Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

21°C

, Жексенбі, 28 сәуiр, 17:09

Аймақта инвестиция көлемі артқан

24.10.2023

1725

0

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Инвестициялық штаб отырысында өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тарту мәселесі қаралды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Ілияс Оспанов баян­дағандай, өткен 9 айда өңдеу өнер­кәсібіндегі негізгі капиталға 1 трлн және 27 млрд теңге инвестиция тартылды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,4 пайызға төмен. Жыл соңына дейін жоспарлы көрсеткіш 2,1 трлн теңгені құрайды.
Салалар бойынша жеңіл өнеркәсіпте инвестиция тарту 2,5 есеге өсіп, 11,3 млрд теңгеге жетті. Сондай-ақ жиһаз өндірісінде 4,5 есе, яғни 14 млрд тең­геге дейін, резеңке және пластмасса бұйымдары өндірісінде 1,6 есе, 81,4 млрд теңгеге дейін өсім тіркелді. Соны­мен қатар негізгі капиталға салын­ған инвестициялар бо­йын­ша қағаз өнім­дерін, сусындар мен тамақ өнімдерін шы­ға­ратын компаниялар арасында оң дина­мика байқалады.
Жалпы биыл инвестиция көлемі 1 трлн теңгені құрайтын 170 жобаны іске қосу жоспарланған. Олардың ішіндегі ең ірілері – тұрмыстық техника және арнайы кокс өндіретін кәсіпорындар, сон­дай-ақ шламдарды қайта өңдейтін кен байыту фабрикасы. Бүгінгі таңда жалпы құны 200 млрд теңгені құрайтын 65 жоба іске қосылды.
Сонымен қатар өңірлер 2027 жылға дейін іске қосу жоспарланған бір­қатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды кейінгі жылдарға шегерді. Бұл инвесторлар қаржысының жетіспеуіне, инфрақұрылыммен қамтамасыз етілмеу, жабдықтардың жеткізілмеуі немесе ке­шіктіріп жеткізілуіне, сондай-ақ жер мә­селелеріне байланысты болып отыр.
Премьер-Министр Өнеркәсіп және құ­ры­лыс министрлігі аталған бағытта үй­лес­тіру жұмыстарын белсенді жүргізуі тиіс екенін айтты.
– Тек қана жол картасын бекіту арқылы барлық мәселені шешу мүмкін емес. Бұл жерде жобалардың қалай жүзеге асырылып жатқанын, жер-жерде қандай мәселелер шешілмей жат­қа­нын қадағалап, өздеріңіздің тарап­та­рыңыз­дан әкімдерге көмек көрсету қажет. Сіз жол картасын мақұлдадық, енді осымен барлық мәселелер ше­шілді деп ойлайсыз ба? Бұл – бар бол­ғаны бюрократия! Инвестициялық жо­балар жүзеге асып, оның нәтижесін көрмейінше, мәселе шешілді деп айтуға болмайды, – деді Әлихан Смайылов.
Премьер-Министр Ақтөбе облысын­да өңдеу саласына тартылған инвести­циялардың төмендеп кеткенін атап өтті. Сондай-ақ өңірде 5 жоба бойынша іске асыру мерзімі кейінге шегеріліп отыр.
Ол сондай-ақ 1 мың жұмыс орнын құру көзделіп отырған алтын кендерін өңдейтін кен-байыту фабрикасының құ­ры­лысы 2026 жылға кейінге қалды­рыл­ғанын баса айтты. Бұған электр қуаты мен газға қосылуға техникалық шарт­тар мен келісімдер мерзімінің жар­ты жылға созылып кетуі себеп болып отыр.
Аталған мәселелер бойынша өңір әкімі Асхат Шахаров, «KEGOC» АҚ бас­қарма төрағасы Нәби Айтжанов және «ҚазТрансГаз-Аймақ» АҚ басқарма тө­ра­ғасы Бауыржан Асқаров түсініктеме берді.
Премьер-Министр Ақмола облы­сын­­да да 9 айда инвестиция көлемі тө­мендеп кеткенін атап өтті. Сондай-ақ 6 инвес­тициялық жобаны іске асыру мер­зімдері бұзылып отыр. Мәселен, кірпіш зауытын салу жобасы 2021 жыл­дан бері созылып келеді. Әкімдік инвесторға балшық өн­діруге лицензия бермеген. Сонымен қатар Маңғыстау облысында да 10 жобаны іске асыру мерзімі кейінге шегерілді.
Аталған ақпаратқа қатысты Ақмола облысы әкімінің орынбасары Азамат Тайжанов пен Маңғыстау облысы әкі­мінің бірінші орынбасары Жұмабай Қарағаев ақпарат берді. Премьер-Министр өңірлерге инвес­ти­циялық жобаларды іске асыру мәсе­ле­лерінде белсенді ұстаным көрсету қажет екенін атап өтті, өйткені олардың нәтижесінде жаңа жұмыс орын­дары пайда болып, жалпы экономи­калық көрсеткіштер жақсарады.
– Қандай да бір қиындықтар туын­даса, әкімдіктер жобаларды іске асыру мерзімдерін кейінге қалдыруды немесе олардан мүлдем бас тартуды үйреншікті дағдыға айналдырып алды. Тиісінше проблемалық мәселелер болған жағ­дай­да жедел әрі нақты шешу қажет, – деді Әлихан Смайылов.
Инвестиция көлемі өсіп, нәтижелі жоба­лардың тиімділігін көріп жатқан өңірлер де бар. Атап айтқанда, бұл – Түркістан, Қызылорда, Солтүстік Қа­зақстан, Жетісу облыстары және Астана қаласы.
Айта кетейік, жыл басынан бері негізгі даму индикаторлары бойынша жақсы нәтиже көрсетіп келген Қызылорда об­лысы 9 айдың қорытындысымен үз­дік­тер қатарына тұрақтады. Қаңтар, қыр­күйек айларында өңірдің әлеуметтік-эконо­ми­калық дамуында өсім қалыптасқан.
Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібі 15,8 пайызға, ауыл шаруашылығы 1,6 пайызға, құрылыс жұмыстарының кө­лемі 26,4 пайызға, тұрғын үй көлемі 18,9 пайызға, сауда көлемі 4,1 пайызға, кө­лік және қоймалау көлемі 7,2 пайызға, негізгі капиталға тартылған инвестиция 25,6 пайызға артқан. Оның ішінде жеке инвестициялар 34,6 пайызға өсті. Облыс бюджетінің көлемі 2022 жылы 387 млрд теңге болса, қазір 609 млрд теңгеге жеткен. Бюджеттің 61 пайызы әлеуметтік салаға бағытталған.

Ерлан СОЗАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: