында қалған шы­ғар­машылық һәм зияткерлік мұ­расын мұқият жинақтап, жүйелеп, құрас­тырып, кітап етіп бастырып шы­ғар­ды. Дина Нұржанқызы – өмір жолын шәкірттерге білім беруге арнаған жан. Қазіргі күні зейнетке шықса да туған тілі­міздің жанашыры – аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы.

Бағжан Есенова,
№203 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: