Мақаламызды белгілі жазушы Дулат Исабековтің сценариі бойынша жазылған «Гауһартас» кинофильмінен бастауды жөн көрдік. 1975 жылы кинорежиссер Шәріп Бисенбаевтың түсірген осы кинофильмі арада 48 жыл өтсе де әлі экраннан түскен жоқ. Қазақ киноматографиясындағы сәтті шыққан бұл көркем туынды қанша көрсең де жалықтырмайды. Оның басты себептерінің бірі – ұлттық тәрбие мен отбасы құндылықтарын үлгі етуі. Ал фильмнің лейтмотиві – «Гәуһартас» әні.
Иә, ән бұдан екі ғасыр бұрын өмір сүрген қайталанбас өнер иесі Сегізсерінікі. Сегізсері жайлы және аталған әннің тарихы туралы «Сыр бойы» газетінің 2023 жылдың 7 қаңтар күнгі санында жарияланған «Гауһартас» атты мақаламда кеңірек тоқталғанмын. Сондықтан кіріспені ұзартпай-ақ қояйын.
…Жазушы Дулат Исабеков 1966 жылы ҚАЗМУ-ды бітіргесін (Сол жылдары аталған жоғары оқу орнында әскери кафедра болмаған) желтоқсан айында әскер қатарына алынып, ерекше обьектіні күзететін Мәскеу түбіндегі Кубинка деген станса төңірегінде орналасқан ерекше батальонға келеді.
«Орыс орманының іші, мойнымызда автомат, биік мұнараның үстінде кезектесіп қарауылда тұрамыз. Бір күні ерте азанда алдымдағы қыстақтан таныс ән естілді. «Маяк» радиотолқынынан алакеуімдегі жым-жырт тыныштықты бұзып, Бибігүл Төлегенова апамыз «Гауартасты» шырқап жатты. Ап-анық естіліп тұр. Бұрында да «Гауһартасты» сүйсініп тыңдаушы едім, ал туған елден шалғайда тыңдаған сәтте сағыныш жүректі елжіретіп, көзімнен жас шығып кетті. Бірдеңе жазу керек болды. Әнші туралы ма, әлде ән туралы ма? Ақыры, ән туралы жазуға тоқталдым. Ротада қазақ жігіттері көп еді, күнде кешкілік жиналып маған келеді. Менің бірнәрсе жазып жүргенімді біліп, «оқыңызшы» деп қасымнан шықпайды. Өтініштерін орындаймын. Не керек, күнде жазғанымды соларға күнде оқып, тыңдататын болдым. Тыңдаушыларым «Енді не болар екен?» деп әр кешті асыға күтеді. Сөйтіп екі айда повесті жазып бітірдім. Әдепкіде «Дала еркесі» деген едім, кейін повесті «Гауһартас» деп өзгерттім» деп еске алады Дулат ағамыз.
Әскерден оралған соң повесін машинкаға басып, «Жұлдыз» журналына апарып береді. Бас редактор Сырбай Мәуленовтің риза болғандағысы шығар: – Мына жігітпен мені таныстырыңдаршы, – депті.
Повесть журналға басылып шығып, оқырман қауымның қызығушылығын тудырған. Небары 24 жастағы жас жігіттің бұл повесін белгілі жазушылар мен өнер иелері жоғары бағалайды. Ақыры повесть бойынша киносценарий жазу тапсырылады. Сол кезеңде кино шығару оңай болмаған. Сценарий жарай ма, жарамай ма, соңғы нүктені Мәскеу қояды екен. Сәті болғанда КСРО орталық комитетінің «Қазақстанда қой санын 50 миллионға жеткізу керек» деп ұрандатып жатқан тұсына сәйкес келіп, шопандар өмірінен алынған «Гауһартас» жарап кетіпті…
Повесті киносценариға айналдырып жазу оңайға соқпаған. Сценарий дайын болған соң «Қазақфильм» басшылары режиссер таңдайды. «Қазақфильмнің» директоры Камал Смайылов екен. Әкім Тарази екеуі ақылдасқасын таңдау Шәріп Бисенбаевқа түседі. Әдепкіде Дулат Исабековке қазақ тілін нашар білетін Шәріп ұнай қоймайды. Десе де ол кісі іске бекем кіріседі. Басты кейіпкер Салтанаттың рөліне режиссер орта мектепті енді ғана бітіріп, жоғары оқу орнының бірінші курсына түсіп жатқан 17 жасар Жанна Қуанышеваны алады. Жанна Қуанышева – бүгінде Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Қазақфильм» киностудиясы кастинг бөлімінің меңгерушісі. 1975 жылдың қыркүйек айында түсіріле бастаған кинофильм қараша айында аяқталады. Енді мақаламыздың негізгі тақырыбына қарай ойысайық…
Ұмытпасам, 1979 жылдың жазында бір себептермен Алматы қаласына жол түсті. Жол бастаушым Жалағаш ауданының Таң ауылындағы №118 орта мектеп диреторы Қайырберген Әбдиев еді. «Қазақстан» қонақ үйіне орналасып, демалып алғасын Қайрекең осы қалада туған бөлесі тұратынын айтып, «сәлем беріп қайтайық» деді. Күн жексенбі еді. Бардық. Үй иелері жылы қарсы алды. Қайрекең мені таныстырды. Үй иесі:
– Мен полковник Қайназаров Елеусін деген ағаң боламын. Ішкі істер министрлігінде қызмет етемін. Мына кісі жеңгең, Сәжида Ахметова, Қыздар педагогикалық институтында оқытушы, – деді шай құйып отырған сүйкімді келіншегін нұсқап.
Әңгіме арасында жеңгеміздің әнші екенін, белгілі композиторлардың өтініші бойынша қазақ радиосынан олардың шығарған әндерін орындап, тапсырыспен инценировка да жасайтынын білдік. Он бір жасында Қызылорда қаласында оқушылардың республикалық ән фестивалі өтіп, сонда «Гәккуді» айтып, «Кішкентай Күләш» атаныпты.
1959 жылы Қыздар педагогикалық институтының 3 курсында оқып жүргенінде Сәжиданы Шәмші Қалдаяқов іздеп келіп, «Ақмаңдайлым» әнін радиода орындап беруін сұраған. «Бұл мен үшін үлкен мәртебе еді» дейді жеңгеміз.
Қазақ радиосының алтын қорында Сәжиданың да айтуындағы (Роза Бағланова апамыз ғой әнді алғаш орындаған.) «Ақмаңдайлым» әні сақталған. Оны бірнеше мәрте тыңдағаным бар. Таза, үйлесімді, әсем ырғақ, керемет дауыс. Сөзден сөз шығып, Елеусін аға: – Сәжида «Гауһартас» кинофильміндегі әндерді орындаған, – деді.
Біз таң қалдық. Кинофильмде «Гауһартасты» айтқан Бибігүл Төлегенова немесе Жанна Қуанышеваның өзі шығар деп жүретінбіз.
– Сонда қалай, сіз киноға қалай бардыңыз, – деп сұрап қалдым.
– Мені режиссер Шәріп Бисенбаев өзі шақырды. Ол кісі «Сәжида, кинофильмдегі «Гауһартасты» айтуды саған сеніп тапсырғалы отырмын» деді.
– Бибігүл апа бар ғой, – деп едім.
– Ол кісі профессионал, Салтанат рөліне келмейді, – дегесін, мен келістім.
– Онда кеттік…
«Айтып бердім. Ұнатты білемін, бірден қабылдады. Мұны кино тілімен айтсақ, бір дубльде жазып алынды деген сөз» деді ол.
– Жеңгелерің өзін көрсетуге тырыспайтын кісі, атаққа да қызыға қоймайтын қарапайым жан, әнді орындағанымен фильм аяғындағы титрға жазылмай кеткен. Бұл кісі де өкпе деген жоқ, тек бауыр ғана бар, – деп күлді Елеусін аға.
Сөйтсек, бұған дейін де Сәжида жеңгей ерекше лирикалық сопрано даусымен белгілі композиторлар Әбілахат Еспаевтың, Нұрғиса Тілендиевтің, Шәмші Қалдаяқовтың, Әсет Бейсеуовтың, Мыңжасар Маңғытаевтың, Бақытжан Байқадамовтың, Дүңгенбай Ботбаевтың әндерін және көптеген халық әндерін қазақ радиосынан келістіре шырқапты (Теледидар дегеніңіз жоқ кез ғой).
Қонақжай әрі кең пейілді Елеусін аға мен жібектей жұмсақ мінезді, сыпайы Сәжида жеңгенің отбасында әңгімемен біраз отырдық. Сәл ертеректе Елеусін Қайназаровтың Алматы қаласы ішкі істер басқармасының бастығы болып қызмет еткенінен де хабардар болдық. Өзі де ән сала білетін, өнерді сүйетін ағамыз зайыбын қолдап, өнерін өрбітуіне мүмкіндік жасаған. Бір-бірін жете түсінген. Ерлі-зайыптылардың достары арасында да сыйлы екенін сөздерінен аңғардық. Отырыстарда екеуі қосылып ән салатын көрінеді. Қатар құрбылары оларды «Ән қанатындағы махаббат» деп құрметтеген. Осы жерде Елеусін Қайназаровтың Сыр бойының азаматы екенін айта кету керек.
…Арада көп жылдар өткен. 2015 жылы «Гауһартас» кинофильмінің экранға шыққанына 40 жыл толғаны аталып өтіледі. Біз көрген бір телехабарға «Гауһартастың» авторы, жазушы Дулат Исабеков, Салтанат рөлін сомдаған Жанна Қуанышева, Салтанаттың қайнысы Қайыркенді ойнаған Сапарғали Жәкішев және фильмдегі әндерді орындаған Сәжида Ахметова келді. Кинофильмнен кейін, яғни 1975 жылдан бері әртістер бір-бірін көріп, біліспеген екен. Жақсы жүздесті. Жүргізуші мен бағдарламаға қатысушылар Сәжида апаларынан «Гауһартасты» орындап беруін өтінді. Сәжида мақұл көріп, әннің бір шумағы мен қайырмасын айтты.
– Баяғы дауысы, керемет, – деп қошеметтеді Дулат ағамыз.
Өзгелері ризашылықпен алақан соққан. Осы жүздесуде сценарий авторы Дулат Исабековке мынадай сұрақ қойылды: – Дулат аға, сіз повестегі Салтанат образын қалай таңдадыңыз?
Жауап: – Салтанат – қазақтың қаракөз қыздарының жиынтық образы. Салтанат – «Гауһартас» әнінің прототипі. Бұлай дейтінім ән мәтінінің өзі:
Ажарың ашық екен атқан таңдай,
Нұрлы екен екі көзің жаққан шамдай.
Анаңнан сені тапқан айналайын,
Күлім көз, оймақ ауыз, жазық маңдай, – деп қыз портретін беріп тұрған жоқ па, мен сол суретті көшіріп ала қойдым.
Күні бүгінге дейін экраннан түспеген кинофильмнің өміршеңдігі біріншіден, жоғарыда атап кетендей, ұлттық және отбасылық құндылықтарында екені даусыз. Екіншіден, сценаридің келісті жазылғандығында. Үшіншіден, фильмнің сұлу табиғаттың аясында түсірілгені деп айтар едік.
Сол жылы қуаңшылық болып, кинофильм түсірілетін жер біраз іздестіріледі. Ақырында Талдықорған облысының Ақсу ауылы маңындағы «Баласан» деген жерге тоқтайды. Шындығында бұл жер керемет табиғат орны екен. Қарап көрсеңіз, өркеш-өркеш тау жоталары, теп-тегіс су айдындары, орман-тоғай, сай бойын қуалап өскен қызылды-жасылды гүлдер өзара гармониялық үйлесім тауып, жапандағы жалғыз қойшы үйін көмкеріп тұр. Төртіншіден, фильмнің ажары – «Гауһартас» әні. Ал әннің орындаушысы – Бибігүл де, Жанна да емес, Сәжида Ахметова.
Бесіншіден, кинофильмде қазақ өнерінің тарландары Кәукен Кенжетаев, Әмина Өмірзақова, Әнуар Боранбаев, Досхан Жолжақсынов ойнаған.
Мақала соңында Сәжида Ахметованың өмір дерегінен азды-кем мағұлмат бере кетейік. Сәжида Ахметова 1938 жылы туған. Әншілік өнер анасынан дарыған сыңайлы. Анасы татар ұлтынан екен. Қазанның, Петропавлдың сахналарында ән салыпты. Сәжиданы кішкентайынан өнерге баулыған. Сәжиданың зеректігі, естіген әнін бірден қағып ала қоятын құймақұлақтығы анасына тартса керек. Әншінің өзі де мұны жоққа шығармайды. Сезімталдық, әнге деген құштарлық, қайталана бермейтін табиғи дарын, нота сауаты болмаса да композиторлар ұсынған әнді лезде үйреніп, оларды қазақ радиосына уақытылы жаздырып отырған.
Қыздар педагогикалық институтын үздік бітірген Сәжида Ахметованы ректорат өздеріне оқытушылық қызметке алып қалады. Бұл 1961 жылы болса керек. Осы оқу орнында ұстаздық ете жүріп, кандидаттық диссертация қорғаған. Доцент атағын алған. Ән еркесі Сәжиданың орындауындағы қазақтың халық әндері «Ахау керім», «Әйкен-ай», «Елигай» Шәмшінің «Ақмаңдайлым», «Қайықта», Әбілахат Еспаевтың «Сайра, сайра сандуғашым», Өмірбек Байділдаевтың «Туған ел» тағы басқа көптеген әндері жүректі баурайды…
Сәжида жеңгей өмірлік жолдасы Елеусін аға екеуі үш қыз тәрбиелеп өсіреді. Сәжида Ахметова қазақ радиосындағы әншілік және радиоқойылымдарды шебер дыбыстағаны үшін КСРО Мәдениет министрлігінің «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. 1993 жылы құрметті еңбек демалысына шыққан. Институттағы оқытушылық қызметін жалғастыра беруге де болады екен, алайда немерелерінің тәрбиесімен айналысуды жөн көреді…
Олар жоғары білім алып, өмірден өз орындарын тауыпты. Еңбектері қайтып, немерелері шетінен өнерлі болған. Дүниеге шөберелер келген. Атам қазақтан «Екі жақсы бас қосса, бірін-бірі қимайды» деген асыл сөз қалған. Амал бар ма, мәңгілік өмір жоқ ғой, Елеусін Қайназаров ағамыз 2004 жылы, ал Сәжида жеңгей бертінде, 2019 жылы дүние салған. Соңдарында ізгі жол қалды.
Темірбек ЕСЖАНОВ,
ҚР білім беру ісінің
құрметті қызметкері,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!