Абай – сөз өнерінің шебері, адамгершілік пен білімнің қамқоры. Оның өлеңдері мен қара сөздері өмірдің мәнін, әділдік пен ізгіліктің маңызын үйретеді. Абай тек ғана ақын емес, музыка мен әннің де шебері. Аудандық ардагерлер кеңесінің және Аққұм ауылдық клубының ұйымдастыруымен ел есінде мәңгі сақталған ұлы ойшыл, дана ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай «Жүрекке жеткен Абай әуені» атты Абай әндерінен ардагерлер арасында облыстық ән байқау өтті.
Байқау басталмас бұрын жан-жақтан келген қатысушы ардагерлермен жақынырақ танысуды жөн көрдік. Ерекше киім үлгісі мен қазақы бұйымдарымен бізді өзіне баурап алған қатысушы Жаңыл Мырзатаева. Алпыс жасты алқымдаған ақжаулықты байқауға арнайы Қазалы ауданы, Басықара ауылынан келген. 40 жылға жуық ауылдағы алтын ұяда ұстаздық қызмет атқарған ол бүгінгі байқауға Абайдың «Өзгеге көңілім тоярсың» әні мен «Жолыққан қандай жақсы» әнін дайындап әкеліпті. Қатысушы ауылдағы әжелер ансамблінің белді мүшесі. Бала күнінен жанына домбыраны серік еткен ол бұл байқауға дайындалуға 10 күнге жуық уақыты кеткенін айтады.
Шара ұлы ақынның өлеңдерін оқушылар жатқа айтумен бастау алды. Байқауға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев пен аудандық мәслихат төрағасы Өмірзақ Елеусінов келіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Қазақтың ұлы ойшылы, кемеңгер ақын, ағартушы Абай Құнанбевтың туғанына биыл 180 жыл толып отыр. Абайдың мерейтойы Қазақстан аумағында жоғары деңгейде аталып өтуде. Абайдың туып өскен жері, балалық шағы өткен Семейде бастау алған онкүндік мерекелік шара аясында әдеби-мәдени кештер, конференциялар, көрмелер, театрландырылған қоймалар ұйымдастырылды. Облыс орталығы мен ауданда да Абай оқулары, жас ақындар сайысы өткізіліп, ұлы ойшылдың шығармашылығы кеңінен насихатталуда. Міне бүгінде ардагерлер Аққұм ауылын Абайдың өлеңіне бөлеп, сайысқа түскелі тұр. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін, – деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
8 өнерпаз ардагер бақ сынаған сайыста қатысушыларға аудандық балалар өнер мектебінің оқу ісі жөніндегі орынбасарыАлпамыс Қожаниязов, Бұқарбай батыр ауылдық мәдениет үйінің басшысы Гүлмайра Ілиясова, Еңбек ауылдық округі әкімі аппаратының «Аққошқар ауылдық мәдениет үйі» басшысыЖомарт Жарылқасын төрелік етті.
Аталған байқау екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде ардагерлер Абайдың әнін орындаса, екінші кезеңде еркін тақырыпта жанды дауыста ән шырқады.
Көзімнің қарасы,
Көңілімнің санасы.
Бітпейді ішімде,
Ғашықтық жарасы.
Байқаудың шымылдығы Абайдың «Көзімнің қарасы» әнімен түрілді. Бұл әнді алғаш болып сахнаға шыққан Қызылорда облысы, Қызылжарма ауылынан келген қатысушы Гүлжан Иманғалива нақышына келтіріп орындады, ал екінші кезеңде халық әні «Дариғауды» орындап көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Осылайша қатысушылар реттілікпен сахна төріне шығып, өздері таңдап алған әндерін орындап шықты.
Төрешілердің әділ шешімімен қатысушылардың ішінде өзінің қоңыр дауысымен, сахнада тұру мәдениетімен ерекшеленген Арал ауданының ардагері Болатбек Тәжімбет бас жүлдені иеленді. Ал І орынды Шиелі ауданы, Бәйгеқұм ауылының қатысушысы 71 жастағы ақжаулықты Нағима Бисенбаева қанжығасына байлады. Жүлделі ІІ орынға Қармақшы ауданының ардагері Зәуре Кәрібаева мен Сырдария ауданы, Қоғалыкөл ауылынан келген Гүлмира Малдыбайқызы лайық деп танылды. Алғашқы үздік үштікті Қазалы ауданы, Басықара ауылының ардагері Жаңыл Мырзатаева мен Аққұм ауылының тұрғыны Базаркүл Ерназарова түйіндеді. Сондай-ақ бүгінгі байқауда үздік өнер көрсеткені үшін Аққұм ауылдық клубы коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорын ұжымының арнайы жүлдесімен Қызылжарма ауылынан келген қатысушы Гүлжан Дәуменқызы, ардагерлер кеңесінің жүлдесімен Талсуат ауылының тұрғыны Рсалды Мәутенова марапатталды.
Абайдың асыл мұрасын дәріптеп қана қоймай, ардагерлеріміздің өнерін паш ету мақсатында ұйымдастырылған шара соңында қатысушыларға сый-сияпаттар табысталды.
– Бүгінгі байқау өте жоғары деңгейде өтті. Барлық қатысушылардың атынан ұйымдастырушыларға үлкен алғыс айтамын. Абайдың әндерін әрбір қазақ жатқа білу керек, оның өмірі мен шығармашлығымен әсіресе жастар жағы жіті танысу керек. Өзім жас күнімде Абайдың өлеңдерін жатқа оқып, шығармашылығымен өте жақын таныспын. Себебі 45 жыл мектепте қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі болғанмын. Қатысулардың ешқайсысы осал болмады. Барлығы тыңғылықты дайындықпен келгені көрініп тұр. Байқаудың алғашқы кезеңіне дайындап жүрген әнімді басқа қатысушы айтатын болып, 2 күн бұрын ғана «Қараңғы түнде тау қалғып» әніне дайындықты бастадым. Ал екінші кезеңде орындаған «Нурикамал» әнін жас күнімнен бері ырқап жүргендіктен, аса қатты қиындық келтірген жоқ, – дейді бас жүлде иегері.
Айта кетейік, Болатбек Жұпанұлы қазіргі таңда Аралдағы «Ұлағат» ардагерлер аспапты ансамблінің мүшесі, бас домбырашы. Бүгінде ансамблдің қоржынымызда 40-қа жуық ән, күй бар. Ұлы ақынның мұрасын сақтап, оны жас ұрпаққа дәріптеу әрбір азаматтың басты парызы. Ұрпағына үлгі болған ардагерлер бүгінгі шараны алғыспен аяқтап, Абай шығармасын насихаттау толастамауы тиіс екенін тілге тиек етті.
Ақтоты БҮРКІТБАЙ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!