Соңғы жылдары ауданда кәсіпкерлік саласына серпін беруде жастардың қосқан үлесі зор. Бұл сөзімізге мемлекет тарапынан берілетін қолдаудан бөлек өз қаражаты есебінен шағын және орта бизнесте толайым табысқа қол жеткізген жас кәсіпкерлер дәлел. 2020 жылдан бастап жаңа жобаны қолға алып, кәсіпкерлік саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырғандар қатарында жалағаштық Қанат Ермек те бар. Кейіпкеріміз сұранысқа сай құрылысқа қолданатын сапалы полистиролбетон мен газоблок шығарады.
Тілшілік тіршілікпен біз де шағын цехтың жұмысымен танысып, кәсіпкердің алдағы жоспарына қатысты, жалпы өндіріс орнының болашағы жайында бірқатар сауалымызға жауап алдық.
Қанат Ермек бұл кәсіпті бастауға өзі қаражат құйған. Кейін 2021 жылы «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында инновациялық жобалар бойынша 2 млн теңге қайтарымсыз грант ұтып алған. Ал былтыр «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде 2,5 пайызбен 8,6 млн теңге несие алып, қажетті құрал-жабдықтар сатып алған. Ерекше құрылыс заттарын аудан, облыс көлемінде сатылымға шығарып жүрген ол бұл кәсіпті ұзақ зерттегенін айтады.
– Негізгі мамандығым теміржол саласына қатысты. Бұл өнімді біраз уақыт зерттеп жүріп, 2020 жылы қолға алдым. Ал 2021 жылы газоблок өндірісін аштым. Қазіргі таңда 3 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмын, – дейді ол.
Айта кетейік, полистиролбетон – композициялық құрылыс материалы. Жеңіл және ауыр бетонды араластыру технологиясы арқылы түйіршіктелген кеуек пенопласт пен цементті қолдану арқылы жасалады. Пенопласт өнімге жылу айырғыш қасиет берсе, бетондық негіз оның беріктігін сақтайды. Мұндай құрылыс блоктары синтетикалық және минералдық құрамдастарды қиыстырудың арқасында суыққа төзімді, дыбыс айырғыш және оттан сақтайтын қасиеттерге ие. Сондай-ақ жарамдылық мерзімі де ұзақ.
Бұл өнім негізінен Германияда пайда болған. Кейін Ресей мен Оңтүстік Кореяда дамып, бүгінде Алматы, Қарағанды қалаларында қолға алынып, ауданда да мұндай өнім шығаратын шағын цех бүгінде жұмыс жасап тұр.
– Өнімімізді халыққа ұсынбас бұрын біз оны түрлі сынақтардан өткізіп көрдік. Ауыр затпен ұру, биіктен төменге қарай лақтыру, үлкен жүк көлігімен басу арқылы біз оның басқа құрылыс заттарына қарағанда сапалы екенін аңғардық. Жарылмайды, сынбайды, үгітілмейді, – дейді Қанат Ермек.
Иә, біз де өндіріс орнына келген соң «бұл өнімнің сапасын бірге көрейік» деген оймен кейіпкерімізден өнімін көзімізше сынап көруді сұрадық. Ол көз алдымызда бір блокты темір балғамен ұрып, суға батырып, түрлі сынақтан өткізді. Нәтижесінде шағын блоктың сапалы екеніне біз де көз жеткіздік.
– Полистиролбетон өнімі – көпқабатты және жеке тұрғын үй салуға таптырмайтын құрылыс материалы. Ұзындығы – 60, биіктігі – 30, ені – 20 см. Өлшемі қомақты болса да, салмағы бар болғаны 15 келі. Сонымен қатар полистиролбетон дымқылға қарсы тұра алады. Сынақ барысында өздеріңіз байқағандай, суға қанша салса да, ылғал тартпайды. Дымқылдығы бар болғаны – 0,4 пайыз. Бұл материалға құрт-құмырсқа жоламайды. Суықтан қорғайды. Жылуды сақтайды, артық дыбыс пен шуды өткізбейді. Сондықтан бұл өнімге деген сұраныс күннен-күнге артып келеді. Ауданнан бөлек Қармақшы, Жезқазғаннан да келіп алатын тұрақты тұтынушыларым бар, – дейді жас кәсіпкер.
Ал газоблок – қуысты бетон туындылары қатарынан. Материалдың 85 пайызын газды көбік құрайды. Сондықтан қуысты бетон жеңіл салмақта болады. Газоблок судан, әктастан, цемент пен кварц құмынан жасалады. Ол отқа жанбайтын табиғи минералды шикізаттан дайындалады және жануға көнбейді әрі мүлде отты қабылдамайды.
Кәсіпкер оның шағын қабатты каркассыз салынатын биіктігі 14 метр үйлердің ішкі-сыртқы қабырғаларын қалауға да ыңғайлы әрі тиімді екенін айтады. Ал оның төзімділігі кәдімгі кірпіштің пайдалану мерзімімен бірдей екен. Өндірушілер сақтандыруды 80 жылға береді. Аталған материалдан қаланған қабырғаның төзімділігі одан әріге барады, ешқандай бұзылуға жол бермейді және материал қасиеті өзінің негізгі сипатын сақтайды.
Жас кәсіпкердің айтуынша, газоблоктан тұрғызылған қабырғадан әрқашан жылу білініп тұрады. Материалдың төмен жылу өткізгіштігіне байланысты адамнан жылуды аластатпайды, қайта жылудың болуын сақтайды. Артық ылғалды сыртқа теуіп, газоблок «дем алады», сондықтан ол қабырғада бүлінбейді және зеңге, саңырауқұлақтануға қарсы.
Өніміне сұраныс жоғары екенін ескерген кейіпкеріміз алдағы уақытта аядай ғана ауласынан ашқан кәсібінің көкжиегін кеңейтіп, өнім санын арттыруды жоспарлап отыр. Айтуынша, ол қазіргі таңда күніне 200 дана полистиролбетон мен 120 дана газоблок шығарады.
– Ауданнан осындай сапалы құрылыс заттары өндіріліп жатқанына қуаныштымын. Қазір кенттің келбеті күннен-күнге жаңа ғимарат, үлкен үйлермен көркейіп келеді. Мен былтыр Қанаттың өнімін қолжетімді бағада сатып алып, үй салдым. Өнімі өте сапалы, ыза өтпейді. Қыста жылы, жазда салқын. Құрт-құмырсқа, тышқан деген атауымен жоқ, – дейді кент тұрғыны Сәкен Жайлаубаев.
– Әрине, жұмыстың оңайы жоқ, десе де «еңбекпен жеген нан тәтті» демекші, өнімізді сапалы етіп халыққа ұсынып, алғысын алуға тырысамыз. Цехымыз шағын болса да барлық жағдай жасалған, – дейді Қанат.
Иә, «кәсіптің көзін тауып, жұмыс жасаймын» деген жанға мемлекеттен қашанда қолдау бар. Жас болса да өзін ғана емес, аудан жұртын жұмыспен қамтып, ел қажетіне жарайтын кейіпкеріміздің бүгінде жұмысы жүйелі, кәсібі қарқынды.
Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!