Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

5°C

, Жексенбі, 24 қараша, 19:05

Биыл 7004 бала білім алады

29.08.2024

86

0

Санаулы күндерден кейін мектебін сағынған оқушылар жаңа оқу жылына қадам басады. Министрлік осы жексенбіде алғашқы қоңырау соғылатынын айтты. Бірақ аудандағы білім ошақтары оған дайын ба, биыл қанша оқушы мектеп табалдырығын аттайды, осы және өзге де бірқатар сауалымызға жауап алу үшін аудандық білім бөлімінің басшысы Талғат Садықовпен сұхбаттастық…

– Талғат Құрақбайұлы, санаулы күндерден кейін мектеп оқушылары да жаңа оқу жылына қадам басады. Олар­ды оқулықпен қамтуда мә­се­ле бар ма, биыл қанша бала білім алады, қанша бала алғаш мек­теп та­балдырығын аттайды және сіз­­­дер білім ошақтарының білім бе­ру­дегі негізгі бағыттары бойын­ша талдау жасайсыздар ма?
– Орта білім деңгейінде барлық қа­жетті оқулықтар мәселесі шешілді. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 65,9 мың теңге қаржы бөлінді. Жаңа оқу жылында 20 мектепте 7004 оқушы білім алады. 1 сыныпқа 653 бала қа­был­­данды. Оқу жылының ұзақтығы 1 сы­­ныптарда 33, 2-11 сыныптарда 34 оқу аптасын құрайды.
Оқыту мен бағалауда жасанды ин­теллектіні қолдану аясы кеңейтіледі. Жаңағы сауалыңызға келсек, өткен оқу жылында мектептердің негізгі ба­ғыттары бойынша рейтинг жасалды. Жалпы орта білім беретін мектептер бойынша жоғары деңгейге 2 мектеп, орта деңгейлі 11 мектеп, төмен дең­гейде 7 мектеп қалыптастырылды. 45 тар­мақтан тұратын 7 міндет бойынша әрбір мектеп дамуының ны­са­на­лы индикаторы жасақталды. Онда пе­да­­гог кадрлардың кәсіби бі­лік­­тілігі мен мәртебесін арттыру, мек­тептің ма­те­риал­дық-техникалық ба­за­сын ны­­ғай­ту және бухгалтерлік есепті жүр­­гізу, жас­тардың азаматтық белсенділігін арт­тыру, білім беру менед­жментінің са­­­па­сын жақсарту, біртұтас тәрбие бағ­­­дарламасын жүзеге асыру, білім са­­пасын бағалау, педагогтерді әдіс­те­мелік сүйемелдеу міндеті көздел­ген.

– Жалпы жоғары деңгейге жет­кен білім ошақтарын ынталан­дыру, тө­мен деңгейдегі білім ошақ­тарын кө­теру бойынша қандай жо­ба­лар қолға алынуда?
– Оқу-ағарту министрлігі тара­пы­нан білім сапасын арттыру мақ­са­тында «мақсатты мектептерді» да­­­мыту жобасы жүзеге асырылуда. Ауданнан 4 мектепке ныса­на­лы көмек көрсетілетін болды. Мұ­нан бөлек мектептердің да­му бағдар­ла­малары әзірленді. Про­фильді да­мыту бағытында пәндер бо­­йынша «Ті­рек мектептер» желісін қа­­лып­тас­тыру жал­­ғасуда. «Тірек білім бе­ру ұйым­да­ры» ретінде 4 мектеп, 5 ба­ла­бақша бе­кітіл­ді.

– Жалпы биыл мектеп бітір­ген түлектердің ҰБТ-дағы көрсет­кі­ші­не көңіліңіз тола ма және ал­дағы жылы үлкен нәтижеге жету үшін қандай жаңалықтар болады?
– Биыл ҰБТ-ға аудандағы 420 тү­лектің 395-і, яғни 93,6 пайызы қа­тысты. Ауданның орташа балы 82,7 пайызды құрады. ҰБТ-ға қатыс­қан мектеп бітірушілердің 294-і мемле­кет­тік білім беру гранты арқылы жо­ғары оқу орындарына түсті. Бұл қаты­су­шы­лардың 74,4 пайызын құ­райды. Со­нымен қатар «Серпін – 2050» бағ­дарламасы арқылы 34 түлек сол­түс­тік өңірлерде білімдерін жалғас­тырcа, 16 түлек әскери жоғары оқу орын­дарының грантын иеленді.
Талапкерлердің 66-сы техникалық, 130-ы педагогикалық, 22-сі медици­на­лық, 32-сі ауыл шаруашылығы ма­ман­дықтарын таңдаса, 44-і басқа да салаларды таңдаған. Барлық мектеп бітірушілердің 80,5 пайызы жоғары оқу орындарында білім алу мүмкіндігіне ие болды. 19,5 пайызы арнаулы оқу орындарына орналасты. Жалпы бітіру­шілердің толық орналасуы бойынша сараптау жасалып, білім бөлімінің ба­қылауына алынған.
Осы тұста айта өтетін мәселе, мек­тептегі кәсіби бағдар беру жұмыс­тарын жүйелендіруіміз қажет. Бізде кәсіптік бағдар беруді 10-11 сыныпта ғана жүргіземіз. Бұл дұрыс емес, кәсіби бағдар беруді төменгі сыныптан бастап жүйелі түрде ғылыми негізде жүргізу қажет. Мектеп директорларына осы бағыттағы жұмыстарға назар аударып, арнайы бағдарлама дайындауды тапсырдым.

– Талантты оқушылардың да­ры­нын дамытуда қандай жоба­лар­ды қолға алдыңыздар?
– Ауданда дарынды балаларды анықтау, дамыту және қолдау бойынша кешенді жұмыстар одан әрі жалғасуда. Пәндік олимпиадаға дайындықты кү­шейту мақсатында аудандық «Жас да­рын» олимпиадалық резерві мектебі құрылып, 122 оқушы қамтылды.
Оқушылар арасында өткен түрлі танымдық байқауларға облыстық дең­гейде 300-ден астам оқушы қатысып, 182-сі жүлделі орындардан көрінді, рес­публикалық деңгейде 29 жүлделі орын еншіледі. Алғаш рет өткен ауыл мектептерінің оқушыларына арналған олимпиаданың республикалық кезе­ңіне 10 оқушы қатысып, 6 оқушы 4 ал­тын, 1 күміс, 1 қола жүлдеге ие бол­ды. Нә­тижесінде республика көлемінде Әл-Фараби атындағы №201 мектеп-лицей үздік 10 мектептің құрамына енді.

– Биыл мектептер жаңа оқу жылына дайын ба, жалпы ау­дан­дағы білім ошақтарының инфра­құ­рылымы қалай, оқушылардың білім алуына кедергілер бар ма?
– Мектептердің ағымдағы жөндеуіне бюджеттен 111,8 млн теңге қаралып, тиісті жұмыстар жасалды. Сонымен қатар Бұқарбай батыр ауылындағы №33 орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағытта «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 428,9 млн теңге бөлінді. Сондай-ақ Таң ауылындағы №118 орта мектеп аумағын абаттандыру жұмыстары жүр­гізілді. Осы мақсатта облыстық бюд­жеттен 78 млн теңге бағытталды.
Жалағаш кентінде орналасқан №201 мектеп-лицейге «Қазақстан халқына» қоры есебінен 250 млн теңге қаржы бөлініп, материалдық-техникалық база­сын жаңарту және педагогтарды оқыту жұмыстары жүр­гізілуде. Мектептердің материал­дық-техникалық базасын жа­рақ­тандыруға биыл модернизация жаң­­ғыр­ту жұ­мыстарына 4 мектеп енгізіліп, бұл мақ­сатқа 983 млн теңге қаралды. Об­лыстық бюджеттен 15,4 млн теңге бө­лініп, 2 мектеп жаңа модификациялық пәндік кабинет­те­рімен жабдықталуда. Бала­лар қа­­уіп­сіздігіне қатысты 4 мек­тепке тер­­роризмге қарсы қорғалу жүйе­­сіне қойылатын талаптарына сәй­­­кес келетін бейнебақылау жүйесі ор­­на­­тылуда. Бұл бағытта облыстық бюджеттен 28,8 млн теңге қаралған. Барлық мектептер «BilimLand» элек­трон­ды платформасына қосылған.
Балалар қауіпсіздігін, асхана мен кітапхана жұмысын цифрландыруға ба­ғытталған сәйкестендіру карточ­ка­лары жүйесімен қамтылған мек­теп­тер үлесі 50 пайызды құрауы тиіс. Осы бағытта тиісті қаржы бөлініп, 3 мек­тепке ап­па­раттық бағдарламалық ке­шен ор­на­тылады. Бүгінде «Күнделік» элек­трон­ды журнал ақпараттық жүйе­сіне барлық мектеп қосылған.

– Оқушыларға сапалы бі­лім беруде мұғалімдердің де білік­ті­лі­гін арттыру ерекше маңызға ие. Бұл бағытта қандай жобалар бар жә­не жемісі бар ма?
– Әрине, педагог – оқытушы ғана емес, ұлт тәрбиешісі. Педагогтардың шығармашылығын арттыру мақса­тын­да түрлі кәсіби байқаулар ұйымдас­тырылып, жетістікке жеткен ұстаздар өздерін облыстық, республикалық дең­­­гейде танытуда. Оқу жылы қоры­тын­дысымен 4 педагогымыз жүлделі орындарды иеленді. «Педагогикалық идеялар панора­масы – 2023» респуб­ли­калық бай­қа­уда №246 орта мек­­тептің бастауыш сынып мұғалімі Құ­ра­лай Серікқызы 3 орын иеленді. «Да­­рынды балаға – талантты ұстаз» республикалық педа­гогикалық олим­пиа­дада №201 мектеп-лицейдің ма­те­матика пәнінің мұғалімі Ермак Мах­­муд 3 орын иеленді. «Edustream zhul­dyzdary» республикалық бай­­­­қа­уынан №123 мектеп-лицейінің ағыл­­шын тілі пәні мұғалімдері Гүлдана Каи­­­пова III, Айгерім Искакова II орын ие­ле­нді.
Бүгінде 1293 педагогтың жаңа фор­мат бойынша аттестациядан70 па­йы­зы өтті. Аттестаттау біліктілігі бойын­ша 1 шебер, 248 зерттеуші, 372 са­рапшы, 282 модератор, 390 педагог бар. Биыл 375 педагог аттестациядан өтуде.
Өздеріңіз білесіздер, тек сапалы адам капитал ғана қазіргі заманның бүкіл талабына жауап бере алады. Бұл ретте мектеп директорларының кә­сіби деңгейі білім беру қызметтерінің са­пасына елеулі әсер етеді. Мектеп директорларына қойылатын талаптар күшейтілуде. Сондай-ақ халықпен тіке­лей байланысып, әлеуметтік желіде белсенді болуы тиіс.

– Инклюзивті білім беруде қандай мәселелер бар?
– Бұл – бүгінгі таңда әлем назарын аударып отырған мәселе. Ауданда 343 ерекше білім беруді қажет ететін бала анықталып отыр. 169 бала мектепте, 22 бала арнайы психикалық дамуы те­желген сыныпта, 54 бала үйден оқы­­­тылуда, 60 бала балабақшада, 43 бала психологиялық-педагогикалық тү­­зе­ту, 45 бала ресурстық орталықта, 30 бала логопедиялық пункте түзету са­­бақтарын алуда. Жұмыс жасайтын пән мұғалімдері арнайы инклюзивті курстан тұрақты түрде өткізілуде.
1293 педагогтың 44 пайызы ар­найы инклюзивті курстан өтті. Жаңа оқу жылында әлеуметтік осал топтағы оқу­шыларды қолдау мақсатында 2202 оқушыға «Жалпыға міндетті оқу қоры» есебінен 95,5 млн теңге қаржылай кө­мек берілді. Олар 100 пайыз бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылады.

– Сапалы білім мен қатар тәр­бие беру де өте өзекті. Былтыр балалар арасында елімізде топ­тық төбелес көбейді, тіпті адам шығыны да болды. Мұндай мәсе­ле­лердің алдын алуда нендей шаралар қолға алынуда?
– «Ел болам десең, бесігіңді түзе» дейтін Мұхтар Әуезовтің даналық сөзі ең әуелі мектепке зер салуға, мек­тептегі білім беру мен тәрбие ісіне ерекше көңіл бөлуге шақырады. Біз үшін қоғамның тал бесігі – мектеп, ал тәуелсіздікке тірек болар жас ұрпақ нәр алатын бастау – білім мен мектеп қабырғасында берілетін тәрбие. Бі­лімді дамытуға бағытталған жұмы­сы­мыз осын­дай алтын өзекке негіз­дел­ген.
Жыл басында «2024-2025 жыл­дарға арналған құқық бұзушылық, бул­­линг, есірткі, лудомания, вейб те­мекі, интернетке тәуелділіктің ал­дын алуда профилактикалық бір­лес­­кен іс-шаралардың қадамдық жұ­мыс жоспары» әзірленді. Білім беру ұйымдарында аталған жоспарларға сәйкес мақсатты шаралар қа­был­да­нуда. Тарқатып айтсақ, қадамдық жос­­­парға сәйкес оқушылар арасында «Жас­өспірім және Заң» құқықтық сауат­тылықты қалыптастыру мақса­тында 36 шара ұйым­дас­тырылды. Оған 5 мыңнан астам оқушы қатысты.Жыл басынан бері жауапты орган­дармен қатар ата-аналар тартылып, құқық бұзушылықтың алдын алуда «Түнгі қаладағы балалар» рейді кү­шейтілді. Есепті мерзімде өткен 111 рейдке 1789 адам қатысты.
Бала бойында жауапкершілік дағ­­ды­ларын қалыптастыру, құқықтық са­наны жетілдіру мақсатында «Ар­мандар орындалады» жобасы жү­зе­ге асырылып, білім алушылар мен ата-ана­ларға арнайы әзірленген бей­не­ро­ликтер көрсетілді, психолог ке­ңес­тері өтті. Оқушылар мен зиялы қа­уым өкілдерінің, ауданға белгілі бел­­сенді жастардың кездесулері ұйым­­­дас­тырылуда. Онда оқушы­лар­ды толғандырып жүрген мәселелер бо­­йынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Өмірдің қиын жағдайында қалған балалар мен жасөспірімдерге психо­ло­гиялық қолдау көрсету және пси­хо­лог мамандарға әдістемелік-сүйе­мел­деу жұмыстарын жүргізу үшін биыл облыста «Психологиялық қолдау ор­талығы» ашылды. Қазіргі таңда ор­та­лықта 22 маман жұмыс жасайды. Білім беру ұйымдары педагогтарымен және психологтарымен жыл басынан бері екі мәрте супервизия өткізілді. Мек­тепішілік есепке алуды жүргізу бойынша кейс менеджмент тетігі енгі­зілді. 2122 оқу­шыдан сауалнама алы­нып, көмекке мұқ­таж 15 оқушы анық­талып, психо­ло­гиялық-медицина­лық кө­­мек көрсетілді.
Балалардың бос уақытын тиімді пай­далануды үйлестіру кешенді іс-ша­раларына сәйкес есептегі, бақы­лау­дағы балаларды түрлі үйірмелерге тар­ту жұмыстары жүруде. Дегенмен ат­қарылған жұмыстарға қарамастан ке­леңсіз жағдайлар жыл сайын орын алуда. Соңғы 5 жылда ауданда жас­өспірімдер арасында 4 зорлық-зом­былық жағдайы, 2 суицидке ұмтылыс, 10 ұсақ бұзақылық, 2 топтық төбелес, 4 ұрлық қылмысы орын алды. Биыл «Бір тұтас тәрбие» бағдарламасы аясында «Адал адам – адал еңбек – Адал та­быс» атты құндылыққа негізделген тәр­бие жұмысы басшылыққа алынады.
Қоғамға, мемлекетке жауапкершілігі жоғары азамат тәрбиелеу білім беру жүйесінің аса маңызды міндеті екенін естен шығаруға болмайды. Сондықтан қай заманда болсын мектеп қоғам тұрақтылығы мен мемлекет мүддесін қорғау жүйесінің алтын тұғыры болған. Білім беру жүйесінің басы-қасында жүрген әртіптестер осыны терең түсі­ніп, тиісті қорытынды жасауға міндетті.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үй­ре­ту­­ден балаға» демекші, ұстаз ең­бегінің қыр-сыры мол, шығар­машы­лықты талап ететін еңбек еке­нін бар­­шамыз мойындаймыз. Жас өркенді біліммен қаруландырып, қа­на­тын қа­тайтып, әлемдік бәсекеге қо­судың кіл­ті ұстаздардың қолында. Бұл – бізге жүктелген абыройлы міндет. Сол ұлы істе абыройымыз қашан биік бол­ғай.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: