Құрметті аудан тұрғындары,
қадірменді жерлестер!
Тәуелсіздік жылдары өмірімізге енген маңызды мереке – Алғыс айту күнімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын!
Бұл мереке – құтты қоныс, қасиетті мекенімізді маңдай терімен түлеткен текті елге тағзым етіп, алғыс білдіретін күн. Бүгінгі мерекеде аудан экономикасы мен мәдениетінің дамуына өзіндік үлес қосып, туған жерді көркейтіп, ақ күріштен тау тұрғызған, төрт түліктен мыңды өргізген, кәсібін дөңгелентіп, берекелі тірлік кешіп жатқан аудан тұрғындарына шынайы алғысымды білдіремін.
Қазақ халқы ерте заманнан ұрпағын үлкенді құрметтеуге, үлкеннен бата алып, алғысын алуға тәрбиелеген. «Алтын алма, алғыс ал, алғыспен ер көгерер» деген тәрбиелік мәні бар сөздер осыдан туса керек.
Басынан қаншама қасіретті жылдарды өткізіп, тағдыр тәлкегінен аман қалған, бүгінгі таңда тату-тәтті ғұмыр кешіп, ынтымақ пен бірлікті бәрінен жоғары қойған халқымызға айтар алғысымыз шексіз!
Қазақтың даласы қандай кең болса, жүрегі мен пейілі де сондай дархан. Ежелден халқымыздың жақынға да, жатқа да достық құшағы әрдайым ашық, қонақжай төрі дайын тұрады. Бабаларымыздан «Жақсыда жаттық жоқ» деген мағыналы өсиет қалған.
Құрметті, жерлестер!
Көктеммен бірге келген тамаша мереке жақсылығымен келсін! Әрқашан бір-бірімізге деген шынайы алғысымызды білдіріп, табысымызға қуанып, қуанышымыз бен жақсылығымызды бөлісіп, жүрек жылуын сыйлап жүрейік!
Ардақ Ибраимов,
Жалағаш ауданының әкімі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!