Мемлекет басшысына Түркістан облысының Сарыағаш ауданында 5 жасар қыз баланың өлтірілгені жөніндегі қайғылы оқиға туралы мәлімет берілді, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Құқық қорғау органдары істі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Күдікті анықталды.
Қолда бар ақпарат бойынша, күдікті бұған дейін кісі өлтіргені үшін сотталып, 10 жылға бас бостандығынан айырылған. Биыл оған адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіргені үшін 3 жылға бас бостандығын шектеу жөнінде үкім шығарылған.
Президент Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне қайғылы оқиғаның мән-жайын мұқият тексеруді тапсырды. Мемлекет басшысы биыл шығарылған сот үкімінің заңдылығын қарастыру және адамға қатысты аса қауіпті қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейту маңызды деп санайды.
«Баланың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз», делінген Ақорда хабарламасында.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!