Құрметті аудан тұрғындары, қадірменді жерлестер!
Баршамызға ортақ мереке – Алғыс айту күнімен сіздерді шын жүректен құттықтаймын! Тәуелсіздігімізбен бірге өмірімізге енген атаулы күннің бәріміз үшін маңызы зор.
Бұл – құтты қоныс, қасиетті мекенімізді маңдай терімен түлеткен текті елге тағзым етіп, алғыс білдіретін күн.
«Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» – дейді данышпан Абай. Қазақтың даласы қандай кең болса, жүрегі мен пейілі де сондай дархан. Үнемі көңілінен шуақ төгіліп тұратын халқымыздың жақынға да, жатқа да достық құшағы әрдайым ашық, қонақжай төрі дайын тұрады. Бабаларымыз «Жақсыда жаттық жоқ» дегенді бекер айтпаса керек.
Басынан қаншама зұлмат, зобалаңды өткізіп, тағдырдың тезінен аман қалған халқымыз бүгінгі таңда тату-тәтті, ынтымағы жарасып, бірлікте ғұмыр кешіп келе жатыр. Осындайда бірлік пен ынтымақты бәрінен жоғары қойған халқымызға айтар алғысымыз шексіз болмақ!
Бүгінгі мерекеде аудан экономикасы мен мәдениетінің дамуына өзіндік үлес қосып, туған жерді түлетуде ерен еңбектің үлгісін көрсетіп келе жатқан аудан тұрғындарына шынайы алғысымды білдіремін.
Қазақ халқы ұрпағын үлкенді құрметтеуге, үлкеннен бата алып, алғысын алуға тәрбиелеген. «Алтын алма, алғыс ал», «Алғыспен ел көгерер» деген тәрбиелік мәні бар сөздер осыдан туса керек.
Сондықтан, әрқашан бір-бірімізге жүрегіміздің жылуын сыйлап, қиналғанда жанынан табылып, қуанышын бірге бөлісе білейік! Бір-бірімізге деген шынайы алғысымызды айта жүрейік.
Алғыс айту күні құтты болсын!
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!