Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-2°C

, Сәрсенбі, 25 желтоқсан, 17:58

Әділ сот – ел кемелдігінің көрінісі

08.08.2023

437

0

Биыл Қызылорда облыстық сотының құрылғанына – 85 жыл толды. Тарихқа көз жүгіртсек, Қызылорда дербес облыс ретінде 1938 жылы құрылған. 1938 жылға дейін он жыл бойы облыс көлемінде ҚазАКСР Халықтық Әділет комиссариатына бағынысты округтік сот жұмыс істеген.Округтік сот Заңмен белгіленген істерді жүргізу жөніндегі бірінші сатыдағы, ал бағынысындағы халық соттары ісі жөніндегі екінші сатыдағы сот болып бөлек есептелді. Аталмыш соттың құзырына Қызылорда, Қазалы, Арал қалалық және 140 елді мекендерді қамтыған Қызылорда, Шиелі, Қараөзек, Қазалы, Қармақшы, Қарсақпай, Аламесек аудандарының соттары қарады.

Жалпы кеңестік жүйедегі округтік сот ісін жүргізу бірден қалыпты жағдайда дамуына мүмкіндіктері болмаған. Округтік соттың штаты мейлінше аз болған. Қызылорда округтік сотында қылмыстық және азаматтық бөлімдерді бірге есептегенде небәрі 12 адам ғана қызмет атқарды. Төрағалардың, жетекші мамандардың жиі ауысуы жұмыстың жүйелі жүруіне кедергі келтіріп отырған. 1930 жылдың желтоқсан айында Қызылорда округтік халық соты Сыр өңіріндегі әкімшілік-аумақтық бөлініске байланысты таратылып, 1931 жылдан бастап аймақтағы сот істерін Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының көшпелі сессиясы атқара бастады.
Облыстық соттың жаңа тарихи кезеңі жоғарыда аталғандай 1938 жылдың 15 қаңтарында Қызыл­орданың облыс ретінде құрылуымен байланысты.Сол 1938 жылдың 4 наурызында облыстық соты құрылды. Осы кезеңнен бері Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін жариялағанға дейінгі уақытта отандық сот жүйесі бірнеше мәрте реформаланып, өзінің тарихи даму кезеңдерінен өтті.
Егемендік алғаннан кейін Қызылорда облыстық сотының жұмысы бірден жақсарып кетті деуіміз жалған болар, себебі кіршіксіз ешнәрседе болмайды. Сот жүйесін жақсартуда ғимараттар, жаңа үлгімен жабдықталған сот залдары, компьютерлер, білімді қадрлердің жетіспеушілігі байқалды.Барлық аудан­дарда дерлік партия, кеңес органдарынан босаған көрнекті ғимараттар соттарға беріле бастады. Қаланың ең көрікті жері қала алаңында орналасқан әсем ғимарат соттарға берілді. Бұл ғимаратта Қызылорда облыстық, қалалық, мамандандырылған ауданаралық экономикалық, әкімшілік соттары, әділет басқармасы мекемелері орналастырылды.
Өткен тарихты бағалай отыра облыстық сотта әр кезеңде қызмет атқарған аға буынға құрметіміз шексіз. Осынау ғасырға жуық өз тарихындаоблыс соттары еліміздің тұрақты дамуына зор үлес қосып, қоғам және мемлекет өмірінде туындайтын жан­жалдар мен даулардыәділ шешу бағытында небір күрделі, тағдырлы істерге төрелік етті. Бүгінде об­лыстық соттың судьялар корпусы азаматтардың конституциялық құқықтарының қорғалуына, заң үс­темдігінің берік орнығуына және сот тәуелсіздігінің нығаюына сүбелі үлес қосып келеді.
Еліміз өз Тәуелсіздігін жариялаған жылы «Қа­зақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданып, елде мемлекеттік билікті заңнамалық деңгейде: заң шы­ғарушы, атқарушы және сот билігіне бөлу қағидаттары енгізілді. Содан бері сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайтуға бағытталған маңызды заңдарды қабылдау, шығару жұмыстары кеңінен жүргізілді.Сот жүйесінің тәуелсіздігі қағидаттарының негізгі кепілдіктері Конституцияда қаланды. Осының негізінде Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот қана жүзеге асырады. Сот жүйесінде түбегейлі өзгерістер орын алып, мемлекеттік биліктің дербес тармағы – соттың іргетасы қаланды.
Сол уақыттан басталған реформа кезең-кезеңімен заң-ережелер, бағдарламалар, халықаралық тәжірибе және сарапшылардың талқылауымен жетілдіріліп келеді. Қызылорда облыстық соты да Сот төрелігін тәуелсіз де бейтарап және әділетті жүзеге асыруды қамтамасыз ету мақсатында, қылмыстық сот ісін жүргізуіне алқабилер институты енгізілді, тұтқындауға санкцияны соттың беруі бекітілді, экономикалық, әкім­шілік, кәмелеттік жасқа толмағандар, аса ауыр қыл­мыстық істерді қарайтын мамандандырылған соттар құрылып қызметін бастады.
Тәуелсіздік алған жылдардағы реформалар за­ман ағымына сай кезең-кезеңімен үздіксіз жетіл­ді­ріліп отырды. Соның жалғасы ретінде 2000 жылы «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судья­ларының мәртебесі туралы» Конституциялық заң­ның қабылдануына орай жаңа қарқын алды. Заңда республикадағы сот құрылымының принципті жаңа нормалары, соттардың қызметін ұйымдастыру тәр­тіптері белгіленді.Арада екі жыл өткен соң мемлекеттік Құқықтық саясат тұжырымдамасы қабылданды. Бұл тұжырымдамада сот жүйесін жетілдірудің, судья­лардың тәуелсіздігін нығайтудың негізгі критерийлері тағы да айқындалды. Сот жүйесін одан әрі жетілдіру мақсатында экономикалық, әкімшілік, ювеналдық және басқа да арнаулы соттар институтын дамыту мәселесін қарастыру, сондай-ақ азаматтық-құқықтық дауларды шешудің балама әдістерін, мысалы, аралық соттардың қызметін заңмен реттеу, оларды ха­лық­аралық стандарттарға жақындата отырып, қарастыру көзделді. Аталған тұжырымдамаға сәйкес, Президенттің Жарлықтарымен мамандандырылған ау­данаралық экономикалық және әкімшілік соттар, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі маман­дандырылған ауданаралық соттар құрылды.
Қазір Сот жүйесінің көп сатылығы жойылды, судьялардың кадрлық іріктеу жүйесі жаңғыртылды, су­дьялар әдебінің жаңа кодексі қабылданды.Тарап­тарды бітістіру рәсімдері мен дауларды соттан тыс реттеу тетіктерін жетілдіру қолға алынды.Сот жүк­темесі азайтылды, сот актілерін ұғынықты тілде түсіндіру тәжірибесі енгізілді, жаңа электрондық сер­вистер мен жобалар іске қосылды, сот жүйесінің материалдық базасы нығайтылды, өңірлерде фронт кеңселер ашылды. Бұл батыл қадамдар мен сан-салалы жұмыстар сот жүйесін белсенді дамытудың жаңа қырын қалыптастырып, судьялардың жұмысына тың серпін беріп отыр.
Аян АЛТЫНБАЕВ,
аудандық сот әкімшісінің басшысы,
Қызылорда облыстық судьялар
одағының мүшесі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: