Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

3°C

, Жексенбі, 24 қараша, 01:38

Аққұмдағы алтын ұя

25.04.2023

1267

0

Ауданда соңғы жылдары тың серпінмен ілгерілеген бірден-бір сала болса, ол – білім. ҰБТ көрсеткіші бойынша Жалағаш жақсы нәтижеге қол жеткізіп жүр. Бұл тұста ұлағатты ұстаздардың еңбегі ерен. Олар шәкірт тәрбиелеуде ауқымды іс тындырды. Өйткені бүгінгі жас ұрпақ білімді болса, елдің келешегі кемел болары ақиқат. Жастардың білімді болуы жаһандық дәуірде бәсекеге қабілетті мемлекеттің негізін қалауына жол ашады. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар – алға басуға жол ашатын заманауи талаптар. Мұндағы негізгі ой – білім бәйгесінде биіктен көрінетін білікті маман, уақыт талабына сай, кез келген кезеңде бәсекеге дайын тұлға қалыптастыру.

Жаһандану заманында білекпен емес, біліммен ғана мыңды жыға ала­сың. Білімнің дамуы – адамзат өр­ке­ниетінің өлшемі. Сондықтан бұл сала үнемі жетіліп, жаңарып отыруды талап етеді. Жаңа көзқарасты, жаңа­шыл­дықты қажет ететін кезеңде жас ұрпақты бәсекеге қабілетті етіп қалып­тастыруда негізгі сын да, салмақ та ұстаздар қауымына түсетіні анық. Ал осындай білікті де білімді ұстаздар жұмыс істейтін білім ошағының қашанда мерейі үстем. Гүлзира Құлмаханова басқа­ратын Аққұм ауылындағы №38 орта мектепте қолға алынған жобалар көп-ақ.


Жалпы, 1929 жылы негізі қаланған №38 орта мектеп 1973 жылы жаңа ғимаратқа көшіріліп, кейін оған Еңбек Ері Алдаберген Бисе­нов­тың есімі беріледі. Еңбек Ерінің есімі берілген тұста ұрпақтары ауылдағы мек­тептен А.Бисенов атындағы мұра­жай ашып, онда осы кісінің көзі ті­рісінде тұтынған заттарын, шапанын және портфелін де қойылған. Біз мек­тепке енгеннен ондағы тыныс-тіршілікті көріп, балаларға бар­лық жағ­дайдың жасалғанын түсіндік. Білім ошағындағы дәстүрлі түрде өткі­зі­летін және үнемі оқушылармен бірге өтетін жобалардың барлығы жас­тар­дың тұлғалық дамуына септігін тигізеді. Мәселен, «Ұшқыр ой алаңы» жобасы аясында пікір-сайыс алаңдары мен «Дебат» турнирлері өткізіліп, оқу­шы­лар аудандық, облыстық сайыс­тарда жүл­делі орындардан көрініп жүр екен. Со­нымен бірге «Құқықтық мәде­ниет» жобасы бойынша АПБ қызмет­кер­ле­рі­мен кездесулер, «Мен салауатты өмір салтын қолдаймын» жобасы бойынша бірнеше спорттық сайыс, «Өнерлі өрен» жобасы бойынша «Мектеп теат­ры» үйірмесі, «ECO START» жобасы бойын­ша мектепте «Жасыл бұрыш», «Жақ­сылық жар­шысы» жобасы бойынша мектеп арда­гер­­лерімен әр мерекеде кездесулер мен «Сыр сұхбат», «Аялы алақан» жо­­­басы бойынша ауылдың қарт және жал­ғызбасты аналарына көмек көрсе­тілсе, «Дәстүр мен ғұрып» жобасы аясында қазақы бұрыш, дом­быра сыны­бы ашылып, қазақтың ұлт­тық ойыны тоғызқұмалақ үйірмесі және дом­быра үйірмесі жұмыс жа­сауда. Сондай-ақ мектепте жаңа мо­ди­фи­ка­циялы кабинетпен химия, биология ка­би­неттері жабдықталған.
Қазіргі таңда мектепте 20 оқу каби­неті, оның ішінде мультимедиалық кабинет, компьютерлік сынып, шебер­хана, мұра­жай, кітапхана, спорт зал, ме­ди­­­циналық кабинет пен акт залы да бар. Осы тұста тағы бір көпке үлгі боларлықтай дүниені айтқымыз келеді. А.Бисенов атындағы №38 орта мектептің түлегі, ақын, «Шабыт» шы­­ғар­машыл жастар фестивалінің лауреаты, халықаралық «Алтын асық» сыйлығының, Президент стипен­дия­сының иегері Асылзат Арыстанбек те өзі түлеп ұшқан алтын ұясына келіп, ұстаздарына деген ерекше алғысын білідіріп, өзінің артынан ерген іні-сіңлілеріне арнап домбыра сыныбын ашыпты. Бұл сыныпта мектептегі бірнеше бала домбыра тартуды, күй ойнауды үйренеді. Тіпті Асылзат мектеп ұжымына өз қолынан шыққан түрлі қазақы нақыштағы костюмдерді, көйлектерді сыйға тартыпты.


– Батыр бабамыз Бауыржан Мо­мыш­ұлының «Ұстаздық – ұлы құр­мет. Себебі ұрпақтарды ұстаз тәр­бие­­лейді. Болашақтың басшысын да, дана­сын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді» дегеніндей, ертеңгі ел тұтқасы болатын жас буынды тәрбиелеу міндеті бүгінгі ұстаздар қауымының мойнында. Мек­тептің басты тұлғасы, жүрегі – мұғалім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан ол әрдайым қа­сиетті тұлға ретінде ерекшеленеді. Қиын да маңызды міндеттерді жүзеге асыра алатын тек ұлағатты ұстаз. Осын­дай ауыр жүкті арқалап жүріп, барша адамзатты терең біліммен қару­лан­дырып, үлкен өмірге дайындау тек бі­лікті ұстаздардың қолынан келмек, – дейді мектеп директоры Гүлзира Мұханбетқұлқызы.
Мектеп ұжымының жетістігінде әр ұстаздың еңбегі мен оқушылардың қарым-қабілеті жатқанын білеміз. Ақ­құм­дағы алтын ұяның тыныс-тірші­лігімен та­ныса отырып, жетістіктер легін айтпай кетуге болмас. Тіпті аталған мек­тепте дарынымен дараланған, таланты мен табандылығын ұштастыра білетін шә­кірттер көп. Олардың әрбірі білім бәйгелерінде топ жарып, өзі білім ала­тын алтын ұясының абыройын асырып, мерейін өсіріп те жүр. Мұны мектеп ұжымы да, педагогтар қауымы да зор мақтанышпен айта алады. Мәселен, аудандағы Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейінің үздік түлегі, Қорқыт ата атындағы Қызылорда уни­­вер­­ситетінің профессоры, педа­гогика ғылымдарының кандидаты, Ха­лық­аралық педагогикалық білім беру ғылымдарының корреспондент мүшесі, “Ы.Алтынсарин” атындағы төсбелгі иегері Рабиға Игенбаева атын­дағы ұлттық тәрбие оқу-әдіс­темелік кабинетінің ашылуына орай өт­кен «Туған жердің тұғырлы тұл­ғалары» атты оқушылар ғы­лыми жоба бай­қауында 1 сы­нып оқушысы Бисен Нұрсұлтан I орын, 10 сынып оқушысы Жол­дасбай Қымбат «Ізденімпаз оқу­шы» номинациясымен, 8 сынып оқу­шысы Омарбекова Назым нәтижелі зерт­теу жұмысын көрсеткені үшін алғыс хатпен марапатталған. «Жеңісті жақындатқан жауынгер-ұстаз» тақы­ры­бындағы ғылыми жоба байқауын­да Болатбекқызы Гүлбақыт II орын иеленсе, «Ауған соғысы суреті кө­зі­мен» тақырыбында өткен бай­қауда 7 сынып оқушысы Бекқожа Каусар III орынмен, 10 сынып оқушысы Сабыр Гүлсая Ұлттық пікірсайыс турнирінің облыстық ке­зеңінде «Ең сенімді ойыншы» номи­на­­циясымен, «Арғымақ» тобы «Темір­бек Жүргенов – тарихи тұлға, ұлт жана­шыры» мектеп театрларының ау­дан­дық кезеңінде II орынмен, «Әбіш оқу­лары» байқауының «Сахналық қойы­лым» бағыты бойынша облыстық ке­зеңде III орынмен, 10 сынып оқушысы Абдраман Мұхаммед 8-11 сынып оқушылары арасында өткен «Әбіш оқулары» байқауының облыстық ке­зеңін­де II орынмен, «Мамандықтар әле­мін ашамыз» республикалық фо­ру­­мынының аудандық кезеңінде «Бо­­ла­­шақтың мамандығы» номинациясы бойынша II орынмен, 8 сынып оқу­шысы Абдраман Дарын «Мамандықтар әлемін ашамыз» республикалық фору­мынының аудандық кезеңінде «Менің кәсібім – менім бизнесім» номинациясы бойынша II орынмен марапатталған. Бұдан бөлек Мектепалды даярлық сынып оқушысы Қуантай Каусар «Мен зерттеушімін» тақырыбындағы аудан­­дық байқауда II орынды, «Жар­қын болашақ» олимпиадасында 10 сынып оқушысы Сұлтанбек Айдана, 9 сынып оқушысы Шәкір Гүлзира II орынды, 10 сынып оқушысы Сабыр Гүлсая III орынды, 7 сынып оқушысы Серік Дидар 7-8 сынып оқушылары ара­сында өткен ресрубликалық олим­пиаданың аудандық кезеңінде Химия пәні бойынша I орынды алса, 5-8 сынып оқушыларына арналған «ProEco» экологиялық жобалар конкур­сы­ның облыстық кезеңіне қатысып, белсенділік танытқаны үшін 8 сынып оқушысы Алмат Жансұлу алғыс хатпен марапатталған. Спорттық шара­ларда да мектеп оқушылары аудандық, об­лыстық, республикалық деңгейде топ жарып, абырой биігінен көрініп келеді.
Айта кету керек, «Алтын белгі» мен «Үздік аттестат» иегерлері де жоқ емес. 2020-2021 оқу жылында мем­лекеттік емтихан және ҰБТ қоры­тын­дысы бойынша Ақжан Төлеген, Жас­ұлан Алдияр «Алтын белгі», 2021-2022 оқу жылында Ақбота Әбілқасым «Үздік аттестат» иегері атанған. Осы жылы 30 оқушының 20-сы жоғары оқу орындарының грантын жеңіп алып, 10 оқушы арнаулы оқу орындарына грант арқылы оқуға түскен.
Бұл жетістіктердің барлығы мектеп ұжымы үшін зор мақтаныш, ұс­таз­дардың тынымсыз еңбегінің, оқу­шы­лар қабілетінің жемісі деуге болады. Мектеп мұғалімдері бала бойына білім дарытуда, заманның өзгерісіне бейімделе алатын, бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыруда бар бі­лім-біліктерін аяған емес. Ұстаздық жол­дың жауапты әрі қиын екенін жете түсінген мектеп ұжымы қай істе бол­сын ауызбіршілікпен жұмыс жасайды. Талай таланттың талабын шың­даған білім ордасының алар асуы, шығар биігі, бағындырар белесі әлі алда деп ойлаймыз.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: