Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

3°C

, Сейсенбі, 26 қараша, 23:23

313 тұлғаға әкімшілік айыппұл салынған

26.04.2024

123

0

 Сәрсенбіде облыс бойынша тексеру комиссиясымен «Бюджет қаражатын басқарудың және пайдаланудың тиімділігін арттыру» тақырыбында аудан әкімінің орынбасары Арнұр Нұрмағанбетовтың төрағалығымен семинар-кеңес өтті. Оған облыс бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті, облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының және аудандық қазынашылық басқарма өкілдері, аудан бойынша барлық саланың есепші мамандары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Кеңестің мақсаты мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қаржылық бұзушылықтардың алдын алу, қаржылық тәртіпті нығайту және бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігін арттыру болып табылады.

Күн тәртібіне сәйкес мемлекеттік аудит, қазынашылық органдардың, мемлекеттік сатып алу саласының өкілдері баяндама жасады. Қызылорда облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің жоспарлау, талдау, есептілік және сапа бақылау бөлімінің басшысы Жеңіс Қалиев ішкі мемлекеттік аудит нәтижелері туралы, жиі орын алатын бұзушылықтар мен оның себептерін айтты.

Ол мемлекеттік аудит объектілерін бюджет қаражатымен жұмыс жасау барысында бюджет заңнамасы талаптары мен ұстанымдарын қатаң сақтауға шақырды. Кеңесте облыс бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің камералдық бақылау бөлімінің басшысы Сәдір Ержанұлы камералдық бақылау жұмыстары және мемлекеттік сатып алу бойынша жиі орын алатын заң бұзушылықтар жайын кеңінен тарқатты.

Ол тапсырыс берушілер мен ұйымдастырушылар тарапынан мемлекеттік сатып алудың заңнама талаптарын қатаң сақтауға, заң бұзушылыктарға жол бермеуге шаралар қабылдауға шақырды. Айта кетейік, өткен жылы облыстық тексеру комиссиясының қадағалауымен 21 аудиторлық іс-шара бойынша 157 аудит объектісі тексерілген.

Оның ішінде 60-ы – қосымша тексеру. Аудитпен қамтылған қаражат – 191,2 млрд теңгені құраса, оның ішінде республикалық бюджет қаражаты – 35,8 млрд теңге, ал жергілікті бюджет қаражаты – 155,4 млрд теңге. Мемлекеттік аудит нәтижесімен жалпы 37,7 млрд теңгенің бұзушылықтары анықталған, оның ішінде қаржылық бұзушылықтарға қатысты 4,8 млрд теңге – тиімсіз пайдаланылған бюджет қаржысы, мемлекет активтер бойынша 8,1 млрд теңге болса, тиімсіз жоспарланғаны 24,8 млрд теңгені құрады. Тексеру барысында білім, денсаулық салалары секілді аудандық бөлімдер және басқа да салалар қамтылған. Орын алған заң бұзушылықтар бойынша сот, уәкілетті органдарға негізінен қарау үшін 1 114 әкімшілік материал жолданып, 313 тұлғаға 32,1 млн теңге әкімшілік айыппұл салынса, 753-іне ескерту түріндегі әкімшілік жаза қолданылған. Жол берілген бұзушылықтар мен кемшіліктерді жою бойынша 90 нұсқама қабылданып, тиісті мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарға 207 тапсырма мен ұсыныс берілген. Ал биыл 24 аудиторлық іс-шара бойынша 140 аудит объектісі қамтылады. Оның ішінде білім, денсаулық, спорт салаларын және квазимемлекеттік сектор субъектілері тексеріледі. Семинар соңында есепші мамандарды арнайы курстардан оқытып, біліктілігін арттырып отыру бойынша мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор басшыларына ұсынылды.

Сезім НҰР

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: