ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Инвестициялық штаб отырысында өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тарту мәселесі қаралды.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Ілияс Оспанов баяндағандай, өткен 9 айда өңдеу өнеркәсібіндегі негізгі капиталға 1 трлн және 27 млрд теңге инвестиция тартылды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,4 пайызға төмен. Жыл соңына дейін жоспарлы көрсеткіш 2,1 трлн теңгені құрайды.
Салалар бойынша жеңіл өнеркәсіпте инвестиция тарту 2,5 есеге өсіп, 11,3 млрд теңгеге жетті. Сондай-ақ жиһаз өндірісінде 4,5 есе, яғни 14 млрд теңгеге дейін, резеңке және пластмасса бұйымдары өндірісінде 1,6 есе, 81,4 млрд теңгеге дейін өсім тіркелді. Сонымен қатар негізгі капиталға салынған инвестициялар бойынша қағаз өнімдерін, сусындар мен тамақ өнімдерін шығаратын компаниялар арасында оң динамика байқалады.
Жалпы биыл инвестиция көлемі 1 трлн теңгені құрайтын 170 жобаны іске қосу жоспарланған. Олардың ішіндегі ең ірілері – тұрмыстық техника және арнайы кокс өндіретін кәсіпорындар, сондай-ақ шламдарды қайта өңдейтін кен байыту фабрикасы. Бүгінгі таңда жалпы құны 200 млрд теңгені құрайтын 65 жоба іске қосылды.
Сонымен қатар өңірлер 2027 жылға дейін іске қосу жоспарланған бірқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды кейінгі жылдарға шегерді. Бұл инвесторлар қаржысының жетіспеуіне, инфрақұрылыммен қамтамасыз етілмеу, жабдықтардың жеткізілмеуі немесе кешіктіріп жеткізілуіне, сондай-ақ жер мәселелеріне байланысты болып отыр.
Премьер-Министр Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі аталған бағытта үйлестіру жұмыстарын белсенді жүргізуі тиіс екенін айтты.
– Тек қана жол картасын бекіту арқылы барлық мәселені шешу мүмкін емес. Бұл жерде жобалардың қалай жүзеге асырылып жатқанын, жер-жерде қандай мәселелер шешілмей жатқанын қадағалап, өздеріңіздің тараптарыңыздан әкімдерге көмек көрсету қажет. Сіз жол картасын мақұлдадық, енді осымен барлық мәселелер шешілді деп ойлайсыз ба? Бұл – бар болғаны бюрократия! Инвестициялық жобалар жүзеге асып, оның нәтижесін көрмейінше, мәселе шешілді деп айтуға болмайды, – деді Әлихан Смайылов.
Премьер-Министр Ақтөбе облысында өңдеу саласына тартылған инвестициялардың төмендеп кеткенін атап өтті. Сондай-ақ өңірде 5 жоба бойынша іске асыру мерзімі кейінге шегеріліп отыр.
Ол сондай-ақ 1 мың жұмыс орнын құру көзделіп отырған алтын кендерін өңдейтін кен-байыту фабрикасының құрылысы 2026 жылға кейінге қалдырылғанын баса айтты. Бұған электр қуаты мен газға қосылуға техникалық шарттар мен келісімдер мерзімінің жарты жылға созылып кетуі себеп болып отыр.
Аталған мәселелер бойынша өңір әкімі Асхат Шахаров, «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Нәби Айтжанов және «ҚазТрансГаз-Аймақ» АҚ басқарма төрағасы Бауыржан Асқаров түсініктеме берді.
Премьер-Министр Ақмола облысында да 9 айда инвестиция көлемі төмендеп кеткенін атап өтті. Сондай-ақ 6 инвестициялық жобаны іске асыру мерзімдері бұзылып отыр. Мәселен, кірпіш зауытын салу жобасы 2021 жылдан бері созылып келеді. Әкімдік инвесторға балшық өндіруге лицензия бермеген. Сонымен қатар Маңғыстау облысында да 10 жобаны іске асыру мерзімі кейінге шегерілді.
Аталған ақпаратқа қатысты Ақмола облысы әкімінің орынбасары Азамат Тайжанов пен Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Жұмабай Қарағаев ақпарат берді. Премьер-Министр өңірлерге инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелерінде белсенді ұстаным көрсету қажет екенін атап өтті, өйткені олардың нәтижесінде жаңа жұмыс орындары пайда болып, жалпы экономикалық көрсеткіштер жақсарады.
– Қандай да бір қиындықтар туындаса, әкімдіктер жобаларды іске асыру мерзімдерін кейінге қалдыруды немесе олардан мүлдем бас тартуды үйреншікті дағдыға айналдырып алды. Тиісінше проблемалық мәселелер болған жағдайда жедел әрі нақты шешу қажет, – деді Әлихан Смайылов.
Инвестиция көлемі өсіп, нәтижелі жобалардың тиімділігін көріп жатқан өңірлер де бар. Атап айтқанда, бұл – Түркістан, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Жетісу облыстары және Астана қаласы.
Айта кетейік, жыл басынан бері негізгі даму индикаторлары бойынша жақсы нәтиже көрсетіп келген Қызылорда облысы 9 айдың қорытындысымен үздіктер қатарына тұрақтады. Қаңтар, қыркүйек айларында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында өсім қалыптасқан.
Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібі 15,8 пайызға, ауыл шаруашылығы 1,6 пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі 26,4 пайызға, тұрғын үй көлемі 18,9 пайызға, сауда көлемі 4,1 пайызға, көлік және қоймалау көлемі 7,2 пайызға, негізгі капиталға тартылған инвестиция 25,6 пайызға артқан. Оның ішінде жеке инвестициялар 34,6 пайызға өсті. Облыс бюджетінің көлемі 2022 жылы 387 млрд теңге болса, қазір 609 млрд теңгеге жеткен. Бюджеттің 61 пайызы әлеуметтік салаға бағытталған.
Ерлан СОЗАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!