Өткен демалыс күндері «Пәленшенің баласы мемлекеттік грантты жеңіп, оқуға түсіпті» деген сөздерді жиі естіп, бірге қуанып жатырмыз. Иә, 4 тамызда Мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау жөніндегі республикалық комиссия өз жұмысын аяқтап, мемлекеттік грант иегерлерінің тізімін жариялады. Грантқа үміткерлердің өтінімдерін комиссия мүшелері қараған. Оның құрамына министрліктің, мемлекеттік органдардың, бiлiм саласы кәсiподақтарының, ҚР Ұлттық кәсiпкерлер палатасы, бұқаралық ақпарат құралдары, Қазақстанның азаматтық альянсы және қоғамдық ұйым өкілдері кіреді. Талапкерлердің ҰБТ-да жинаған балдарына және бекітілген ережелерге сәйкес конкурстық негізде гранттар тағайындалған.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, ҰБТ басталғалы мектеп бітірушілердің 78 пайызы шекті балл жинап, орташа балл 69-ды құраған. ҰБТ кезінде ең жоғары балл 137 болған.
Биыл гранттарды тағайындау конкурсына қатысу үшін 94 мың талапкер құжат тапсырған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14 мыңға артық. Жалпы, 2023-2024 оқу жылына 88 мың білім беру гранты бөлінген. Оның ішінде бакалавриатта оқу үшін 73 мың, магистратураға 13 мың, докторантураға 1890 грант қарастырылған. Атап айтқанда, педагогикаға – 12 560, өнер және гуманитарлық ғылымдарға – 1615, әлеуметтік ғылымдарға – 960, бизнес, басқару және құқыққа – 1223, жаратылыстану ғылымдарына – 7388, АКТ – 10 103, инженерлік, өңдеу және құрылыс саласына – 18 744, ауыл шаруашылық саласына – 2273, ветеринарияға – 975 мемлекеттік грант үлестірілген. Грантқа үміткерлер арасында ұпайлар теңдігі жағдайында басым құқыққа ие болатын 20 мыңға жуық талапкер, олардың ішінде «Алтын белгі» иегерлері, халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары, оқу үздіктері бар. Сондай-ақ гранттарды үйлестіру барысында әлеуметтік осал санаттағы балалардың квоталары ескерілген.
Тағы айта кететін жайт, бір гранттық орынға ең үлкен конкурс «Стоматология» мамандығы бойынша болған. Бұл мамандыққа 22 талапкер бір орынға таласқан. «Халықаралық қатынастар және дипломатия» мамандығы бойынша бір орынға 14 адам, «Құқық» 11 адам, «Музыка мұғалімдерін даярлау», «Дене шынықтыру мұғалімдерін даярлау» және «Психология» мамандықтарына 10 адамнан бақталасқан.
Бір қуантарлығы, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, гранттың 60 пайызы инженерлік-техникалық мамандықтарды қамтыған. Сондай-ақ тығыз орналасқан, жаңа құрылған және батыс аймақтарындағы жастар үшін де арнайы грант бөлініпті. Биыл өңірлік ЖОО-ларға бөлінетін педагогикалық квота саны артып, 6280 грант бөлінгенін ерекше атап өтуге болады. Ал Серпін бағдарламасы бойынша 3653 грант бөлінген.
Биыл аудан бойынша жалпы білім беретін 20 мектептен 356 түлек бітіріп шықты. Олардың ҰБТ-ға 329-ы, яғни 92,4 пайыз қатысып, мемлекеттік грант конкурсына 302-і өтініш білдірген. Нәтижесінде өтініш білдіргендердің 86,1 пайызы, яғни 260 түлек мемлекеттік грант иегері атанған. Нақтырақ тоқталсақ, оның ішінде педагогикалық мамандықтарға – 113, техникалық мамандықтарға – 56, медициналық мамандықтарға – 18, ауыл шаруашылығы мамандықтарына – 36, басқа да мамандықтарға – 37 бітіруші түлек тегін оқитын болады.
Бұл өңіріміз үшін үлкен жетістік. 11 жыл бойы білім нәрін сіңірген ұстаздарының еңбегін ақтаған өңір түлектері жалағаштықтарды бір қуантты. Иә, білім алу оңай дүние емес, қазақ «Білім инемен құдық қазғандай» деп бекер айтпаса керек, сондықтан жастарға білім алу жолында сәт-сапар тілейміз.
Жандос АРЫН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!