Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-7°C

, Жексенбі, 22 желтоқсан, 08:54

113 454 тонна күріш қамбаға құйылды

28.11.2023

521

0

Биыл да диқандарға аяқ су мәселесі оңай болған жоқ, күздің соңғы айы да түгесілуге таяу, қарашаның аяғына дейін қарық қылып жаңбыр да түспеді. Келер жылы бұл мәселенің қайталануы бек мүмкін. Десе де диқандар ала жаздай күріштің күтіміне басымдық берді. Ал оның нәтижесі қалай? Осы және өзге де бірқатар сауалымызға жауап алу үшін аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Алтынбек Дәрібаевпен сұхбаттасқан едік…

– Алтынбек Тұрмағанбетұлы, биыл ауданда қанша гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егілді? Әңгі­мемізді осы сауалдың жауабымен бас­тасақ…
– Биыл көктемгі науқанда ауданда 37079 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Оның ішінде Сырдың басты дақылы 19 800 гектарды құрайды. Мұнан бөлек жаздық бидай 750, арпа 70, дәндік жүгері 700, мақсары 520, қант құмайы 70, соя 64, сұлы 5, жаңа жоңышқа 4850 гектарға егіліп, 7 200 гектар ескі жоңышқа күтімге алынды. Бақша дақылдарына келсек, 646 гектар картоп, 1 108 гектар көкөкніс, сондай-ақ 1296 гектарға басқа да бақша дақылдары егілді.
– Соңғы жылдары аяқ су мәселесі диқандарға айтарлықтай кедергі келтіруде. Биыл өнімнің бітік шығуына бұл мәселе айтарлықтай қолбайлау болған жоқ па?
– Биыл егінді орналастыру, күтіп-баптау жұмыстарында су тапшылығы орын алды. Егінді сумен қамтамасыз ету үшін аудан шаруашылықтары 45 сутартқыш насос қондырғысын пайдаланды. 2023 жылы су алу науқанына жоспарланған көлем 1040,15 млн текше метр болды. Оның ішінде егінге пайдаланатыны – 840,15 млн текше метр, экологиялық қажеттілікке 200 млн текше метр болып белгіленді. Нақты ауданға келген су көлемі – 929,18 млн текше метр, яғни жоспардың 89,3 пайызы жеткізілді. Оның ішінде 793,75 млн текше метр су егінге пайдаланылды.
– Жиын-терімнің кезінде техни­кадан мәселе болды ма? Жалпы шаруа­шылықтардың техникалық базасын жаңарту жұмыстарына көңіліңіз тола ма?
– Егін жинау жұмыстарына 1 120 ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылды. Тарқатып айтсақ, 275 комбайн, 498 трактор, 121 жатка, 58 жүк көлігі, 168 трактор тіркемесі бар. Аудан шаруашылықтары техника паркін жаңарту жұмыстарын үнемі жүргізіп келеді. Биыл 561 млн теңгеге 18 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Алдағы уақытта да заманауи, озық үлгідегі техникалар алуға басымдық беретіндер бар.
– Шаруашылықтардың жеңілде­тіл­ген бағамен жанармай алуында мәсе­лелер болды ма?
– Күзгі егін жинау жұмыстарына GosAgro.kz порталы арқылы аудан шаруа­шылықтары тарапынан 1949 тонна («РК Мұнай» ЖШС 959,6 тн, «Жібек Жолы» ЖШС 989,4 тн) жеңілдетілген дизель жанармайына өтінім берілген. Аудандағы 61 құрылым 1785 тонна (жоспардың 91,6 пайызы алынған) жеңілдетілген дизель жанармайын алды. Оның ішінде «РК Мұнай» ЖШС-дан 45 шаруашылық 995 тонна, «Жібек Жолы» ЖШС-дан 16 шаруашылық 790 тонна жанармай алды.
– Жаңа аяқ судың биыл да қат болғанын айттыңыз, оның алдын алу­дың бірқатар амалын да тауып­сыздар, нәтиже қалай? Биыл өнім қалай болды?
– Көктемгі науқанда орналастырылған 19 800 гектар күріштің әр гектарынан 57,3 центнерден өнім алынды. Биыл жалпы күріш алқаптарынан шаруашылықтар барлығы 1 134 540 центнер өнім жиды.
Мұнан бөлек 750 гектар жаздық бидайдың әр гектарынан 8,2 центнерден өнім алынып, қамбаға 6 150 центнер астық түсті. Сондай-ақ 70 гектар арпаның әр гектарынан 8,7 центнерден, 700 гектар дәндік жүгерінің әр гектарынан 42 центнерден, мақсарының әр гектарынан 8,9 центнерден, қант құмайының әр гектарынан 4 центнерден өнім алынды. Мұнан бөлек 1120 центнер соя, 70 центнер сұлы, 59 622 центнер жаңа жоңышқа, 399 600 центнер ескі жоңышқа жидық. Бақша дақылдарына келсек, 75 582 центнер картоп, 190022 центнер көкөніс және 283 824 центнер басқа да бақша дақылдары алынды.
– Осыған дейінгі аппарат мәжі­ліс­терінің бірінде сіз ауданда жерді пайдалануда ротацияның сақтал­мауына қатысты мәселе барын айтып қалдыңыз, бұл мәселемен күрес­те нендей шаралар қолға алып жатырсыздар және нәтиже қалай? Жалпы аяқ су қат болған шақта жерді мақсатты пайдаланбау мәселені күр­де­лендірмей ме?
– Дұрыс айтасыз, біз жалғыз ауыл шаруашылығы жерлерін ғана емес, барлығын өз мақсатына сай пайда­лануымыз керек. Оны реттеуге қатысты іс-шаралар қолға алынуда. Соның нәти­жесінде бірқатар заңсыздықтың орын алғаны анықталды. Олардың қатарында жерді өз мақсатына сай пайдаланбау, күрішті межеден артық егу, ротацияны сақтамау сынды заңсыздықтар орын алған. Әлбетте өзі суды көп қажет ететін­діктен күрішті межеден артық егу аяқ су мәселесінің күрделенуіне үлкен сеп болады. Соның салдарынан өнім сапасы сыр береді. Оның кесірі тек өзіне ғана емес, өзге де шаруашылықтарға да тиіп жатады. Сондықтан біз алдағы уақытта да мұндай заңсыздықтардың алдын алуға жұмыс жасаймыз.
– Жаңа бақша дақылдарын айтып қалдыңыз, аймақ басшысының қара­пайым халықтың да бақша салуына жер дайындап беруге қатысты тап­сырмасы бар, биыл бұған қатыс­ты қандай жұмыстар жүзеге асты?
– Биыл ауданда жеке тұрғындар тарапынан картоп, көкөніс және басқа да бақша дақылдарын орналастыруға 500 гектар жер дайындау жұмыстары жүргізілді. Жаңадан аршылған жерге 921 отбасы 217,3 гектар картоп, 63 гектар көкөніс, 219,7 гектар басқа да бақша дақылдарын орналастырды. Жеке тұрғындар тарапынан егілген картоп, көкөніс, бақша дақылдары уақытылы жинап алынды.
– Келер жылғы науқанға дайындық қалай?
– Биыл орын алған су тапшылығына қарамастан аудан шаруашылықтары орна­ластырылған егінді уақытылы толығы­мен жинап алды. 2024 жылдың егін орналастыру жұмыстарына дайын­дық барысы басталып кетті. Аудан шаруашылықтары бүгінге дейін 13 мың гектар жерді сүдігерледі.
– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: