Аудан әкімі Ардақ Ибраимов гір спортынан ересектер арасында өткен Азия чемпионаты мен жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатының жеңімпаздарын арнайы қабылдады. Қабылдау барысында аудан әкімі ел намысын қорғаған жалағаштық спортшыларды жеңісімен құттықтап, сый-құрмет көрсетті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Бұқаралық спортты дамыту арқылы біз кәсіби спортқа жол ашамыз және ең бастысы – ұлт саулығын жақсартамыз» – деген болатын. Осы бағытта облыс әкімінің қолдауымен аймағымызда спорт саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Сәулеті мен сәні келіскен жаңа ғимараттар бой көтеріп, халық игілігіне табысталуда. Жыл басында аудан орталығында дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілсе, алдағы күндері Аққыр ауылдық округіндегі жаңа спорт кешені ел игілігіне берілетін болады. Сонымен қатар, кенттегі орталық стадион да жаңғыртудан өткізілуде. Бұл – спорт саласындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі. Сіздер байрақты бәсекелерде топ жарып, халықаралық аренада еліміздің абыройын асқақтаттыңыздар. Бұл – спортшыларымыз бен бапкерлеріміздің тынымсыз еңбегінің жемісі. Алдағы уақытта да спорттың биік белестерін бағындырып, жеңіс тұғырынан көріне берулеріңізге тілектеспін. Жеңіс жолындағы қадамдарыңыз әрдайым сәтті болғай!», – деді аудан әкімі.
Салтанатты қабылдауда аудан әкімі ел намысын қорғап, байрақты бәсекелерде жеңіс тұғырынан көрінген спортшыларды арнайы марапаттап, қаржылай сертификаттар табыстады. Айта кетейік, 26-30 сәуір күндері Өзбекстан Республикасының Андижан облысы, Хонобад қаласында гір спортынан жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионаты өтіп, онда аудан спортшылары ел намысын абыроймен қорғады. Жарыс қорытындысы бойынша жалағаштық Ербол Әзиз, Әділбекұлы Өтеген, Өмірбек Әлтайыр, Нұрлан Қуаныш сынды спортшыларымыз 1 алтын, 2 күміс және 5 қола медаль жеңіп алып, ел мерейін үстем етті.
Сонымен қатар, 14-19 мамыр аралығында Қырғызстан Республикасының астанасы Бішкек қаласында өткен Азия чемпионатында да жерлестеріміз жоғары жетістікке жетті. Атап айтқанда, Төлеген Қайсар, Орынбасар Нұрислам, Мажиев Ислам және Сейтенов Абдулхасан сынды спортшыларымыз алтыннан алқа тағып, ел намысын биік деңгейде қорғап шықты. Айта кетейік, Төлеген Қайсар – гір спортынан Қазақстан Республикасының спорт шебері, жастар арасында Азия және Әлем чемпионаттарының үш дүркін жеңімпазы. Ол былтыр Тайвань мемлекетінің, Тайбэй қаласында өткен сайыста Азия чемпионы атанған. Гір тасын алақанда ойнататын 14 мемлекеттің мықты спортшылары қатысқан сайыста жерлесіміз жастар арасында 78 кг салмақ дәрежесінде серпе көтеру жаттығуында І орын иеленсе, ұзын айналым жаттығуында ІІ орынға тұрақтаған.
Бойындағы күш-жігерін әлем алдында дәлелдеп, елдің абыройын асқақтатқан спортшымыз 13 жасынан үйірмеге тұрақты қатысып келеді.
«Наркескен» спорт клубында гір спорты бойынша команда дайындау үшін 2016 жылы арнайы үйірме ашылған. Аудан әкімдігінің қолдауымен, демеушілердің көмегімен гір спорты үйірмесі талапқа сай қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бұл жұмыстар бүгінде өз жемісін беріп, аталған спорт түрі дамып, жыл сайын үйірмеге қатысатын жастар қатары артып келеді. Қандай жарысқа барса да қоржындары бос қайтпайтын үйірме спортшылары жыл басынан бері біраз жетістікке жетіп үлгерген. Оларды өз ісінің маманы, жоғары санатты жаттықтырушы, Азияның екі дүркін чемпионы Абдулхасан Сейтенов дайындайды.
– Бүгінде үйірмеге кент, ауылдардан аптасына 4 күн 60-қа жуық оқушы келеді. Үйірмеде 4 топ бар, оның біреуі – «Сауықтыру» тобы. Жігіттердің еңбекқорлығы талай сайыста байқалды. Олар спорт шеберіне үміткер атағын алу үшін біраз тер төкті. Нәтижесінде Төлеген Қайсар – спорт шебері, ал Нұрлан Қуаныш, Өтеген Әділбекұлы, Ербол Әзиз, Нұрислам Орынбасар, Ислам Мәжиев – спорт шеберіне үміткер, – дейді бапкер Абдулхасан Сейтенов.
Мекеме басшысы Батырбек Нұрланұлы білікті бапкердің қажырлы еңбегін жоғары бағалап, аудандағы гір спорты үздіксіз даму үстінде екенін тілге тиек етті. Басшылық тарапынан қолдау мен көмек болған жерде спортшылардан нәтиже болары хақ.
Айта кетейік, үйірме қатысушылары жыл сайын 500-ге жуық ауыл спортшылары бас қосатын «Алтын күз» спартакиадасынан соңғы жылдары командалық есеп бойынша алғашқы үштіктен түспеген. Спортшылардың бос уақыты жоқ, бірі жарыстан келсе, енді бірі жарысқа барады.
Қабылдау барысында спорт саласының ардагері, «Жалағаш ауданының құрметті азаматы» Бақытбек Төлеков сөз сөйлеп, жеңіс тұғырынан көрінген спортшыларға ізгі тілегін білдірді.
Жалпы, спорт саласындағы негізгі басымдық – бұқаралық спортты дамыту, халықты дене шынықтырумен жүйелі түрде айналысуға тарту және салауатты өмір салтын насихаттау болып табылады.
Қазіргі таңда ауданда дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысатындардың саны – 14 603 адам, бұл аудан халқының 40,5 пайызын құрайды. Өткен жылы аудан спортшылары әлемдік және Азия чемпионаттары мен облыстық жарыстарда түрлі деңгейдегі 227 медаль жеңіп алып, жоғары нәтижелерге қол жеткізді.
Бүгінгі күні аудан спортшылары қол добы, тоғызқұмалақ, асық ату, жеңіл атлетика, ауыр атлетика, бокс, гір тасын көтеру секілді спорт түрлерінен облыстық жарыстарда 52 алтын, 32 күміс, 22 қола медаль, Қазақстан Республикасы чемпионаттарында 13 алтын, 4 күміс, 2 қола медаль, ал халықаралық жарыстарда 9 алтын, 2 күміс, 7 қола медаль жеңіп алды.
Ақтоты БҮРКІТБАЙ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!