Қарақат Сейлханқызының би өнерін қолға алғанына 10 жылға жуықтаған. Ең алғаш балабақша қабырғасында қазақ биін билеген ару уақыт өте оған қызығушылығы артып, осы салаға бет бұрады. Бүгінде ол – аудандағы «Қарақат» би студиясының жетекшісі. Ашылғанына небәрі 3 ай болған орталық күні кеше Шымкент қаласында өткен халықаралық жарыста үздіктер қатарынан көрінді.
Кейіпкеріміз Шымкент қаласында өткен халықаралық «DANCE BATTLE» байқауына тура 1 ай дайындалғанын айтады. Аталған байқауға бірнеше облыс пен аудандардан 40 би тобы қатысқан. Жарысқа «Қарақат» би студиясының 5-6 жас ерекшелігіне қарай «Crystal» би тобы қатысып, «Көңілді қыздар достығы» биін орындаған. Қатысушыларға елімізге белгілі хореограф Б.Махаматсалиев, С.Үсейнова, Р.Абрахимова төрелік етті.
Кіл мықтылар бас қосқан байқауда ерекше биімен көпшіліктің көңілінен шығып, қазылар алқасының ыстық ықыласына бөленген жалағаштық жас өрендер халықаралық би сайысында І орынды иеленді. Мың бұралған бишілеріміз қазылар алқасын өнерімен таңдай қақтырып, «Жалағаштық бишілер – бүгінгі байқаудың үздіктері» деген мақтауды да естіп қайтты. Сондай-ақ бүлдіршіндердің жетекшісі Қарақат Сейлханқызы да бұл байқауда арнайы дипломмен марапатталды.
– Өзім ес білгелі биге қатты қызығатынмын. Ең алғаш балабақшадағы Мақпал есімді жетекшім мені түрлі шараларда биге дайындап, топтың алдына қойып, биге деген қызығушылығымды оятты. Содан бастап балабақшадағы, мектептегі барлық шараға белсене қатысып, әр ұлттың биін билеп, жарыстарға да қатыса бастадым. Бала күннен айналысқан сүйікті ісім бүгінде мамандығыма айналды. М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде білім алып, қазіргі таңда Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде хореография мамандығы бойынша магистратура оқудамын. Мектеп оқыған жылдары бізде би үйірмесі көп болмады. Сол кезде осы саланың жолына түсіп, ауданда би студиясын ашамын деп алдыма нақты мақсат қойдым. Қазіргі таңда би топтары көп болғанымен, үйірмелер саусақпен санарлық. Десе де қыздарын биге қатыстырғысы келетін аналар көп, – дейді кейіпкеріміз.
Қарақат студиясы ең алғаш 20 баламен өз жұмысын бастаған. Ал қазіргі таңда мұнда 40-тан аса оқушы бар. Олар жас ерекшеліктеріне қарай 2 топқа бөлінеді. Үлкен топ 7-12 жас аралығы болса, кіші топ 5-6 жас аралығында. Алайда ата-аналардың өтінішімен кіші топқа қазір 4 жастан бастап бүлдіршіндер қабылдануда. Себебі Қарақат шәкірттерінің кешегі жеңісінен кейін балаларын биге қатыстыруға ниет білдірген аналар қатары едәуір артқанын айтады.
Кейіпкеріміздің шәкірттері үйірмеге аптасына үш рет келеді. Ол би студиясы тек балалардың өнерге деген қабілетін ашып қана қоймай, кез келген ортада өздерін еркін ұстап, ойын ашық айтуға септігін тигізетінін тілге тиек етті. Әр бала – әрбір үйдің еркесі. Олардың барлығының басын бір арнаға тоғыстырып, бірдей қимыл жасату оңай іс емес. Осы жайтты ескерген кейіпкеріміз әр баламен жеке жұмыс жасап, оның талғамы мен икеміне қарай қимылдарды үйрететінін айтады.
Айта кетейік, кіші топтың шығармашылық қоржынында 2 би болса, үлкен топта 3 би бар. Ал сахнада әзірге бір ғана би жарық көрген. Кішкентай бүлдіршіндер алғашқы сайыстарын халықаралық байқаудан бастаған. Жарысқа кіші топтың 11 бүлдіршіні барып, өнерлерін ортаға салды.
– Жарысқа қимылы жеңіл, балалар ұмытып қалмайтындай би шығардым. Дайындық барысында бидің әр элементіне жеке-жеке тоқталып, денені қалай ұстау керек, аяқ қалай тұру керектігін шәкірттеріме жіті түсіндірдім. Сахнада олар еш қобалжымай биді ойымдағыдан жоғары дәрежеде орындап шықты. Кеше ғана балабақшамен қоштасып, мектеп табалдырығын енді аттағалы отырған балалар үшін әрине, бұл – үлкен жеңіс. Осы орайда менің жанымнан табылып, қолдау көрсеткен ата-аналарға алғысымды білдіремін. Олар қыздарының киімін, қажетті заттарын тауып, сахнаға шығарда «менің қызым, сенің қызың» деп бөліп жармай, бәріне бірдей қарап, барлығын киіндіріп, шаштарын дұрыстап көмектесті, – дейді Қарақат Сейлханқызы.
Білікті маманнан білім алатын бүлдіршіндердің биік белесті бағындыруы заңдылық. Шағын ғана би орталығының өнерпаздары мұнымен тоқтап қалмайды. Олар ұстаздарынан алған білімінің арқасында әлі талай би алаңында топ жармақ. Кейіпкеріміздің де мақсаты осы, бүлдіршіндерді өнерге баулуда аянбай еңбек етіп, олардың жетістікке жетуіне өз септігін тигізу.
Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!