Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

2°C

, Жұма, 22 қараша, 00:05

Халқы сүйген қаламгер

03.05.2023

8048

0

Ата-бабаларының ізін жалғап, халқының қасиетті сөз өнерін ұрпағына үлгі етіп қалдырған өнегелі әке, белгілі журналист Жұмабек Әбжәмиловтың шығармашылығын насихаттау, өмір жолын ұрпаққа таныту, зерттеп-зерделеу мақсатында аудандық кітапхана және Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Халқы сүйген қаламгер» атты ғылыми жоба байқауы өтті.

Жобаға ауданға қарасты білім ошақ­та­ры­нан 13-16 жас аралығындағы оқушылар қатысты. Олар II кезең бойынша сынға түсті. I кезеңде оқушылар қарымды қаламгердің өмір жолы мен шығар­ма­шылығын зерттесе, II кезеңде белгілі журналистке арнаған арнау өлеңдері мен эсселерін оқып, бақ сынады.
Шараға қара сөздің қаймағын қалқып, қоғам өмірімен етене араласып, ел аманатын арқалап өткен журналист Жұмабек ағамыздың көзің көрген, кезінде әріптес, дос-жаран болған жақындары мен туыстары, редакция ардагерлері мен баласы Мансұр келді. Шара барысында елім деп еміренген азамат туралы тың пікірлер мен естеліктер айтылды.
Сыр өңірінің руханиятына өзіндік үлес қосқан белгілі азамат, ақын, қаламы қарымды журналист, Жаңаталап ауылының ту­ма­сы Жұмабек Әбжәмиұлы 1956 жылы 15 маусымда дүниеге келді. 1963 жылы сол ауылда 8 жылдық мектептің та­бал­дырығын аттаған. 1971-1973 жылдары №117 орта мектепте 9-10 сыныпты бітіріп, ауылда жұмысшы болып еңбек еткен.
1974-1976 жылдары аралығында Совет армиясында болды.
Әскерден келген сон Алматы қаласындағы Қазақ Мем­ле­кеттік университетінің журналистика факультетін бітірді. Туған жерге оралып, аудандық «Жаңадария», қазіргі «Жалағаш жар­шысы» газетіне тілші болып жұмысқа орналасты. 1977 жылдың маусым айынан 1978 жылдың мамыр айына дейін аудандық газетте әдеби қызметкер, 1978-1987 жылдары аралығында аудандық радиохабардың ұйымдастырушысы қызметін атқарды. 1982 жылы СССР Журналистер одағының, 1988 жылдың шілде айынан бастап Совет Одағы Комунистік партиясының мүшесі болды. 1984-1989 жылдары еңбекші хаттары, ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарды. 1989 жылдан өмірінің соңына дейін аудандық газеттің жауапты хатшысы қызметін абыроймен атқарды.
Жұмабек ағамыз жары Ақалмаш апай екеуі бір қыз, үш ұл тәрбиелеген. Қазіргі таңда олардан он үш немере бар. Газетте жүріп, радио хабарларды ұйымдастыру жұмыс­та­ры­ның басшысы бола білген Жұмабек ағамыз 1991 жылдың 7 мамырында «Радио күні» дүниеден озды.
Тумысынан тұлғасы бөлек, артына елеулі қазына қалдырған қаламгердің шығармашылығына арналған жобада бақ сынаған жастардың барлығыдерлік зерттеу жұмыстарын кең көлемде жүргізгені көрініп-ақ тұр. Алайда білім бәйгесінде үздіктер лайықты бағасын алатыны анық. Рухани ордадағы тағылымды шараға қазылық еткен азаматтардың шешімімен жүлделі І орынды Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейінің 8 сынып оқушысы Мархабай Оралхан алды. Сонымен бірге Ә.Оңалбаев атындағы №117 орта мектептің 8 сынып оқушысы Нұрай Әпір мен З.Жарқынбаев атындағы №202 орта мектептің 8 сынып оқушысы Жаңыл Әбдімәлікқызы ІІ орынды иеленсе, ІІІ орынмен №188 мектептің 7 сынып оқушысы Балнұр Қыпшақбай, Әл-Фараби атындағы №201 мектеп-лицейінің 8 сынып оқушысы Зере Қайрулла, Ш.Ермағанбетова атындағы №246 мектептің 7 сынып оқушысы Дильназ Төлекова марапатталды.
Шара соңында жобаға қатысушылар қарымды қаламгердің өнегеге толы өмірі мен өнер жолын кейінгі ұрпақ санасында жаңғыртып, дәріптеу мақсатында аудан мектептерінің біріне немесе аудан орталығындағы көшеге Жұмабек ата­мыз­дың есімі берілсе, сонымен қатар қаламгердің өмірбаян, өлеңдерін, қолжазбаларын жинақтап, «Халқы сүйген қаламгер» атты кітап шығарылса деген ұсыныстарын білдірді.
Өмір жолы өскелең ұрпаққа да, өзгелерге де өнеге болар қа­рымды қаламгердің артында ұрпағынан бөлек ел есінен өшпес аңызға айналған аты, сарғайған парақтарда құнды мақалалары қалды.

Ақтоты Ержанқызы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: