Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

8°C

, Жұма, 29 қараша, 21:31

250 мың теңгемен кәсіп бастаған

07.01.2024

422

0

Халқымыздың ұлттық құндылықтарының бірі – қолөнер. Оны бірі жай маман­дық­қа баласа, енді бірі шығар­машылық жұмыс ретінде қарайды. Алайда қолөнерді жанына серік етіп, тіпті оны кәсіпке айналдырғандар да жоқ емес. Мәселен, кент тұрғыны Жұлдыз Смаханова 4 жыл бойы тігін ма­ши­насын жанына серік етіп, кәсібінің жемісін көріп отыр.

– Өмір деген негізі қызық қой, осыдан 5 жыл бұрын «мен тігінші боламын» деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмеген. Мектепте география пәнінің мұғалімі болып сабақ беріп жүретінмін. Бірақ іштей ол нәрсе ұнамайтынын сез­дім. Сонымен 2020-2021 жылы каран­тин кезінде бетперде тапшылығы болып, ауданда сол өнімді тігіп бастадым. Кейін бұл тігін тігу ісі өзіме ұнайтынын, соны­мен айналысу керектігін түсіндім. Осы­лай тәуекелге бел буып, 2019 жылы мем­лекеттен 250 мың теңгелік грант ұтып, алғашқы тігін машинамды сатып алдым. Кейін үйде отырып-ақ кәсібімді бастап кеттім, – дейді кейіпкеріміз.
«Шебердің қолы алтын» дейді қазақ. Сөзге шебер, іске де ұста халқымыздың мәдениетін паш ете­тін оның қолөнері екені анық. Асыл тастан сән бұйымын жасаған, көздің жауын ала­тын ерекше киім үлгілерін тігіп, қа­зақы нақышты паш етіп жүрген Жұл­дыз Абушахмайқызының ісі көпке үлгі.
Екі жыл бойы кәсібімен үйде айна­лысқан кейіпкеріміз, 2022 жылы бар жи­ған-тергенімен аудан орталығынан, өз күшімен арманындағы тігін дүкенін аш­қан. Шеберлігінің арқасында көпте­ген тапсырыс алып, бір адамды жұмыспен қамтитын дәреже жеткен.
Қазақ қашаннан он сауса­ғынан өнер тамған ісмер жандарға кенде емес. Кейіпкердің айтуынша, тігін де­геніміз – тұнып тұрған математика. Себебі дәлдік, есеп, теңдік керек. Тігін­шілік өнер бойға шабыт беріп, көңілге шаттық ұялатады. Адамды іскерлікке, икемділікке, дәлдікке баулиды. Зеректік пен ептілікке де тәрбиелейді.
4 жыл бұрын кәсібін бастаған Жұлдыз Смаханова қазір тек қана киім қыс­қартып емес, балабақша, мектеп оқушыларына арналған топтық киімдер де, тойға арналған безендірулерді де, сонымен қатар тақия тігіп, шашбау сырғаларды да жасап халыққа ұсынуда.
– Менің тігіншілік өнерде кәсіби білі­мім жоқ. Қызығушылығым артқан кезде 10 күндік тігіншілерге арналған курстан өткенмін. Алайда бұл теорияға қарағанда тәжірибемен келетінін түсіндім. Себебі маған алғаш тігін тігудің қыр-сырын үй­ретіп, дәл бүгінгідей жетістікке жет­кізген Гүлнар апай болды. Себебі өз дүке­німді ашпай тұрып, алғашында тігінші болып Гүлнар апайдың жанында жұмыс жасадым. Киім тігуде біле бер­мейтін көп дүниені үйрендім. Осы кә­сіпті бастауыма себеп болған, ал­ғашқы ұстаз болған да сол кісі деуге бо­лады. Қазір әйтеуір білмегендерімді интернеттен үйреніп, жаңа үлгідегі киім­дерді халыққа ұсынуға тырысамын. Тек киімдермен шектелгім де келмейді, сол үшін қыз жасауына керек заттарды, пер­делерді тігіп те сатып жатырмын. Қы­зығы, ешкімнің тапсырысынсыз, ойы­ма бір нәрсе келсе, соны тігіп шы­ғар­майынша тыныныш отыра алмай­мын. Тігіп болған соң әрі кетсе екі күннен кейін сол дүнием тапсырыс беруге кел­ген адамдарға ұнап, сатып алып кетеді. Бастысы, сол өз ісіңе деген ерек­ше махаббат керек сияқты. Сол кезде әр істің берекесі болады, – дейді ол.
Иә, тігіншілік, қолөнермен айналысу – бүгінгі заманның ең табысты бизнесінің бірі. Жас болса да тігінші болған кейіпкеріміз өзінің сүйікті ісімен айналысып қана қоймай, қолөнерді кәсіпке айналдырған. Кең көлемде жұмыс жасап жатқанына екі жыл ғана болса да, Жұлдыз ханымның өнімдерін іздеп ке­летін тұрақты тұтынушылары да бар. Қазіргі таңда дүкеніне тек өзі тігіп қойған заттардан бөлек халық сұранысында жүрген ең қажетті заттарды да әкеліп қойған. Сұхбаттасу барысында сатып алушылардың көпті­гінінен халық ара­сында сұранысқа ие дүкендердің бірі екенін де аңғардық.
Жеңіл өнеркәсіптің дамуына үлес қосқан тігінші қажетті құрал-жабдықтар мен тауар, ине, жіптердің барлығын сырттан алдыратынын айтып қалды. Өйткені бізде олардың бағасы бі­рін­­шіден, қымбат болса, екіншіден, са­пасы жағынан ақсап жатады. Алдағы уақытта кішкентайлардың бір күнге ғана киетін қазақы киімдерін бірнеше есе қымбат бағаға сатып алғанша, оны өз қиялымен әсемдеп, өзі тігіп, са­ты­лымға немесе жалға беруге шы­ғаруды жоспарлауда.
Шынында бү­гін­де балалардың киі­мі қымбат. Оны өзі­мізде тігіп, сату екі есе арзанға тү­седі екен. Халықпен жұ­мыстан мол тә­жірибе жинаған шебер болашақта киімдерді сызба реттілігімен шығарып, дайын өнімдерді тігуді ой­ластыруда. Сондай-ақ машина санын көбейтіп, жанына тігінші жастарды тар­ту мақсаты бар екенін де айтып өтті. Дү­кенін кеңейтіп, мерекелік іс-шараларға киетін көйлектер, камзолдар са­нын арт­тырғысы да келеді. Әрине бә­ріне уақыт керек, тігіншінің жанып тұр­ған көзіне қарап, аз уақытта бұл мақ­саттары да орындалатынына сенім арттық.
Ешкімге қол жаймай, тынымсыз ең­бек ету арқылы үлкен жетістікке жет­­кен Жұлдыз Смаханованың ісіне сүй­сініп қайттық. Өмірге төрт бала әке­ліп, отбасының жағдайынан бөлек еңбектен қол үзбей жүрген жанның бұл ісі өзгелерге үлгі болары анық.

Ақнұр АЛТЫНБЕК

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: