Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

18°C

, Сәрсенбі, 29 қазан, 14:21

Бірлік пен берекенің бастауы

29.10.2025

7

0

Өткен сенбіде Республика күні ұлттық мерекесі мен «Алтын күз» мерекесі Жалағаш ауданында жоғары деңгейде аталып өтті. Шара уыл шаруашылығы өнімдерінің жәр­мең­кесімен басталды. Жер-ананың жемісін, ел еңбе­гінің нәтижесін паш еткен жәрмеңке даланың дархан мінезін, қазақ еңбегінің қасиетін сездірген ерекше күн болды. Іс-шараның мақсаты – жергілікті шаруалардың өнімдерін халыққа қолжетімді бағамен ұсыну және отандық тауар өндірушілерді қолдау. Жәрмеңкеде тұрғындар қажетті азық-түлігін арзан бағамен алып, отандық өнімнің сапасына жоғары баға берді.

Жұрт көңілінен шыққан жәрмеңке

Таңертеңнен бастап аудан орталы­ғындағы алаңда халық көп жиналды. Бұл күн – нағыз еңбек мерекесіне ай­нал­ды деу­ге болады. Себебі жәр­мең­кеге ау­дан­ға қарасты барлық ауылдық округ­ атсалысты. Сөрелерде жер­гі­лік­ті шаруалар мен кәсіпкерлердің өз қо­­­­лымен дайындаған табиғи өнімдері, кө­­­­к­өніс пен жеміс-жидек, ет және басқа да азық-түлік қойылды. Ау­­дан­дық ауыл ша­руашылығы және жер қатынастары бөлімінің бас­шы­сы Ал­тынбек Дәрібаев жәрмеңке ба­ры­сын өз бақылауында ұстап, баға­лар­дың тұ­­рақтылығына ерек­ше назар ау­дар­ды. Барлығы 60 авто­көлікпен ауыл ша­руа­шылығы өнімдері жеткізілді. Жал­пы құны 40 миллион 960 мың тең­гені құ­райтын азық-түлік тауарлары тұр­­ғын­дарға ұсынылды. Жәрмеңке бары­сын­да халыққа барлығы 164,7 тонна өнім қол­же­тімді бағамен сатылды. Оның ішінде 38 тонна күріш, 30 тонна картоп, 20 тон­­на пияз, 20 тонна асқабақ, 5 тонна қауын, 5 тонна қарбыз ,10 тонна сәбіз, 4 тонна қызанақ, 3 тонна қияр, 3 тонна бол­­гар бұрышы, 3 тонна қырыққабат, 2 тонна баклажан, 3 тонна қызылша, 1 тонна жылқы еті, 1 тонна сиыр еті, 1 тон­на алма, 1 тонна балық бар. Сонымен қа­тар 5 тонна жем, 300 жоңышқа пресс, 500 шөп пресс аудан тұрғындарына ар­зан бағада сатылды.
Жәрмеңке алаңына жиналған жұрт­тың арасында жасы да, үлкені де бар. Бар­лығының мақсаты бір, қыс қамын ерте жасау. Соның бірі жасы ұлғайса да әлі тың Тыным­күл Мусаеева апайымыз жәрмеңке көркін қыз­дырып жүр.
– Үйге қажетті картоп, сәбіз, қы­зыл­­­­­­ша алдым. Бағалары көңілімнен шық­­ты. Мұндай жәрмеңкелердің жиі ұйым­­­­­­­дастырылып тұрғаны дұрыс, ха­лық­­­­­қа өте пайдалы. Егіннің молшы­лы­ғы ел­дің ырысы, халықтың несібесі ғой. Ең­­­бе­гімен елге өнім ұсынып жүрген ша­руа­­­­­ларға ризамын, – дейді ақжарма тіле­гі­мен бөліскен апамыз.
Береке мен молшылық мерекесінде көріскен таныстар амандық сұрасып жа­­тыр. Бұл күн аудан халқы үшін тек сау­да алаңы ғана емес, елдің ынты­ма­ғын, бірлігін, дәстүрге деген құрметін ай­шықтаған мерекелік сәтке айналды.
Жәрмеңкеге атсалысқандар арасын­да Таң елді мекені де бар. Бұл өңір тұр­ғындары биылғы шараға ерек­ше дайындықпен келіпті. Таңдық шаруа­лар аудан орталығына 2 тонна күріш жет­­кізген. Өнім сапасы жоғары, бағасы да тиімді деңгейде ұсынылды. Мәселен, өт­кен жылы күріштің бір қабы 8000 тең­геден сатылса, биыл оның бағасы 6000 теңге көлемінде болды. Ал күріштің келісі небәрі 240 теңгеден сатылып, тұрғындар тарапынан үлкен сұранысқа ие болды.
Жәрмеңкеде ет пен көкөніс өнім­де­рімен қатар балық та саудаға шы­ға­рылды. Аудан тұрғындарына балғын өнім ұсынғандардың бірі – «Алтын ба­лық» жеке кәсіпкерлігі. Кәсіп иелері жәр­­меңкеге 200 келі балық өнім­дерін әкелген. Өнім экологиялық таза, ба­ға­сы да халыққа ыңғайлы, сазан мен ла­­қаның келісі 1500 тең­ге­ден, ал карас 700 теңгеден саудаға шығарылды. Тұр­­­ғындар балық өнімдеріне де қызы­ғу­­шылық танытып, бұл бөлімнің де сау­дасы қыза түсті. Мұндай шаралар жер­­­гілікті кәсіпкерлерге өз өнімдерін ке­­ңінен ұсынуға, тұтынушылармен тіке­лей бай­ланыс орнатуға мүмкіндік беріп отыр.
Жәрмеңкеге Қызылорда қаласынан келген жеке кәсіпкер «Қылыш» ЖК да өз үлесін қосты. Кәсіп иесі аудан тұрғын­да­рына 5 тонна ет өнімін жеткізіп, оны келісін 2600-2700 теңгеден халыққы ұсын­ды.
Иә, берекелі күздің бұл жәрмеңкесі ауыл еңбеккерлері жұмысының же­мі­сін ел игілігіне ұсынған ме­рейлі шара бол­­ды. Республика күні де егін ора­ғы аяқталып, қамбаға астық құйыл­ған сәт­ке тұспа-тұс келді. Елдің еңсесін кө­теріп, халықтың ризашылығын тудыр­ған шара келешекте де жалғасын тауып, ау­дан экономикасының дамуына серпін беретіні сөзсіз.
Республика күні мерекесіне орай ұйымдастырылған шаралар сал­танатты түрде Қазақстан Республи­касының туын көтеру рәсіміне ұласты. Мемлекеттік рә­мізге құрмет көрсетіліп, шараға қа­тыс­қан тұрғындар әнұранды қосыла шыр­қады. Бұл сәт мерекелік күн­нің маңызын айшықтап, елдік рух пен бір­ліктің ай­ға­ғына айналды. Мерекелік ша­ра жа­ңар­тыл­ған стадионның ашы­луы­­мен жал­ға­сып, спорт алаңының жа­ңа кезеңі бас­талды.

Стадион стандартқа сай жаңғыртылды

Қазақстан футбол федерациясының «ALAN» жобасы аясында Жалағаш ауда­нындағы «Наркескен» спорт алаңы қайта жаңғыртылды. Бұл – аталған бағдар­ламамен реновацияланған алғашқы ста­дион алаңы. Шараның салтанатты ашы­лу рәсіміне ҚФФ жарыстарды ұйым­дас­тыру дирекциясының дирек­торы Ба­­­қыт­­­­жан Пазылхайыр, Қызылорда об­лы­сы әкімінің орынбасары Ардақ Зе­бешов, сондай-ақ аудан тұрғындары қа­тысты. Жиында құттықтау сөз сөй­леген Бақытжан Пазылхайыр аудан тұр­ғын­да­рын ұлттық мереке Республика кү­німен тұс­па-тұс келген нысанның ашы­луымен құттықтады.
– Барлық спорттың негізі – инфра­құ­рылым. Талантты балалардың өсуіне, жоғары жетістіктерге жетуі үшін осындай алаңдар, үлкен спорт кешендері қажет. Бүгінде Қазақстан Футбол федерациясы республика бойынша осындай тоғыз алаңды жаңартуда. Бүгін сондай ау­қымды жұмыстардың бірін көріп отыр­сыздар. Жалпы аймақтың спорт сала­сында 20-ға жуық спорт нысаны пай­далануға беріліп жатыр. Күні кеше Қы­зылорданың сол жағалауынан «Қай­сар Арена» стадионы іске қосылып, оған халықаралық сарапшылар жоғары баға берді. Дәл осындай жағдай жасалып жатқан өңірде болашақ чемпиондар да көп болады деп сенемін, – дейді ол.

Жаңартылған алаңға заманауи CCGRASS компаниясының жоғары сапа­лы жасанды төсеніштері тө­сел­ді. Бұл FIFA Preferred Provider сер­тификатына ие, УЕФА та­лап­та­рына сай келеді. Аталған тө­­сеніш түрлі ауа райына тө­­зімді, ойын­шы­лар­ға жай­лы, бір жағынан қауіп­сіздік қам­та­масыз етілген, сон­дай-ақ кез келген дең­гейдегі жарыстар өт­кі­зуге болады.
Айта кету керек, бұл – еліміз бо­йын­­ша «ALAN» жобасы аясында ашыл­­­­­ған он сегізінші алаң. Жыл со­ңы­­на дейін осындай төрт алаң пай­да­ла­ну­ға бе­ріледі.
Бұған дейін аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың бастамасымен Қазақ­стан Футбол федерациясымен әріп­тестік байланыс оратылып, екіжақ­ты меморандумға қол қойылған. Бюд­жет­­тен тыс қаржы көздері есебінен жү­зеге асқан жобаның жалпы құны – 180 млн теңге. Аудандағы 2000 адам­­ға ар­налған стадион заманауи ке­йіпке енді.
Өңірде 200-ге жуық жас­өспірім тұрақты түрде футболмен ай­налы­са­ды. Жас спортшылар жаңа алаң­да кәсіби шеберліктерін шыңдап, өз мүм­кіндіктерін арттыруға жол ашты. Та­лапқа сай жасалған спорт нысаны жас­тардың бос уақытын тиімді өткізіп, са­лауатты өмір салтын ұстануға зор мүм­кіндік беріп отыр. Бұл өз кезегінде ау­дандағы бұқаралық спорттың да­муы­на жаңа серпін бермек. Шара бары­сында әлеуметтік нысанның ма­ңызы ерекше аталып, оның аудан жас­тары мен тұрғындардың спортқа деген қызығушылығын арттыруға ба­­­ғыт­талғаны айтылды. Сонымен қа­­­тар жобаның уақытылы және са­палы жүзеге асуына үлес қосқан сала ма­ман­дарына және аудан спорт­шы­ла­рына облыс әкімінің ар­найы ма­ра­­­пат­тары табысталды. Салта­натты рә­­сімнен кейін келген қонақтар жа­ңар­тыл­­­ған орталық стадионды ара­лап, ат­­қарылған жұмыстармен та­нысты. За­­манауи талаптарға сай қай­та жөн­дел­­ген нысанның сапасына жо­ғары ба­­ға берілді.
Көрме көркін
ауыл өнімдері ай­шық­тады

Мерекелік шарада келген қонақтар мен аудан жұрты ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесін тамашалады. Көрменің мақсаты – жер­гілікті кәсіп­кер­лер мен қолөнер шеберлерінің ең­бегін насихаттау, сондай-ақ аудан­ның экономикалық және мәдени әле­­уетін таныту. Ша­раға өңір кәсіп­кер­лері өздерінің эколо­гия­лық таза жә­не сапалы өнімдерін ұсынды. Көр­ме сөрелеріне ағаштан жа­салған ұлт­тық және заманауи нақыш­тағы бұ­йымдар, бал өнімдері мен тұр­мыс­тық тұтынуға арналған тағам түр­­лері қойылды. Әсіресе кәсібін жаңа­дан бастаған жас кәсіпкер Әсел Абат­­қызының өнімдері көпшіліктің ерек­ше қызығушылығын тудырды. Ол ба­лаларға арналған чипсы өнімін та­биғи құраммен өндіруді қолға алып, бүгінде өз ісін табысты жүргізіп отыр. Бұл аудан жастары арасындағы кә­сіпкерлердің жаңа бағытта дамып келе жатқанын айғақтайды. Көрменің маңыздылығын ескере отырып, іс-ша­раға «Қазақстан-Қызылорда» те­ле­ар­­насының түсірілім тобы да арнайы ке­­ліп, жас кәсіпкердің жұмыс ба­ры­сы­мен танысты. Этнонақыштағы көр­ме ұлт­­тық өнер мен мәдениетті дә­ріп­­теп қана қоймай өңірлік өнімдерді ке­ңінен танытуға бағытталды.
Көрмеге жақындай бере бал ба­ға­сын саудалап тұрған кісілерді бай­қап аялдадық. Салқынды сап тия­тын дәруменге бай бал бір демде саты­лып жатыр. Өндіруші Айна апа­й­ы­мыз екен. Жалағаш ауданына қа­расты Дәуімбай елді мекенінде тұратын Ай­на Қожаниязова бал жинауды бас­тапқыда хобби ретінде бастаған. Ал­­ғаш­қыда тек 5 жәшік ара ұстап, қы­­зы­ғушылықпен бал жинаған. Кейін ағайын-туыстарына сапалы, таза өнім ұнап, кәсіп бастауға бел буған. 2020 жы­лы мемлекеттік грант негі­зін­де бас­тау алған кәсіп бүгінгі күні жемісін беріп отыр.
– Біздің 35 ара ұямыз бар. Әр мау­сымда 500-600 келі бал аламыз. Қыста аралар демалады, ал наурыз­дан қарашаға дейін бал жинаймыз. Биыл «Ауыл аманаты» жобасынан 2,5 пайызбен несие алдық. Өнімді Қа­зақстанның барлық аймағына жет­­­кі­земіз, тапсырысты үлкен ұлым инс­та­грам әлеуметтік желісі арқылы қа­был­дайды. Көбіне Алматы, Астана қа­­лаларынан сұраныс көп, – дейді омар­­­ташы Айна.
Отбасылық бал шаруашылығын үл­кен ұлы ілгері дамытып, «Муслим» атауымен ұсынуда. Қызылорда қала­сында бал өндіру ісін кеңейтіп, тұты­нушылар сеніміне ие болып келеді. Бүгінгі ауыл шаруашылығы өнімдері көр­месіне жантақ балын алып келген.

Еңбек озаттары
мерекеде мара­пат­талды

Республика күні – ел жадындағы ұлы бетбұрыс. Бұл күн – еркіндікке ұмтылған халықтың арманы орын­далған тарихи кезеңнің бастауы. 1990 жылдың 25-қазанында қабыл­дан­ған Егемендік деклорациясы ел тәуелсіздігінің алтын арқауы, азат­тыққа бастаған жолдың алғашқы ны­шаны еді. Сол күннен бері Қазақ­стан әлем мойындаған егемен елге ай­налды. Сондықтан Республика күні – өт­кенге тағзым, болашаққа бағдар бол­ған ұлық мереке.
25 қазан – Республика күні мен «Алтын күз – 2025» мерекесі Жалағаш жұрты үшін мерей сыйлаған күн бол­ды. Бұл – ел еңбегін ұлықтап, бе­ре­ке­лі тірліктің, бейбіт өмірдің қа­дірін сезіндіретін жарқын мереке. Күз­дің молшылығымен астасқан бұл күнде ауданның егіншілері мен шаруа­ла­ры жыл бойы маңдай терінің жемісін той­лады. Күн мен жердің шуа­ғынан нәр ал­ған алтын дән қам­баға құйылып, ырыс пен берекенің сим­во­лына ай­нал­ды. Салтанатты жиында об­лыс әкі­­мінің орынбасары Ардақ Зебешев да­ла дарабоздарының еңбегіне ерек­ше тоқталды.
– Ұлттық мерекеде аймағы­мыздың диқандары Сыр елінің қам­ба­сын мо­­лайтып береке мен бір­­лік­тің үлгісін көрсетті. Ауыл шаруа­шы­­лығының жал­­­­­­пы өнім көлемі жыл сайын артып, об­­­лыстың әлеуметтік-экономикалық да­­­муында негізгі көрсет­кіштерге оң сер­­піліс жасалды. Еңбеккерлер бай­ра­ғын биік ұстаған бабалар ізімен тә­уел­сіздік тұғырын асқақтатып, мем­ле­кетімізді нығайтуда. Еге­мен­дігіміз ең­­­­селі, тәуелсіздігіміз тұғыр­лы бол­сын, – деді ол.
– Республика күнін атап өту күріш­тен тау тұрғызған диқан қауымына құрмет көрсетілген ауданымыздың бе­рекесі мен молшылығын артты­ра­тын «Алтын күз» мерекесімен тұспа-тұс келіп отыр. Бүгінде Қазақстан да­­мудың жаңа кезеңіне қадам жа­сап, ұлт мүддесі жолында аянбай еңбек етуде. Мемлекет басшысы Қа­сым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бас­та­ма­ларымен жүзеге асып жатқан ре­­­фор­малар еліміздің жарқын бола­ша­ғына бағытталуда. Жалағаш ау­да­­ны диқандары биыл 36 мың 712 гектарға ауыл шаруашылығы дақыл­дарын екті. Оның ішінде 13 357 гек­тар күріш егіп, әр гектардан 59 цен­тнерден, барлығы 1 млн 145 мыңға жуық центнер өнім қамбаға құйылды. 2025 жылдың қорытындысымен об­лыс бойынша ауданымыз жоғары көр­­­­сет­кішке қол жеткізіп, ауыл шаруа­шы­лығы саласына инвестиция тарту бо­­йынша «Озат аудан» номинациясын ие­­­ленді. Бұл – ала жаздай маңдайы күн­­­ге, табаны құмға тиген мәртебелі ең­­бек адамдарының еселі еңбегінің же­­місі, – деді аудан әкімі А.Иб­раи­­мов.
Бірқатар сала майталманы мен ар­­дагерлер, еңбек озаттары Қы­зы­л­ор­да облысының «Құрмет» гра­мо­та­сымен», облыс және аудан әкім­де­рінің алғыс хатымен, Ішкі іс­тер ми­нистрінің «Құрметті ардагері» төс­­бел­гісімен, Жалағаш ауданынының «Құр­­мет» грамотасымен, Қазақ­стан Рес­­­­публикасының Ауыл шаруа­шы­лы­­­ғы министрлігінің «Құрмет» гра­мо­­­та­сы­мен, Ауыл шаруа­шы­лығы қыз­мет­керлерінің сала­лық-кә­сіп­тік одағының «Елеулі еңбек үшін» медалімен мара­патталды. Сондай-ақ агротехникалық та­лап­­тарды сақтай отырып, егін ша­руа­­шылығында жоғары көрсет­кіш­тер­­ге қол жеткізген «Сәрке Батыр» жа­­уап­кершілігі шектеулі серіктестігі ма­­рапатталды. Төрағасы Қанат Де­ме­сінов 1456 гектар күріштің әр гек­тарынан 75 центнерден өнім алған. «Ауы­­лым» фермер қожалығының тө­­­­рағасы Манарбек Еспанов 680 гек­­­тар күріштің әр гектарынан 72,5 цент­­­нерден өнім жинаған. «Есжанов» ша­руа қожалығының төрағасы Кенже­бек Әубәкірұлы 290 гектар күріштің әр гектарынан 70 центнерден өнім алды.
Сонымен бірге агроөнеркәсіп сала­сының үздік майталмандары «Озат шаруашылық», «Озат брига­дир», «Озат комбайншы», «Озат күрішші», «Озат жоңышқа өсіруші», «Озат бақ­ша өсіруші», «Озат су маманы», «Озат бақташы», «Озат жылқышы», но­минациясымен марапатталса, әріп­тесіміз, Жалағаш аудандық «Жа­ла­ғаш жаршысы» газетінің бас ма­ма­ны Ұлмекен Қапанова «Озат тілші» но­минациясына лайық деп танылды. Сон­дай-ақ жоғары көр­сет­кіштерге қол жеткізген өндіріс озат­тарына қар­жы­лай сыйақы табыс етілді.
Күмбірлеген күй. Көк аспан астын­дағы шалқыған рух. Заман өзгерсе де, қазақтың кең пейілі, достық пен бе­рекені дәріптеген дәстүрі орнында. Ме­реке алаңында киіз үйлер тігілді. «Достық үйі», «Шеберлер үйі», «Ана­лар үйі», «Ар­дагерлер мен Егін­ші­лер үйі» көп­шілікке есігін айқара аш­ты. Әр үй – бір та­рих, әр бұйым сан жыл­дардың куәсі. Асыл қарттар мен қадірлі қонақтарға дастарқан жа­йы­лып, ақ тілек ай­тылды, бата берілді.
Еңбек ерлерін ұлықтаған салта­натты шара аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының қатысуымен гала-кон­цертке ұласты. Күздің қоңыр ле­бі­не қарамастан жалағаштықтар ме­­­­ре­келік шараға асыға келді. Көк ас­пан астындағы бейбіт өмірдің сәтін бей­­неқұралмен дрон түсіріп жүр – ас­панға көтерілген әр кадр, әр көрініс туған жердің тыныштығын, ел бірлігін тас­палағандай. Сол сәтте алыстан өтіп бара жатқан жүрдек пойыз ырғағы құд­­ды осы көріністі аңсаған ата-баба кө­­шіндей көрінді. Ендігі біздің көш – жа­­­сампаз, өркениетке ұм­тылған бей­біт өмірдің көші болуы ке­рек.

Гүлжан ЕСЖАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: