Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

3°C

, Дүйсенбі, 25 қараша, 19:36

Диқандар дән сепкен күн

03.05.2023

392

0

Жексенбіде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ауданға жұмыс сапарымен келді. Таң ауылдық округінде болған аймақ басшысы алдымен «АгроЛидерТаң» ЖШС-ның ет өңдеу цехы жұмысымен танысты. 2018 жылы Таң ауылында ет өңдеу цехының іргетасы қаланған болатын. 2019 жылы құрылыс жұмыстары біткенімен карантинге байланысты кәсіпорын жұмысы кейінге қалған еді. 2021 жылдан бері ет өңдеу цехы жартылай фабрикат өнімдерін әзірлеуді бастап кетті. Қазіргі таңда мұнда 10 түрлі өнім өңделеді.

Кәсіпорын басшысы Динара Қалмұ­ра­това мұнда аптасына 3-5 бас ірі қара сойылатынын айтады. Серіктестік ди­рек­торы Сәкен Шағыртаев шикізат, яғни ірі қара мен жылқыны ауылдан және ауданға қарасты бас­қа да елді мекен­дерден сатып алаты­нын жеткізді.
Биыл Таң ауылында екі азамат «Ауыл аманаты» жобасы аясында шағын несие алуға ниетті. Пайыздық үстемақысы тө­мен несиеден үмітті таңдықтар алдағы уақытта мал шаруашылығы бойынша кәсіп бастауды жоспарлап отыр. Сәкен Шағыр­таев оларды мал азығымен қам­тамасыз етуге дайын. Себебі алдағы уақытта мұнда өңделетін шикізатты сол азаматтардан алуға ниетті. Тіпті арада ауызша келісім-шарт та жасалып қойған. Бұл бір жағынан енді кәсіп бастауға талаптанған ауыл азаматтары үшін де үлкен қолдау болмақ. Себебі олар ер­теңгі күні бордақылаған малын қайда сатамын деп бас қатырмайды.
Қазргі таңда кәсіпорында 8 адам тұ­рақты жұмыс жасайды. Мұнда «Бір асым ет», «Сыбаға» сынды жартылай фаб­рикатталған өнімдер дайындалады. Сон­дай-ақ дұшпара, күріш ботқасы, арпа ботқасы, қуырдақ сынды өнімдер де әзірленеді.
Ет өңдеу цехында қаңтар айынан бастап бұқтырылған сиыр еті өң­де­леді. Кәсіпорын басшысы Динара Қал­мұратова мұнда сұранысқа сай кү­ніне 300-350 консервіленген ет дайын­да­ла­тынын айтады. Өңделген өнім­дерге бүгінде Қызылорда қаласы мен көршілес Қармақшы ауданынан және өзіміздің Жалағаштан да сұраныс көптеп түседі екен.


Аймақ басшысы кәсіпорын жұмы­сына жоғары баға беріп, ауылдың абат­тануына, елді мекен халқының тұрмыс сапасын арттыруда, ауылдағы жұмыс­сыздық мәселесін тұсауда қажырлы еңбек етіп жатқан «Таң ЛТД» ЖШС төра­ғасы Имамзада Шағыртаевқа алғыс білдірді.
Айта кетейік, Таңның екінші тынысын ашып, тәуелсіздік жылдары түлеуінде «Таң ЛТД» ЖШС төрағасы, Қызылорда облысының құрметті азаматы Имамзада Шағыртаевтың өзіндік қолтаңбасы бар. Мәселен, осы күнге дейін аталған серік­тестіктің қолдауымен ауылда жалпы құны 701 млн теңгенің бірнеше жобасы жүзеге асқан. Бастысы, бүгінде олардың барлығы қарапайым халықтың қажетіне жарап тұр.

Серіктестіктің жеке қаражаты есе­бінен 2016 жылы ауыл мешітіне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл мақсатқа төраға 5 млн теңге қаражат бөлді. Мұнан кейін 2018 жылы мемлекеттік жеке­шелік әріптестік аясында «Таң бөбегі» бөбекжайын қайта жаңғыртты. Бұл мақсатқа кәсіпкер 300 млн теңге қаражат құйды. Қазіргі таңда онда 90 бала тәлім алуда.
Кәсіпкер дәл осы жылы мемлекеттік жекешелік әріптестік аясында спорт кешенінің құрылысын бастады. Жалпы құны 56 млн теңгені құрайтын бұл нысан бүгінде ауыл жастарының қажетіне жарап тұр. Ал бүгін аймақ басшысы жұмысымен танысқан ет өңдеу цехының жалпы құны 150 млн теңгені құрайды.
Ауылда соңғы жылдары жүзеге асқан көптеген жобаның түбін түртсең, оның бастауына Имамзада Шағыртаевтың сеп болғанын аңғарасыз. Ұлы Отан соғысында қаза тапқан ардагерлерге арналған ескерткіш құрылысына да іскер азамат 40 млн теңге қаражат жұм­саған. Ал ауылдық округ бойынша көше­лерді жарықтандыруға Имамзада Шағыр­таев 50 млн теңге қаржы бөлді. Мұнан бөлек жергілікті тұрғындарды әлеуметтік қамсыздандыру бойынша атқа­рылған жұмыстарға ол 100 млн теңге жұмсаған.

Мұнан кейін Нұрлыбек Машбекұлы «Дала күні» семинар-кеңесі аясында ұйым­дас­тырылған ауыл шаруашылығы техника­ларының және өнімдерінің көрмесін та­­ма­шалады. Жабдықтаушы мекеме өкіл­де­рімен пікір алмасты.
Облыс әкімі қонақтармен бірге танапқа алғашқы дән себу рәсімін өткізді. Іс-ша­рада Қызылорда облысының Құрметті аза­маты Жарылқасын Шәріпов бата берді.
Аймақ басшысы шаруашылық үздік­терін «Еңбек ардагері» медалімен, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбел­­гісімен және облыстың ең жоғары наг­ра­дасы «Қызылорда облысының Құрмет Гра­мотасымен», облыс әкімінің алғыс ха­тымен марапаттады. Мұндай абырой биі­гінен көрінген еңбек озаттары қатарында жерлесіміз, «Байтабын» ЖШС агрономы Сұлтанбек Үсейінов пен «Таң ЛТД» ЖШС диқаны Рүстембек Шарапатұлы да бар.
Егіс алқабындағы «Дала күні» семинар-кеңесінің пленарлық мәжілісінде аймақ бас­шысы аграрлық саланы өркендетудің біз­дің өңір үшін өмірлік маңыздылығын атап өтті. Шаруалар қол жеткізген айтарлықтай жетістіктерге тоқталды.
– Сыр өңірінің қамбасын молайту жо­лында береке мен бірліктің саясына топ­тасып жүрген диқандарымыз бен барша жанашыр қауымды бүгінгі егіске алғаш дән себу рәсімімен шын жүректен құттық­таймын. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев еңбекқор адам ең сыйлы адам бо­луы тиіс және маңдай термен тапқан әр тиын нағыз ардың ісі екенін халыққа жеткізді. Мемлекет басшысы еліміздің әлеу­меттік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте азық-түлік инфляциясын тұрақтандыру үшін Үкіметтің алдында агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты өсімін қалыптастыру міндеті тұрғанын атап өтті. Осы міндетті орындаудың бірден-бір жолы – жергілікті жерде өндірілетін өнім көлемін арттыру. Биыл облыста 195,6 мың гектарға егін егуді межелеп отырмыз. Оның ішінде негізгі дақыл күріш 83,9 мың гектарға себіледі. Сонымен қатар әлеу­меттік маңызы бар картоп, көкөніс, бақша өнімдерін егу үшін 5 500 жергілікті тұрғынға қосымша 3 300 гектар жер дайындау жұ­мыстары жүргізілуде, – деді облыс әкімі.
Жиында жауапты мекеме басшылары мен шаруа қожалықтар иелері қолға алын­ған жұмыстарды, өзекті мәселелерді ортаға салды. Ауыл шаруашылығы са­ла­­­сында атқарылатын жұмыстар пысық­­талған басқосуда алдымен облыстық ауыл шаруашылығы және жер қа­­ты­нас­тары басқармасының басшысы Тал­ғат Дүйсе­баев аймақтағы егін егу жұ­мыс­­тарының бары­сы туралы баяндады.
Талғат Тұрсынұлының сөзіне сүйен­сек, биыл 195,6 мың гектар алқапқа ауыл ша­руа­шылығы дақылдары орналасты­ры­лады. Оның ішінде күріш көлемі өткен жылмен салыстырғанда 5 мың гектарға ұл­ғайған. Мұнан бөлек мал азығы да­қылдары 2300 гектарға, картоп, пияз, сәбіз сынды бақ­ша дақылдарының көлемі 220 гектарға көбейген.
Шаруашылықтар егіске қажетті тұқым­мен толық қамтамасыз етілген. Бүгінде 100 пайыз жоғары репродукциялы күріш тұқы­мының 9 сұрпы себілуде. Басқарма бас­шысы күріш тұқымын жаңартуда ша­руа­шылықтар Ресейдің жаңа сұрып­тарын егіп жатқанын айтады.
Бүгінде шаруалар тыңайтқыш­тармен 97 пайыз қамтамасыз етілген. Сондай-ақ басқарма басшысы қажеттілік туындаған жағдайда уақытылы жеткі­зі­ле­тінін алға тартады.
Қазіргі таңда 3 мыңнан астам техника жөндеуден өтіп, егін егу жұмыстарына кіріс­кен. Көктемгі егіс жұмыстарын жүр­гізу үшін аймақта Үкімет тарапынан арзандатылған бағамен 12 100 тонна дизел отыны берілген. Кестеге сай ша­руашылықтарға оның 80 пайызы үлес­ті­ріліпті. Талғат Дүйсебаев шаруа­шы­лық­тар үшін жанармай тапшы­лығы және оның бағасына қатысты еш­қандай мә­селе жоқ екенін жеткізді.
Әлі де ақегіс жұмыстары жалғасуда. Бұл бағыттағы жұмыстардың бүгінде 80 пайызы тәмам. Мұнан бөлек 46 мың гек­тардан астам ескі жоңышқа, 4800 гектар күздік бидай күтімге алынған.
Басқарма басшысы күріш егіп және оны суға бастыру жұмыстары биыл он күндей кеш басталғанын айтады. Талғат Тұрсынұлы оны ауа райының қолай­сыз­дығымен байланыстырады. Алайда еккен егін жауын-шашынға ысырап бо­лады деп уайымдауға негіз жоқ. Себебі жергілікті шаруашылықтар заманауи әрі озық үлгідегі техникалармен, құрал-жаб­дықтармен жа­рақ­талған. Ал картоп, жү­гері, көкөніс және басқа да бірқатар бақша дақылдарын егу мамыр-маусым айларында жүргізіледі.
Талғат Дүйсебаев салада кейбір өзекті мәселелердің барын да жоққа шы­ғар­майды. Оның басым бөлігі аяқ су мә­селесіне қатысты. Яғни аймақтағы оны үлестіретін мекемемен жергілікті шаруа­шылықтар келісім-шартқа отыруда жай­басарлық танытып отыр. Талғат Тұр­сын­ұлы соның салдарынан «Шардара» су қоймасынан берілетін су көлемі мамыр айында қысқартылуы мүмкін дейді.
Айта кетейік, биыл 83,9 мың гек­тарға күріш егу межеленсе, аяқ суды үйлестіретін мекеме мен жергілікті шаруа­шылықтар арасында 24 мың гектар ал­қапқа қатысты келісім-шарт жасалған. Оның үстіне биылғы егіс науқанына дейін жергілікті шаруашылықтардың «Қазсу­шар» мекемесіне 171 млн теңгеден ас­там қарызы бар. Аталған мекеме тиісті қарызды қайтармай берешегі бар ша­руа­шылықтармен келісім-шартқа отыр­майды. Сондықтан осы мәселені төра­ға­лар қаперге алғаны дұрыс.
Жалағаш ауданындағы шаруа­шы­лық­тар аяқ суды үлестіретін мекемеге қарыз бойынша көш бастап тұр. Оның үстіне қазіргі таңда жергілікті шаруашылықтардың 39 пайызы ғана келісім-шарт жасасқан. Мұ­нан кейінгі орында Қазалы ауданы тұр. Бұл ауданда барлығы 50 млн теңгеден астам қарыз болса, бұл берешек бір ғана шаруашылыққа тиесілі екен. Аймақ басшысы бұл мәселені реттеудің маңыз­дылығына тоқталып, тез арада келісім-шарт жасау қажеттігін қаперге салды.
Биыл украиндық ғалымдардың қаты­­суымен демонстрациялық алаң ашу жоспарда бар. Мақсат – аймақта орын ал­ған су тапшылығы жағдайында там­шылатып суару әдісін қолдану арқылы және тыңайтқыштарды оңтайлы мерзімде беріп, әртараптандыру бағытында соя, күн­бағыс, жүгері, бидай дақылдарының, күріштің бірнеше сұрпын тәжірибе ретінде егіп, шаруашылық құрылымдарына көрсету.


Басқосуда Жалағаш ауданының әкімі Асқарбек Есжанов аудандағы көктемгі егін егу жұмыстарының барысы туралы баяндады. Иә, ауыл шаруашылығы саласы бойынша жыл сайын жоғары табыстарға қол жеткізіп, өңір қазынасының ұлғаюына сүбелі үлес қосып келе жатқан ауданның бірі – Жалағаш. Мемлекеттік қолдауларды ұтымды пайдаланған аудан диқандары соңғы жылдары, күріштің өнімділігін арттыруда табысты еңбек етіп, жыл сайын жоғары өнімге қол жеткізуде. Былтыр да аудан диқандары жоғары нәтижеге қол жеткізіп, ел ризығын ысырапсыз қамбаға құйды.
Асқарбек Темірбекұлы аяқ су мәселесі қос бүйірден қысқанда батыл шешімдер қабылдауға тура келгенін айтады. Мә­селен, суды көп қажет ететін күріш көлемі 2021 жылмен салыстырғанда был­тыр 1299 гектарға қысқартылған. Есе­сіне оның орнына жоңышқа, жүгері, бидай, арпа дақылдарының көлемі артқан. Атап айтсақ, жоңышқа 1329 гектарға, жүгері 298 гектарға, бидай 30 гектарға, арпа 12 гектарға артық егілген. Ал егісті әрта­раптандыру бағытында алғаш рет 73 гектар қант құмайы, 39 гектар соя, 5 гектар сұлы, 2,5 гектар қант қызылшасы егіліпті.
– Былтыр су тапшылығын болдырмау үшін Мемлекет басшысының тікелей араласуымен егілген дақылдар жоғары өнім беріп, толық жиналды. Сонымен қатар аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес аудандағы бірнеше отбасына картоп, бақша дақылдарын егу үшін 250 гектар жер дайындалды. Ол 802 отбасыға үлестіріліп, 146 гектар картоп, 8 гектар көкөніс және 96 гектар бақша дақылдары егілді. Егілген дақылдар уақытылы, толы­ғымен жинап алынды. Уақыт талабына сай суды үнемдеу күн тәртібінен түспейді. Былтыр тамшылатып суару әдісімен «Ер-Әлі» шаруа қожалығы 25 гектар картоп, 2,5 гектар қант қызылшасы, 5 гектар сәбіз дақылдарын егіп, жоғары өнімге қол жеткізді. Шаруашылық өсірген кар­топ, сәбіз өнімдерін облыстың барлық аудандарында арзан бағада тұрғындарға ұсынды. Егіншінің еңбегі ерте көктемнен басталады. Жаздың аптап ыстығында кетпенін арқалап, атыздың басында жү­ретін, өзінің жанкешті еңбегімен күзде елді молшылыққа кенелтетін диқандар қауымының еңбегі қай кезде де, қандай қоғамда да құрметті, – деді аудан әкімі.
Айта кетейік, биыл ауданда 37052 гектар жерге агротехникалық талаптарға сай егiс орналастыру межеленген. Оның ішінде күріш көлемі – 19 800 гектар. Қазіргі таңда 750 гектар жаздық бидай, 520 гектар мақсары, 70 гектар арпа, 70 гектар қант құмайы, 64 гектар соя, 5 гектар сұлы, 4850 гектар жаңа жоңышқа орналастырылып, 7200 гектар ескі жоңышқа күтімге алынған. Сонымен қатар ауданда картоп, бақша дақылдарын егу үшін 500 гектар жаңадан жер дайындау жұмыстары жүргізілуде.
Қазіргі таңда 610 отбасы картоп, бақша дақылдарын егуге ниет білдірген. Жаңадан дайындалатын жерлер шаруа­­шылықтардың демеушілігімен ұйым­дас­тырылуда.
Аудан бойынша биыл 4950 тонна күріш тұқымы дайындалса, оның 362 тоннасы «Янтарь», 4 250 тоннасы «Лидер», 278 тоннасы «Маршал», 60 тоннасы «Сыр сұлуы» сұрпы екен.
Иә, еккен егіннің жемісті, өнімді бо­луы күтім мен тыңайтқыштарға тіке­лей байланысты. Осы орайда егісті күтіп-баптауға қажетті минералдық тыңайт­қыш­тар мен гербицидтер дайындау жұ­мыстары да жүргізілуде.


– Көктемгі егу жұмыстарына қажетті 10810 тонна минералдық тыңайтқыш, 24060 литр гербицидтің 5654 литрі сатып алынды. «Егін егемін десең, ал­дымен сайманыңды сайла» деген кө­реген ата-бабаларымыз. Осы ретте көк­темгі тіршілікте ауыл шаруашылығы тех­никалары шешуші рөл атқаратыны белгілі. Биыл егін егу жұмыстарына қатысатын 887 дана ауыл шаруашылығы техникасы толық жөнделіп, іске қосылды. Жыл басынан бүгінгі күнге дейін аудан шаруашылықтары 218,3 млн теңге қар­жыға 12 дана ауыл шаруашылығы тех­ни­каларын сатып алды, – деді аудан басшысы.
Асқарбек Есжанов мұнан бөлек «Таң ЛТД» ЖШС-ның жұмыс барысына да арнайы тоқталды. Былтыр серіктестік диқандары күріштің әр гектарынан 65 цент­нерден орташа өнім алған. Шаруашылық биыл да жоғары көрсеткішке қол жеткізуді жос­парлап отыр.
Серіктестік тек күріш егіп қана қоймай жоңышқа да өндіріп келеді. Биыл 104 гектар бидай, 343 гектар жаңа жоңышқа егіп, 351 гектар ескі жоңышқа дақылын күтімге алған. Онда 115 адам тұрақты жұмыс істейді. Серіктестік жыл сайын жоғары өнім алып, аудан, облыс көлемінде биік белестерден көрініп келеді.


Айта кетейік, бүгінде «Шардара» су қоймасында 5,03 млрд текше метр, «Көк­сарай» су реттегішінде 1,79 млрд текше метр су бар. «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясының мәліметіне сүйенсек, 2023 жылдың вегетациялық кезеңіне 3,8 млрд текше метр су пайдалану лимиті белгіленген, бұл былтырғы жылмен са­лыстырғанда 200 млн текше метрге артық.
Душанбе қаласында өтетін Мемле­кетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының (Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркменстан ел­дері кіреді) кезекті отырысында су пай­далану маусымындағы Сырдария өзе­нінің сулылығы болжамына сәйкес, «Шар­­дара» су қоймасына түсетін көлем нақтыланады. Болжам нақтыланған соң су лимиттері қайта белгіленеді.
Биыл қыс-көктем айларында «Нарын-Сырдария» каскадындағы қоймалардан төменгі ағысқа жіберілген мол судың арқасында каналдар мен көлдер жүйелері, шабындықтар суландырылған. Арал теңі­зінің суы 18,5 млрд текше метрден 20,140 млрд текше метрге көбейді.
Коммуналдық меншікке алынған 226 су шаруашылығы нысанын тазалау, жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылуда. Биыл облыстық бюджет есебінен елді мекендерді аяқ сумен қамтамасыз ету үшін 78 шақырым болатын 7 каналды тазалау, елді мекендерге 21 дана насос қондырғысын жеткізіп беру және 27 каналға жоба-сметалық құжат әзірлеу жұмыстары жүргізіледі.
Шаруашылықаралық каналдардың 68 пайызы, ішкі шаруашылықаралық канал­дардың 79 пайызы тазаланған. Су құрылыстарының шаруашылықаралық ка­налдарының 48 пайызына, ішкі шаруа­шылық каналдардың 70 пайызына және насос қондырғылардың 83 пайызына, гидробекеттердің 88 пайызына жөндеу жұмыстары жүргізілген.
«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы шеңберінде 2025 жылға қарай 16 ма­гистралды және шаруашылық кана­лын цифрландыру жоспарланған. «Қаз­сушар» РМК Қызылорда филиалы оның 5-еуіне, яғни 2 магистралды, 3 шаруа­шылықаралық каналға жоба-сметалық құжаттама әзірлеп, мемлекеттік сарап­тама қорытындысы алынды.
Суды тиімді пайдалану мақсатында облыс әкімдігі мен Австралияның «Rubicon Global» компаниясы арасында аймақтың суландыру жүйелерін авто­маттандыру, цифрландыру жобасын іске асыру туралы меморандумға қол қойылды. Меморандум республикалық мен­шіктегі Қызылорда солжаға магис­тральды каналы бойындағы аумақ­тар­дың суландыру жүйесін жаңғыртуды көздейді. Қазіргі таңда «Rubicon Global» компаниясы Қызылорда сол жаға магистральды каналына зерттеу жұмыс­тарын жүргізіп, жобасын ұсынды.
Мәжілісті қорытындылаған аймақ бас­шысы ауыл шаруашылығы экспор­тының үлесін арттыру, шаруашылықтарды қа­жетті жанар-жағармаймен қамту және егілген өнімді мұқият баптап, уақытылы жинап алу бойынша тапсырма берді.
Аграрлы ауданның салада жеткен жетістігін тізе берсек, толайым табыс көп. Бастысы, жергілікті диқандар рекордттық өнім алуды дәстүрге айналдырған. Жыл сайын күрішпен кірісін еселеген ауданның экономикасында қалыптасқан серпін бұл сөзіміщге дәлел.
Биыл да аудан жұрты көктемгі егін жұмыстарын бастап кетті. Оның үстіне өткен жылмен салыстырғанда күріш көлемі ұлғайған. Демек, биыл да салада асығымыз алшысынан түскелі тұр, қырман астыққа толып, еткен еңбек ақталсын дейміз.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: