Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

36°C

, Сәрсенбі, 20 тамыз, 14:32

Дарханның дара жолы

19.08.2025

26

0

Кейіпкеріміз Дархан Кіребаевтың спорт саласында еңбек етіп жүргеніне биыл 16 жыл. Ол – аудандық «Наркескен» спорт клубында қол добы үйірмесінің жаттықтырушысы. Бүгінде бұл спорт түрін өңірде дамыту бір жолға қойылған. Себебі жаттықтырушының айтуынша, үйірмеге 300-ге жуық спортшы келеді.

Кейіпкеріміз мектеп қабырғасында жүріп баскетбол, волейбол ойындарын жетік меңгерген. Алғаш еңбек жолын 2009 жылы «Ерқайнар» спорт клубында спорт нұсқаушы болып бастаған. Кейін, яғни 2014 жылы «Наркескен» спорт клубына баскетбол үйірмесінің жаттықтырушысы болып жұмысқа қабылданып, шәкірт шыңдаған. Сондай-ақ волейболдан Қызылорда құра­масының үздік ойыншысы болған. Жергілікті спортшылармен бірге бірнеше мәрте аудан абыройын асқақтатқан. Уақыт өте, нақтырақ айтсақ, 2016 жылы спорт мектебінде қол добы үйірмесі ашылған. Кейіпкеріміз басшылықтың ұсынысымен сол жылдан бастап аталған үйірмеге жетекшілік етіп келеді.
– Үйірмені ең алғаш үш топпен бастадым. Яғни 54 оқушы қатысты. Қазір де үш топ бар, әр топта 18 оқушы бар. Қаты­сушыларды 9-10 жастан бастап қабылдаймыз, олар аптаның 4 күнін жаттығу залында өткізеді, – дейді тәжірибелі жаттықтырушы Дархан Кіребаев.
Айта кетейік, ауданда қазіргі таңда гандбол спортына 300-ге жуық спортшы қатысады. Ал оларға 4 жаттықтырушы жетекшілік етеді. Білікті жаттықтырушының айтуынша, гандболшы қыз­дарды алдағы уақытта дүбірлі додалар күтіп тұр. Соның бірі – Қызылорда қаласында өтетін чемпионаттар. Оған барлық ауданнан гандболшы спортшылар қатысады.
Жалағаштық спортшылар бұл чемпионнатта әзірге алғашқы үштікте өнер көрсетіп келеді. Сондай-ақ ауылдық жерлерде салауатты өмір салтын қалыптастырып, спорттың маңызын арттыру мақсатында өтетін дәстүрлі «Алтын күз – 2025» спорттық спартакиадасына да жүйелі дайындық жүргізілуде. Бұған дейін аудан спортшылары бұл додада қол добы сайысында қатарынан 3 жыл бойы үздік үштікті түйіндеген. Биылғы мақсат – командалар арасында көш бастау.
Білікті бапкерден тәлім алған жас спортшылардың алды бүгінде спорт шеберіне үміткер, яғни Жанерке Тоқтар, Элизат Сейтмұрат, Сандуғаш Жарболқызы, Айым Мұңайтпас, Әлинұр Төлеміз, Кәусар Алматқызы, Балнұр Берікқызы, Кәусар Каналхан, Інжу Бақыт есімді жас ганболшылар спорт шеберіне үміткер атағын алған. Ал Қарлығаш Алтынбек пен Альсина Жұмабек – ха­лықаралық дәрежедегі спорт шебері. Қос спортшы аруымыз қазіргі таңда Қызылорда облысындағы «Қайсар» құрама коман­дасының үлкендер тобында өнер көрсетсе, 5 кіші спортшы қыз да аталған команданың құрамына еніп, Қызылорданың намысын қорғап жүр.
Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Қарлығаш пен Аль­сина бұл спортқа 2016 жылы келген. Оған дейін олар мектеп қа­бырғасында футбол, баскетбол сынды үйірмелерге қатысқан. Қос спортшы арумен қолымыздағы ұялы телефон арқылы тіл­дестік.
– Бірде дайындық барысында біздің мектепке жаттықтырушым Дархан ағай келді. Қолында добы бар. Бізге қол добы ойынының шартын түсіндіріп, ойнап көруді ұсынды. Сол сәттен бастап менің бұл ойынға деген қызығушылығым оянды. Күнде «Наркескен» спорт клубына жаттығуға барып, осы спорт түріне ден қойдым. Жаттықтырушым Дархан ағай дайындықта бар білгенін үйре­тіп шыңдады. Әр жаттығуға асыға баратынмын. Аудан командасымен жарыстарға барып, жақсы ойын өрнегін көрсетіп жүрдім, – дейді Қарлығаш Алтынбек.
Осылайша аудан командасында жүріп облыс командасына Ким Вячеслав Чан Себовичтен «Қайсар» облыс коман­дасына шақырту алған олар әйелдер арасындағы супер-лига ойындарында өнер көрсеткен. Айта кетейік, қазіргі таңда «Қайсар» командасы – 14 дүркін Қазақстан чемпионы, жазғы спартакиада ойындарынан 5 дүркін чемпион.
Спортшыларымыз «Қайсар» командасында жүріп Қазақстан Республикасының спорт шебері атағын алған. Мұнан бөлек 2022 жылдан бастап ҚР Ұлттық құрамасында ойнап, Ұлттық құрамамен бірге Словения, Македония, Корея, Гонконг елдерінде ел мерейін үстем еткен. Олар жастар арасында Азия біріншілігінде ІІ, ІІІ орын иеленіп, клубтар арасындағы Азия ойынында ІІ орын алған. Саладағы жетістігін Дархан ағайының дайындық жұмысымен байланыстырады. Өйткені «қаншама қиыншылықты сол кісімен бірге еңсердік» дейді.
Спортшы қыздардың алдағы уақытқа қойған жоспары көп. Олар қазір Шымкентте өтетін әйелдер командалары ара­сындағы XXXIII Қазақстан чемпионаты мен Алматыда клубтар арасында өтетін Азия чемпионатына қызу дайындық үстінде. Олардың басты мақсаты – шет елдерге жарысқа барып, еліміздің қол добы спортын жоғары деңгейде екенін көрсету. Жас спортшы қыздар болашақта жаттықтырушыларының жолын жалғап, ауданнан гандболшы қыздарды тәрбиелеп шығаруды көздейді. Осыдан-ақ Дарханның шәкірттеріне сіңірген еңбегі еселі екенін аңғардық. Шәкірттерін шыңға баулыған білікті бапкер алдағы уақытта да оларды шымыр етіп тәрбиелей бермек.

Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: