Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

2°C

, Дүйсенбі, 25 қараша, 02:58

300 жоба қолдау тапқан

08.11.2022

492

0

Өңір өркендеу үшін жергілікті бюджетке түсетін түсімде де айтарлықтай қарқын болуы шарт. Бұл ретте кәсіпкерлік саласын дамыту ерекше маңызға ие екені айтпаса да белгілі. Мемлекеттің аталған салада серпін қалыптастыру мақсатында қаржылай қолдауға басымдық беріп жатқаны сондықтан. Бастысы, бүгінде ел оның игілігін көріп, түрлі жобаларды жүзеге асыруда. Басқасын былай қойғанда, сол түрлі бағдарламалардың жемісін бір ғана Жалағаш ауданынан байқауға болады.

Иә, бұрын іс бастауға елде айтарлықтай ынта болмайтын. Көбісі ай сайын жалақы алатын жұмысқа тұрғанды құп көреді. Бастысы, орналасып алса болды, айлығының көлеміне аса бас қатырмайтын. Ал қазір ше, қазір мүлде басқа. Яғни халықтың көзқарасы өзгер­ген. Бүгінде олар тұрмыс сапасын артты­рудың тиімді тетігі кәсіп бастау деп түйеді. Негізі солай.
Жалағаштықтар да жыл сайын түрлі бағдарламалардың көмегімен мемле­кеттен қаржылай қолдау тауып отыр. Бізді бүгінде оның нәтижесі бары қуантады. Қазір жергілікті салыққа да түсетін түсім көлемі артып келеді. Бұл дегеніңіз өңірде аталған салада айтарлықтай серпін барын білдіреді.
Іс бастаймын деген жандарға бү­гінде пайыздық үстемақысы төмен не­сие­­­ден бөлек қайтарымсыз қаражат та үлес­тірілуде. Былтырлары 600 мың тең­­геге дейін шағын кәсіпкерлікке бағыт­тал­ған жоба авторларына қайта­рымсыз қаражат үлестірілсе, биыл оның көлемі 1 млн 200 мың теңгеден асып жығылады. Нарықтағы кез келген тауардың құбылған бағасын бағамдасақ, мұны қаржының құнсыздануымен байланыстырамыз. Алай­­да шағын кәсіп ашуға бұл таптырмас мүм­­кіндік.
Биыл ауданда жаңа бизнес-идея­ларды іске асыруға арналған мемле­кеттік грантқа 367,6 млн теңге қара­жат қаралған. 109 млн теңгесі ел қа­зы­­­насынан бөлінсе, Ұлттық қордан 258,6 млн теңге қаралыпты. Негізінен жыл соңы­на дейін 300 адамды қайтарымсыз қара­жатпен қамтамасыз ету көзделсе, жос­пар қазірдің өзінде 100 пайызға орын­­­далып, қарашаға дейін 300 жоба қар­­­жы­ландырылды.
Енді қазір аудан бойынша бұл қаражатқа қол жеткізуде қай өңірлер басымдыққа ие, қай елді мекендерде кәсіппен айналысуға ынта барын да төмендегі сандардан аңғару қиын емес. Бұл туралы бізге берген Жұмыспен қамту орталығының мәліметі не дейді? Тарқатайық…
Жалпы қайтарымсыз грантты жоба авторларына үлестіруге арналған 4 рет комиссия отырысы өткен. Ең алғаш­қысында 2 адам үміткер болып қатысып, Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грантты былтыр «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша оқуын аяқтаған 1 адам мал шаруашылығы бағытында комиссияның оң шешімін алса, келесісі қолдау таппаған. Ал келесі ко­миссия отырысында жаңа бизнес-идея­ларды іске асыруға арналған мемле­кеттік грантқа оқуын аяқтаған 79 адам комиссия отырысына қатысып, оның 62-сі бизнес жоспарын қорғап, комиссияның оң шешімін алған, 1 адам тұрақты жұ­мысқа орналасуына байланысты грант қа­ражатынан бас тартыпты, ал қалған 17 адамның жобасы қолдау таппаған.

Үшінші мәрте өткен отырыста жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грантқа оқуын аяқтаған 178 адам қатысуға өтініш беріпті, оның 92-сі бизнес жоспарын қорғап, комиссияның оң шешімін алған, 86 адамның түрлі жобасы қолдауға ие болған жоқ. Ал соңғы рет қазан айында өткен жаңа биз­нес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грантқа оқуын аяқтаған 363 адам қатысуға өтініш беріп, оның 146-сы бизнес жоспарын қорғап, комиссияның оң шешімін алған, керісінше 217 адамның жобасы қолдау тапқан жоқ.
Қайтарымсыз қаражаттың әрбір өңір­ге үлестірілу межесіне келсек, Жала­ғаш кенті бойынша негізінен 111 адам­ға грант беру жоспарланған. Десе де 165 адамның жарқын жобасы қаржы­лай қолдау тап­ты. Ал ауылдық елді мекендерге кел­сек, Аққұм ауылы бойынша 17 адам­ның жобасы меже бойынша қолдау табуға тиіс болса, бүгінге дейін 10 ауыл тұрғыны қаржылай қолдауға ие болған. Шалғайдағы Аққыр ауылдық округі бойынша меженің орындалуы 50 пайызға да жетпейді. Мәселен, бұл елді мекеннен 10 адамның жобасын қаржыландыру ме­желенсе, бүгінге дейін 4 жоба қолдау тауыпты. Бұл ретте аталған ауылдан кел­ген жоба авторларының саны аз бол­ға­нын айта кеткен жөн.
Аудан іргесіндегі Ақсу ауылы – негі­зінен кәсіп бастауға және оның жемісін көруге қолайлы жер. Кентке жақын орна­лас­қандықтан бұл ауылда өнім өтпей қалады деген іскер азаматтарда күмән аз болатыны сөзсіз. Сондықтан болар, кешеге дейін комиссия отырысында ақсулық ағайындар бірнеше жоба қорғады. Олардың кәсіп ашуға ынталы екені анық байқалды. Мәселен, аталған елді мекен бойынша 12 жоба қаржылай қолдау табуы тиіс болса, бүгінге дейін 15 жоба сәтті қорғалған. Ал Аламе­сек ауылдық округі бойын­ша 14 жобаға дейін қолдауға мүмкіндік болған. Бірақ бүгінге дейін 8 жоба сәтті қорғалған.
Бұқарбай батыр ауылы бойынша 15 жобаны қолдауға мүмкіндік болды. Бірақ бүгінге дейін 13 жоба қаржыландырылған. Бұл елді мекенде де кәсіпкерлік саласына жергілікті тұрғындардың қызығушылығы басым екенін айта кеткен жөн. Еңбектен 10 жоба қолдау қажет болса, меже бүгінге дейін 60 пайызға орындалған. Ал Жаңадария ауылы бойынша меже 43,7, Қаракеткенде 78,6, Жаңаталапта 25, Мақпалкөлде 46,7, Мәдениетте 163,6, Мырзабай ахунда 46,7, Таңда 141,7, М.Шәменовте 66,7 пайызға орындалып отыр.
Тиісті қаражатқа қол жеткізгендердің алды бүгінде кәсіпті бастап кетті. Аудан бойынша 300 жобаның қолдау табуы өңірде 300 шағын кәсіпорын жұмысын бастағанын білдіреді. Осыдан-ақ ауданда аталған салада айтарлықтай серпін барын, оған мемлекеттік бағдарламаның көмегі тиіп жатқанын аңғару қиын емес.

Ерлан СОЗАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: