Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-6°C

, Жұма, 27 желтоқсан, 08:06

Елдің талап-тілегі ескерілді

19.07.2023

300

0

Ауылдың дамуы жолдардың жөнделуімен тікелей байланысты. Ақсу ауылының аудан орталығымен бaайланыстыратын автомобиль жолы тозығы жетіп, талай жылдан бері жөндеу жұмыстарын қажет етіп келген болатын. Кентке баратын жалғыз жолдың Ақсу тұрғындары үшін осы мәселе біраздан бері шешімін таппай келе жатқан еді. Нақтырақ айтсақ, жолдағы шұқырлар мен тозығы жеткен асфальт жабындысы жөнделмеген. Осыған байланысты биыл бюджеттен қаржы бөлініп, жазда жөндеу жұмыстары басталып кетті.

Иә, ақсулықтардың жиі қоз­ғай­тын өзекті мәселелерінің бірі – ауылға кіреберіс жолдың жай-күйі. Дегенмен ол жолдың жөнделетінін естіген ауылдағы ағайынның қуа­нышы ұзаққа созылмады. «Жол жөндеу жұмыстары қашан бітеді, ас­фальт сапасы нашар ғой» деген күмәнді сұрақтар көлік жүргізу­шілерді мазалай бастағаны да рас.

Аудандық тұрғын үй ком­му­налдық шаруашылық, жолау­шы­лар көлігі және автомобиль жол­­дары бөлімінің берген мәлі­ме­тінше, аудандық маңызы бар Ақсу ауылына кіреберіс автомо­биль жолын орташа жөндеу жұ­мыс­тарының мердігері болып, «Транс Сервис» ЖШС анықталған. Жалпы, жөнделетін жолдың ұзын­дығы – 2,33 шақырым, жоба құны – 76,6 млн теңге, келісім-шарт құны – 73,3 млн теңге. Осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстарына сәй­кес мердігер мекемеге 23,8 млн теңге төленген. Автомобиль жолын орташа жөндеу жұмыстары келісім-шарт талаптарына сәйкес 2023 жылы сәуір айының 11-іне басталып, 11 маусымда аяқталуы тиіс болатын.
Алайда бүгінге дейін жұ­мыс­тары толық аяқ­тал­май, тоқтап тұрды. Сол себеп­ті Қызылорда об­лысының аудан­ара­лық эконо­микалық сотына мердігер мекемені жосықсыз деп тану, тұрақ­сыздық айыппұлын өндіру және ЖСҚ сәйкес сапалы аяқтауды, шарт­тық міндеттемелерді толық орындауға міндеттеу жөнінде талап-арыз берілген.

Қазіргі таңда бұл сұ­рақтың жауабы оң шешімін тап­ты. Өткен аптада арнайы тех­ни­калар жұмыл­дырылып, аудан ор­­талы­ғынан бас­тап Ақсу ауы­лы­ның төлқұжаты орналасқан жер­ге дейін жаңа ас­фальт жабын­дысы төселді. Жақын арада кіреберіс жолдың қалған бөлігі де қайта жөнделетін болады.

– Кент пен елді мекен ара­сындағы бұл жолдың ауыл тұр­ғын­дары үшін маңызы жоғары. Күн сайын осы жол арқылы мыңдаған жолаушы жүріп өтеді. Шыны керек, аудан орталығына жақын орна­ласқандықтан жұмысымыз кент­те бітеді. Сондықтан бізге осы жол арқылы қатынауға тура ке­леді. Әрине жолдың нашар­лығы уақытпен қоса көліктің де жағдайын нашарлатады. Кіре­бе­ріс жол жөнделетінін естіп, қуан­ғанымыз рас. Дегенмен кешегі жағдай көңілімізді түсірді. Иә, ау­дан басшысына ризамыз, кө­лік жолының ақсулықтар үшін ма­ңыз­­дылығын түсініп, мәселені өзі­­­нің жеке бақылауына алды. Бү­гінде жаңа асфальт қайта төсе­ліп жатыр. Шүкір дейміз, осы жылы ауылға көгілдір отын да келетін болды. Ауыз суымыз, жарығымыз бар, адамға бұдан артық қандай жайлылық керек? Ең бастысы, ағайын арасында бірлік болса, бар­лық жұмыс та бітері сөзсіз, – дейді ауыл тұрғыны Айнұр Смайлова.

Иә, тақтайдай тегіс, түнде ша­мы жарқыраған ауылға кіреберіс жол­мен жүрген тұрғындардың көңілі көтеріңкі болары анық. Ақ­суда қазір бірліктен туындаған бе­ре­келі тірлік көп. Бүгінде ақсулық­тардың ұсынысына сәйкес 3 ішкі көшенің жөндеу жұмыстары үшін жоба сметалық құжаттар дайын­далуда. Мұнан бөлек осы жылы елді мекендегі тұрғын үйлер сек­торының электр желілерінің құры­лысы басталады. Ауыл халқы үшін ең қуанышты, көптен күткен жаңа­лықтың бірі Ақсуға биыл көгілдір отын жүргізіледі. Бүгінде газ тарату желілерінің және жеткізуші газ құбырының құрылысына облыстық бюджеттен 20 млн теңге бөлініп, мердігер мекеме анықталған.

Жалпы, ауданда жетістіктер же­терлік. Өйткені атқарылған ау­қым­ды жобалар халықтың көз алдында. Қаншама нысан пайда­ла­нуға берілсе, сол жобалар қа­зір халық үшін қызмет етуде. Оған қоса кенттегі, ауылдық елді ме­кен­дегі бірнеше көше жөндеуден өтуде. Аудан тарихында болмаған қаржы тартылып, өңір бюджеті ау­данды көркейту-көгалдандыру жұ­мыс­тарына бағытталды.

Мәселен, қазіргі таңда Жалағаш кентіндегі М.Шәменов көшесіне күр­­делі жөндеу жұмыстары жүріп, жаңа асфальт жабындысы төсе­ліп, жаяу жүргіншілер жолы са­лын­ған. Мұнан бөлек З.Ижанов, Т.Әбжалиев, Жеңістің 50 жылдығы, А.Қазыбеков, Қ.Нүрпейісов, Жел­тоқ­сан, Мысық би, А.Бектібаев, І.Нүр­кенов, И.Панфилов, барлығы 10 көшеге күрделі жөндеу жұмыс­тары қарқынды жүргізілуде.

Кент тұрғындарының ұсыны­сы­на сәйкес Өмірбай шешен көшесі Мырзалиевтен Қалыбаев көшесіне дейін кеңейтіліп, тас төселді. Сәрке батыр көшесінің тұйығында тұратын халықтың тілегі орындалып, көшеге жарықтандыру және тас төсеу жұмыстары жасалды. Жалағаш кен­тіндегі ПМК-09 көшесіне тас төсеу жұмыстарына мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: