Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

1°C

, Бейсенбі, 05 желтоқсан, 21:18

Жер өз мақсатына сай пайдаланылуы тиіс

22.07.2024

237

0

Жалағаш аграрлық өңір болғандықтан ауыл шаруашылығы саласының дамуы ерекше маңызға ие. Күрішпен кірісін еселеп отқан аудан диқандары өткен жылды толайым табыспен қорытындылады. Биыл да межелі жерге дән тастаған ауыл еңбеккерлері үлкен өнімнен үмітті. Жалпы салада өндірілген өнім көлемі қанша? Биылғы егіннің шығымы қалай? Аудан диқандары аяқсудан тапшылық көріп жатқан жоқ па? Осындай бірқатар сауалымызға жауап алу үшін аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Алтынбек Дәрібаевпен сұхбаттасқан едік…

– Алтынбек Тұрмағамбетұлы, биыл жалпы салада өндірілген өнім кө­лемі қанша?
– Ауыл шаруашылығы – аудан эко­но­микасын дамытуға үлес қосатын маңызды саланың бірі. Сол себепті жыл сайын мемлекет тарапынан саланы қолдауға ерекше мән берілуде. Алты айда ауданда мемлекеттік қолдаудың ар­қа­сында салада 2,737 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілді. Бұл көрсеткішті өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғада 101,7 пайызға орындалғанын бағамдаймыз. Ауыл ша­руа­шылығының негізгі қорға салынған инвестиция көлемі 2024 жылдың 1 мау­сы­мында 417,3 млн теңгеге орын­дал­ды. Бұл да былтырғы жылдың тиісті ке­зеңі­мен салыстырғанда 4 есеге артты.
– Жалпы биыл аудан диқандары қанша гектар алқапқа егін екті?
– Биыл 37 676 гектарға ауыл ша­руа­шылығы дақылдары орналас­ты­рылды. Оның ішінде Сырдың басты дақылы 19 800 гектарды құрап отыр. Мұнан бөлек 770 гектар жаздық, 129 гектар күздік бидай, 40 гектар арпа, 665 гектар мақ­сары, 200 гектар қант құмайы, 65 гектар соя, 5 гектар сұлымыз тағы бар. Мал азығына келсек, 4 850 гектар жаңа жоңышқа егіліп, 8091 гектар ескі жо­ңышқа күтімге алынды. Сондай-ақ 650 гек­тар картоп, 1115 гектар көкөніс және 1296 гектар басқа да бақша да­қылдары егілді.
– Аяқсу мәселесінің жыл сайын күр­деленіп келе жатқанын жақсы бі­леміз. Бұл мәселе жергі­лік­ті диқан­дар­ға тұсау болып от­ырған жоқ па?
– Биыл егін орналастыру, күтіп баптау үшін су жеткізіп беру қызметіне «Жалағашсушар» өндірістік учаскесімен 187 шаруашылық 729,4 млн теңгеге келісім-шарт жасасты. Қазіргі таңда егін орналастыру жұмыстары толық аяқтап, күтіп-баптау жұмыстары жүргізілуде. Аудандағы суармалы жерде дақыл­дарды кезектестіру схемасы тәртібінің сақ­талуына тұрақты бақылау жұмыс­тары ұдайы жүргізіліп келеді. Мұның бәрі өнім сапасына тікелей әсер етеді.
– Кешегі көктемгі науқанда тех­­ни­кадан мәселе болды ма? Ал­дағы күзгі науқанға бұл жағынан дайын­дық қалай?
– Аудан шаруашылықтары техника паркін жаңарту жұмыстарын үнемі жүр­гізіп келеді. Биыл 669,4 млн теңгеге 13 ауыл шаруашылығы техникасы са­тып алынды. Көктемгі науқанда тех­ни­кадан мәселе болған жоқ. Жыл сайын күзгі науқанда өнімді жауын-ша­шынға қал­дырмай жинап алып жатыр. Биыл да мәселе болмайды деп ойлаймын.
– Жалпы ауданда ауыл шаруа­шы­лығы жерлері өз мақсатына және ро­тация тәртібін сақтай оты­рып пай­даланылып жатыр ма?
– Жалағаш ауданының жер қоры 2 873 640 гектарды құрайды, оның ішінде 591 563 гектары Қарағанды облысынан ұзақмерзімді пайдалануға алынған. Бұ­дан басқа Жалағаш аумағының 11 149 гектары Ресейге пайдалануға берілген.
Жалпы аудандағы ауыл шаруа­шы­лығы мақсатындағы жерлер – 284 752 гектар. Оның 42 760 гектары елді ме­кен­дерге тиесілі. Ал 15854 гектары – өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс жерлері. Мұнан бөлек 4 гектар жер ерек­ше қорғалатын табиғи аумақ бо­лып табылады. 769482 гектар орман қо­рымыз тағы бар. Су қорына 14902 гектар жатса, босалқы жерлер 1 745 884 гектарды құрайды.
Ауданда 33016 гектарды құрайтын жалпы саны 60 инженерлік тұрғыда әзірленген күріш ауыспалы егіс жүйесі, 1 мал азығы және 1 картоп ауыспалы егіс жүйесі бар. Жерді қашықтан зонд­тау нәтижесімен анықталған ауыл ша­руа­шылығы мақсатындағы жерлерге пай­далану жағдайына талдау жүргізіп, шаруашылықтарға мал басын тіркеу, қайта тіркеу жұмыстарын ұйымдастыру, жайы­лымдарда, жайылымдардың жал­пы алаңына түсетін жүктеменің шекті рұқ­сат етілетін нормасының 50 пайыз­дан жоғары ауыл шаруашылығы мал­дарының тіркеу қажеттілігі жөнінде ша­­руа­шылықтар арасында түсіндірме жұ­­мыстары жүргізілуде. Нәтижесінде бү­­гінгі таңда мал тіркету көрсеткіші ма­­мыр айына дейін 51 пайыздан 71,3 пайызға артты.
Жерді қашықтан зондтаудың арқа­сында былтыр Жалағаш ауданында 47 жеке және заңды тұлғаларға та­быс­тал­ған жалпы көлемі 39 414 гектарды құрайтын 51 жер учаскесін пайдаланбау белгілері анықталды. Жүргізілген жұ­мыс­тардың нәтижесінде қазіргі уақытта жер учаскесін пайдаланбай отырған 3880 гектарды құрайтын 14 жер учас­кесінің 3594 гектарды құрайтын 10 жер учаскесіне қатысты тиісті шара көру үшін облыстық жер ресурстарын басқару департаментіне жолданды. 87 гектарды құрайтын 1 жер учаскесі мемлекетке қай­тарылды. Қалған 3 учаске бойынша «Нұр­ислам» шаруа қожалығының бар­лық үлесшісі жер үлестерімен басқа ша­руашылыққа қосылған. Тағы бір жер учаскесіне байланысты зерттеу жұмыс­тары жүргізілуде.
– Жалпы жердің мақсатты пай­даланылуын қамтамасыз етуге қа­тысты жүргізілген мониторинг жұ­мыстарының нәтижесі қалай?
– 2015-2023 жылдары жеке және заңды тұлғаларға табысталған ауыл ша­руашылығы мақсатындағы жерлерге жүргізілген мониторинг жұмыстарының нәтижесінде жер учаскелерін өз мақ­сатына сай пайдаланбаған жалпы кө­ле­мі 1908 гектарды құрайтын 16 жер учас­кесіне қатысты тиісті шара көру үшін облыстық жер ресурс­та­рын басқару де­пар­таментіне жол­дан­ды. Сонымен қатар аудандағы суар­малы жерде да­қыл­дарды кезек­тес­тіру схе­масы тәрті­бінің сақталуына тұ­­­рақты ба­қылау жұ­мыстары ұдайы жүр­­­гізіліп ке­леді. Бе­кітіл­ген іс-шара жос­парына сәй­кес ақ­па­рат­тық-жұмысшы тобымен ин­же­нер­­лік тұрғыда әзір­лен­ген суармалы жер­­­­лердің пайдаланылуы бойынша жүр­­­­­гізілген мони­то­ринг нәти­жесінде аудан­да 8307 гек­тар инже­нерлік тұрғыда әзір­­­­­ленген суар­малы жер­­лерді ұтымсыз пай­­­далану да­қыл­­дарды кезектестірудің схе­­­масын сақ­та­мау белгілері анық­талды.
Бүгінгі күнге дейін ауыспалы егіс тәр­тібін бұзып, күріш дақылын артық еккен 38 шаруашылықтың жалпы көлемі 3 613 гектарды құрайтын жер учаскелері тиісті шара көру үшін Қызылорда облы­сы­ның жер ресурстарын басқару де­пар­таментіне жолданды. Биыл мер­зімі аяқталатын жалпы көлемі 4863 гектарды құрайтын 26 жер учаскесіне тал­дау жасалды. Оның ішінде жалға алу мерзімі мерзімі аяқталған жалпы кө­лемі 1810 гектарды құрайтын 14 жер учас­кесінің 1723 гектарды құрайтын 13 жер учаскесінің жалдау мерзімі ұзартылды. Ал 87 гектарды құрайтын 1 жер учаскесі мемлекет қорына қайтарылды.
2015-2023 жылдары жеке және заң­ды тұлғаларға табысталған ауыл ша­­руашылығы мақсатындағы жерлерге мо­ниторинг жүргізіліп, нәтижесінде жер учаскелерін өз мақсатына сай пай­да­ланбаған жалпы кө­­лемі 1908 гектарды құрайтын 16 жер учас­кесі тиісті шара көру үшін Қы­зыл­орда облысының жер ресурс­тарын басқару департаментіне жолданды. Биыл желтоқсанғаа дейін пайдаланылмай жатқан және Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылып отырған жер­лерді мемлекет меншігіне қайтару ту­ралы бекітілген жоспарға сәйкес тиісті жұ­мыстар әлі де жүргізілуде. Биыл 6 айда жалпы көлемі 3730 гектар жер мемлекет қорына қайтарылды.
– Ауданда мал шаруашылығының даму қарқыны қалай?
– Биыл 5 айда 38178 ірі қара, 35858 уақ мал, 30602 жылқы, 838 түйе, 10323 құс өсірілуде. Өткен жылдың осы ке­зе­ңімен салыстырғанда МІҚ 104,4, жыл­қы 105,8, түйе 97,4, уақ мал 81, құс 102,5 пайызға орындалды. Маусым айы­­на дейін 1526,9 тонна ет, 3347,5 тонна сүт өндірілді. Өткен жылмен са­­лыстыр­ғанда ет 100,9, сүт 101,1 пайызға орындалды.
– Жалпы жергілікті шаруашы­лықтар төрт түлікті асылдан­ды­руға басымдық беріп жатыр ма?
– Ауданда 4 шаруашылық асыл тұ­қымды мүйізді ірі қара, 3 шаруа­шылық асыл тұқымды қой өсіруді қолға алған. Сүт тауарлы фермасын ашу мақ­­са­тын­да «Адал» ЖК 2022 жылы 30 асыл тұ­қымды сүт бағытындағы «Сим­менталь» сиырының қашарын сатып алды. 2026 жылы шаруашылық жаны­нан сүт өңдеу цехын ашу жоспарланып отыр.
«Бақдаулет-57» ФҚ Чехия мемлеке­тінен 95 асыл тұқымды «Симменталь» сүт бағытындағы мүйізді ірі қара ана­лығын сатып алды. Бүгінде оның 65 пайызы төлдеп тұр, күніне 700 литр сүт өндірілуде. «АгроЛидер Таң» ЖШС жанынан мал шаруашылығы өнімдерін өңдеу цехы жұмыс жасайды. Цехта тәулігіне 0,5 тонна ет өңделіп, 15 түрлі өнім дайындалады. Өндірілген өнім об­лыстағы сауда орталықтарына өткі­зі­­леді. Қазіргі таңда цех 8 адамды жұ­мыспен қамтып отыр.
Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнім­ділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау бағыттары бойынша биыл 13 млн 760 мың тенге субсидия алын­ды. Оның ішінде 16 шаруашылық мүйізді ірі қара аналығының тұқымдық түр­лендірілуіне, яғни 1286 басқа 12 млн 860 мың теңге, 3 шаруашылық сатып алын­ған асыл тұқымды бұқаның құнын арзандатуға 6 басқа 900 мың тенге субсидия алды.
– Жалпы биыл мал азығы, яғни жеп-шөптен мәселе болмай ма?
– 2024-2025 жылдың қысына тү­се­тін 64740 шартты мал басына 90,3 мың тонна табиғи шөп, 19 мың тонна жем, 29,5 мың тонна сабан дайындау жоспарланып отыр. Бүгінге дейін 32 мың тонна шөп дайындалды, оның ішінде 23,4 мың тоннасы – жонышқа.
– Жалпы азық-түлік тауарла­ры­ның бағасын тұрақтандыру бойын­ша мониторинг жұмыстары жүр­гізіле ме?
– Аудандағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19-ына күн­делікті мониторинг жүргізілуде. 27 маусым мен 4 шілде аралығындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнім­дерінің салыстырмалы бағасы бойын­ша 2 өнімнің бағасы қымбаттаған. Атап айтар болсақ, қырыққабат пен құм­­шекердің бағасы 5 теңгеге өскен, қал­­ған 17 өнімнің бағасы тұрақты. Бү­гінде ауданда ірі және шағын сауда орын­дарында өндірілетін және сырт­тан ке­летін 601,5 тонна азық-түлік өнім­дерінің қоры бар. Азық-түлік өнімдерін жоғары бағада сатқан кәсіпкерлер тиісті мекемелерге шара қолдану үшін ұсы­нылуда. Жыл ба­сынан бері азық-түлік бағаларын не­­гізсіз көтерген 14 сауда орнының ма­те­риалдары құзырлы меке­мелерге жолданды.
– Жалпы халықтың өзін-өзі әлеу­­меттік маңызы бар бақша өнім­дерімен қамтамасыз етуі үшін ар­найы бақшалық жер дайындалып бе­рі­летін. Әлбетте бұл да бағаны тұрақтандыруда ерекше маңызға ие. Жалпы биыл бақша салуға ын­талы халыққа тағы да жер дайын­далды ма?
– Жергілікті тұрғындар өзін-өзі әлеу­меттік маңызы бар көкөніс, бақша өнімдерімен қамту үшін 500 гектар егістік жер дайындалып, 610 отбасына үлес­тірілді. Оған тұрғындар 235 гектар картоп, 73 гектар көкөніс, 192 гектар басқа да бақша дақылдарын екті. Со­нымен қатар Мақпалкөл ауылдық окру­гіндегі «Ер-Әлі» шаруа қожалығы 6 гек­тар картоп, 2 гектар бақша, 2 гектар көкөніс дақылдарын тамшылатып су ару әдісімен орналастырды. Алдағы уақытта азық-түлік және ауыл ша­руа­­шылығы өнімдерінің бағасын тұрақ­тандыру жұмыстары жалғасын табады.
– Жалпы жалағаштық жастар «Дип­ломмен ауылға» бағдарла­ма­сы­ның игі­лі­гін көріп жатыр ма?
– ҚР Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 6 қарашадағы №72 бұй­рығымен бекітілген «ауылдық елдi ме­кендерге жұмыс iстеуге және тұруға кел­ген денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен са­ла­сындағы мамандарға, ауылдар, кент­тер, ауылдық округтер әкімдері ап­­­па­раттарының мемлекеттік қыз­мет­шілеріне әлеуметтiк қолдау шараларын ұсыну қағидасына сәйкес 2 мем­лекеттік қызмет көрсетіледі. Атал­ған министрліктің 2023 жылғы 29 мау­сымдағы №126 «Ауылдық елді ме­кен­дерге жұмыс істеу және тұру үшін келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәде­ниет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен сала­сындағы мамандарға, ауыл­дар, кенттер, ауылдық округтер әкім­дері ап­па­раттарының мемлекеттік қызмет­шілеріне әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну мөлшерін айқындау туралы» бұйрығына сәйкес, ауданның әкімшілік орталығына және ауылдық елді ме­кендерге келген мамандар үшін жүз еселік айлық есепік көрсеткішке тең көтерме жәрдемақы төлеу белгіленген.
Биыл көтерме жәрдемақы құны 369 200 теңгені құрайды. 2024 жылы жергілікті бюд­жеттен 16 млн 614 мың теңге 45 ма­манға үлестірілді. Қазіргі уақытта 180 сала маманы кезекте тұр. 2024 жылы ресел тайқазанынан 238134 мың теңге қаралды, яғни 28 сала маманына тұрғын үй несиесі беріледі.
– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: