ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Қызылорда облысы бойынша Департаментінің негізгі бағыттарының бірі – мемлекеттік қызмет саласындағы бақылауды жүзеге асыру. Бұл ретте азаматтармен бірге мемлекеттік қызметшілердің де құқықтарын қорғау, ал бұзылған жағдайда қалпына келтіру жұмыстары Департаментпен жүзеге асырылып келеді.
Әрине, кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыруда мемлекеттік қызметшілердің меритократия қағидаттары негізінде өз еңбегіне сай мансаптық өсу мүмкіндігімен қатар олардың моральдық-әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қойылады. Дегенмен мемлекеттік қызметшілердің қызметі Әдеп кодексінде белгіленген талаптар аясында жүзеге асыру қажеттілігіне қарамастан, соңғы кезде мемлекеттік қызметшілер тарапынан әдеп нормаларын бұзу деректері әлі де орын алуда.
Мысалы, мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссиялардың жұмысына жүргізілген талдау нәтижесімен 2025 жылдың 1 жартыжылдығында 307 мемлекеттік қызметшіге тәртіптік жаза қолданылған. Оның ішінде, жергілікті атқарушы органдарда 239, орталық органдардың аумақтық бөлімшелерінде 68 мемлекеттік қызметші тәртіптік жаупкершілікке тартылған.
Тәртіптік жауапкершілікке тартылғандардың қызметтік әдеп нормаларын бұзғаны – 8, мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны – 6 мемлекеттік қызметші. Оның ішінде Қызылорда облысындағы Әдеп жөніндегі кеңестің шешімдері негізінде Кодекс талаптарын бұзғаны үшін 3 мемлекеттік қызметші, мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтарға жол бергені үшін 3 мемлекеттік қызметші әртүрлі тәртіптік жазаға тартылса, 1 тәртіптік істің қаралуы тоқтатылды.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментімен 2025 жылдың 1 жартыжылдығында 15 тексеру жүргізілді, оның ішінде 5 жоспарлы және 10 жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізіліп, 419 заң бұзушылық анықталды. Тексерулер нәтижесімен Департаментпен 7 тексеру нәтижеcі бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынулар енгізіліп, 18 мемлекеттік қызметшінің бұзылған құқықтары қалпына келтірілді. Мысалы, Қ.-ның жолданымы негізінде Қызылорда қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінде жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Тескеру нәтижесімен қалалық бөлімінің басшысы тарапынан әдеп кодексі талаптары сақталмағаны анықталды.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің» (бұдан әрі – Кодекс) 8-тармағының 7) тармақшасына сәйкес «Мемлекеттік қызметшілер әріптестерімен қызметтік қарым-қатынаста әріптестеріне қатысты негізсіз айыптауларға, дөрекілік, қадір-қасиетін кемсіту, әдепсіздік және бейәдеп мінез-құлық фактілеріне жол бермеуге тиіс». Сонымен қатар Кодекстің 6-тармағының 4) тармақшасында мемлекеттік қызметшілерге азаматтармен қарым-қатынаста әдептілік таныту, дөрекілік, қадір-қасиетін кемсіту, әдепсіздік және бейәдеп мінез-құлық фактілеріне жол бермеу, өздерінің әрекеттерімен және мінез-құлқымен олардың тарапынан сынға себепкер болмау талаптары қойылған. Дегенмен қалалық бөлім басшысы өзінің іс-әрекеттерімен Кодексте көзделген талаптарды сақтамаған.
Тәртіптік іс Әдеп жөніндегі кеңестің отырысында қаралып, қабылданған шешім негізінде бөлім басшысына «ескерту» түріндегі тәртіптік жазаны қолдану ұсынылды. Шешімді қарау нәтижесімен Қызылорда қаласы әкімінің 2025 жылғы 18 маусымдағы №144 өкімімен қалалық бөлім басшысына «ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолданылды. Сөйтіп Әдеп жөніндегі кеңес шешімімен аз-ша Қ.-ның бұзылған құқықтары қалпына келтірілді.
Сонымен қатар Департаментпен мемлекеттік органдардың тәртіптік тәжірибесіне тоқсан сайын талдау жұмыстары жүргізіліп келеді. 2025 жылдың І жартыжылдығында талдаудың нәтижесімен 7 мемлекеттік қызметшіге қатысты заңсыз қабылданған тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықтардың күші жойылып, олардың бұзылған құқықтары қалпына келтірілді. Бұдан бөлек жұмыс уақыты режимінің бұзылуының алдын алуға және оған жол бермеу мақсатында 37 мониторинг жүргізіліп, 114 үстеме жұмыс жасау дерегі анықталды. Департаменттің хаты негізінде 114 мемлекеттік қызметшінің бұзылған құқықтары қалпына келтіріліп, оларға 238 сағат демалыс сағаттары берілді.
Сондай-ақ Департаментпен 2025 жылдың сәуір-мамыр айларында 2024 жылдың қорытындысымен жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілеріне сыйақы беруде заңдылықтардың сақталуына талдау жүргізілді. Талдау нәтижесімен 6 мемлекеттік қызметшіге негізсіз сыйақы берілмегендігі анықталып, олардың құқықтарының бұзылуына жол берілгендігі анықталды. Аталған мәселе Қызылорда облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесте қаралып, қабылданған шешім негізінде 6 мемлекеттік қызметшіге сыйақы төленді.
Департамент алдағы уақытта да өз міндеттеріне сәйкес мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамалардың сақталуын бақылаумен қатар азаматтар мен мемлекеттік қызметшілердің де құқықтарының бұзылмауын қадағалайтын болады.
Ерлеген МЕНДАЛИЕВ,
Қазақстан Республикасы
Мемлекеттік қызмет істері
агенттігінің Қызылорда облысы
бойынша департаментінің басшысы,
Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!