Бүгін Жалағаш ауданына қарасты Аққұм ауылдық округінде ауыл әкімін сайлау науқаны өтуде. Таң атысымен редакция ұжымы сайлау учаскесінің ашылуына қатысу және саяси науқанның өту барысын ақпараттандыру мақсатымен аталған елді мекенге атбасын бұрдық. Ауылдық клуб алдында жиналған бір топ ауыл тұрғындары сайлау учаскесінің ашылуын күтіп тұр екен, ауылда маңызды саяси науқанның лебі байқалды. Таңғы сағат 7:00-де №147 сайлау учаскесінде учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің, БАҚ өкілдерінің, байқаушылардың және сенім білдірген адамдардың қатысуымен сайлау туралы заңның талаптарына сай, барлық процедураларды орындай отырып сайлау учаскесі ресми түрде ашылды.
Ерте күн шығысымен өз таңдауымды жасаймын деген сайлаушылардың белсенділігін байқаған біз тұрғындардың ауыл болашағына үлкен жауапкершілікпен қарайтындығына көз жеткіздік. Жалпы, Аққұм ауылдық округі әкімінің сайлауына үш үміткер өз кандидатурасын ұсынған. Олардың өмірбаяны мен сайлауалды бағдарламасымен ауыл тұрғындары бұқаралық ақпарат құралдары мен газет беттері арқылы толықтай танысқан.
Сайлау учаскесі ашыла салысымен қора-жайдағы шаруаларын кейінге ысырып, саяси науқанға қатысуға алғашқы болып келген ауыл тұрғыны Зуаш Ташаева да өз таңдауын жасады.
– Бүгін ауылымыз үшін саяси маңызды күн десем болады. Ауылымыздың тыныс-тіршілігі шүкір, жақсы, ауыл азаматтарының жасап жатқан шаруаларының жайы көңіл көншітеді. Алдағы уақытта да осы алған бағытымыздан таймай, ауылымыз көркейе береді деп сенемін. Науқан әділ, барлық ережелерге сай өтіп жатыр. Халқымызға бірлік, елімізге бейбітшілік тілеймін, – деді алғашқы сайлаушы Зуаш Ташаева.
Сайлау учаскесінің төрағасы Абзал Ибраевтың ұсынған мәліметінше, саяси науқанға қатысушылар саны – 1023. Қуантарлығы, ауыл тұрғындары үшін әрбір азаматтың дауысы маңызды екені және елді мекеннің болашағы әр тұрғынды алаңдататыны анық байқалды. Өйткені сағат 9.00-ге дейін 150 азамат дауыс беріп үлгерген.
Осындай белсенді азаматтардың бірі ауыл тұрғыны Көшербек Тоқмырзаев та бар.
– Ауылымыздағы жасалып жатқан әрбір істің берекелі болатынына сенемін. Түске таман ауылда ас болады, сол астан шығып ауылдастарым сайлауға келіп, өз таңдауларын жасауды жоспарлап отыр. Жалпы, кандидаттар, кандидаттардың сайлауалды бағдарламарымен ақпараттық құралдар арқылы етене таныспыз. Онда үміткерлер сайлауалды бағдарламасына ауылдағы өзекті мәселелерді шешуді арқау еткен екен. Енді соның барлығы алдағы 4 жылда шешімін табуына жұмыс жасаса болғаны. Саяси науқан әділ, ешқандай тежеусіз, жақсы көңіл-күйде өтіп жатыр. Науқанды ауыл халқы болып абыроймен өткізуге тілектеспін,– деп ақниетін білдірді ауыл тұрғыны.
Айта кетейік, ауыл әкімін сайлау науқаны сағат 20.00-ге дейін жалғасады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!