Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

7°C

, Жұма, 29 қараша, 01:45

9 мыңға жуық бала шекара асқан

04.02.2024

185

0

«Тасбауыр әке», «безбүйрек ана» туа салысымен ата-ана мейірімін көрмей, тіріжетім атанған жазықсыз сәби – бүгінгі күні қоғамдағы өзекті мәселе. Себебі тастанды сәбиді қажет етпеген тасбауыр қоғамда дүниеге келген қазақ балаларын Батыс Еуропа, АҚШ-тың азаматтары қамқорлығына алған. Ресми ақпараттарға сүйенсек, елімізде 9 мыңға жуық бала шекара асқан.

1999 жылы халықаралық Гаага конвенциясына қосылған соң Қа­зақ­стан жетім балаларды ше­тел­­діктердің асырауына бере бас­таған. Балалар құқығын қорғау ко­­ми­тетінің мәліметі бойынша 1999-2012 жылдары аралығында 8 806 бала өзге мемлекеттерге бе­рілген. Ал 2013-2019 жылдары 157 бала шекара асқан. Жалпы алғанда, 20 жыл ішінде 8 963 бала шетелдік отбасыларға берілген.
2013 жылдан бастап бала асырап алу неге азайған дерсіз. 2012 жылы «Неке және отбасы туралы» кодексі күшіне енгеннен бастап Қазақстанда бала асырап алу тәртібі өзгеріп, тек аккредитациядан өткен агенттіктер арқылы жүзеге асатын болған. Сол себепті 1999-2012 жылдары аралығында шетелге кеткен бала саны көп болды. Ал 2013-2019 жылдары Белгия, Испания, Канада, Францияға 158 қазақ баласы асырауға берілген. Жалпы 17 жыл ішінде әлемнің 30 елінің тұрғындары Қазақстаннан бала асырап алған.
Журналист Жанар Байсемізова жүргізген «Жібек жолы» арнасындағы «Шетелдегі қазақ балалары» бағ­дар­ламасын кез келген қазақ те­біреніп тамашалайтын. Себебі онда ата-анасын тауып, қауышқысы келе­тіндер көп. Бүгінде ес кіріп, тегін танығысы келетін тастанды балалар туған жеріне аяқ басуда.
Қазақстан жетімдерді 50 мың долларға сатты. 2000 жылдары қа­зақ баласын асырап алған ше­телдік ата-аналар лауазымды тұл­­­ғаларға осынша ақша берген. «Ше­­телдегі қазақ балалары» бағдар­ла­масының авторы, журналист Жа­нар Бай­семізова Abai Live ютуб арна­сына берген сұхбатында осындай тың ақпаратпен бөліскен болатын.
– Оншақты отбасы келіп Тараздан әрқайсысы 50 мың доллар беріп, балаларды алып кеткен. Бұл салада жемқорлықтың барын ешкім жоққа шығара алмайды. Бір америкалық ата-ананың өз аузынан біздің жақтың ақша талап еткендерін естідім. Маған елшілердің өздері де айтады. Кезінде талай жемқорлық болды ғой бұл салада. Сен білесің ғой бұл туралы деп. Бірақ өздері камераға айтпайды, – дейді журналист Жанар Байсемізова.
Иә, оның айтуынша, сол кезеңде бала саудасы қызу жүрген. Тіпті жаңа туған сәбилерді ата-анасына өлді деп, тірі жетім қылғандар да бар. Сондай қылмыстың құрбаны болған 25 жастағы Гүлмира есімді ару былтыр туған анасымен қа­уышқан. Осы оқиғадан кейін 2000 жыл­­дары босанған көптеген әйелдің басынан тура осындай жағдай өтіп, баласынан айырылғандығы жөнінде журналистке хат жолдаған.
Өздеріңіз білетіндей, былтыр жел­тоқсан айында өзінің туған жеріне келіп, анасын іздеген қазақ баласы Жәнібек Жұмағұлов яғни Эдди Жан Савельевте осындай шым-шытырық оқиғаның құрбаны. Ол 2002 жылы Арқалықта дүниеге келген. 2004 жылы ондағы жетімдер үйінен оны бельгиялық Ирина Савельева асы­рап алған. Қазіргі таңда жалғызбасты анасымен бірге Испанияның Мальорка қаласында тұратын ол биологиялық анасын іздеп, таба алмай жүр. Ол туған әке-шешемнен түк те керек емес, тек анамның жүзін бір рет көріп, мауқын басса, жүрегі тынышталатынын айтқан болатын. Алайда ұзақ уақыт тынымсыз жүр­гізілген ізденіс өкінішке орай сәтсіз аяқталып, виза мерзімі бітуіне байланысты ол өз анасын таппаған күйі Қазақстаннан кетуге мәжбүр болды. Айта кетейік, 2000-2004 жылдары Арқалықтағы жетімдер үйінен Жәнібекпен қатар 80 бала шетел асқан.
Жәнібек Жұмағұловтың Қа­зақ­стандағы ресми өкілі Қымбат Дос­жанның айтуынша, асырап алған адам Арқалыққа келгеннен кейін бір кісіге қомақты қаржы бергенін айтқан. Ол мәліметтерді ес­кере отырып, са­раптама және зерттеу қоры­тын­дыларын негізге алып, Арқалық қа­лалық полиция бас­­қар­масында қоз­ғалып, кейін тоқтатылған істі тек қана «Салғырт­тық» бабы бойынша емес, кәмелетке толмағандар сау­дасы бойынша қайта қозғалуын сұ­рап, еліміздің бас прокурорына хат жолдаған.
Бұл жәйт қоғамдық үлкен ре­зонанс тудырып, қызу талқыға түс­кен. ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі Үкімет басшысы мен Бас Прокурорға жол­даған депутаттық сауалында 1999 жылға дейін шетелге есепсіз кеткен балалар туралы зерттеу жүргізуді, санда бар, санатта жоқ балалар туралы деректерді жаңалауды ұсын­ған. Мұнан бөлек шетел асқан ба­лаларды тегінен ажырамас үшін түрлі үйірмелер арқылы қолдау көрсету қажеттігін айтып, ата-аналарын та­буға көмектесу керектігін де жет­кізді. Сондай-ақ кәмелет жасына тол­ған балалар қалаған жағдайда ҚР азаматтығын ала білулері үшін таң­дауына көмектесуді де тілге тиек еткен болатын.
Депутат 2010 жылы үкімет та­ра­пынан шетел асқан балаларды қорғау мақсатында арнайы конвенция қа­был­данғанын айтты. Бала құқық­тарын қорғау саласындағы өкілетті орган болып саналатын оқу-ағарту министрлігінің мәліметінде кон­вен­цияға қол қойғаннан бері шетелдік азаматтар 158 баланы асы­­рап ал­ғандығы айтылған. Оның ішін­де 2013-2019 жылдары 157 бала ше­тел асса, соңғы 4 жылда 1 бала сыртқа шыққан.
– Көрсеткіштің күрт төмендегені қуантады. Алайда конвенцияға қол қойғанға дейін 1999-2011 жылдары аралығында шетелдіктер 8805 ба­ланы асырап алған. Олардың 5217-сі қазір кәмелеттік жасқа толуына байланысты есептен шығарылған. Кәмелетке толмаған 3588 бала ту­ралы есеп алынып тұрады. Өкі­нішке қарай есеп бермейтіндер де жоқ емес. Мәселен, Оңтүстік Африка еліне кеткен 30 баладан хабар-ошар жоқ. Сол сияқты АҚШ-тағы 104, Белгиядағы 113 баланың, тағы сон­­дай талай баланың тағдыры ту­ралы білмейміз. Ең сорақысы, 1999 жылға дейін елімізден қанша же­тім баланың шетелге кеткені ту­ра­лы мүлдем мәлімет жоқ. Ше­тел асқан балалардың 5 217-сі қазір кә­ме­летке толған. Олар да бір­тін­деп туғандарын іздеп, елге орала­ры анық. Енді әрқайсысының ту­­­­ған­дарын іздеуге көмектесуді де мем­лекет жауапкершілігіне алу ке­рек, – деді депутат Дархан Қыдыр­әлі.
Бір қуантарлығы, соңғы жылдары Қазақстанда балалар үйі мен ондағы тәрбиеленушілері саны азайған. Же­­сірін қаңғыртпаған, жетімін жы­лат­паған ел екеніміз есімізден шық­паса, оң өзгеріс болары сөзсіз.

Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: