Егіс алқабындағы сарғайған сабан тура күзгі науқанды көз алдыңа әкеледі. «Шілденің ортасында егінге орақ салғаны қалай?» деп өзіміз де аң-таңбыз. Бақсақ, бұл егістік Ақсудағы «Сәрке батыр» ЖШС-на тиесілі екен. Ауыл еңбеккерлері кеше бидайға орақ салыпты.
Шаруашылықтың бас агрономы Қанат Демесінов биыл 70 гектарға жоңышқамен бірге бидай егілгенін айтады. Екі күнде 30 гектар бидай жиналған. Осы аптаның соңына дейін қалғанына орақ түседі. Қанат ағамыз өнімнің бұл түріне сұраныс жоғары екенін айтады.
– Көктемгі науқанды, жалпы ақегісті наурыз айында бастадық. Бидайға орақ салғанымызға бүгін үшінші күн. Өнімнің шығымы жаман емес. Қазір нарықта бидайға сұраныс жақсы. Мұнан бөлек егінді әртараптандыру мақсатында 40 гектар мақсары ектік. Бірақ оған Қызылордада сұраныс жоқ, керісінше Жамбыл облысынан келіп алып кетеді. Тамыздың алғашқы онкүндігінде мақсарыға да орақ саламыз, – дейді бас агроном.
Айта кетейік, биыл шаруашылық егінді әртараптандыруға айтарлықтай басымдық берген. 380 гектар алқапқа жаңа жоңышқа егіп, 420 гектар ескі жоңышқаны күтімге алған. Тіпті күріштің көлемін де жылдағыдан 100 гектарға қысқартқан. Мәселен, былтыр 950 гектар алқапқа Сыр салысын сепсе, биыл 850 гектарға күріш егіпті. Оның 250 гектары – жаңа сұрып, қалғаны – «Лидер».
– Былтыр өнім жаман болған жоқ, диқандар гектарынан 60 центнерден өнім алды. Алды 70 центнерден жоғары жиды. Жалпы шаруашылықта 110 адам жұмыс жасаса, соның 25-і – сушы. Былтыр еңбекте озат болған дала дарабоздарына жалақысынан бөлек жалпы құны 35 млн теңге үлестірілді. Алды 1 млн теңгеге дейін қосымша қаражат алды. Биыл да егіннің шығымы бөтен емес, сабантойда игі дәстүр жалғасын табады, – дейді Қанат Демесінов.
Шаруашылық былтыр аяқсудан тапшылық көрген, биыл бұл жағынан мәселе болмаған. Қанекең су тапшылығы бір жағынан өнім сапасына да әсер ететінін айтады. Оның үстіне биыл күріштің ауруы көбейген. Бірақ алқаптағы өнім мұндай ауруларға шалдықпас үшін қажетті тыңайтқыштарын уақытылы беріп отыр.
Серіктестік бақша салуға ниетті ауыл азаматтарына жер дайындап беруді дәстүрге айналдырған. Былтыр ауыл халқы бақшалық жерде өнім баптап, қыстық азығын қамдап алды. Биыл осы мақсатта 6 гектар жер дайындалған. Бүгінде ондағы бақша өнімдерінің алды жеміс берді.
– Бұған қатысты аймақ басшысының арнайы тапсырмасы бар, келер жылы да бақша салуға ниетті ауылдағы ағайынға жер ашып береміз. Тұрғындар да қазір бұл мүмкіндікті тиімді пайдаланып отыр, – дейді аграном.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!