Өткен жылы ауданда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес, бақша дақылдарын егуге арналған арнайы жер дайындалып, тұрғындарға табысталған болатын. Нәтижесінде өңір халқы картоп, пияз, сәбіз секілді көкөністермен қоса, қауын, қарбыз егіп, қажетті азық-түліктерін жинап алды. Биыл да жергілікті халық бау-бақшалық жерге тұқым тастауға ынтасын білдіріпті. Себебі биыл бақша дақылдары жоспарланған көлемнен артық егілген. Демек, бұл жұмыстар қарапайым шаруа адамының күнкөріс деңгейіне оң әсер етуде. Бір артықшылығы техникалары бар шаруашылықтар жерді ашып, аяқ суын жеткізіп береді, тұрғындар тек егін егіп, оның күтіміне ғана жауапты болады. Осы орайда биыл өңірде жеке тұрғындардың бақша салуына 500 гектар жер дайындалған. Дайындалған 500 гектар жерге 921 отбасы 217,3 гектар картоп, 63 гектар көкөніс, 219,7 гектар бақша дақылдарын орналастырған. Бүгінде олардың алды қауын-қарбызын сабағынан үзіп, алғашқы өнімнен ауыз тиюде.
«Маңдайы терлемегеннің қазаны қайнамайды» деген тәмсілді естен шығармайтын Аққұм ауылының тұрғыны Темірбек Сарыбасов жаз келсе қол қусырып отырмай, сортаң жерді игеріп, бау-бақша дақылдарын егеді. Иә, диқаншы ағамыз биыл да жылдағы дәстүрден жаңылмапты. Ерте көктемнен бастап 5-6 гектар жерге бақша дақылдарын егіп, жаз бойы бел жазбай еңбек етуде.
Бізде Аққұмға аяқ тіреген соң, Темірбек ағаның бақша басына баруды жөн көрдік. Иә, ерте көктемнен басталған тынымсыз тіршілік еш кетпегені көзге көрініп-ақ тұр. Бақшасы жайқалып, өсіп тұр. Атыз арасында піскен қауынның иісі мұрынды жарады. Бүгінде балаларынан артылған қауын-қарбызды аудан орталығына апарып, көтерме бағада өткізуді жоспарлап отыр. Қауын, қарбыздан бөлек картоп, асқабақ тұқымын да тастапты. Ата жолын қуған немерелері де өзіне қолғабыс жасап жүр. «Осылардың арқасында бақша арам шөптен оталып қалды» дейді күліп, Темірбек аға.
– Мен бақша егумен көп жылдан бері айналысып келемін. Өткен жылы 5 гектар жерге дәл осылай егін еккен болатынмын. Шүкір, жаман емес, жер жақсы өнім берді. Биыл да ауылдағы «Аққұм-жер» шаруашылығы тұрғындарға бақша егуге арнайы жер дайындап берді. Әрине, бақша егу табандылық пен еңбекқорлықты қажет етеді. Көріп тұрғаныңыздай жаз бойғы еңбегіміздің нәтижесі жаман емес. Қарбыз, қауын, асқабақтың шығымы жақсы. Ең бастысы аяқ судан мәселе жоқ. Бақшаға да керегі су емес пе? Бұйырса, ертең қауын, қарбызды жинап, аудан орталығына немесе ауыл маңынан өтетін күре жолға шығып, саудалаймын, – дейді шаруа адамы.
Темірбек аға иісі аңқыған қауынды үзіп алып, дәм татуды ұсынды. Әрине, сап-сары болып, пісіп тұрған қауыннан бас тарту мүмкін емес еді. Бақша басындағы қоста алғашқылардың бірі болып, тәтті қауынның дәмін тарттық. Бір қызығы шаруа адамы бос уақытында қоста жатып, интернет арқылы бақша егуді зерттеп тастапты. Бізге қауын, қарбыз егудің барлық қыр-сырын түсіндірумен болды.
Мәселен кеберсіген топырақты 2-3 рет суғарады екен. Алғашқы суғаруды тұқымның өсуі алдында не тұқым шыға салысымен жүзеге асырады, екіншісін сабақтары шыққан кезде, үшіншісін жеміс пісуінің алдында жасайды. Суғару жыртылған жер жанында өсіп жатқан өсімдіктер бойынша жасалады, алайда судың көп мөлшерде болмауын қадағалау керек. Қарбыз бен қауынды ыстық күндері піскендерін іріктеп жинайды. Дақылдарды жинауды ауа-райы суымай тұрғанға дейін аяқтайды. Сондай-ақ Темірбек аға Алматыдан бақшаға зиян келтіретін құстарды үркітетін арнайы құрылғы да сатып алыпты.
Жаз бойғы еткен адал еңбектің арқасында Темірбек Сарыбасовтың отбасы қауын, қарбыз, картоп, асқабақтың ешқайсысын сатып алмайды. «Қыстың қамын жаз ойла» демекші, шаруа адамы қыстық азығын осы жерден бұйыртып отыр. Үйдегі жеңгеміз де қауыннан «қауынқұрт» жасап, отағасы баптаған өнімдердің берекесін келтіріп, жаратады.
Иә, «Жер қадірін еккен білер» дегендей еңбекқор, бірлігі мен тірлігі жарасқан Темірбек ағаның отбасының еңбегі қашанда зор құрметке ие.
Жандос ЖАЗКЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!