Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-1°C

, Бейсенбі, 26 желтоқсан, 16:05

Балық аулаудан бақ сынады

11.07.2023

199

0

– Асан қайғы елдің көшіп отырған тұрмысына қанағаттанбайды, халқының болашағын ойлап қамығады. Оның ойынша жер үстінде адамзат тіршілігінде көруі мүмкін жұмақ бар, аты – «Жерұйық». Онда жұрттың бәрі тең, бәрі де шат-шадыман тіршілік кешеді, ел аласы, ру таласы жоқ. Малға жай, елге ырыс осындай мекен барын ғайыптан болжап білген Асан қайғы енді сол жерді іздеп табу үшін желмаяға мініп, төңіректің төртбұрышын кезеді. Жолында кездескен тау, өзен, шұрайлы жерлерге тиісті баға беріп отырады. Ақыры Жерұйықты таба алмай, өксіп дүние кешеді. Ал аңызда Асан қайғының әкесі Сәбит Арал өңірінің Сырдария жағасын мекен еткені айтылады. Иә, Сыр өңірі халықтың тірлішілік етуіне ең қолайлы, жері шұрайлы мекен болғаны рас, қазірде солай. Сондықтан біз, әсіресе болашақ осы жердің егесі жастар табиғатымызға ерекше ілтипатпен, қамқорлықпен қарауымыз керек, – деген ақсақал қармағын көлге лақтырып қойып, аңыз арқылы жастарға өсиетін айтты.

Иә, өткен аптада Астана күніне орай аудан ардагерлері арасында дәстүрлі балық аулау жа­рысы өтті. Күн ұясынан көтеріле бас­­тағаннан-ақ қармағын асынып, ар­да­герлер уағдаласқан орынға жина­ла бас­­тады. Өздері ғана емес немере, шө­­берелерін де ерте келіпті. Жылдағы дәс­түрден жаңылмай, балық аулау бә­се­кесіне барлығы қызу дайындықпен келген.

Ардагерлер арасындағы додаға ау­дан әкімі Асқарбек Есжанов арнайы ке­ліп, қазыналы қарттарымызға сәттілік тілеп, өмір жолында адал қызмет еткен зей­неткерлеріміздің өңір үшін атқарған еңбегі зор екенін жеткізді.

– Қазіргі таңда аудандық ардагерлер кеңесі ауданда өтетін маңызды іс-ша­ра­лардың барлығына қатысып ке­ле­ді. Аудандық ардагерлер кеңесінің бас­тамасымен ардагерлер арасында шах­мат, дойбы тағы басқа спорт түрлерінен жарыстар өткізіліп, Қорқыт ата ке­се­несіне саяхаттап қайтты. Мұның өзі біздің ағаларымыз бен әкелеріміздің белсенділігін көрсетсе керек. Сондай-ақ ауданымыздың өркендеуі мен дамуы үшін өз қажыр-қайраттары мен ақыл-кеңестерің аямай келеді. Әрқашан азаматтық пен адамгершіліктің үлгісі, үлкенге құрмет, кішіге қамқор бола білген ақсақалдарды азамат ретінде та­­нимыз. Бұдан әрі де арамызда ақыл­шы, кеңесші бола жүріп, еліміздің игі­лігі үшін қоғам өміріне белсене ара­ла­­сады деп сенеміз. Мен сіздердің әр­­дайым осылай белсенді әрекетте бол­­ғандарыңызды қалаймын, – деді аудан әкімі Асқарбек Есжанов.

Айта кетейік, ауданымызда қазіргі таңда 4000-ға жуық зейнеткер бар. Олар 79 бастауыш ұйымда есепте тұ­ра­ды. Барлығы да өздеріне қамқор бо­­лар мекемелер мен ұйымдарға бекі­тілген. Ауданда бастауыш ардагерлер ұйымына тартылмаған бірде бір зей­неткер жоқ. Барлық ардагерлер ұйым­да­рының жұмыс істеуіне, өз міндеттерін ат­қаруы үшін қажетті жағдайлар жа­салған.

Жарыс өте тартысты өтті. Бала­лық шақтарын еске алса керек, ба­сында белсенділік танытпай тұрған қарт­тарымыз, уақыт өте қармақтарына жиі балық түсе бастады. Әрине, Сыр­да­рияның сағасында өскен ақсақал­дардың балық аулаудың қыр-сырын толық меңгергеніне ешкімнің де күмәні болмады. Сонымен сайыстың қоры­тындысы бойынша Аққыр ауылынан кел­ген 79 жастағы Үсен Шандыбаев есім­ді қария жүлделі бірінші орынды иеленді.

– Судың жағасында есейгесін болар, балық аулау таңсық іс емес. Шыны керек, ес білгелі қармақ салу ең жақсы көретін ісім. Бұрын бұл өңірдің суында балықтан көп нәрсе жоқ еді. Тұтас бір өңірді асырайтын жағдайда болатын. Қазір дариядан су тартылғалы, балық та қашты. Десе де қазірдің өзін­де ауыл маңындағы каналдардан ба­лық аулап тұрамын. Әрине, балық ау­лаудың ден­саулығыма пайдасы зор. Со­ның ар­қасында аяғым ауырмайды, денсау­лығым жақсы, – деді Үсен ақсақал.

Қазақ – қариясын сыйлаған халық. Қарияның батасынсыз қазақ қоға­мын­да қордалы байламдар жасалып, іс басталмаған. Бұл – атам заманнан бері келе жатқан игі дәстүр. Сол дәс­түрдің аясында бастау алған балық­шылар сайысы ардагерлердің батасымен бас­талып, түрлі марапатпен қо­ры­тын­ды­ланды. Шара соңында ар­да­герлер кеңе­сінің төрағасы Садық Әлиев балық ау­лауға қатысқан барлық арда­герлерге алғыс білдірді.

Иә, балық аулау сайысы тек жарыс ретінде емес, ардагерлеріміздің өскелең ұр­пақ алдындағы бірлігі дара жолын көр­сетер тағылымды шара ретінде маңызы зор.

Жандос МАХМҰТҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: