Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғаринның төрағалығымен өткен кеңесте биыл 9 айдағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің баға жағдайы мен алдағы маусымаралық кезеңдегі тәуекелдер талқыланды. Кеңесте СИМ Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабеков әлеуметтік азық-түлік тобының бағасы тұрақталғанын, былтырғымен салыстырғанда елімізде азық-түлік инфляциясының өсу қарқыны едәуір төмендегенін жеткізді.
– Ауыл шаруашылық жылында қабылданған шаралар оң нәтиже берді. Әлеуметтік азық-түлік тобының бағасы тұрақтандырылып, былтырмен салыстырғанда Қазақстанда азық-түлік инфляциясының өсу қарқыны 3 есе төмендеді. 2023 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша азық-түлік инфляциясы 6,2 пайызды құрады. Осы уақыт аралығында ӘМАТ бағасының индексі 3,1 көрсетті, былтырғы жылда 6 есе төмендеді. Қант саласын қолдау, күнбағыс майын өндіру және тұрақтандыру қорларында көкөніс қорларын қалыптастыру бойынша қабылданған жүйелі шаралар да оң нәтиже берді. Десе де қазір ішкі нарықта ұн өнімдерінің қымбаттау қаупі бар. Қыркүйек айының ортасында астық нарығының конъюктурасының өзгеруіне байланысты жекелеген өңірлерде бидай бағасының өсуі байқалады. Бағаның өсуіне бірнеше факторлар себеп болды: күн райының қолайсыздығы, отандық астық өңдеушілерге Ресейден жеткізілетін астықты тасымалдауға вагондардың жетіспеушілігі. Астық бағасының көтерілуінен 13 өңірде ұн бағасы өсті, – деп мәлімдеді СИМ Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабеков.
27 қыркүйек күні Сауда және интеграция министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен, Азық-түлік корпорациясы, ҚТЖ және әкімдіктермен бірлесіп, Азық-түлік корпорациясының арзандатылған астығын өңірлерге жедел жеткізу және оны өңірлердегі ұн өндіруші операторларға беру үшін шұғыл шаралар әзірлеген. Бірақ түрлі себептерге байланысты процесс ұзаққа созылып, бүгінгі таңда тек Түркістан облысына арзандатылған астық толық жеткізілген. Серік Жұманғарин барлық өңірде бұл мәселені жедел пысықтап, шешуді тапсырды.
Қант зауыттарын қаржыландыру шарттарын ұзартуға ерекше назар аударылуда. Бүгінгі таңда тек 2 өңірде, яғни Абай және Ақмола облыстарында жұмыстар жүргізілген. Вице-премьер бұл мәселені жедел пысықтап, жұмыстарды қысқа мерзімде аяқтауды тапсырды.
Өңірлердің тұрақтандыру қорларындағы көкөніс қоры туралы ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков баяндады. Ол 14 қыркүйекте Жамбыл облысында өткен үлкен пияз жәрмеңкесінен кейін барлық өңір өз қорларындағы маусымдық қажеттілікті 100 пайызға дейін қамтамасыз еткенін атап өтті.
Қырыққабат бойынша 6 өңірде, картоп бойынша 2 өңірде және сәбіз бойынша 1 өңірде келісім-шарттар көлемі ұсынылған көлемнен төмен.
Жаз маусымында Қызылорда облысында күріш жәрмеңкесі өткізілсе де, тек бес облыс қана маусымдық сұраныс деңгейінде қорын қалыптастырған. Отандық күріштің қолжетімді бағасын келісіне 400 теңге шегінде және көршілес елдерде бұл өнімге сұраныстың жоғары екенін ескере отырып, Серік Жұманғарин өңірлерге аталған өнім бойынша келісім-шарт жасауды қажетті деңгейге жеткізуді тапсырды.
Кеңес қорытындысы бойынша ҚТЖ-ға Қазақстан ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін көрші елдерден, яғни Өзбекстан мен Тәжікстаннан маусымаралық және қыс мезгілінде көкөністерді жеткізуді қамтамасыз ету тапсырылды.
Айта кетейік, ұн бағасының өсуі Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Түркістан, Жетісу және Ұлытау облыстарында тіркелді.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!